419
Қазақстандық туристерді сақтандыру тәртібі өзгереді
Қазақстандық туристерді сақтандыру тәртібі өзгереді
Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
«Заң жобасындағы екінші бағыт - бұл туроператордың жауапкершілігін сақтандырудан шетелге шығушы туристің өзін сақтандыруға өту. Қазіргі кезде туроператордың жауапкершілігін сақтандыру кезінде сақтандыру тек туроператордың кінәсі дәлелденген кезде ғана жұмыс істейді. Бұл өте сирек кездесетін жағдай. Турист, әдетте, денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге байланысты өз мәселелерімен жалғыз қалады. Заң жобасы шетелге шығушы туристерді сақтандыру тәртібін өзгертуді қарастырады. Туроператор жолдаманы сатқан кезде туристке сақтандыру куәлігін беруге міндетті болады. Сақтандыру куәлігінде шетелде тәулік бойы медициналық көмек көрсететін халықаралық компаниялардың телефондары көрсетілетін болады. Шетелде сақтандыру жағдайы орын алған кезде, турист медициналық қызмет көрсетуге, жедел медициналық көмекке және репатриация бойынша шығындалмайды. Бұл шығындарды халықаралық компанияға сақтандыру компаниясы төлеп береді», - деп түсіндірді ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев.
Оның сөзіне қарағанда, туроператор үшін сақтандыру құны қымбат болмайды деп күтілуде, яғни күніне 320 теңге шамасында. Сонымен қатар 3-тен 16 млн теңгеге дейін шығындар сақтандырылатын болады. Бұл сақтандыру тек туроператорлардың көмегіне жүгінген туристер үшін ғана жұмыс істейтін болады. «Туроператорларға жүгінбейтін туристер және өз бетінше шетелге шығатын азаматтар жауапкершілікті дербес көтереді және мемлекет оларды өздерін сақтандыруға міндеттей алмайды», - деді ҰБ басшысы.