Бекзат болмыс сұңқарға бітеді

Бекзат болмыс сұңқарға бітеді

Бекзат болмыс сұңқарға бітеді
ашық дереккөзі
Бір кезде біздің шағын ауылда Сүлеймен ишан деген кісі болды. Ол молда-ишандарға бүйідей тиюдің сәл саябыр тапқан кезі болатын. Сол кісі үлкен ғұлама, араб, парсы, түрік және тағы басқа тілдерді өте жақсы білген көрінеді. Өзі өзге шалдардың ортасында отырғанда көзге ұрып көрінбейтін, барынша жұмсақ, қарапайым еді. Бірде әкем сол кісінің қам кесектен салынған қоржынды үйіне ертіп апарып, ишанға сәлем бергізді. Шағын бөлменің қақ төрінде қабаттап салынған көрпешенің үстінде жүресінен кітап оқып отырған үстінен шығып, сәлем бердік. Бізді көрісімен үлкен кітаптың өзі келген жеріне жоңышқаның жасыл жапырақты бір талын қойды да, бетін сипап, сәлемімізді алды. Көп ұзамай бізден кейін де бірнеше егде кісілер келіп, сәлем беріп, жиналып жатты. Солардың бірі – Ақмешіт (Қызылорда) мешітінің бас имамы, әлгі кісі аттас Сүлеймен ишан болып шықты. Сонымен не керек, дін төңірегінде толғамды әңгімелер қозғалып, ел қоштаса бастағанда өзінен сабақ алып жүрген бір шешен ұлтының өкіліне құран оқыттырып, артынан әлгі шешенді қасына шақырып алып, маңдайын маңдайына тигізіп, «сенің оқығаныңның ішінде әне бір сүресі әлі өзінің оқылу әуезіне жетпей жатыр» деп, ескерту жасады. Сыртқа шыққан Ақмешіт мешітінің ишаны Сүлеймен шын риза болып: «Япырай, бұл кісінің ұлағатында шек жоқ екен. Жаңағы жерде өзіміз қатқылдау кетер едік. Ананың жіберген қатесі соған лайық. Бірақ оған мына кісінің үлкен басымен айтқан ілтипаты өзгеше болды. Шындығында, біз де солай етсек діннің мерейі адамгершілік атаулының табиғи нұсқасы болып жаңарып, жасарып отырар еді ғой. Оған мына ақыл-естен ада еткен жалаңаш заманның да әсері көп кесірін тигізіп-ақ жатыр», – деп іштей бір күрсініп, Ақмешіт шаһарына аттанып кетіп еді. Сол ауылдағы Сүлеймен ишанның сондағы сұңғақ бойы, салалы саусақтары, үстіндегі әппақ шытырадай көйлегі мен дамбалы, басындағы ақ сәлдесі жарасып жүзінен бір нұрлы шуақ төгіліп тұрғандай, ал сөйлеген үнінен жұп-жұмсақ бір әуезді лебіз жұпар шашып, өзіңді еріксіз діннің құдіретті құшағына құлатқандай әсер тастағаны әлі күнге есімнен кетпейді.         Осындай бір инабаттылықтың ұшқынын мен өз қатарымнан көрем деп әсте ойламаған екем. Абай атамыз айтқандай: «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз». Сол бір қарапайым ұлылықтың нышанын өз басым осы Зейнолла Серікқали­ұлынан сезінген едім. Оның (Зейнолланың) бүкіл қалпындағы бір жаратылыс болмысын әлімсақтан сыр тартып, болашақты алыстан болжайтын сол бір ұлағатты Сүлеймен ишандардың тәлімді тәрбиесі себездеген селкеусіз сәулесімен тербеп жүргендей әсер тастайды. Өйткені бұл кісіні қашан көрсең де өзінің қарапайымдылығы, инабаттылық ишаралығы, тағы басқа да жайдары жұмсақтық мінез дәлелдеп жатқандай. Және тағы бір айта кететін жайт, кешегі кеңес дәуіріндегі адам ойының кеңістігін шектен тыс шектеген қатыгез зұлматтықтың, бүгінгідей егемендік алғандағы нарықтың өтпелі қиыншылық әсері, бүлінген мына табиғаттың экологиялық апаты арасындағы, адамның, қала берді ойшылдың, өз нарқын, өз адамгершілігі мен білімдарлық биіктігін сақтау да оңайға түспейтін болса керек. Сол тұрғыдан өлшеп-пішкенде біздің кешегі Сүлеймендеріміздің жаңа замандағы сүйенішті тұғырлары осы біздің Зейноллалар болғанына көзіміз анық жетеді. Оған, әрине, Зекеңнің біз жоғарыда айтқан жеке басының айрықша қасиеттері мен ой-толғамдарының толымды толқынын паш ететін шығармашылығындағы белгілі-белгілі кезеңдері толық ақтап шығатындығы ақиқат. Қазақ әдебиетінің сонау алпысыншы жылдары бедерінде өзіндік бір мәнері бар ой тұғырындағы орнықтылығымен, сөз сілеміндегі салауаттылығымен сол кезден баспасөз бетінде сарабдалдық ұрығын ұялатқан бір талшыбықтай жас жігіт бой көрсете бастады. Және ол өзінің дүниетанымына лайық әдемі әңгімелерімен қатар бітімді пікір айтар, ұтымды уәж айтар бағытқа өзін еркін салып, бірсыпыра мақалаларға бой ұрып жүре берді. Адам ой өрісі үнемі бір қалыпты қалып қоюы мүкін емес. Сол сияқты болашағынан үлкен үміт күттіретін бұл жігіттің де университет білімі шыңдаған шымыр тұлғасы өзінің өнікті бетін көрсете бастаған еңбектерінде мына нағыз өмірдің өзімен өрнектелген өрелі өресін кеңіген үстіне кеңітіп, кемелдене түсті. Қысқасы, өз ортасындағы әдеби орман өңірінен балапан емен жаратылыс бірте-бірте иір бұтақты тұлғаға тұтаса көріктенді. Осы екі ортада ақындар әлеміндегі бір-біріне деген артық-кем пікірлердің өлшемді ортасын таразылап тартып, өзінің өрелі ойларымен өңмеңдемей жеткізіп, нақты бағасына оқырманын тәнті етті. Бұған Жұмекеннің, Тұманбайдың, Сағидың, Қадырдың, Мұқағалидың, Төлегендердің жаңаша түлеткен поэзия жаңалықтарын, алдыңғы толқын ағаларының поэзия өрнегімен салыстыра отырып салмақтаған мақалалары куә. Сонымен бірге осылармен тұстас проза шығармаларымыздың артық-кем тұстарын дәп көрсетіп, жолға салған, тұздықтап жіберуде роль атқарған сәттері де аз емес. Осыған орай бір айтарымыз, өткен ғасырдың сонау алпысыншы жылдары әдебиет өңіріндегі жастардың ой тартысының өресі өршіген мезгіл болды. Бұған Ә.Кекілбаев, Қ.Ысқақов, А.Сүлейменов, Р.Тоқтаров және тағы басқа да ол кезде жас талант, бұл кезде тарланбоз атанған жүйріктердің «Әдебиеттегі бірінші жақ, үшінші жақ» төңірегіндегі дүр еткен ой жүйелері үлкен қозғалыс болған. Соған қорытынды бағасын беру осы Зекеңе бұйырып, өзінің алғашқы және тоқтамды бағасын айтып, сол кездегі жаңа дүркіреп келе жатқан жастардың өз билігін өзі алу бастамасына қол қойған болатын. Бұл деген сөз, біріншіден, алғаш рет жастардың жаңа екпінді тізгінін өздері ұстап, өздері шешім жасауы еді. Екіншіден, сол ортадағы төбе бидей тізгін алып, төрелік сөздің төркінін түлеткен Зекеңнің сын әлеміндегі өзінің түпкілікті тұғырын орнатқаны еді. Бірақ жас таланттың прозадағы сәтті қадамы, өз ой жүйесінің негізгі арқауынан ысырыла бастағанын сездірген болатын. Бұл былайша алып қарағанда әттеген-ай болып көрінгенмен, сын сияқты күрделі жанрдың жалаңаштықтан арылып, жасылдана жапырақ жаюына ұласқан ұлы күрес қана емес, ұлағатты үлестікке бойындағы бар күш-қуатын салып, сындарлы да саналы сынның сәулесін төгіп еді. Бұл сонау бір кездері басталған бәле-жәлешілдіктің салқыны кете қоймаған сыншылардың алғашқы алауыздығының қарқыны басылып, орнықты бір арнаға түсе бастаған шақ еді. Өйткені дәл осы кезде әдебиет пен өнер өресіне Айқын Нұрқатов, Баламер Сахариев, Серік Қирабаев, Рахманқұл Бердібаев, Қажықұмар Қуандықов, Қалжан Нұрмақанов, Қалтай Мұхамеджанов, сәл қияс тартқандай көрінгенмен өзінің ақиқатын заманға шақтай алмаған Төлеужан Ысмайылов және тағы басқа да білімдар, танымы мол жүйріктеріміз қазақ әдебиеті өңірін жүдетпей, қайта жұмарлай жұтындыруға атсалысып, ақиқат ажарына жақындатқан еді. Содан кейінгі сөз жоқ осы Зейнолла Серікқалиұлы бастаған топ болатын. Бастаған дегеніме ешкімнің де таласы бола қоймас. Өйткені сол топтың ішіндегі ащысы мен жаманаты басым сын жанрының өңіріне өзінің бар өмірін таза арнаған осы Зекең еді. Және оны жеңіл-желпі зерттеумен араластырмай, тура сол әдебиеттің өзекті өресіндегі ой толғамдарын иненің жасуындай саңылаумен сырын тартып, сәулелі желбезегін еліне айқындай түсіндіріп жүрген Зекеңнің өзі емес деуге хұқымыз жоқ. Бір кезде академик сыншымыз Серік Қирабаев ағамыз Мұхамеджан Қаратаев ағамыздың қазалы жиынында тебірене отырып былай деген болатын: «Бұл Мұқаң әдебиетіміздегі барлық жанрдан шетқақпай болып келген біздің сын жанрымызды өзге жанрлармен бірге иық тірестіре төрде отыратын дәрежеге жеткізіп еді». Иә, бұл сөз – сын жанры үшін өте өрелі сөз. Байқампаздық, бағдарпаздық тұрғыда айтылған бағамды сөз болатын. Соған орай екінші бір айтпағымыз, сол биікке көтерілген сын жанрының тұғырын шынайы ұстап, шымырландыра түсетін оның сардар, сарбаздары болуы керек. Соның бірі, бірі болғанда да бірегейі деуге тұрарлығы тағы осы Зекең. Иә, әркімнің өзінің өнікті де айқын ой жотасын танытатын тұстары болады. Біздің Зекеңнің осындай тұстарының бірі – сонау 1971-1976 жылдардағы қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің әдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі болған жылдары. Бұл кезде жан-жағына зерделі көзқараспен қарай бастаған үлкен журналист Ұзақ Бағаев сынды ұлағатты ағасымен тізе қоса отырып, әдебиет пен өнеріміздегі көптеген күрделі де соны мәселелердің жандануына үлес қосқандығы. Дәл осы сәтте елді елең еткізген Зекеңнің 1972 жылдың 16 сәуірінде жарық көрген «Тарихи шындық бұрмаланбасын» атты мақаласы еді. Әрине, ел, әсіресе, жазушы қауым бұл мақаланың айтар ойын әлі күнге сан-саққа жүгіртумен келеді. Бірақ оның бәрі де бекершілік. Оның ең бастысы осы мақала И.Есенберлин ағамыздың тарихи шығармаларына жан-жақты жол ашып берді және тарихи құжаттардағы дәлдікті жіті қадағалап, пайдалануға айқын жол сілтеген болатын. Автордың оған басқаша көзқараспен қарап, даурықпаға жол бергізіп, көп жайларға қалай болса, солай қарағаны бүгінгі таңда өзінің ақиқат бетін ашып беріп отыр. Керек десе ертеңгі күні еркін қолға алынатын тарихи тақырыптардың төңірегінде әлі талай тарихи құжаттардың кереғарлық танытып кетуі де ғажап емес. Сонда осыдан елу жылдай бұрын ескерткен жас сыншының көрегендік көсемдігіне тәнті болмасқа лажымыз жоқ. Ол шын мәнінде өзінің көкірегіне арам пікір ұялатпай, қай кезде болмасын болашақ әдебиеттің тазалығына деген өзінің махаббатын берік ұстағандығы ұстаздық ұлағаттай сайрап жатыр. Демек бұл жерде біз, сыншының сонау балаң кезінен дұрыс бағыт алып және сол бағытын ағайынгершілік немесе айлалы ағымдардың арналарынан өзін алшақ ұстап, әлемдік әдебиет тағдыры мен адамзаттық ар тағдырын қатар биік ұстап келе жатқан жан екендігін білеміз. Тағы бір ұлағатты қасиеті бүкіл шығармашылығында біреудің сәтті жазылған шығармасын әңгімелей отырып, екінші жазушының кемістік жағын іліп кету дерті бұл кісіде мүлдем жоқ. Және әр ақынның, әр жазушының жазу шеберлігі мен тапқырлық тұжырымдарын қосып қарамай, дара-дара жүктеуі осы саладағы мәдениеттілік парасатын білдірсе керек. Әрине, өмір болған соң кей сәттерде пендешілік толқынының көбікті жиегін басып өткен сәттері де болар. Дей тұрғанмен ентелей еніп, еңсесін бермеу жағынан біздің қатардағы берік қамал сөз жоқ осы сыншы. Ал жаңағыдай теңіз көбігі адам түгіл жартастардың етегіне ұрынып, ентелеп жататыны бесенеден белгілі жәйт. Оның үстіне сонау бар болғаны 29 жасында, яғни отызында орда бұзғандай «Ойлар, толғаныстар», одан бергі отыз сегіз жасына дейінгі «Жылдар сазы», «Ақыл таразысы» сияқты үлкен ойдың ұлағатты өлшемінің қамалын алғандай шығармалар жинағында әдебиет пен өнер төңірегінде қозғалмаған тақырып, толғанбаған олқылық жоқтың қасы. Болмаса біз осы жинақтардағы түгел сөзді танытатын түйіндерге көз жіберейікші: «Ойлар, толғаныстардағы» күре тамырдай «Ой. Сезім. Образ», «Білім. Парасат. Талант»; «Жылдар сазындағы» «Кең дүние», «Күретамыр»; «Ақыл таразысындағы» «Әлем және адам», «Ғасырлар қазынасынан» тұратын – «Дүниетану даналығы». Енді осының бәрі барып «Ақ жолға» ұласып күрделене түседі де, «Тағдыр және біз» болып «Ар біліміне баспалдақ», «Көмбе көзі», «Кісілік келбеті» болып, саналы оқырман алдына сан тараулы сағымданған білімді қолыңа әкеп ұстата салады. Иә, бұдан кейінгі бел-белесті жылдарда оралып соғып, қайтадан осы шығармаларға көз тоғытсаң сан қырлы ұғымдардың ұрандап келіп, ұлық ұғымды құнарлы топыраққа түскен ұрықтай мәпелеп алып шығып жатқанына куә боласың. Демек өзінің бойындағы бар қасиет құнарын, уыз сүттей құдырет күшін көреміз. Мұндай жағдайда сол құдырет күшінің құтысы босап қалған шөлмектей бір сәт көз алдыңда құнсызданып көзден таса боп жүре берері хақ. Бірақ оның жасаған шығармашылық шаруасына қанша жерден көз ілмейін десе де өзінің әр оқырманына іштей де, сырттай да өмірге зерделік зерін төгетіндігіне көзіміз анық жетеді. Демек бұл оның айналасына сіңіп кетіп, сәуле шашып жатқанын сезіндірсе керек. Сондықтан да мұндай жандар өзін елден әсте биік ұстауға жоқ. Сондықтан да бұлар бір кездегі ишандар өмірінің ұлағатты өрнегін өзінің жаратылыс табиғатына сіңіргендей әсер қалдырары анық. Өмірде әрбір жанның тумыс табиғаты қаншалықты құпия тылсым болса, ойшылдардың да әрбір шығармасының жан дүниесі соншалықты құпия тылсым екендігі барша саналы қауымға мәлім. Олай болса біздің Зейнолла Серікқалиұлы бүгінгі таңда осындай биіктіктен өзін көрсете білген жан. Зейнолла шығармашылық биігінде осындай биік парасат-пайымымен, бекзаттылығымен танылған болса, енді біз адамгершілік биігіне де тоқтала кетейік. Сыншының осы жасқа дейінгі жастарға жасаған жақсылығын өз басым бұл кісінің өзінің ол жақ, бұл жағындағы таланттарға жасаған ерлігін баяндап бергенді жөн көріп отырмын. 1982 жылдың шамасы. Қазақтың үлкен ақынының бірі Жүсіп Қыдырұлы қатты науқас. Оның Құдай берген талантын жан-жақты еткен тағдырға разымыз. Бұл жанның ғажап ақындығымен қатар күйшілігіне де куә болдық. Бірақ оны тумысынан мақтанға жоқ Жүсіп елге сездірмей келген. Қысқасы, өзі анадай жағдайда жатқанда ақынның күйлері жарық көріп, қолына тисе бәлкім, тағдырдың тас емшегі жібіп үлкен ақын аман қала ма деген достар ниеті, үміттің бүршігіндей үрпиісіп жүргенде, сол бір күрделі іске осы Зекең отқа ұмтылған көбелектей үйіріліп түседі баяғы. Бір жолға түссе, бетінен қайтпайтын осы Зекең жолындағы кедергілердің бәрін бұзып-жарып, тіпті кейбір көңіл жықпас достарымен де ащы сөзге барысып, сол Жүсекеңнің күй жинағын жарық көргізіп, қолына ұстатқанша асыққаны әлі күнге көз алдымызда. Сонда сондай тірлік жасауға былайғы жұрт барар ма еді, әсте бармас еді. Өйткені сол үшін ол кем дегенде бір жылдық өз тірлігінен қалды. Екіншіден, соны түсінбеген ортаға қаншама жүйкесін тоздырды. Үшіншіден, қазақтың бір марқасқа азаматын қорғауға атсалысты. Ол кітапты Жүсекең қолына ұстады ма, ұстамады ма, ол жағынан хабарсызбын, бірақ ол жасаған күй қазынасы халқына мәңгі мұра боп қалғанына ел куә. Екінші бір азаматтығы, бір кезде мынау Өзбекстан жағында Өмірзақ Қожамұратов деген үлкен ақын болды. Ол ақынның поэзия кеңістігінде шек болмаған. Нағыз ағынан жарылған ақ жал толқын еді. Өзі де ірі жігіт болатын. Бір кезде осы Алматыда Өмірзақ, Мұқағали, Зейнолла үшеуі бойлары да бірдей, үш бірдей азаматтың бір-біріне деген, әсіресе Өмірзақтың Мұқағалиға, Мұқағалидың Өмірзаққа деген әсерлері мен екеуінің Зейноллаға деген ықылас-ниеттері ғажап жарасқан жандар еді. Сол Өмірзақтың жоқтаушысы жоқ жерде (ол кісі де ертеректе қайтыс болып кеткен) осы Зекең бүкіл шығармаларын жинақтап, екіге бөліп, бірінші кітабын шығарып, екінші кітабын баспаға әзірлеп берді. Бұл азаматтық ерлік емес пе?! Үшіншісі, осыдан біраз жыл бұрын ортамыздан дүние кешкен Мақсұт Әубәкіров сынды азаматымыздың да ешкімге білдірмей тындырып жүрген, артында қалған мол мұрасы бар болып шықты. Анықтай айтсақ, өзі ғұмыр кешкен заман тынысын тап басып жазған 700 беттік романы бар екен. Зекең сол бір үлкен шығарманың ауы мен бауын түгендеп, бір жүйеге келтіре жеңіл редакциядан өткізіп, алғысөзін жазып, өзінің мол тірлігіне бұрылмастан баспаға өткізді. Сонда айтам-ау, сол жігіттер тірлігінде осы Зекеңе жасаған биттей болса да бір жақсылығы болды ма екен. Әй, қайдам?.. Бірақ жалпы адамзаттық қағиданың ең биік парасаты да осы емес пе?! Нағыз ишандық ишараттың шексіз тұғыры да осы болса керек. Олай болса мен жоғары айтқан ишандарды бекер алып отырғам жоқ. Бұл жақсылықтарының тек бер жағы, ар жағын бір Құдайдың өзі білсін. Бірақ мен сондай қайырымдылық жасадым-ау деп жатқан бұл да жоқ. Байқаймын, кей ағайындар мұның қарапайым жүрісін күлкіге айналдырғандай да қалып танытады. Керек десе, ол да бұл азаматтың ұлағатты кісілігін биіктетпесе, төмендетпейтіні тағы ақиқат. Елге ұқсап өңмеңдер болса жоғарғы еңбектерімен-ақ академик атанбас па еді. Және ол қандай академик?! Бірде мен ит туралы бір топтама өлең жаздым. Сонда бір өлеңімді шығыстың аңызына құрғаным бар. Онда бір дәрігер жараланған итті емдеп жібереді. Келесі күні жаңағы ит тағы бір-екі жаралы итті алып келеді. Жаңағы дәрігер оларды да емдейді. Сонымен не керек, жараланған иттер күннен-күнге көбейіп, ақыр соңында бізді тезірек емдей қоймады дегендей дәрігердің өзін талап, өлімші етеді. Осы өлеңді оқып бергенімде, Зекең бірден «Сен бәрібір маған ерте ме, кеш пе бір өлең арнайсың ғой. Соның орнына осы өлеңді жатқызшы, маған осыдан артық сыйдың қажеті жоқ», – деп салғаны. Мен өз-өзімнен таң қалдым. Басқа біреулер болса, «мен саған ит емеспін» деп небір қиғылықты салар еді. Сонда деймін-ау, бұл досымның жан дүниесінде жаңағы дәрігердей, мына өмірдің ит сияқты мақұлықтарына дейін емдесем деген ой-парасат қуаты бар екен-ау деп сезіндім. Зейнолланың өзі қалап алған сол өлеңім мынау еді: Қайран адам нені бастан кешпеген, Зорлықшылдар бейкүнәні төстеген. Кейбір адам жаны ұмытпас бір ауыз, Сөз естісе мәңгі бақи кешпеген.   Ал біреулер ақкөңіл боп сорлаған, Қасірет-қайғы жолын бөгеп торлаған. Көңілшектік хикаясын сондай бір, Шертейін мен бұрын-соңды болмаған.   Бір дәрігер жаралы итті емдепті, Қыңсылатқан үніне жан төзбепті. Жазылған ит кеткен екен бір күні, Тағы бірін ертіп келіп ерлепті.   Ақкөңіл жан емдеп жазып оны да, Отырғанда бір демалып сорына, Жаңағы иттер оралыпты қайтадан Ертіп алып екі-үш иттен соңына.   Қимас байғұс жәутеңдеген көздерін, Жаралансаң қайтер едің өздерің. Дегендей-ақ дамыл таппай емдеген, Құлақ аспай сөздеріне өзгенің.   Содан иттер толастамай шұбырған, Үлгере алмай дәрігерді жын ұрған. Қатты ренжіп білдіргенде кейістік, Иттер талап, өлімші болып жығылған.   Көңілшектік жетіп тынған түбіне, Мәніне оның ой жіберсең үңіле. Дүдәмалмен қарау керек сияқты, Кейде еріксіз сан иттердің үніне.   Біз де кейде жоқты босқа іздемейміз, Әр нәрсенің шегі барын білмейміз. Жақсымызды шырқыратып отқа сап, Ол іздемей-ақ, Өңеш жырта тілдейміз. Қысқасы, мен бұл азаматты қырық жылдай білем, отыз жылдай сұхбаттас болдық, соңғы жиырма жылдан астам достастық қалыпта болдық. Бұл екі ортада сөзге келген кезіміз де болды. Бұл кісінің кейбір істеріне іштей қатты ренжіген сәттерім де болмай қалған жоқ. Талай әзілдеп те, тұспалдап та, тура да бетіне айтқан кездерім де баршылық. Оның да оны көбінесе күлкіге жеңдіріп, кейде үнсіз қабылдаған сәттері де болды. Қалай болғанда да арамыз суынып көрген жоқ еді. Егер шындығында да мына көрші елдің үстемдік заманы орнамағанда, бұл да арабша білім алып, сонау Сүлеймен ишандардай айнала білімдарлар тағзым ететін ұлағатты ортаның Сүлеймен ишаны боларына кәміл сенім артар едім. Ал олардың жан-жағына шашқан шарапатты сәулесі бұл кісіден де өз өрісін молынан тауып отыратынында сөз жоқ. Адамның өз тағдырынан өзі қашып құтыла алмайтындығы өз алдына, өз басым осындай азаматтармен қатар ғұмыр  кешкеніме разымын, осы бір қарапайым қалпымен, өмірден өткен тағылымы мол тарланым. Бар болмысымен өнеге боп өткен жан жанымызда жүргенде сексенге толар еді. Енді міне, өзі емес сындарлы сыны, мол мұрасы жетіп, әдебиетшілер қауымына шынайы шыншылдығы үлгі болып қала бермек.  

Сейфолла Оспан,

ақын