65 жылдан кейінгі мейман
Пхенчхан Олимпиадасына солтүстіккореялық спортшылардың қатысуы спорт шежіресінде ғана емес, дипломатия тарихында да айтулы оқиға болғаны сөзсіз. Пхеньян бұған дейінгі ақ Олимпиадалардың көпшілігіне қатысудан бас тартып келген. Солтүстік Корея 1988 жылы Сеулда өткен додаға да қатысқан жоқ. КХДР-дың бұл жолғы ойындарға қатысуы да күмәнді болатын. 2017 жылдың желтоқсанында Пхенчхан олимпиадасына қатысуға қарсы екенін жариялаған Ким Чен Ын 1 қаңтарда бұл сөзінен айнып, спортшыларын Оңтүстік Кореяға жіберуге дайын екенін мәлімдеді. Десе де, Ким Чен Ынның сөз арасында «қолында ядролық түйме бар екенін, бүкіл АҚШ аумағын алақанында ұстап отырғанын» қыстыра кетуі Вашингтонның ашуына тиді. АҚШ президенті Дональд Трамп твиттердегі парақшасында өз қолында да ядролық түйме бар екенін екенін ескертті. Ал республикашыл сенатор Линдси Грэхэм қаңтардың басында мәлімдеме жасап, КХДР Олимпиадаға қатысқан жағдайда АҚШ бұл додаға спортшыларын жібермеуі мүмкін екенін айтты. Алайда америкалық атлеттер ақпан айының басында Пхенчханға ың-шыңсыз келіп жайғасты. Солтүстік Корея атынан Пхенчханға 22 спортшы келді. Спортшылардан бөлек, Пхеньян Оңтүстік Кореяға жоғары лауазымды шенеуніктерін, журналистер және жанкүйерлер тобын жіберді. Жалпы саны 424 адамнан тұратын Солтүстік Корея делегациясының барлық шығынын Сеул өз мойнына алды. Олардың жатар орны мен Пхенчхан аумағында жүріп-тұруына Оңтүстік Корея бюджетінен 2,64 млн доллар бөлінген. Алайда бұл қаржыға Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына арнайы келіп қатысқан КХДР басшысы Ким Чен Ынның қарындасы, насихат бөлімі басшысының орынбасары Ким Ё Чжон бастаған ресми делегацияны күтіп алу шығыны кірмеген еді. Солтүстік Корея билігі Оңтүстік Кореяға ресми сапармен соңғы рет 1953 жылы Корей соғысынан кейін ғана келген болатын. Ким Ё Чжон – 65 жылдан соң ат басын бұрған алғашқы мәртебелі мейман. Ол Солтүстік Кореядағы ең ықпалды мемлекеттік қайраткерлердің бірі. КХДР-дың бұған дейінгі билеушісі, атақты көшбасшы Ким Чен Ир қызын мұрагерлерінің ішіндегі ең ақылдысы деп білген, алайда әйел адамның ел билеуіне жол бере алмаған.
Сыйластыққа сызат түспей ме?
АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін өз твиттерінде Солтүстік және Оңтүстік Корея арасында келіссөздердің басталғанына ренжімейтінін жазған. Десе де, Вашингтонда екі елдің бір-біріне жылы қабақ танытқанына алаңдаушылар көп. Олардың пікірінше, Ким Чен Ын өз елін санкциялық оқшаулықтан шығаруды ғана көздеп отыр. New York Times басылымында жарияланған мақаласында Тафтс университетінің профессоры Су-Хен Ли: «Санкциялардан шаршаған Ким Чен Ын өзін «адами» тұрғыдан көрсетуге тырысуда. Олар (Солтүстік Корея – авт.) өркениеттен кенже қалғандықтан, біз бұл қадамына қуанамыз және қолдауға дайынбыз», – дейді. АҚШ вице-президенті Майк Пенс Олимпиада ойындары басталмас бұрын Жапонияға ресми сапармен барып, Токиодағы жапон батареясын барлап қайтты. Patriot PAC-3 кешенімен жабдықталған бұл батарея – КХДР-дың ядролық соққысынан қорғаныс желісі. Сапар барысында Пенс Солтүстік Кореяға қарсы санкциялар пакетін көбейтуді және қаталдандыра түсуге уәде берді. Вице-президенттің айтуынша, КХДР ядролық бағдарламасынан түбегейлі бас тартпайынша, АҚШ Пхеньянды санкциялармен әлсіретуді жалғастыра бермек. Сол жолы Майк Пенс Сеулге де ат басын бұрды. Мун мырзамен арнайы кездесіп, Оңтүстік Корея Солтүстік Кореяны экономикалық және дипломатиялық тұрғыдан оқшаулауды тоқтатпайтынына сенім білдірді. Оңтүстік Корея президенті КХДР-ға барынша қысым жасау ұстанымын бұзбауға сөз берген. Алайда Олимпиадаға солтүстіккореялық шенділердің шақырылуын АҚШ Пхеньянға қысымның әлсіреуі деп түсінді. Солтүстіктегі көршілерімен арадағы салқындықты сейілту үшін АҚШ-пен бірлескен әскери оқу-жаттығулардың кейінге шегерілуі Вашингтонды одан бетер ашуландырды. Ким Чен Ынның қарындасы да АҚШ-тың санкциялық тізіміндегі тұлғалардың бірі. Алайда бұл оның басқа мемлекеттерге сапарлауына шек қоймайды. Тыйым тек АҚШ аумағын қамтиды. Алайда Солтүстік Кореямен келіссөз жүргізу үшін Вашингтонмен арадағы сыйластықты тәуекелге тігу екінің бірінің қолынан келмейді. Мәселен, КХДР аумағында болған ұшақтар жарты жылға дейін АҚШ аумағына кіре алмайды. Ал Олимпиада ойындарының ресми демеушісі Nike компаниясы АҚШ-тың қаһарына ұшыраудан қорқып, солтүстіккореялық спортшыларға бірыңғай спорттық киім тігіп беруден бас тартты. Солтүстік Корея оңтүстіктегі көршілерін ядролық қаруға байланысты алаңдамауға, оқтұмсықтар тек АҚШ аумағына бағытталғанына сендіргенімен, халықаралық сарапшылардың пікірінше, Оңтүстік Корея әлі де солтүстіккореялық жойқын қарудың нысанасында. Қос Корея 1945 жылы екіге бөлінді. Ол кезде Солтүстік Кеңес Одағының және Қытай халық әскерінің басқыншылығында болса, Оңтүстік америкалық әскердің ықпалында еді. 70 жылдан астам уақыт бойы екі бөлек мемлекет боп өмір сүріп келе жатқан Солтүстік және Оңтүстік Кореяның екеуі де бірігу жолында күресіп келеді. Алайда әрқайсысы өз туының астында біріккенді қалайды. Оңтүстік Кореяда Корей соғысын көргендердің қатары жылдан-жылға азайып барады. Солтүстікпен бауырластықты сезінбейтін жас толқын КХДР-мен бірігуден тек қауіп пен қатер көреді. 22 қаңтарда Сеул орталығында бас көтерген жастардың Ким Чен Ынның портретін және біріккен Корея мен Солтүстік Кореяның туларын өртеп жіберуі наразылықтың қаншалықты күшті екенін аңғартқандай. Өткен жылы Корея ұлттық бірігу институты жүргізген зерттеу нәтижесі елдің жас және егде тұрғындары арасында пікір қайшылығы күрделенгенін көрсетті. 30 жасқа дейінгі тұрғындардың 50 пайызға жуығы екі Кореяға бірігудің қажеті жоқ деп есептейді. Жастардың тек 20 пайызы ғана мемлекеттердің бір ту астында бірігуін қолдайды. Ал 60 жастан асқан респонденттердің көзқарасы басқа. Олардың 50 пайыздан астамы бір ұлттың мемлекеті де бір болуы керек деген пікір білдірген. Жуырда институт қайта зерттеу жүргізді. Нәтижесінде 20 жасқа дейінгі респонденттердің 60 пайызы екі елдің бірігуіне қарсы екені анықталды. Алайда Мун мырза ел ішіндегі көңіл-күйдің күрт өзгеруіне назар аударған жоқ. Салдарынан қаңтардың соңында оның рейтингі 10 пайызға құлдырады. Оған деген құрмет негізінен жас сайлаушылар арасында төмендеген.Астамшылыққа жол жоқ
Экономикалық жағдайы көңіл көншітпегендіктен, Солтүстік Корея спортты қаржыландыруға сараң. Солтүстік Кореяның спорттық бағдарламасында атлеттердің физикалық қарым-қабілеттеріне ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік байланыстарына да ерекше көңіл бөлінеді. КХДР-да қарапайым отбасынан шыққан спортшыдан гөрі жоғары лауазымды шенеунік туысқанының іріктеу сынақтарынан сүрінбей өту мүмкіндігі көбірек. Солтүстік Кореяда «элиталық спортқа» бас сұғу – дәулетті өмір салтын қамтамасыз етудің негізгі жолы. 2002-2012 жылдар аралығында футболдан Солтүстік Корея құрамасының құрамында ойнаған футболшы Ёнг Хактың айтуынша, солтүстіккореялық кәсіби спортшылардың ас мәзірінен ет, балық, күріш, сорпа, көкөністер мен сауда үйлерінде сирек кездесетін жемістер үзілмейді. Халқының басым бөлігі кедей тұрмыс кешетін елде мұндай тағамдар астамшылық саналады. Солтүстік Кореяның өз спортшыларын спорттық керек-жарақпен қамтамасыз ету тәсілі де өзге мемлекеттерге ұқсамайды. 2017 жылы КХДР Жаңа Зеландиядағы жарыстарға қатысқанда, солтүстіккореялық хоккейшілер мұз үстіне ағаштан жасалған имектаяқтармен шықпақшы болды. Бұл – 30 жыл бұрын қолданыстан шыққан құрал, қазір оның орнына көміртекті пластиктен жасалған имектаяқтар қолданылады. Бұл жолы Солтүстік Корея өз хоккейшілеріне жаңа имектаяқтар ұстатқан, ал олардың жарысқа киетін киімін финдердің Luhta компаниясы тікті. Алайда Олимпиада аяқталған соң спортшылар киім-кешек, спорттық құрал-саймандардың барлығын өткізеді. Өйткені Солтүстік Кореяда мұндай атрибуттар сырттан кіргізуге болмайтын, астамшылық пен бекер малшашпақтық белгісі саналатын дүниелер қатарына жатады. КХДР спортшылары Олимпиада қатысушыларына арналған Samsung компаниясының сыйлықтарын да өздерімен бірге әкете алмайды. Оңтүстіккореялық компания дүбірлі додаға қатысатын әрбір спортшыға жаңа Galaxy Note 8 смартфонын үлестіруде. Мұндай сыйлықты асып-тасқандық деп қабылдау өз алдына, Солтүстік Кореяда компьютердің, смартфонның тілін меңгергендер өте аз.Қызғалдақтай қатар тізілген...
Пхенчханға аттандырған спортшыларын жарылқамаса да, Пхеньян оларға қолдау көрсететін жанкүйерлердің дайындығына ерекше көңіл бөлген. Түр-тұлғасы, киімі, жүріс-тұрысы бірдей арулар Солтүстік Корея атлеттері бақ сынайтын барлық жарыстарда көпшілік назарын өздеріне аударды. Спортшылардың жетістігіне синхронды түрде шапалақ ұратын, бірдей айқайлап, бір дауыспен ән салатын қыздарға жеке жүруге тыйым салынған. Дәретханаға барса да, асханаға барса да жұп-жұбымен жүреді, топтан ажырамайды. Өйткені жандарында қимыл-қозғалыстарын қалт жібермей бақылап жүретіндер бар. New York Times басылымының жазуынша, Олимпиада көрермендерінің көзайымына айналған бұл бикештердің өмірі әскердегі қызметке көбірек ұқсайды. КХДР спортшыларына жанкүйерлік етуге келген 229 ару Пхенчхан қаласынан жарты сағаттық қашықтықтағы оңтүстіккореялық шипажайға орналасқан. Тамақтану үшін 30-30-дан топталып, бақылаушылардың қадағалауымен көршілес қонақүйге барады. Олар мінген автобустардың соңынан полиция көліктері еріп жүреді. Трибунада жарыс тамашалап отырғанда да олардың маңына ешкім жақындамас үшін жандарына арнайы бекітілген адамдар жайғасады.