Қарағандылық полицейлер планшетпен толық қамтылады

Қарағандылық полицейлер планшетпен толық қамтылады

Қарағандылық полицейлер планшетпен толық қамтылады
ашық дереккөзі
459
Қарағандылық жол сақшылары қызметкерлері жыл соңына дейін түгел планшеттермен қамтылмақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы Жалғасбай Жақаев айтты. Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Жалғасбай Жақаев Құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитетте жасалған «Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі» (ӘҚББТ) жүйесінің қалай жұмыс істейтіндігі туралы айтып берді. Жол-патрульдік полиция инспекторы планшеттің көмегімен электронды хаттама толтыра алады. Және де құжат бірден республикалық мәліметтер базасына түседі де екінші деңгейлі банктерде көрсетілетін болады. Бұл ереже бұзушыға хаттама толтырылған бетте айыппұлды өтеуге мүмкіндік береді. «Бұл пилоттық жоба облыста өткен жылдың желтоқсанынан бері жұмыс істей бастады. Бүгінгі таңда біздің қызметкерлерде 50 планшет бар. Бірақ осы жылдың соңына дейін жол полициясының барлық қызметкерлерін планшеттермен қамтамасыз ететін боламыз», - деді Жергілікті полиция қызметінің бастығы. Ал жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Олжас Арынов мұндай мүмкіндік пайда болғалы, бірде бір ереже бұзушы айыппұлды орнында төлемегенін айтады. «Бүгінгі таңда Форте банкпен терминалдар мен төлем жүйелерін пайдалану туралы меморандумға қол қойылды. Қолдарында планшеттері бар қызметкерлер ереже бұзған жүргізушіге кез келген банк картасы арқылы айыппұлды сол жерде төлете алады. Мұндай жағдайда терминалдың көмегімен айыппұлды 50% жеңілдікпен өтеуге болады», - деді Олжас Арынов. Полицейлер айыппұлды бірнеше тәсілмен төлеуге болатынын еске салады: қолма-қол ақшамен екінші деңгейлі банктерде немесе «Қазпошта» бөлімшелерінде, сондай-ақ Kaspi және QIWI әмияндары арқылы. Сонымен қатар қолма-қол ақшасыз банктік картадан egov.kz порталына тіркелу арқылы төлеу балама әдісі де қолжетімді. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің интернет-сайттары арқылы онлайн-төлем жасауға болады: мысалы, Qazkom төлем картасының иелері айыппұлды homebank.kz сайтында өтей алады. Және де айыппұлды egov.kz, HandyPay, MyPay мобильдік қосымшасы арқылы да төлеуге мүмкіндік жасалған. Аталған әдістер арқылы жол жүру ережесінің айыппұлдарын өтеген жағдайда әкімшілік полиция бөлімшелеріне төлемнің жасалғаны туралы түбіртек тапсырудың қажеті жоқ. Өтелген айыппұлдар туралы ақпарат автоматты түрде ІІМ Әкімшілік құқықбұзушылықты есепке алу ақпараттық жүйесіне жіберіледі.  

Серіктес жаңалықтары