Астанада баланы ұрған балабақша тәрбиешісі сотталды

/
Астанада баланы ұрған балабақша тәрбиешісі сотталды
istockphoto.com

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты балабақшалардың бірінде жұмыс істеген тәрбиешіні кәмелетке толмаған тәрбиеленушіге қатыгездік танытқаны үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әйелге ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2-бөлігі бойынша жаза тағайындалды.

2025 жылдың қаңтар және ақпан айларында тәрбиеші балаға бірнеше рет күш қолданған. Бейнежазбаларда баланы ұру, итеру және өзге де дөрекі әрекеттер тіркелген, бұл баланың жылауына және физикалық ауырсынуына себеп болған. Сотталушының кінәсі бейнематериалдармен, куәгерлердің айғақтарымен және сараптама қорытындыларымен дәлелденді.

Прокурор 80 сағат қоғамдық жұмыс тағайындауды және амнистияны қолдана отырып, балалармен жұмыс істеуге тыйым салуды сұрады. Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, қатаң жаза тағайындамауды өтінді. Жәбірленуші тарап істің неғұрлым ауыр баппен саралануын талап етіп, өтемақы өндіріп беруді сұрады.

Сот сотталушының кәмелетке толмаған баласының бар екенін және жағымды мінездемесін ескере отырып, 80 сағат қоғамдық жұмыс тағайындады. Алайда амнистияға байланысты жаза жойылды. Өтемақы туралы азаматтық талап ішінара қанағаттандырылды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары