Ұн үшін талас-тартыс

Ұн үшін талас-тартыс

Ұн үшін талас-тартыс
ашық дереккөзі
Өткен аптада Түркіменстанда доллар бағамы күрт көтеріліп, азық-түлік бағасы шарықтады. Әсіресе, импорт өнімдерінің құны қалтадағыны қармап барады. Өткен жылдың соңынан бері ұнға жарымай отырған жергілікті жұрт үшін дастарқанға ас атасын қою қазір тіпті, арман. Елдегі ұн тапшылығын жою үшін билік өкілдері үй-үйді аралап, тұрғындардың артық ұнын тәркілемекші. Түркіменстандағы күрделі жағдай елдің солтүстігіндегі Дашогуз облысының билігін абыройсыз қадамға итермелеген тәрізді. Тұрмысы түзу шаңырақтар тексеріліп, жергілікті биліктің өлшемі бойынша «артық» деп есептелген ұн көлемі тәркіленетінін әуелі Рухубелент ауданының тұрғындары естіген. Олардың айтуынша, облыс басшылығы бұл мақсатта арнайы бақылау комиссиясын құрған көрінеді. Мұндай ақпаратты Конеургенч пен Болдумсаз ауданы тұрғындары да растаған. Жергілікті шенеуніктер ұн жеке үйлерде сатылатын болса, оларға қарсы қылмыстық іс қозғалатынын ескерткен көрінеді. Түркіменстандықтардың барлығы тексеріс жайлы құлақтанғанымен, оның қашан басталатыны белгісіз. Үкіметтегі жауапты шенеуніктердің пікірін білмек болған «Азаттық радиосы» түркімен қызметінің тілшілерінің сұрағы жауапсыз қалды. Түркіменстан билігінің өкілдері әдетте тәуелсіз және шетелдік БАҚ-қа пікір білдіруден бойын аулақ салады. Елдегі барлық ақпарат құралдары мемлекеттің жіті бақылауында. Сондықтан түркіменстандықтар шенеуніктерден мардымды жауап еститіндеріне сенуден қалған. Ұнның жетіспеушілігі елде нан мен өзге де азық-түлік бағасын қымбаттатып жіберген. Мәселен, шүрек (жұқа нан) бағасы 1 манаттан 1,40 манатқа дейін көтеріліп үлгерді. Ұн мен нан үшін дүкендерде кезекке тұрған жұрт наразылыққа шыға ма деп үрейленген полиция оларды үйлеріне тарату үшін уәдені үйіп-төгуде. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, тәртіп сақшылары оларды «Нөмірлеріңізді жазып кетіңіздер, ұн мен нан жеткізілгенде сіздерге міндетті түрде хабар беріледі» деп алдарқатқан. Дашогуздағы ендігі бір дереккөздің хабарлауынша, ұн сатып алғысы келетін тұрғындардан газ және электрге қарызы жоқ деген анықтама талап етілген. Мұнан бөлек, дүкенге келген сатып алушылардан коммуналдық төлемдер үшін өлшеу аспабы орнатылғаны жөнінде құжаттар сұрайды екен. Талап етілген құжаттарды көрсетпесе, ұн берілмейді. Ұн тапшылығын тартқан Дашогуз тұрғындарының жалғыз амалы – ұнды көршілес Өзбекстаннан, елдің басқа аймақтарынан дорбалап тасу. Алайда полиция өкілдері күре жолдың бойында рейд ұйымдастырып, ұн тасымалдаған азаматтардың қалтасын қағуда. Тәртіп сақшылары Әмудария көпірі арқылы өтіп жатқан жеңіл көліктерді тексеріп, ұн табылған жағдайда 25 манат көлемінде айыппұл салған. Мұндай ақпаратты Керкичи, Мағданлы, Койтендаг, Достлук және Мукры елді мекенінің тұрғындары тегіс растады. «Полиция қызметкерлері ұнның әрбір қабына 7 доллардан төлемесек, шалғайдан алып келе жатқан ұнды тартып аламыз деп қорқытады», ‒ дейді олар. Түркіменстандықтар бұл тапшылықтың қашан аяқталарын білмейді. Жығылғанға – жұдырық, ұнның жетіспеушілігі өзге азық-түліктің бағасын шарықтатып жіберді. Ақпан айының алғашқы аптасында ұн мен ет 70 пайызға қымбаттаса, сүт өнімдері 100 пайызға өсті. Өткен аптада Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Гороглы, Дашогуз, Конеургенч басшыларын және ұн өндіретін зауыт басшыларын Ашхабадқа шақыртқан болатын. Кездесуде не айтылғаны белгісіз. Бірақ жергілікті жұрт әлі де жақсылықтан үмітті. Түркіменстан – мұнай мен газ өндірісіне иек артып отырған мемлекет. Мемлекеттік бюджет кірісінің қомақты бөлігі қара алтын мен көгілдір отын экспортынан бөлек, мақта иіру кәсіпорындарының тізбесінен түсетін салық арқылы толығады. Мемлекет аумағында Менделеев кестесіндегі элементтердің барлығы дерлік кездеседі. Жер қойнауының 80 пайызы – мұнай мен газ. Осы уақытқа дейін олардан 144 кен орны табылған. Бірақ соның әзірге 40-қа жуығы ғана игерілуде. Газдың болжамды қоры – 21-23 трлн текше метр, ал мұнайдікі 12 млрд тоннаға жуық. Жыл сайын елде 158 млн шаршы метр мақта-мата бұйымдары мен 82 мың тонна жіп иіріледі. Бұл өнімдерін Түркіменстан әлемнің жоғары дамыған 30-дан астам еліне экспорттайды. Жалпы, түркімендер әлемнің 80-нен астам елімен белсенді сауда-экономикалық байланыс орнатқан. Солардың бірі – Қазақстан. 2016 жылы Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы тауар айналымының көлемі 204,5 млн АҚШ долларын құраған болатын. Біздің еліміз Түркіменстанға негізінен өсімдіктерден жасалған өнімдерді, металл бұйымдарын, табиғи фосфат кальцийді, ағаш материалдарын және одан жасалатын заттарды, металопрокат, сонымен қатар ұн, ұннан жасалған және тәтті тағам бұйымдарын экспорттайды. Ал Түркіменстаннан Қазақстанға газ, мұнай және мұнай өнімдері, моторлы көлік құралдары, қызанақтар, қозғалтқыштар және қуатты қондырғылар жеткізіледі.