"Ажал сағаты": уақыт алға жылжыды

"Ажал сағаты": уақыт алға жылжыды

"Ажал сағаты": уақыт алға жылжыды
ашық дереккөзі
1132
Осыдан 71 жыл бұрын Чикаго университетіндегі «Атом ғалымдарының бюллетені» атты басылымның авторлары атом соғысының басталу сәтін бейнелейтін сағат ойлап шығарған. 1947 жылы ол түнгі сағат он екіге жеті минут қалды деп көрсетіп тұрған еді. Сағат тілін алға жылжыту туралы шешімді мүйізі қарағайдай сарапшы мамандар қабылдайды, оның ішінде аз дегенде он сегіз Нобель сыйлығының лауреаты бар. 1953 жылы КСРО мен АҚШ алма-кезек термоядролық бомбаның сынағын өткізген кезде сағат тілі 23:58-ге ауысты. Әйтеуір, ол кезде адамзат жаппай қырғыннан аман қалды: атом соғысы кейінге шегерілді. Бірақ оқтаулы мылтықтың әйтеуір бір күні атылары сөзсіз. Былтырдан бері сағат тілі бір минут алға жылжыған еді. Қазіргі уақыт қайтадан 23:58. Қырғи-қабақ соғыс аяқталып, державалар жанталаса қарулану саясатынан ресми түрде бас тартқанда, ғаламның бейнесі өзгере бастаған. Одан беріде шекаралар ашылып, ғаламдану үрдісі басталып, алыс-беріс көбейіп, адамзат бейбіт өмір сүруді үйренген сияқты еді... Ал ХХІ ғасырда адамзат қайтадан атом соғысының алдында тұр. Қазіргі таңда әлемде іске қосылуға дайын тұрған 70 000 ядролық қару бар екен. 1945 жылғы Хиросима мен Нагасакидің трагедиясы адамзатқа сабақ бола алмады. Жетпіс үш жылдан бері  адамзат жаппай зұлматтың сағаты қашан соғады деген үлкен қауіппен өмір сүріп келеді. 2015 жылдың басында ажал сағатының тілі 23:57-ні көрсетіп тұрған. Екі жылдың ішінде сағат тілінің аттай бір минутқа алға жылжуына АҚШ пен Солтүстік Кореяның басшылары кінәлі. Осы орайда, Дональд Трамп президенттікке әлі үміткер кезінде оның басты қарсыласы Хиллари Клинтонның: «Оған атом шабаданын сеніп тапсыруға болмайды» дегені есімізде. Ал Дональд Трамптың өзі Солтүстік Кореяның президенті Ким Чен Ын туралы «Атом сөмкесі бар кішкентай адам» дегені бар. Енді наурыз айының басында Ресей президенті Владимир Путиннің Федералды жиында жасаған жолдауынан соң минут тілі тағы алға жылжуы тиіс-ақ. Ол Ресейдің әскери қуаты заманауи қарумен толықтырылғанын айтып, америкалық зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін бұзып өтетін, ешқандай тоқтаусыз ұшатын жаңа ядролық зымыран жасалғанын мәлімдеді. Атышулы жолдаудан соң, Путин америкалық NBC телеарнасына сұхбат беріп, атом қаруын күшейтіп, әскери қорғанысты арттырып жатқанын тағы бір рет растап, оны қандай жағдайда қолдануы мүмкін екенін айтып өтті: «Бізді ядролық қарумен жауап беруге мәжбүрлейтін екі жағдай бар: біріншісі, бізге ядролық қарумен шабуыл жасау, екіншісі, Ресей Федерациясына кәдімгі қарумен шабуыл жасап, мемлекеттің өмір сүруіне қауіп төндіру». 1-2 наурыз, 2018 жыл 1968 жылы КСРО, АҚШ пен Ұлыбритания Атом қаруын таратпау туралы келісім-шартқа қол қойған, Франция мен Қытай бұл құжаттың шарттарына 1992 жылы қосылды. Бірақ бұл келісімге қосылмаған басқа төрт ядролық мемлекет бар: олар –  Үндістан, Пәкістан, Израиль және Солтүстік Корея. Заманның райы бұзыламын десе, бір-ақ сәтте екен. Әуелі АҚШ-та Дональд Трамп президенттікке сайланып, америкалық саясаттың тонын теріс айналдырды. Одан соң Корей Халық Демократиялық Республикасы ядролық зымырандардың сынағын қайта-қайта өткізіп, көршілерінің құтын қашырып, АҚШ-қа дөңайбат көрсетті. Енді Ресей президенті су жаңа ядролық зымыран жасалғанын мәлімдеп, бұдан әрі атом арсеналын күшейте беретінін ашық айтып отыр. Сонда жаппай қарулану, қырып-жою қаруының ең озық түрін құрастыру жарысы тағы басталды деген сөз бе?

КІМДЕ НЕ БАР?

 Путинді танымал емес деп ешкім айта алмас. Әйтсе де, дәл осы жолдауынан соң әлемдік саясаттағы ең ықпалды тұлғалардың қатарында оның аты бірінші болып аталса, оған таңғалуға болмас. Америкалықтарды былай қойғанда, еуропалық, азиялық, африкалық – жер-жиһандағы ақпарат құралдары Путиннің жолдауда айтқан сөздерін теріп, талдап, оған қатысты түрлі долбар жасап жатыр. Егер бұл жолдау 18 наурызда болатын сайлауда ұпай жинаудың амалы болса, онда Путиннің командасы көздеген мақсатынан  артық нәтижеге жетті. Себебі Ресей президентінің мәлімдемесі ресейліктердің ғана емес, барша жер тұрғындарының назарын аударды. Қазір Путиннің сөзіне екіұдай көзқарас бары байқалады: бір топ Ресейдің бұрын-соңды болмаған жаңа қару жасағанына иланбаған кейіп танытса, екінші топ айтылған сөзге толық сеніп, Путинді жаңа қырғи-қабақ соғысының басталуына себепкер деп айыптайды. Ендігі мәселе Путин айтқан «Сармат» континентаралық баллистикалық зымыраны, «Кинжал» гипердыбыстық зымыран кешені, «Авангард» зымыраны, ең бастысы, ядролық энергетикалық қондырғысы бар қанатты зымыранның қаншалықты жойқын екенінде емес. Тіпті, су жаңа ресей зымырандарының америкалық ПРО жүйесін бұзып-жарып өтуге қабілеті жететіндігінде емес. Айтылған сөз – атылған оқ. Дәл қазіргі жағдайда қолдағы қарудан гөрі адамзаттық алдағы бағытты өзгертуге күші жететін сөздің зияны көбірек. Себебі Путин дәл осы жолы әсірелеп айтқан болса да, ол Ресейдің кіммен болса да, қандай қарумен болса да соғысудан тартынбайтынын, бұл соғыста ешқандай құрбандықтан бас тартпайтынын әйгіледі. Ол қанға бөккен Қызыл империяның желбегейін иығына жамылды. Бұл Ресейден басқа ядролық мемлекеттерге, яғни АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Израильге ғана емес, атом қаруын жасауға ұмтылған Солтүстік Корея сияқты елдерге берілген белгі. Ерте заманда өмір сүрген римдік қолбасшының сөзімен айтқанда «Бейбітшілікті қаласаң, соғысқа дайындал» дейтін жабайы түсініктің қайтадан белең алуы. Саясаткерлердің қоқан-лоққы сөздерінің рас-өтірігін уақыт анықтайды десек те, қазіргі заманғы ядролық соғыстың салдары қандай болатынын ойламасқа тағы болмайды. Америкалық CNB  телеарнасы хабарлағандай, мұны Жапонияға тасталған бомбаның зардабымен бағдарлауға болады. Мысалы, Хиросимаға тасталған атом қаруының салмағы 15 килотонна болған, бұл шамамен 15 000 тонна динамиттің жарылысына тең. Ал қазіргі заманғы бір атом бомбасының қуаты 50 мегатоннаға жетеді. Мұндай бомбаның Францияда – 300,  Қытайда – 270, Ұлыбритания – 215, Пәкістанда – 140, Үндістанда – 130, Израильде – 80, Солтүстік Кореяда 15 данасы бар. Ал ядролық қуаты аса зор екі мемлекет – Ресей мен АҚШ-тағы атом қаруының саны туралы әр түрлі мәлімет айтылады. Кей деректерде Ресейде – 6800, АҚШ-та – 6600 делінсе, басқа бір дереккөз бойынша, Ресейде – 8500, АҚШ-та – 7700. Қалай дегенмен де, Ресейдің әлемдегі ең ірі ядролық держава екені даусыз. Жалпақ жұртқа мәлім осы жайтты Путин айғайлап айтып, тағы еске салды.

ГОРБАЧЕВ ҮН ҚОСТЫ

 Путиннің мәлімдемесін америкалық, еуропалық саясаткерлер талқылап, әркім өз ойын айтып жатыр. Америкалық және қытайлық басылымдарда жарияланған материалдардың дені «Путин жаңа ештеңе айтқан жоқ, Ресейде америкалық ПРО жүйесін айналып өтетін зымырандар бұрыннан бар» дегенге саяды. «Ядролық тұмсығы бар қанатты зымыран» туралы мәліметтің растығына сенетіндер аз. Бірақ дәл осы жолы Путиннің «оғы» діттеген жеріне дөп тиді: ол Ресейдің әлемдегі ең ірі ядролық қаруы бар мемлекет екенін және оны басқарып отырған адамның ештеңеден тайынбайтынын меңзеді. Жаңа атом соғысының қаупінен сескенгендердің қатарында КСРО-ның алғашқы және соңғы президенті Михаил Горбачев та бар. Ол «Time» журналында жарияланған мақаласында кезінде қырғи-қабақ соғыстың аяқталуына өзінің үлес қосқанын сыпайы түрде еске салып, енді Ресей мен АҚШ-ты атомдық қарулануға қайта кірісуден аулақ болуға үндейді:  When I became the leader of the Soviet Union in 1985, I felt during my very first meetings with people that what worried them the most was the problem of war and peace. Do everything in order to prevent war, they said. ...Things have come to a point where we must ask: Where is the United Nations? Where is its Security Council, its Secretary General? Isn’t it time to convene an emergency session of the General Assembly or a meeting of the Security Council at the level of heads of state? I am convinced that the world is waiting for such an initiative.  http://time.com/5191433/mikhail-gorbachev-nuclear-weapons-trump-putin-russia/  Мен 1985 жылы Совет Одағының басшысы болғанымда, адамдармен алғашқы кездесулер өткізгенде, оларды ең әуелі соғыс пен бейбітшілік мәселесі қатты толғандыратынын байқадым. Олар маған: «Не қылсаңыз да, соғысты болдырмаңыз», – деді. ...Қазір жағдайдың ушыққаны соншама, біз Біріккен Ұлттар Ұйымы қайда деп сұрауымыз керек. Қауіпсіздік Кеңесі қайда, оның Бас хатшысы қайда? Бәлкім, Бас Ассамблеяның кезектен тыс сессиясын немесе Қауіпсіздік Кеңесінің мемлекет басшылары деңгейіндегі жиналысын өткізетін уақыт туған шығар? Барша әлем осындай бастамаларды күтіп отырғанына сенімім мол. 9 наурыз, 2018 жыл АҚШ-тың бұрынғы қорғаныс министрі Уильям Перри америкалық  «Politico» басылымында жарияланған мақаласында былай дейді: The really dangerous aspect of this speech is that Putin seems to be welcoming a new nuclear arms race and challenging the U.S. to join in. It is easy to imagine such an arms race, with each side trumpeting its fearsome new weapons based on their latest technology… It is the Cold War arms race all over again – this time with the race in “quality” rather than quantity.  https://www.politico.eu/article/russia-nuclear-weapons-putin-phony-arms-race/  Президент сөзінің ең қауіпті тұсы, Путин ядролық қаруланудың жаңа жарысына  шақырып, Құрама Штаттарына дөңайбат көрсетіп тұрған тәрізді. Әр тарап заманауи техниканың күшімен жасалған алапат қаруға ие екенін айтып мақтанатын мұндай жарысты көзге елестету қиын емес... Бұл қырғи-қабақ соғыс кезіндегі жаппай қаруланудың қайталануытек бұл жолы бәсеке қарудың санына емес, «сапасына» қатысты. 11 наурыз, 2018 жыл

 КІМНІҢ КІМГЕ ЖАУАБЫ?

Бірақ АҚШ президенті Дональд Трамптың өзі немессе оның үкіметінен ешкім әзірге Ресейдің жаңа ядролық саясатына қатысты жарытып ештеңе айтпады. Тек Мемлекеттік департаменттің ресми өкілі Хизер Нойерт журналистерге арналған брифингте: «АҚШ-қа ядролық шабуылды бейнелейтін анимациялық бейнежабаны көру бізге оңай тиген жоқ. Біз бұл әрекетті мойнындағы жауапкершілікті сезінетін халықаралық ойыншының ісі деп қабылдамаймыз», – деді. Ал Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Дана Уайт бір езулеп жымиып тұрып: «Біз бұған дайын болғанбыз. Және біз дайынбыз»,– деді. Дайын екендері рас. Ресейдің ядролық қаруын жаңартып, күшейтіп жатқанын Ақ үй бұрыннан білетін. Мұны ақпан айында Трамп әкімшілігі жариялаған АҚШ-тың жаңартылған Ядролық стратегиясына шолу атты құжаттан аңғаруға болатын. Бұл құжат Барак Обаманың бірінші президенттігі кезінен, яғни алты жылдан бері биыл ғана жаңартылды. Оның «Эволюция және белгісіз халықаралық қауіпсіздік жағдай» деп аталған екінші тарауында Ресей, Қытай, Солтүстік Корея және Иранға арналған бөлімдер бар. Шамасы, Ақ үй дәл осы төрт мемлекеттен өз қауіпсіздігіне төнген ядролық қатер бар деп санайды. Мысалы, Ресейге қатысты бұл құжатта былай дейді: In addition to modernizing “legacy” Soviet nuclear systems, Russia is developing and deploying new nuclear warheads and launchers. These efforts include multiple upgrades for every leg of the Russian nuclear triad of strategic bombers, sea-based missiles, and landbased missiles. Russia is also developing at least two new intercontinental range systems, a hypersonic glide vehicle, and a new intercontinental, nuclear-armed, nuclear-powered, undersea autonomous torpedo. https://media.defense.gov/2018/Feb/02/2001872886/-1/-1/1/2018-NUCLEAR-POSTURE-REVIEW-FINAL-REPORT.PDF  «Мұраға қалған», жаңартылған советтік ядролық жүйелерге қоса Ресей жаңа ядролық оқтұмсықтар мен зымыран атқыштар жасап, дамытып жатыр. Оның ішінде, ресейлік ядролық триада, стратегиялық зымырандар теңіздегі зымырандар мен жер үсті зымырандарының әр бөлігі үстін-үсті жаңартылуда. Бұған қоса, Ресейде қашықтыққа ұшатын ең аз дегенде екі жаңа континентаралық жүйе, гипердыбыстық ұшу құралы және жаңа континент­аралық, ядролық, суасты автономды торпедо жасалып жатыр. Ақпан, 2018 жыл Бұл аз болғандай, дәл осы құжат жарияланардан бірер күн бұрын АҚШ президенті Конгреске жолдауында былай деген: As part of our defense, we must modernize and rebuild our nuclear arsenal, hopefully never having to use it, but making it so strong and powerful that it will deter any acts of aggression. Perhaps someday in the future there will be a magical moment when the countries of the world will get together to eliminate their nuclear weapons. Unfortunately, we are not there yet.  (Трапм жолдауының толық мәтіні мына сілтемеде: http://time.com/5125174/trump-state-of-the-union-address-transcript/)  Біз өз қорғанысымыздың аясында өзіміздің ядролық арсеналымызды жаңартып, қайта қалпына келтіруіміз керек. Оны ешқашан қолданбаймыз деген үмітте болуға тіиспіз, бірақ бізге қарсы қандай да бір шабуылдың алдын алатындай оны барынша күшті әрі қуатты етуіміз керек. Бәлкім, болашақта сондай бір ғажайып заман туар: әлемдегі барлық мемлекеттер жиналып, өз құзырларындағы ядролық қаруды жою үшін бас қосатын болар. Өкінішке қарай, ондай заман әлі туған жоқ. Сонда Ресей президентінің атом қаруы туралы мәлімдемесі АҚШ әкімшілігінің жаңа ядролық саясатына жауап секілді. Бірақ енді АҚШ тарапынан бұған басқа жауап болары кәдік.

 КИМ ЧЕН ЫН АТОМ ҚАРУЫНАН БАС ТАРТУҒА ДАЙЫН

 Осы орайда,  АҚШ-тың Солтүстік Кореяға қатысты ұстанған саясаты өз жемісін берді: 6 наурызда Солтүстік Корея басшылығы АҚШ-пен келіссөздер жүргізуге дайын екенін мәлімдеді. Бұған қоса, Пхеньян ядролық қару сынақтарын тоқтатуға уәде беріп отыр. Әлбетте, бұл үшін өзінің қауіпсіздігіне толық кепілдеме сұрайды. Трамп болса, Солтүстік Кореяға қатысты өз саясатын айқындау барысында қарамағындағы қызметкерлерді ауыстырумен әлек. Айдың басында Мемлекеттік департаменттің Солтүстік Корея бойынша арнайы өкілі Джозеф Юн қызметінен кетсе, 12 наурызда Мемлекеттік хатшы Рекс Тиллерсон жұмысынан босатылды. Тиллерсонның кетуіне Трамп екеуінің арасындағы Пхеньянға қатысты пікір қайшылығы себеп болған деседі. Есесіне, Трамп Ким Чен Ынмен көзбе-көз жолығып, келіссөздерді өзі жүргізуге шешім қабылдаған. Расында, бұған дейінгі америкалық президенттер Пхеньянды мұндай дәрежеге лайық көрген емес. Ал Ким Чен Ынның Трамппен кездесуге ынтасының күшті екені сонша, ол кейбір мәселелер бойынша өз райынан қайтуға мәжбүр болған. Әзірге белгілі болғаны, тарихи кездесу мамыр айының аяғында өтуі тиіс. Айтпақшы, Ресей президенті де өз жолдауында, одан кейін америкалық телеарнаға берген сұхбатында қайта-қайта АҚШ-ты келіссөз үстеліне отыруға шақырды. Шамасы, бір қолына қару ұстап, екінші қолымен әріптестік орнатуға (киберқауіпсіздік, экономикалық, халықаралық серіктестік т.б.) шақырған адамның өз ішкі қайшылығы бір басына жетерлік. Ресей бүгінде өз басындағы экономикалық, қаржылық, экологиялық, әлеуметтік, демографиялық жағдайдың ауыр екенін ешкімнен жасыра алмайды. Батыс елдері тарапынан салынған экономикалық санкциялар күшейген сайын Путин өз эмоциясын көрсетуден қысылмайтын болған. Бүгінгі Ресейдің бар сүйенері – мықты әскери қорғаныс, жарты әлемді жоюға жететін қару. Сондықтан та өте қауіпті. Мысалы, атом қаруы Ұлыбританияда және Францияда бар екені баршаға мәлім, бірақ бұл елдерде оны қолдануға шешім қабылдау тетігі басқа. Осылайша, өткен жылдың соңында атом соғысының себепкері Солтүстік Корея бола ма деп үрейленген халықаралық қауымдастықтың назары енді Мәскеуге ауды. Дәл қазір ажал сағатының тілі артқа емес, алға жылжи ма деген қорқыныш басым.

Серіктес жаңалықтары