254
ОҚО-да көші-қон заңнамасын бұзған 37 шетелдік елден қуылды
ОҚО-да көші-қон заңнамасын бұзған 37 шетелдік елден қуылды
«Мигрант» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында ОҚО-да көші-қон заңнамасын бұзудың 920 фактісі анықталды. Нәтижесінде 37 шетелдік елден шығарылды. Бұл туралы ОҚО ІІД Көші-қон полициясы басқармасы хабарлады.
Басқарма мәліметінше, 920 факті бойынша еліміздің 151 және шетелдің 769 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 502 құқық бұзушыға ескерту жасалып, 105 тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды. Белгілі болғандай, көрші елдердің азаматтары облыс аумағына келгеннен кейін тіркеуге тұрмай, жалдамалы жұмыс істеген. Құжаттарын тексеру барысында өзге де түрлі кемшіліктер анықталған.
Нәтижесінде 276 шетел азаматы әкімшілік қамауға алынып, 106-сына ел аумағында болу мерзімі қысқартылды. Сондай-ақ қабылдап-тарату орнына өздерімен бірге құжаттары жоқ 106 адам жеткізілді. Облыста көші-қон заңдылықтарын бұзған және заңсыз шетел азаматтарын жұмыс күші ретінде пайдаланған 151 жергілікті тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мигранттарды елден шығару бойынша сот шешімін орындамаған 6 жайтқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, құқық бұзушыларға 1,3 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.