224
Бас имам: Голливуд актерлерінің мешітке келуі шариғат талаптарын бұзған жоқ
Бас имам: Голливуд актерлерінің мешітке келуі шариғат талаптарын бұзған жоқ
Күні кеше Өскемендегі Халифа Алтай мешітіне Голливуд актерлерінің келуі жұртшылық наразылығын тудырды. Осы оқиғаға байланысты бас имам Ермек қажы Мұқатай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Имам бұл оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқаны болмаса, шариғатқа қайшы ештеңе болмағанын айтады. «Әлеуметтік желіге тараған ақпараттың барлығын біз исламның асқақ абыройын ойлаған жанашырлық деп қабылдадық. Әркімнің түсінік-танымы, деңгейі әртүрлі ғой. Сондықтан, ешкімге өкпе сақтап отырған жоқпыз. Мешіттің есігі кез келген адамға ашық. Актерлердің бәрі ғимарат ішінде шариғат заңдылықтарын сақтап жүрді. Шариғаттың ешбір шарты бұзылмағанын ресми мәлімдеймін. Дініміздің абыройына араша түсіп, өз өресіне сай үн білдіріп жатқан тілеулестеріміздің барына қуандық» - дейді Ермек қажы.
Сонымен қатар, Ермек Мұқатай Голливуд мамандары атсалысып жатқан жобаға мүфтияттың еш қатысы жоқ екенін атады. «Мешітке кино түсіруші топтың келетіні бізге екі күн бұрын хабарланды. Ұсыныс облыстық дін істері басқармасынан түскен болатын. Оған мүфтияттың еш қатысы жоқ. Жоба жергілікті әкімдіктің қолдауымен жүзеге асып жатыр. Өңірдің рухани әлемін сипаттау үшін мешіттің тыныс-тіршілігімен таныстыру керек болған екен. Сондықтан біз бұл ұсынысқа келістік» - дейді имам.
Осы оқиғадан кейін қоғам арасында мешітке өзге дін ұстанушылардың, шоу-бизнес өкілдерінің, шетел азаматтарының келіп-кетуін, ғимарат аумағында фото және видео түсірілімдер жасаудың жеке ережесін бекіту керектігі айтыла бастады. Ермек қажы Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан, кез келген адамның мешітке келіп-кетуі әдеп-иба принциптерімен, мешіттің ішкі ережесімен реттелетінін айтады.
«Дәл қазір мешіт аумағында суретке түсіп, видео жасауға тыйым жоқ. Мешітте өзін-өзі ұстаудың жалпыға ортақ ережесі ілініп тұр. Соны сақтаса жетіп жатыр. Голливуд актерлері де сол ережемен жүріп-тұрды. Дегенмен діни қатынас та қоғаммен бірге дамып отыруы керек. Оған Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңға өзгерістер еніп жатқаны дәлел» - дейді ол.
«Шығыстың бренді» деген атпен түсіріліп жатқан деректі топтамада мешіт өмірінен қандай кадрлар берілетінінен мешіт өкілдері хабарсыз. Дін қызметкері түсіруші топтың бұл туралы өздерімен ақылдаспағанын айтып отыр. Ермек қажы қарамағындағы мешіт қызметкерінің Бай Лин есімді актердің қасында тұрған атышулы суретіне қатысты пікірін білдірді. Әлеуметтік желіде аталмыш суретті салған адамдарды сот арқылы жауапқа тарту қажет деген ұсыныстар айтылған болатын. Имам мешіт тарапынан ешқандай шағым түсірілмейтінін айтады.
«Ислам - кешірім діні. Сондықтан облыстық мешіт тарапынан ешкімге арыз-талап түсірмейміз. Оның үстіне бұл жерде діни қызметкердің жеке бас құқығы тапталып отыр. Біз әріптесімізбен сөйлестік. Ұжым да, мешітке келушілер де оны отбасы құндылықтарына адал, дініне берік жан ретінде біледі. Шетелдік меймандармен жүрген қарбаласта түсіп қалған кездейсоқ суретті сан-саққа жүргірткендерді өздерінің ар сотына тапсырайық. Дегенмен, бұл әріптесіміздің жеке құқығы. Біз ешкімді жазалауға, қатесі үшін жауапқа тартуға құлықты емеспіз. Ең бастысы, суретке ат қойып, айдар тағушылар өз қателіктерін түсінгені керек», - деді ол.