Әсем  вальс әлдилеген шаҺар

Әсем  вальс әлдилеген шаҺар

Әсем  вальс әлдилеген  шаҺар
ашық дереккөзі
  Берлиннен Венаға ұшақпен бір сағаттан сәл ғана асатын уақытта жетуге болады. Еуропалық қалалардың арасында көбіне Easy Jet авиакомпаниясы жолаушылар тасымалдайды, билет сатып алу, рейске тіркелу – бәрі онлайн түрде жасалады, әуежайға келген жолаушылар ұшақтағы орнын көрсететін талонын қағазға шығарып алып немесе смартфонындағы суретін көрсетіп өте береді. Арзан әрі ыңғайлы. Мысалы, Берлинде қоғамдық көлікті бір ай пайдалану билеті 20 еуро болса, Еуропаның бір қаласынан екінші қаласына саяхаттаудың бағасы одан сәл ғана қымбатырақ. Сондықтан әрі-бері сапырылысқан жолаушылар нөпірі еш саябырламайды, оның үстіне Шенген аймағының тұрғындары үшін 27 мемлекеттің қайсысына болсын, қыдырып не жұмыс істеп немесе оқу үшін сапар шегуге еш бөгет жоқ.

Жол азабын  жүрген білер

 20.10 Венаның халықаралық әуежайына түсе сала әдеттегідей шекара бекетін іздедім. Бұл әуежайға, осы елге бірінші рет келіп тұрғандықтан, көп ойланбастан «осылар біледі ғой» деген оймен ұшақтан түскен басқа жолаушыларға ілестім. Терминалдың ұзын дәлізінен соң ешқайда бұрылмастан әуежайдың өзінен бір-ақ шықтық. Міне, мен Венаның аумағында тұрмын. «Қайдан жүрген адамсың? Қайдан келдің? Не мақсатпен саяхаттап жүрсің?» – деп, сұрақтың астына алатын адам көрінбейді. Германия елшілігінде алған визам барлық елдерге жарайтынын білем, сонда да әуежайда бір тексеретін болар деп топшылағанмын. Шамасы, ішкі рейстің жолушылары мұндай тексеріс-сұрақтардан құтылған секілді. Сонымен, еш кедергісіз Венаның ат шаптырымдай әуежайынан метро станциясына өтетін дәлізді іздеп тауып, қала орталығына қарай билет алдым. Айтуға оңай, әрине. «Жол азабын жүрген біледі» деп қазақ тегін айтпаған ғой. Австрияда ағылшын тілінің зәрулігі Германиядан да төмен бе деп қалдым. Екінің бірін тоқтатып, жол сұрасаң, сөйлеуге қиналып, өзіңді ыңғайсыз жағдайға түсіреді. Расымен ағылшынша білмейтін еуропалықтарды Венадан көрдім. Сұрағыңды түсініп, көмектесуге райланып тұрса да, тілі жетіп айта алмай, ақыры не қолмен ишара жасап, немісшесін қосып, жөн сілтеп жібереді. «Сұрай-сұрай Меккеге жетесің» дегендей, әркімнен сұрап жүріп, отыратын пойызды таптым-ау. Мен алған билеттің құны 4,1 еуро, бірақ әуежайдан қала орталығына дейін бір-ақ рет пайдалануға болатын және тек арнайы пойызға отыруға жарамды билет. Қателесіп, басқа пойызға отырсаң, адасқаның өз алдына, қайтадан билет сатып алуға тура келеді. Айтпақшы, Венаның көлік жүйесі туралы бөлек айта кету керек. Мұнда да метро, қала ішіндегі пойыздар, автобустар қатынасында еш кінәрат жоқ, күні-түні қалаған жеріңізге жеткізіп тастайды. Орталық аудандарда көшенің ортасында тұрған шыны жеделсатыны осы қаладан көрдім. Яғни, кәдімгі төрт қабырғасы да шыныдан жасалған жеделсатыны тура жолдың бойынан шақырып аласыз да, тікелей жер астына, метро қабатына түсесіз. Өте ыңғайлы. Алматының метросындағыдай эскалаторлар да, басқыштар да бар, әрине. Дегенмен түн қараңғысында айналасына жарық шашып, жердің асты-үстіне адам шығарып тұрған шынылы жеделсатылар қаланың өңіне романтикалық сарын үстейді десем, артық емес... Ал жер астына түскен соң, қалаған бағытыңызға қарай кез келген пойызға отырып, кете бересіз. Мұнда да сізді тоқтатып, жөн сұрайтын немесе тексеріс жасайтын жан баласы жоқ. Тіпті, билет сататын касса жоқ, оның орнына – жансыз темір автоматтар. Бір реттік не бір күндік немесе бір апталық билетті банк картасы арқылы немесе қолма-қол ақшаға сатып алуға болады. Билетті сол жердегі темір қондырғыға басып, күні мен сағатын белгілетіп алуға да өзіңіз жауаптысыз. Себебі тексеріс жасап, жолаушылардан билет көрсетуді сұрап жүрген ешкім жоқ. Жалпы, австриялықтар қоғамдық көлік қызметін пайдаланғаны үшін жолақы төлеуде өздерінің өте адал екенін айтып мақтанатын көрінеді. Әрине, тексеріс ара-тұра болып қалуы мүмкін. Билеті жоқ жолаушыны ұстап алса, оның жергілікті тұрғын не шетелдік қонақ екеніне қарамастан, кемі 100 еуро айыппұл салады. Жол ақысын жемейтін ұлттың өкілі емеспін бе, Венада екі күн жүргенде қоғамдық көліктің қызметі үшін Берлин-Вена әуебилетінің құнынан артық ақша жұмсаппын. Бірақ не күндіз, не түнде болсын, мені тоқтатып, «Билетіңіз бар ма?» деп сұраған жан болсайшы. ...Менімен бірге пойызға отырған екі австриялық жігіт қай станциядан түсетінімді айтатын болды. Берлиндегідей барлық құлақтандырулар неміс тілінде. Сондықтан жергілікті тұрғындардың ілтипатына дән ризамын. Әрине, оларға шетелдік туристер таңсық емес. Ақпан айы туристер ең аз келетін кезең саналғанымен, сырттан келгендердің қарасы қалың көрінді. Ал нағыз туристік маусым тұсында, яғни сәуір мен желтоқсан айлары арасында австриялықтардың өздері айтпақшы, мұнда «аяқ басатын жер болмайды». Менің Британиядан келгенімді естіген жолбасшым: «Иә, Англиядан келгеніңізді білгенмін», – деп қалды. «Қалайша?», – дедім мен таңырқап. Әдетте, еуропалықтар үшін біздің бет-әлпетімізді қытайлықтардан ажырату қиын екенін білем. Мейлі, Британияда болсын не Еуропада болсын, алғаш көргендер танысқан сәтте: «Қытайдансыз ба? Қытайлық деп ойласам» дейтіні үйреншікті жағдайға айналған. Алғашқы кезде кәдімгідей шамдансам да, үш жылда бұған да бойым үйренді. Сөйтсем, талай қазақтың, бәлкім, кез келген азиялықтың басындағы жағдай бұл. Біз еуропалық нәсілділердің қай ұлтқа жататынын немесе араб тектестердің қай елден екенін ажырата алмайтынымыз сияқты, қазақтар, қытайлар мен жапондардың түр-түсі оларға біркелкі көрінеді екен. Сондықтан менің Англиядан келгенімді қайдан біле қойғанына таңырқап тұрмын. «Шабаданыңыздағы жап­сырылған қағаздан байқадым», – деді ол сыпайы жымиып, «Әдетте Британиядан келгендер осы әуекомпаниямен ұшады». Мен де өз шабаданымдағы Easy Jet компаниясының тілдей тіркеу қағазына қарадым. «Байқампаздық деген жақсы-ау, сірә» деп қоямын іштей. «Шерлок Холмстан еш кем емес!». Вена – өте көне шаһар. Мұндағы әрбір ғимарат, әр үйдің тарихы жүздеген жылдардың шежіресін шертеді. Сондықтан діттеген ауданға жету оңай болғанымен, іздеген үйді тап басып табу үлкен машақат екен. Google-карта «дәл осы жерде» деп көрсетіп тұрса да, көше аты мен үй нөмірін біліп тұрсам да, қонақүйді іздеп біраз сабылдым. Күн кешкіріп қалғандықтан ба, бейсауат жүрген адам көрінбейді. Ақыры, анадайдан бір әйелдің сұлбасы қарауытты. Өз елімде жүргендей еркінмін. Дауыс жететін жерге келгенде, шақырып алдым да, жөн сұрадым. Осы маңайда тұратын адам сияқты, жеткізіп салмақ болып, құлдыраңдап алдыма түсті. «Қай жақтансыз?», – деп сұрап қояды. Негізі, сұрақ “Where are you from originally?», яғни менен келген жағымды емес, шыққан жерімді сұрап тұр. «Қазақстаннан» дедім қысқа қайырып. Әйел жалт бұрылып, маған қарады. «Қазақстан?». «О-о, Қазақстан деңіз! Алма-Ата! Мен Қазақстанда болғанмын!». Енді мен таңырқадым. «Шынымен бе? Қашан?». «Ой, ол баяғыда болған... Совет Одағының кезінде, ұмытпасам, сексенінші жылдары. Мен Өзбекстанның қалаларын, сосын Қазақстанның оңтүстігін аралап қайтқанмын». «Жұмыспен бе?». «Жоқ, өзім барғым келді, көргім келді». Қонақүйдің дәл алдына келгенде оның жүзіне бажайлап қарадым. Жасы елуден асқан, орта бойлы, ажары таймаған ақ нәсілді әйел. Аты – Гудрун Стокингер. Осы жерде ертең кешкі алтыда кездесіп, кофеханаға баруға уағдаластық. Ол маған Қазақстанға барған сапары туралы айтып беруге уәде етті. Венаға аяқ баса сала, Қазақстанға деген ынтызары бөлек адамға жолыққанымды сәттілікке баладым.

Әр тастың  өз шежіресі бар

 09.00 Еуропа Кеңесінің бұрынғы Бас хатшысы Уолтер Швиммер мырза мені өз кеңсесіне шақырған. Қазір ол халықаралық қатынастар және Еуропалық байланыстар жөнінде кеңесші болып жұмыс істейді. Бұған дейін екі жыл бұрын Қазақстанда жолыққанымыз бар. Бұл жолы «Түркістан» газетіне арнайы сұхбат жазып алдым. 10.00 Швиммер мырзаның кеңсесі тұрған Neustiftgass көшесі Австрияның Музей кварталына таяу орналасқан. Аты айтып тұрғандай, бұл орталық ауданда орналасқан мұражай, өнер көрмелері мен тарихи ескерткіштерде сан жоқ. Бұған қоса, Австрия парламенті, кешегі Габсбугтер сарайында орналасқан президент кеңсесі, премьер-министр кеңсесі, барлық әкімшілік ғимараттар – осы ауданда. Бірақ қайсысы әкімшілік, қайсысы мұражай екенін ажыратып алу мүмкін емес. Себебі мұндағы әрбір ғимарат – архитектуралық ескерткіш. Ең көнесі – әулие Михаил шіркеуі саналады, кемі 780 жылдық тарихы бар. Іші-сырты – әлем-жәлем туристерге лық толы, біреулер шіркеуді суретке түсіріп, біреулер «селфи» жасап, тағы біреулері ішіндегі қаз-қатар ағаш сәкілерге жайғасып, үнсіз мінәжат жасап, енді бірі сол жердегі жәшікке ақша салып, әркім өз тіршілігімен жүр. Ешкім ешкімге назар салып қарамайды. Туристік маусым көктемде басталып, жаз бен күз бойы Венаны ақ, қара, сары өңдер қаптап кетеді. Бұл базар қаңтарға дейін тарқамайды. Қазіргідей жыл басындағы үш айда аздап кісі аяғы саябырсыды дегеннің өзінде, орталық көшелер мен мұражайлар, тарихи орындарда кірген-шыққан адам көп.

Марк Твен көрген шоу

 11.00 Австрияның парламент үйіне келдім. 130 жылдық ғимарат – даниялық мүсінші Хензелдің туындысы. Грек жерінде жастық шағын өткізген архитектордың қолтаңбасы ғимараттың дәл алдындағы 5,5 метрлік Афинаның мүсінімен менмұндалап тұр. Еңселі ғимараттың алды-арты, екі жақтағы қанаттарының шатыры грек-рим ойшылдары мен аңыз тұлғаларының мүсінімен безендірілген. Хензел Венадағы бұдан басқа біраз ғимараттардың сызбасын жасаған көрінеді, содан ба, тұтас Вена көне грек заманындағы өркениетті елестетеді. Әдетте, бұл ғимарат есігі келушілер үшін ұдайы ашық. Бірақ былтыр шілде айынан бері мұнда күрделі жөндеу басталып кеткен. Қазір Австрия парламенті Йозефплатцағы үйде отыр. 130 жылдық ғимаратты жөндеуге бюджеттен 353,2 миллион еуро бөлінген екен, оның ішінде қандай жұмыстар жүргізіліп, қай бөлігінің бұзылып, қайсысының қайта салынатыны жайлы толық деректі сол жердегі Ақпарат бекетінен алуға болады. Парламент үйінің салыну тарихы, архитектурасы, болашақ келбетіне қатысты шағын көрме ашып, өткен-кеткен қонақтардың сұрақтарына жауап беретін қызметкерлер отыр. Тіпті, жөндеуден өткен соң ғимарат үйінің қандай болатынын экраннан көрсетіп береді. Олар журналистік әуестікпен қойған барлық сұрақтарыма толық жауап беріп, енді қазіргі Австрия парламентінің жұмысымен танысу үшін Йозефплатцқа қалай өтуге болатынын көрсетіп, жөн сілтеп жіберді. Осы орайда, еуропалық парламенттер әдетте ашық жүйеде жұмыс істейтінін айтып кетуге тиіспіз. Тура және астарлы мағынасында ашық. Яғни, кез келген адам, мейлі жергілікті тұрғын немесе шетелдік турист болсын, Австрия парламентінің кезекті жиынын не отырысын тыңдағысы келсе, Парламент үйіне кіріп, өз көзімен тамашалауға қақылы. Бұл дәстүр ертеден қалыптасқан. Қазіргідей теледидар мен ғаламтор бос уақытты толтырмаған кезде, адамдар Парламент үйіне театрға келгендей қызық көру үшін жиналатын болған. Бір заманда он үш провинцияның депутаттары пленарлық жиналыста бас қосып, әрқайсысы өз тілінде сөз сөйлеп, дабыра жасаған кезде, қарапайым халық түрлі шоу көргендей, бір жасап қалады екен. Ол кездегі парламент мәжілістері сағаттап созылатын, тіпті, бір депутаттың он сағат бойы тоқтамай сөз сөйлегені бүгінде ертегідей естілуі мүмкін. Ал он үш провинцияның өкілдері бір-бірінің тілін түсінбестен, ешбір аудармашысыз айтысып-тартысқаны ше? Айтысқанның жөні осы екен деп, қарсыластың даусын естіртпес үшін мәжіліс залына музыкалық аспап алып келіп, айғайға сүрең қосатындар да болған. Азан-қазан шуға толған парламент мәжілістері бүгінгі театр-шоудан кем болмағаны анық. Шамасы, америкалық жазушы Марк Твеннің Австрия парламентінің тыңдарманы болған кезі сол заман, сірә. Жазушы 1897-1899 жылдары Вена қаласында өмір сүрген. Австрия парламентінде екі маусым бойы отырыстарды құр жібермей, ақыры кітап жазып шыққан екен. Әу баста ағылшынша жазылған кітаптың немісше аудармасы «Mark Twain. Reportagen aus dem Reichsrat 1898/1899» деген атпен дәл парламент үйінің дүкенінде 35 еуроға сатылып жатыр. Ағылшынша нұсқасы болса, сатып алуға болар еді, ал немісше аудармасының дәл маған пайдасы шамалы... Бүгінгі парламент отырыстары дәл Марк Твен көргендей шоуға ұқсамайды. Әлі күнге есігі ашық болғанымен, жергілікті тұрғындар мұнда сирек бас сұғады екен. Олар парламент мәжілістерін үйдегі теледидардан тікелей эфир арқылы көре алады. Оның үстіне, бұл елде жоғарғы билік не дейді, саясаттың желі қалай қарай соғады деп ықылас білдірушілер аз сияқты. Жергілікті тұрғындар үшін күнделікті тұрмыс, жеке басының бақуаттылығы, адами мақсат-мұраттарының маңызы басым. Бұған таң қалудың реті келмес: мемлекеттілігі орныққан, азаматтары өздерін еркін әрі бостан сезінетін, ұлттық деңгейдегі шетін мәселелер әлдеқашан оң шешімін тапқан ел. Саясатпен бас қатыру қолы бостардың ермегі секілді.  

Моцарт пен Сисидің Венасы

 14.00 Вена – мұражайлар мен өнер орталықтарының қаласы. Dom Museum, Leopold Museum, Sisi Museum, Mumok, Sigmund Freud Museum... Олардың бәрін бір сапарда аралап шығу мүмкін емес. Классикалық музыканың отанына келгенде, дәл осы қалада таңғажайып туындыларын дүниеге әкелген Моцарттың мұражай-үйіне соқпай кету мүмкін емес. Сондықтан мен өнер галереяларын қоя тұрып, әуелі Mozart Hous-ға келдім. Бұл үйде 1784-1787 жылдары Моцарт бала-шағасымен бірге тұрған. Атақты «Фигароның үйленуі» операсын осы үйде жазған. Оның атақты композитор ретінде мойындалып, танымал болуына Венаның ақсүйек және шығармашалық ортасы көп ықпал етті. Есесіне, қазіргі Вена ең әуелі Моцартпен мақтанады. «Моцарттың Венасы» деген тіркес бұл қаланың анықтамасы секілді. Қайда қарасаңыз да, Моцартты көресіз: шоколад салынған тәттілердің қорабында, шағын кәдесыйларда, пошта маркілерінде, көшедегі жарнама тақтайшаларында – соның бейнесі. Оның үлкенді-кішілі мүсіншелері, оның симфониясынан бір үзік ойнап беретін жұдырықтай сандықшалар... бұрын Моцарттың атын естімеген адамның өзі Вена сапарынан соң, ең азында оның бет-жүзін жаттап, ол туралы қысқаша мәліметке қанығып қайтары анық. Мұражай қаланың тар көшелерінің біріндегі қалтарыста орналасқанына қарамастан, оны арнайы іздеп келіп, тамашалап жүрген туристер көп. Үш қабаттан тұратын үйді еркін аралап, суреттер мен үй жабдықтарын көріп, әр қонаққа жеке берілетін аудио-гидты құлақтарына тосып, әркім өз бетінше музыка әлеміне енген күйде. Кірген беттегі ақшасын төлесеңіз, Моцарттың өмірі мен шығармашылығына тереңнен бойлап, бұл үйде күні бойы жүрсеңіз де өзіңіз білесіз. Бала-шағасын ерткен ата-аналар да көп. Мұражай балаларға Моцартты жақыннан таныстыру үшін арнайы аудио-гидпен басқарылатын ойын ойластырып, жұмбақтар жасырып қойған, сонда бұл үйге келген үлкен де, кіші де екі-үш сағаттың ішінде әрі танымын кеңейтіп, әрі ұмытылмас әсер алып шығатыны сөзсіз. Венаның екінші бір атақты тұлғасы әрі қазіргі символының бірі – патшайым Елизавета. Тарихта «Сиси» деген атпен қалған патшайымның бейнесі Моцарттан кейін ең көп саудаланатын бейне сияқты. Шашы беліне түскен Сиси жас шағында хас сұлудың өзі болғанға ұқсайды. Алты ғасыр бойы Габсбургтер әулетіне тұрақ болған сарайдың бір бұрышы осы Сиси патшайымның мұражайына арналған. Мұражай Сисидің алты жеке бөлмесін қаз қалпында сақтаған, бұл бөлмелер сол кездегі ақсүйектердің өмірі мен тұрмысы жайлы сыр шертеді.

Кофеханада

 18.00 Кешегі уәде бойынша, Мұражай кварталынан қонақүйге қайтып келдім. Гудрун сөзінде тұра ма, әлде ұмытып кете ме деген уайымым жоқ емес. Алтыдан бес минут өткенде, Гудрунның төбесі көрінді. Кешегідей емес, бүгін сәнденіп киініп, барынша жасанып шыққаны көрініп тұр. Осы маңайдағы «веналық стильдегі» кофеханаға келдік. Гудрунның айтуынша, бұл кофехана өткен ғасырдың 20-30 жылдарынан бері жұмыс істейді, ал ғимараттың қанша ғасырдан бері тұрғанын сол жердегі қызметкерлер де айтып бере алмады. «Көне» деп қысқа қайырды Гудрун: «Бұл кофехана таза веналық тұрмыстың көрінісі болатын, мұнда адамдар бір шыныаяқ кофе сатып алып, сосын кеш бойы не газет оқып, не достарымен әңгіме-дүкен құрып, сағаттап отыратын еді. Әні, қарашы, әлі де тек газет оқу үшін келетін адамдар бар», – деді ол бізден екі-үш үстел кейін отырған егделеу кісіні нұсқап. «Қазір өмірдің ағысы өзгерді, бірақ осындай кофеханаларда әлі де тыныштық пен оңашалықты қалайтын адамдарды кезіктіруге болады». Гудруннан Қазақстанға не үшін барғанын сұрадым. «А, ол кез әлі Совет Одағының құламаған кезі болатын, бірақ қайта құрудан кейін шекаралар ашылып, әлдебір өзгерістердің басталған кезі», – деп бастады ол әңгімесін. «Сенесің бе, менің бала кезден бергі арманым – Ұлы Жібек жолын көру, сол жолмен жүріп өту болатын. Ал 80-жылдары жаңадан оқу бітіріп, фотожурналист ретінде жұмысқа кіріскен кезім. Ол кезде фотожурналистер өте аз, оның үстіне әйел адаммын, сондықтан еш журнал-газетке байланбай, фрилансер болып жұмыс істедім. Бірнеше басылыммен келісімшартым бар еді. Олар маған толық шығармашылық еркіндік берді. Нендей тақырыпта сурет әкелсем де, риза болатын». «Ол кезде қазіргідей бәсеке жоқ шығар?». «Жоқ, қайдағы бәсеке? Қазір екінің бірінің қолында смартфон, айфон, кез келген адам шыртылдатып суретке түсіре береді, ал менің жас кезімде фотожурналистиканың сұранысы өте жоғары еді. Содан мен Орталық Азияға сапар шегемін дегенде, достарым мен әріптестерім маған қатты таң қалды: «Онда не бар? Не көрмекшісің? Ол жақта ештеңе жоқ қой!», – дегендері есімде. Ал мен оларға: «Бұл – жаңа әлем. Шымылдығын енді түріп, жаңадан дүниеге келгелі тұрған өзгеше әлем. Ал біз ол туралы ештеңе білмейміз, баруымыз керек, көруіміз керек, танысуымыз керек», – деп қоямын. «Романтика. Сонымен, Өзбекстанға барып, Ташкент, Бұқара, Самарқандты ара­ладым. Шынымен, басқа әлемге тап болғандай күй кештім. Одан Қазақстанға келіп, Алматыда бір аптадай болдым. Жылқының сүтін бергені әлі есімде». «Қымыз ғой?». «Иә, биенің сүті. Мен үйренбеген нәрсе», – деп жымиды Гудрун. «Жалпы, сол кезде қатты қарным ашқаны есімде қалыпты. Нан мен ет қана береді, ал мен ет жемеймін. Сонымен, бір апта бойы тек нан жеп, аш қайтқаным есімнен кетер емес», – деді ол. «Сексенінші жылдар Совет одағында нағыз тапшылықтың кезі ғой. Ол кезде жергілікті адамдардың өздері көп таршылық көрді. Бірақ қазір жағдай мүлде басқаша. Алматыны ендігі танымай қаласыз», – дедім мен. «Иә, Қазақстанға барғым келеді, Астананы көргім келеді. Көп естідім». «Сол кезде түсірген суреттеріңіз бар ма?». «Жеке мұрағатымда бар. Кейбірін жарияладым да. Қарап көрейін, тапсам, поштамен салып жіберемін», – деп уәдесін берді. Гудрун өте әңгімешіл екен, екі сағаттың қалай өткенін байқамаппыз, бірақ оның менен, менің одан сұрайтын нәрселердің жүзден бірі түгенделген жоқ. Ол менен Қазақстанның қазіргі жағдайын, адамдардың тұрмысы жайлы, қазақтардың мәдениеті, діні жайлы көп жайттарды тәптіштеп сұрап жатты. Мен Австрия мен Еуропалық саясаттың ішкі мәселелерін, жергілікті адамдардың мигранттарға деген көзқарасын, журналистік орта жайлы сұрадым. Дәл сол күні кешке классикалық концертке билет алмаған болсам, түн жарымына дейін отыра беретін түріміз бар. Екі сағаттан соң әңгімені амалсыз үзуге тура келді. Гудрун ұялы телефон нөмірі мен үйінің мекен-жайын жазып, хабарласып тұрайық деген ілтипатын білдіріп жатыр.  

Классикалық музыканың шыжығы

 20.15 Гудрун мені трамвайға отырғызып, Royal Orchestra концерті өтетін Hauz der Industrie үйіне ертіп келмегенде, концертке кешігетін түрім бар екен. Менімен бірге асыға басып, аялдамаға қарай келе жатып: «Қандай концерт дедің? Қай жерде дедің? Естімеппін», – деп бас шайқап қояды. «Шамасы, туристерге арналған шара болар? Мен өмір-бақи Венада тұрамын, журналист ретінде осында өтетін көп шарадан хабарым бар, бірақ дәл мына холлдың қай жерде екенін шамалап қана тұрмын», – дейді. Мен оған түсіндіріп әуремін. Расында, Венаға келерден екі апта бұрын Вена мемлекеттік опера театрының репертуарын ғаламтор арқылы тексеріп көргенмін. Барлық билеттер бір ай бұрын сатылып кеткен. Басқа концерт залдарындағы операларға да билет жоқ. Тек дәл осы күндерге жоспарланған классикалық концерттерге билет алуға болатын, оның өзі кем дегенде 42 еуродан басталады. Бүгін сол концерт холлдардың бірінің билет сатушыларын орталық көшелердің бірінен кездестіріп қалмасым бар ма. Wiener Royal Orchester, яғни Вена Корольдік оркестрі «Mozart&Strauss konzerte» бағдарламамен өнер көрсетеді» деп жарнамасын жасап, 42 еуроның билетін 32 еуроға сатқан. Менің қатты қызығып тұрғанымды байқап, «Венаға келіп тұрып, классикалық концерт тыңдамай қалай кетесіз?», – деп тағы қиылған. Сонымен, базарлық алсам ба деп сақтаған қалтаның түбіндегі соңғы 32 еуромен сол жерде қоштасып, өзіме-өзім сыйлық жасағандай риза болмаймын ба? Енді сол концертке кешігетін болдым деп, Гудрунмен бірге трамвай аялдамасына дедектеп келе жатқан бетім осы. Ол мені сөз айтпастан түсінді, ақыры ең қысқа жолмен концерт залына жеткізіп салып, мені кіргізіп, өзі вестибюльда қоштасып қала берді. ...Бірінші бөлім негізінен Моцарттың симфониялары. Оркестр толық құрамда емес, бар болғаны тоғыз аспап. Бірақ қаңтар-наурыз айлары туристер аз келетін болғандықтан, концерт холлдары да жеңіл-желпі құраммен ғана өнер көрсететін сияқты. Опереттаны орындайтын екі солист. Бір балет бишісі. Жә, Вена опера театры емес қой, мұның бәріне көнуге болады екен. Кілтипан бірінші бөлімнің аяқ жағында орындалған Моцарттың «Түрік маршынан» басталды. Жанның нәзік пернелерін шертетін әуен... Жоқ, олар «Түрік маршының» екпінін жылдамдатып, тыңнан нота қосып, түрлендіріп жіберіпті. «Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін не қылды?» дегеннің нақ қандай болатынын өз басымнан кештім осы жолы. Әйтеуір, бітірді-ау. ...Бірақ қуырдақтың көкесі алда екен. Моцарттың маршын аздап өңдегені ештеңе емес, Штраус шығармаларының көрген күні тіпті сорақы. Екінші бөлім басталғанда, оркестрге жаңа адам қосылған, анығында – масқарапаз, яғни күлдіргі. Музыканттар сияқты киініп алып, алдына барабан қойып, жайғасып отырған ол оркестр Штраустың «Аңшылықта» полькасын ойнап жатқанда, түрлі дыбыс шығарып, сазды музыканың сәнін кетірді. Бұдан кейінгі концерт сайқымазақ шоуға айналды. Оркестр дирижері ашуланған болып, таяқшасын сілтейді, масқарапаз ысқырады, аудитория жатып кеп күледі... Мұндай сайқымазақтың шарықтау шегі Штарустың «Керемет көгілдір Дунайына» жеткенде, шыдай алмай, орнымнан тұрып кеттім. Ал мына залды лық толтырған тобырға не керек: аянбай шапалақ соғып, қарқылдай күліп, бір жасап қалды. Бірінші бөлімде мүлгіп, көзі жұмылып отырған қытайлық делегация да «тіріліпті». Моцартты тыңдап, бойы балқып ұйықтап отырған аудитория, сайқымазақтың дарақы тірлігіне балаша қуанып, алақан соғып, шаттанады. Есесіне, концерттің соңына қарай зал дүр сілкінгендей болды. Шамасы, классикалық концерттен шоу жасаған ұйымдастырушылардың көздегені де осы: өз тірліктеріне дән риза, концертмейстер де, вестибюль қызметкерлері де «Браво!» деп айғайлап қояды. Мен елдің алдын ала, «бетті бастым, тұра қаштым жалма-жан»... Ньюкаслге келген соң телефон арқылы Гудрунмен сөйлесіп, хал-жағдай сұрастым. Сұңғыла емес пе: «Концерт қалай болды? Тати ма екен?», – деп сыр тартты ол. «Қалай десем екен? Бірінші бөлімде шыдауға болатын, екінші бөлімі шоуға айналып кетті» дедім мен барынша сыпайылап. «Өзім де солай ойлап едім. Сен кіріп кеткен соң, сол жердегі швейцардан сұрадым. «Бұл не концерт веналықтар білмейтін?», – деген едім, ол маған мұндай шаралар тек туристерге, оның ішінде (сен ренжіме, иә?) азиялықтарға арнап өткізілетінін айтты. Олар азиялық туристердің ақшасына құныққаны сонша, Венада осындай бес-алты концерт ұжымдары бар екен, олар тек табыс табуды көздейді» деп жатыр. «Бірақ аты Вена Корольдік оркестрінің концерті еді ғой. Бағдарламасында Моцарт пен Штраустың шығармаларын орындаймыз деген. Егер сайқымазақ шоу болса, солай деп жазбай ма?», – деймін мен. Ақшасы көп, ақылы аз туристерді аулайтын қуаяқтардың қармағына түскеніме әлі ашулымын. «Корольдік оркестр деп аталғанымен, олардың корольдік әулетке еш қатысы жоқ, расында, сен осындай концерт бар дегенде таң қалғаным сол еді, мұндай шаралардың тек шетелдік туристерге арнап өткізілетіні түсінікті болды. Олар көшеде билет сатып, азиялық, әсіресе, қытайлық, жапондық делегацияларды жинайды», – деді Гудрун. Расында, концерт холда топтасып жүрген қытайлық делегацияларды көрдім. Бір емес, бірнеше топ. «Бірақ бұл мәселені білгенім жақсы болды. Өз таныстарыма хабарласып, мұны зерттеймін. Бұл дегеніңіз жанжал ғой, адамдарды бұлай алдауға болмайды. Мен қатты назаланып отырмын. Сен Австрия туризм министрлігіне жазсаңшы, одан сен үшін ештеңе өзгере қоймас, бірақ туристерді алдап, ақшасын жинап алып жүргендердің бар екенін олар білуі керек», – деп, Гудрун енді мені үгіттеуге кірісті. «Иә, – дедім мен. – Жазамын. Тіпті, осы сапар туралы жазған «Түркістан» газетіндегі мақаламның көшірмесін қоса салып жіберемін». «Сөйт. Менің де атымды қос. Бұдан не шығатынын көрейік. Осылай болды екен деп қол қусырып қарап отыруға болмайды», – деп Гудрун сөзін шегеледі.  P.S. Австрия туризм министрлігіне жолдайтын хатымды дайындап қойдым. Бәлкім, келесі жолы Венаға жол түскенде, арнайы кіріп-шығамын. Дәл осы қалаға әлі талай рет баруға ниеттімін. Вена бір емес, мың көруге татитын қала, расында.    

Ньюкасл – Берлин – Вена – Ньюкасл