818
Алматыдағы компьютерлік клубтар жаппай тексеріледі
Алматыдағы компьютерлік клубтар жаппай тексеріледі
Алматыдағы компьютерлік клубтар тексеріледә. Тұрғындардың сауалына жауап беру кезінде қала әкімі Бауыржан Байбек осындай пәрмен берді.
Есептік жиын кезінде қала тұрғыны әкімнен компьютерлік клубтардың жұмысын шектеуді өтінді. «Бүгінде біздің балаларымыз гаджеттен көз алмайды. Оларды компьютерлік ойындардан басқа ешнәрсе алаңдатпайды. Әрине, біз оларды үйде шектеуге тырысамыз. Бірақ олар ашық тұрған компьютерлік клубтарға барады! Неге клуб иелері балаларға түн жарымына дейін ойнауға рұқсат береді? Оларды біреу бақылай ма?» - деді тұрғын.
«Қазіргі цифрландыру заманында бұл негізгі проблема. Балалардың көз жанары нашарлап, омыртқасы қисаяды. Әр адам өзінің баласының қайда жүргенін қадағалауы керек. Бір жағынан сізбен келісемін. Біздің жергілікті полиция қызметі қайда қарап отыр? Бақылауды күшейту керек. Балаларға ішімдік беретінін-бермейтінін анықтау керек», - деді Байбек.
Әкімнің айтуынша, қазір қалада мұндай мекемелерді тексеру болып тұрады. Бірақ ата-аналардың наразылығы басылар емес. «Ендеше тексеру, клуб иелерінен талап ету керек. Кім бар кәсіпкерлік басқармасынан? Олар талапты орындамаса, заңды бұзса, жазалау - шарт. Қала бойынша тексеру жүргізіңіздер!», - деді әкім.