260
Еуропа елдері Қазақстанға сапасыз сүт пен май жеткізуде
Еуропа елдері Қазақстанға сапасыз сүт пен май жеткізуде
Еуропа елдері Қазақстанға сапасыз сүт пен май жеткізуде. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі шетелдің сүт өнімдеріне жасалған сараптаманың нәтижесін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің төрағасы - Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшиннің айтуынша, бүгінде әрбір бесінші сүт өнімінде бұзушылықтар анықталып отыр. Атап айтқанда, қаптамада көрсетілген мәліметтер өнімнің құрамына сәйкес келмейді. Осылайша, өндірушілер xалықты алдап, өз тауарларын сатып отырады. "Соның ішінде сары май, ішетін және қоюлатылған сүт, жұмсақ ірімшіктер мен балаларға арналған йогурттар бар. Аталған өнімдерге табиғи сүт майы емес, пальма, жержаңғақ сияқты өсімдік майлары қосылады", - деді Ж.Бекшин Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Бас санитарлық дәрігер атап өткендей, сараптама кезінде 79 сынама алынды. Соның 23 проценті, яғни 18 сынамасы талапқа сай емес болып шықты. Ж.Бекшин тәртіпті бұзған шетелдік компаниялар мен олардың өнімдерін де атады. "Францияның "Лакталис Интернешнл" фирмасы шығаратын "President" сары майы (82%), Финляндияның "Валио" фирмасының ультрапастерленген сүті, Германияның "Омира Оберланд" фирмасы шығаратын лактозасыз "Минус Л" сүті, Литваның "Свалья"-сы өндірген сары май, Ресейдің "Молторг" ААҚ шығаратын "Пестравка" қаймағы, сосын майлылығы 3,2% "Домик в деревне" сүті бар. Оны Қырғызстанның "Бішкексүт" зауыты шығарып отырады", - деп атап көрсетті Ж.Бекшин. Айта кетейік, бүгінгі баспасөз мәслиxатында комитет төрағасы шетелдің тауық етінен сальмонелла мен ішек таяқшалары табылғанын мәлімдеді.