272
Қазақстанда мысырлық «Misr» банкі ашылады
Қазақстанда мысырлық «Misr» банкі ашылады
Қазақстанда мысырлық «Misr» банкі ашылады. Мысырдың ең ірі банктерінің бірі - «Misr» банк Қазақстанда өкілдігін ашуға ниетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
12 наурызда Қазақстанның Каирдегі Елшісі Арман Исағалиев Мысырдағы ең ірі екі банктің бірі - «Misr»-дің төрағасы Мұхаммед әл-Этребимен кездесті. «Кездесу барысында Қазақстан мен Мысыр арасында банк саласындағы ынтымақтастықты жандандыру жолдары талқыланды. Осы орайда қазақстандық дипломат М.әл-Этребиге Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) құрылғанын және Қазақстан тарапының Орталықтың жұмысына мысырлық банктердің атсалысуына, атап айтқанда «Misr» банкінің қатысуына қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Банк төрағасы АХҚО құру бастамасын жоғары бағалап, оның жақын болашақта аймақтық қаржы хабына айналатынына сенім білдірді. Сондай-ақ жаңа орталықпен ынтымақтастық орнату ниетін растады. Бұдан бөлек, М.әл-Этреби жуырда Қазақстанда «Misr» банкінің өкілдігін ашу ниетін жеткізді», - делінген ведомство хабарламасында. 1920 жылы құрылған «Misr» банкі қазіргі таңда Мысырдың алдыңғы қатардағы банктерінің бірі болып табылады. Банктің 600-ге жуық жергілікті филиалы жұмыс істейді. Сондай-ақ оның Біріккен Араб Әмірліктері мен Францияда филиалдары, Қытай, Ресей, Ливан және Германияда аймақтық өкілдері бар.