Баукеспелер бейнебақылау камераларына қол салды
Баукеспелер бейнебақылау камераларына қол салды
Бүгін Алматының тәртіп сақшылары бейнебақылау камерасын ұрламақ болған баукеспелерді қолға түсірді. «Қауіпсіз аула» бағдарламасы бойынша тұрғындардың, олардың мүліктерінің қауіпсіздігін арттыру, қаладағы қылмыс деңгейін төмендету мақсатында орнатылған құрылғыны күдіктілер пайда табу мақсатында үптеп кеткісі келген. Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұрылар таңғы сағат төрт шамасында «Орбита-3» ықшам ауданындағы 16-шы үйдің бірнеше кіреберісінде орнатылған бейнебақылау камераларын алып кетпекші болыпты. «Олар камераларды бұрап ала бастаған. Ал кейбіреуін тіпті күшпен жұлып алған. Осылайша қатты дыбыстан кейбір тұрғындар оянып кетеді. Сөйтіп, олардан «102» пультіне дер кезінде хабар келіп түсті. Үш минуттың ішінде оқиға орнына «Боран-064» және «Боран-056» жол-патрульдік полициясының екі экипажы келіп жетті. Инспекторларды көрген замат, күдіктілер қашып кетпекке әрекет жасайды. Бірақ, екеуі де қылмыс үстінде ұсталды », - деді Бостандық ауданды ІІБ бастығы, полиция подполковнигі Берік Әбілбеков. Алаяқтар бұған дейін 4 бейнебақылау камерасын ұрлап үлгеріпті. Тексеру барысында тәртіп сақшылары 4 құрылғыны да тауып, тәркіледі. Ұсталғандар бұл әрекетке ақша табу мақсатында барғандарын айтып ақталған. Яғни камераларды сатып, азды-көпті пайда түсіргісі келіпті. Бүгінгі таңда, «Қауіпсіз аула» бағдарламасы бойынша Алматы қаласында 3 мыңнан аса тұрғын үй орналасқан 2 мыңнан астам аулаға 15 мыңға жуық бейнебақылау камералары орнатылған. Олар ең алдымен, мүліктік қылмыстардың алдын алуда өз тиімділігін көрсетті. Екіншіден, құқыққа қайшы әрекеттерді ашуда көмегі орасан зор