"Көздеріңнен айналайын от күлген"

"Көздеріңнен айналайын от күлген"

"Көздеріңнен айналайын от күлген"
ашық дереккөзі
1076
Осылай мәңгілік махаббатты жырлап өткен Тынышбай Рахимовтың жары Қарашаш (Кенжекей) Ахметқызымен сұхбат арамыздан ерте кеткен айтулы ақынның махаббат жырларынан басталды. Жаны нәзік ақын туралы аз айтып жүргеніміз өкінішті. Көктеммен бірге келетін жайдары мейрам – Аналар мерекесі де әдеттегідей көңілге ерекше серпін әкелген. Қыстай сіреуке қалың қардың астында сіресіп жатқан Жер ана да бусанып, жеңілдеп қалған тәрізді. Жылымық күннің таңғы ызғары бойымызды сәл-пәл тоңазытқаны болмаса, сәулелі болып-ақ тұр. Әдетте, қыз-келіншектер жайлы сөз қозғала бастаса, көптеген ақындарымыздың әдемі жыр жолдары еске түсетіні заңдылық. ...Болмаса да арада сөз – келісім, Шақырғандай армандаған өрісім. Сенбі сайын алып-ұшып жас жүрек, Мен ауылға баратынмын сен үшін.   Асығушы ем өзің күтіп тұрғандай, Ақтарсам деп жүрегімде сыр қалмай. Жеті түнде жететінмін ауылға – Бүркіттіге, Тараз жақтан туғанда Ай, – деп, ең алғашқы бала махаббатын жырмен өрген осынау талантты ақынның жары, жетпістен асып кетсе де жүзінен нұры таймаған, сабырлы, сөзге ұста жан. Әңгімешіл. – «Өлмеген құлға келді жаз» демеуші ме еді «Қыз Жібек» дастанында. Сол айтқандай, тағы бір көктем келді. Уақыт деген зымырап, көзді ашып-жұмғанша айлар мен апталар зуылдап өтіп жатыр. Ақынның жары болу бақыты маңдайға жазылғаны үшін тағдырыма өкпем жоқ. Өйткені қазақ қыздары, қазақ әйелдері ер-азаматы мейлі ақын, мейлі өнер иесі немесе құрылысшы-шахтер болса да, иығындағы жүк – сол бір жүк, жауапкершілігі де бір. Ол – ана сүтімен бойымызға дарыған қасиет, оң босағадан басталатын осындай жауапкершілік жар атанып, сәби сүйгенде, басқа бір әулеттің шамын жағып, түтінін түтеткенде ауырламаса, жеңілдемек емес. Ал шығармашылық ортада «ақынның жары болу» деген бір жағынан қызығушылық тудыратын, екінші жағынан аяушылықпен қарайтындай әсерге бөлейтін жағдай. Ондай ұғым бұлқынып жатқан сезімін жыр жолдарына түсіргенше өзін-өзі тежей алмай қалатын тегеурінді ақындардың мінезіне байланысты қалыптасқан болуы керек. Өз басым тағдырыма өкпелемеймін, Тынышбайдай азаматтың жары болдым, жеті-сегіз перзент сүйдім... Қарашаш жеңгей әлдебір оқиға есіне түскендей әдемі жымиып алды. Ойыма тағы да ақынның алғашқы махаббат жырлары оралды. ...Саған әлі айтылған бір сөз де жоқ, Қиял құсым кеткен бірақ кезбе боп. Қарындасым бірде ертіп келгенде, сенің қара көздеріңнен көргем от.   Сол от менде тұтатып пәк үмітті, Сол от менде сырлы сезім жібітті... Содан бері албырт көңіл, әйтеуір, Сенен өзге жанның бәрін ұмытты. – Иә, біз көрші тұрдық. Үйдің арасында үй жоқ көршіміз. Олар Өзбекстан жағынан көшіп келді. Бұл 1961 жылдың тамыз айы. Теңгеш деген қарындасы екеуміз бір сыныпта оқыдық. Мектепке бірге барамыз, бірге қайтамыз. Әкелері марқұм өте жайлы, салмақты кісі еді. Кейде Теңгешке ерте келіп қоямын, әкесі үнемі есік алдындағы кішкентай орындыққа отырып алып, балаларының аяқ киімдерін сүртіп, майлап отыратын. Баламын ғой: «Менің де бәтеңкемді сүрте салыңызшы, көке», – деймін аяғымды көтеріп. «Әкеле ғой, көкем», – деп жылтыратып сүртіп береді. Соған мәз боламын. Теңгештің шашы тілерсегіне түседі, ұзын-ақ. Менің де шашым қап-қара, қалың, ұзын. Екіге бөліп өріп қоямыз. Несін айтасың, кішкентай ғана Бүркіттінің сұлуларымыз. Шынында да, ауылда қыздар жоқтың қасы, ұл балалар көп. Сондықтан болар, өзімізді сол ауылдың «бетке ұстар» сұлу әрі озат оқушылары деп сенеміз. Сабақты да жақсы оқыдық, мектептің қоғамдық жұмыстарына да белсене араластық. Өлең оқып, ән саламыз. Ал Тынышбай жетінші сыныптан кейін көрші Байқадам ауылындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесінде оқып жүрген екен. Бірде қасындағы жігіттердің бәрін әскерге шақырады да, ол айдап жүрген тракторын айдалаға тастап, ауылға қайтып келеді. Теңгеш бір күні «Кокам келді, Кокам» деп қуанып келді. Ішімнен ойлап қоямын: «Ол кім болды екен?», – деп. Сөйтсем, «көке» деген сөзге тілі келмей атап кеткен ағасы – Тынышбай. Ап-арық, ұзын, сап-сары жігіт біздің ауылда осылай пайда болды. Ол сегізінші сыныпта оқитын, енді-енді жігіттікке бет бұрып, қыздарға көз сала бастайтын балғын бозбала ғой. Мектепке де бірге барамыз. Өлең жазатыны тағы бар. Маған арнаған, тіпті махаббат жайлы жазған тұңғыш өлеңі де осы болар. Өлеңдетіп хат жазып жатады. «Тақтаға шықсаң көзіңе әбден қарар ем, Бірге оқымағаныма өкіндім» деп те өлең жазды. Ауылда қыз балаларға қатал қарайтын, тәртіп талап ететін кезең ғой, ол хатқа жауап жазбақ түгілі, не мектепте, не үйде дұрыстап оқи алмаймын. Бірақ оқығым келеді, қызығамын, не жазғанын білгім келеді. Қашып-пысып жүріп оқимын да, жыртып тастаймын. Біреудің қолына түссе, біттің, тәртібің қыздар кеңесі дегенде қаралып, оқушылар арасында абыройың айрандай төгіліп, тіпті қатаң сөгіс жариялайды. Талай рет жазғандары ұсталып қалып та жатты ғой. Мұғалім болғысы келетінін жиі айтатын. Сөйтіп жүріп, сегізінші сыныптан кейін Таразға оқуға кетті. Көп балалы-шағалы отбасының үлкені, ата-анасының жағдайына қарап жүріп, қалаға кештеу барды да, өзі қалаған оқуға емес, Тараздағы медицина училищесіне ең соңғы болып құжат тапсырып, оқуға түсіп кетеді. Оған, әрине, дәрігерлік оқуға түсті деп, әке-шеше де қуанады. Жамбыл облыстық филармониясында қызмет жасайтын жамағайынның үйінде жатып, бір-екі ай оқиды. Мәдени-ағарту училищесіне түскен Оспан деген ауылдас бала да сол үйде тұрады. Бір күні үйге келсе, Оспан домбырасының құлақ күйін келтіре алмай отыр екен. Үй толған қонақ. Кішкентайынан күй шертіп, домбырамен ән айтатын Тынышбайды көріп қуанып кетеді. Қолына домбыраны алып, күйін келтіре бастаған балаға қарап, қонақтардың ішінен ақ тартқан шашы бұйраланған кісі елең ете қалады. «Әй, бері кел, домбыраны қайдан үйреніп жүрсің?» – деп сұрақтың астына алады. Сөйтсе, ол кісі бұл жатып оқитын үй иесінің бажасы, әйгілі күйші Әбдімомын Желдібаев болып шығады. «Ерке сылқымның» авторы. Содан сол кісінің айтуымен, мәдени-ағарту училищесінен бір-ақ шығады. «Бір бөлмеде күй тартылып, бір бөлмеде ән айтылып... рахат бір күйге түстім» деп айтып отыратын. Сонда оқып жүргенде ән жаза бастады. «Жаңатас көктемі» деген алғашқы әні республикалық «Лениншіл жас» газетінде жарияланды. Ауыл, аудан емес, облысқа таныла бастаған тұсы да осы жылдар. Газетке шыққан өлеңдерін қиып алып, әдемілеп кесіп, аппақ қағазға желімдеп, хатпен маған салып жіберетін-ді. Оныншы сыныпта оқып жүргенімде ауылға, біздің мектепке сабақ беруге келді. Педпрактикаға! Үлкен кісілердің тәрбиесінде болғандықтан, еркіндеу әрі ерке болдым. Қырсықтығым да бар. Кейде хаттарын оқымай жыртып тастаймын. Өлең жазбаған бірде-бір күні жоқ шығар... бірақ ұнайды. Сезімі шынайы, тілі шұрайлы. Кішкентай ғана ауылда әңгіме жатушы ма еді, үлкен кісілердің де құлағына жетсе керек. Бір күні әкесі: «Осы Ахаңның қызы ұнап жүр ғой деймін, шыныңды айт, ұнатып жүрсең әперемін», – депті. Ата-анасының да қарсы еместігін байқаған ол басын изей беріпті. Кейін ғой: «Әкемнің аузынан әлгіндей сөз шыққанда қуанғанымды көрсең», – дейтін шашын бір сілкіп тастап. ... Өз ойымша осы тұғын келісім, бір әңгіме кезіп кетті-ау ел ішін... Сенбі сайын алып-ұшып жүрегім, Бүркіттіге жететінмін сен үшін!   Жүрек сырын шертіп мен де, сен де ізгі, шын ғашық деп ұқты сонда ел бізді. Ақыры, ынтық қос жанарым салған жол, Екеумізді біздің үйге енгізді! Көздеріңнен айналайын от күлген, Ғашықтардан бақытты жан жоқ мүлдем! Өзіңді адал сүйгендігім үшін де, Махаббаттың жыршысы боп кеттім мен!!! – Сонымен... отау құрдыңыздар, ақынның «серіліктерін» де кешіріп жүрдіңіз бе? – Тынышбайдың шығармашылық қабілетін сыйладым, өзіме деген сезімін сыйладым. Мектепті бітірген жылы жоғары оқу орнына түсе алмай, ауылдағы көркемөнерпаздар үйірмесінде жұмыс істедім. Сөйтіп, 1967 жылдың мамыр айында үйлендік. Ата-енеммен бірге тұрдық, өйткені жеті баланың үлкені. Ерте тұрдық, кеш жаттық. Жақсы келін болуға тырыстық. Реніш-өкпе дегенді білдірмей, «жақсысын асырып, жаманын жасырдық». Жетпегенді білдірмедік, бастан орамал тастамадық. «Аттаған босағаңнан сүйегің шығатын болсын» дегенді құлағымызға әбден сіңірген ғой. Балалар өмірге келіп жатты. 1971 жылы Жамбыл аудандық «Шұғыла» газетіне жауапты хатшы қызметіне шақырылды да, сонда көштік. Екі ұлымыз бар, пәтер жалдап тұрдық. Сөйтіп жүргенде, Жамбыл Жабаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған облыстық айтысқа қатысып, республикалық айтысқа жолдама алды. Сол жылы «Жамбыл және қазіргі қазақ поэзиясы» деген энциклопедияда өлеңдері жарық көрді. Осы айтыстан кейін облыстық «Еңбек туы» газетіне әдеби қызметкер болды. Айтыста әділқазылар алқасының құрамында болған газеттің редакторы Б.Жаңабаев деген кісі шақырды. Сол жылы үшінші баламыз дүниеге келді. Жарты жылдан кейін екі бөлмелі пәтер алдық. 1972 жылдың желтоқсан айында өлкелік ақындар фестивалі өтті де, Иранбек Оразбаев, Жарасқан Әбдірашев, Ибрагим Исаевпен танысты. Алматыға көшкісі келіп, көңілі бұзылды. 1975 жылдың сәуірінде Алматыға көшіп келдік. Оған себепші болған қазақтың танымал ақыны Әбдірахман Асылбеков болды. Тынышбайдың шығармашылық ортаға ынтығып, әдеби ортаны аңсап жүргенін естіп, Тараздағы екі бөлмелі үйімізді Алматыға ауыстыруға көмегі тиген бірден-бір азамат. Алғашқы жылы қатты қиналдық. Баспанамыз болғанымен, ағаңа жұмыстың ыңғайы бірден бола қоймады. Жинаған қорымыз да жоқ. Кейін «Қазақстан пионері» газетіне әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып орналасты. – Ақын маңайындағыларға сыйлық жасауды жақсы көретін еді деп естиміз. Мерекелерде қандай сыйлық жасаушы еді? – Алғашқы жылдары гүл сыйлайтын-ды. Кейін жазғандары көптеп шыға бастады, автор ретінде қомақты қаламақы ала бастаған жылдары алтын сақина мен алқа сыйлады. – Қызғанған кездеріңіз болды ма? – Әрине, болды ғой. Ағаларың Алматыға келген соң, таза шығармашылықпен айналыса бастады, кітаптары бірінен соң бірі жарыққа шығып жатты. «Жазушы», «Жалын» баспаларында қызмет атқарды. Республикалық қазақ теледидарының музыка бөлімінде редактор, бас редактор қызметтерін атқарды. Сол кезде, несін жасырайын, ақын-сазгердің ептеп «серілік» жасап кеткен кездері де болды. Сол жылдары оның осы қылығын, «түздегі сайранын» сатқындыққа баласам да, бертін келе кешіріммен қарауға тырыстым. «Сегіз-тоғыз баланың анасымын, отыз жылдан астам жұбайлық ғұмыр кештім. Енді бұл қайда кетеді? Сабырға келейін» – деп, еңсемді биік ұстауға тырысып бақтым. Ішім әлем-жәлем. Жан-дүниемді өткір бір қылышпен осып-осып кеткендей күйзелдім. Ән деген құдіреттің өзі – ғашықтық! Сүю дегеніңіз, жақсы көру дегеніңіз жалпы адамға ортақ қасиет болғанымен, ол сезімге ақындық көзқарастың мүлдем басқаша, өзгеше болатынына сенгім келеді, өзімді сендіргім келеді. Небір ғажайып жырлар жазып, махаббаттың не екенін ұғындырған, ұғындыра отырып қызғанған сәттерінің жалғандығына сенерімді, сенбесімді білмей дал болған мазасыз күндер мен түндер болмады емес... Қызғаныш атты жалмауыз жанымды жегідей жеп, жүрегіме – оған, оның шығармаларына сеніп жүрген жүрегіме сызат түсіргенін қанша мойындамайын десем де, апталап-айлап сыртқа кетіп жүрген «жүгенсіздігін» тұсай алмадым... Сосын... көнбеске де, кешірмеске де амалым қалмады. Қазақ әйелдеріне тән ұлы сезімді перзенттеріме жұмсадым, ұл-қыздарының да беттеріне жабылған «қара перде» болса да, әкелерінің мұндай мінезі мен қылығына кешіріммен қарауларын өтініп, артық-ауыс сөз айтуларына тыйым салдым. Бұл, бәлкім, ерлік немесе әлсіздік-шарасыздық болар?! Ақ жаулықты әжемнің, өмірге әкелген асыл анамның ақ сүтімен берілген осы қасиет мені төменшіктеткен жоқ. Өмірінің соңында Тынышбай: «Алдыңда төрттағандап кешірім сұрасам да, кешірмесіңді білемін» – деп, болар-болмас жымиғаны жанымды елжіретті десем, біреу сенер, біреу сенбес... Бақұлдасып жатып осылай деген еді, жанымды сыздатқан жараның аузы қан-жоса болып тұрса да, бар ерік-жігерімді жиып: «Неге, баяғыда-ақ кешіргенмін»,– деп жалбыр-жалбыр маңдай шашынан сипадым... – Өкінішіңіз жоқ па? – Ол менен, бала-шағасынан мүлдем кетіп қалған жоқ. Келіп-кетіп жүрді. Бүкіл киімдері мен қалам-қағаздары үйде, өзінің жазу үстелінде тұрды. Тіпті ара-тұра келіп, таза киімдерін ауыстырып кеткен күндері жылап-жылап аламын да, тастап кеткен киім-кешегін жуып-тазалап, орнына іліп қоятынмын. Бір жаққа кететін болсам: «Мен жоқта әкелерің келсе, қабақ шытпаңдар, керегін тауып беріп, қалауын жасаңдар», – деп шұқып айтып кететінмін. Балаларының да мүмкін іштей реніштері бар шығар, сонда да әкелерін төрге отырғызып, қадірін түсірмеді. Бұл жағынан әруағы риза болар деп ойлаймын. Өткен өміріме, жылаған сәттерім мен қамыққан кездеріме, қысқа болса да қуаныш сыйлаған тағдырыма ризамын. – Алтын асықтай төрт ұл, бес қыз өмірге әкелген анасыз, ақын ағамыздың әулеті жайлы, ақын шығармашылығын жалғастырар немерелері жайлы бірер сөз айтсаңыз?.. – Өсіп-өніп жатырмыз. Үлкен ұлдың кіші қызы ептеп жазуға бейімі бар сияқты. Ата жолын қуатын бала болады деп үміттенеміз. «Алтайдың ар жағынан келген ару», «Бозорамал» сынды керім әндердің авторы, бәлкім, кейіпкері болуы да мүмкін... дегенмен, жоғарыда біз оқыған «Бүркіттіге барушы едім сен үшін» деген махаббат дастанының басты кейіпкері – Қарашаш анамыздың ағынан жарылған сырына нүкте қоя алмай отырмыз... Сонау алыста қалған қимас күндерін есіне түсіріп, бір жылап, бір күліп отырғанмен, жанарынан әдемі бір жылт еткен отты көріп қуандық. «Әйел жылаған сайын сұлулана түседі» деген сөз де осындай бір сәтте туған болар! Жыласа да, күлсе де, ашуланып ренжісе де – Әйел сұлу, көркем, кербез. Солай бола бермек!..

Сырласқан

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары