«Жетісудың желмаясын» еске алды

«Жетісудың желмаясын» еске алды

«Жетісудың желмаясын» еске алды
ашық дереккөзі
1059
Өлеңі өмірі сияқты оқылатын ақындар бар. «Соның бірі – көрнекті ақын Есенқұл Жақыпбек» деп баға береді замандастары. Шынында да, ақынның «Сынған күннің сәулесі» атты жаңа өлеңдер жинағын парақтағанда, әр өлеңінен сол сәттегі жылт еткен қуанышты, көңілге саз сыйлар жұбанышты анық байқайсыз. Ақынның ойынша, өлең болмағанда оның өмірі басқалардан ерекшеленбес еді. Өйткені өлең ол үшін болмыспен бірдей. Алматы облысы, Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Президент стипендиясының иегері, Мәдениет саласының үздігі, ақын Есенқұл Жақыпбектің түрік тілінде жарық көрген «Yaz Şafağında» («Жазғы таңда») жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Осы шара аясында «Ан арыс» баспасынан шыққан «Сөнген күннің сәулесі» жыр жинағы да оқырман қолына тиді. Таңдамалы топтама Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауы мен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлының және «Ақорда» республикалық қозғалысының құрметті төрағасы, генерал-майор, руханият жанашыры Қайрат Сатыбалдының қолдауымен жарық көрді. Төрт бөлімнен тұратын жинақ жазушы Якуп Омароғлы төрағалық ететін Еуразия Жазушылар қауымдастығына қарасты «Бенгу» баспасында басылса, оған ақынның әр жылдары жазған ғұмырнамалық қолтаңбасы, философиялық көзқарастағы ой-толғамдары, лирикалық жүрек тебіреністері, әнге айналған өлеңдері енген. Бірінші бөлім «Өмірбаян», екінші бөлім «Гүлдәуренмен кездесу», үшінші бөлім «Алдай-ау», төртінші бөлім «Сұлу дүние» деп аталады. Жамбыл ауданының әкімі Жандарбек Далабаев ақын шығармашылығы туралы баяндама жасап, жары Меңсұлу Нағашбековаға құрмет көрсетті. Бұдан кейін мәдениет үйінің әртістері ақын шығармаларынан сахналық қойылым көрсетіп, жиналғандарды бір серпілтіп тастады. Айта кету керек, қазақ қаламгерлерінің бірқатар шығармаларын түрік тіліне аударуға тікелей атсалысып жүрген Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің еңбегі зор. Елші Абзал Сапарбекұлының ақын Есенқұл Жақыпбекті еске алу кешіне жолдаған хатын елшіліктің жауапты қызметкері, дипломат Мәлік Отарбаев оқып берді. «Жетісудің желмаясы» атанған ақын Есенқұл Жақыпбектің шығармашылығына арналған еске алу кеші мен «Жазғы таңда» атты жыр жинағының түрік тілінде жарық көруімен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстан мен Түркия – ежелден бауырлас елдер. Былтыр екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығын атап өттік. Ширек ғасырдың ішінде өзара ынтымақтастығымыз ықпалдастық және стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Соңғы жылдары бауырлас түрік елімен әдебиет саласындағы байланысымыз күшейіп, 30-дан аса қазақтың көрнекті қаламгерінің әдеби туындылары түрік тілінде жарық көрді. Ақындарымыздың атымен Түркиядағы көшелер мен саябақтар аталып, жыл сайын шығармашылық кештер мен халықаралық жиындар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, Анкара қаласында Қазақстан және Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев атындағы көшелер, Сүйінбай Аронұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Дина Нұрпейісова атындағы саябақтар ашылып, ескерткіштері орнатылды. Енді, міне, ақын Есенқұл Жақыпбектің де түрік тілінде кітабы жарық көріп, Еуразия Жазушылар қауымдастығына қарасты «Кардеш калемлер» журналы биылғы жылғы ақпан айының бір санын Есенқұл Жақыпбектің шығармашылығына арнады. Сүйінбай мен Жамбылдың дәстүрін жалғастырған ақын Есенқұл Жақыпбек – ата-бабалары сияқты қазақтың ғана көрнекті ақыны емес, түбі бір түркі жұртының мақтанышы» делінген құттықтау хатта. Мәлік Отарбаевтың айтуынша, «Кардеш калемлер» журналына ақын Есенқұл Жақыпбектің көзі тірісінде жазған «Өмірімді өлеңсіз елестете алмаймын» атты жүрекжарды сұхбаты мен топтама өлеңдері және замандас жазушылардың естеліктері, фото-шежірелері жарияланған. Ол қазақ ақынының сыршыл поэзиясы түркі әлеміндегі оқырмандар тарапынан жоғары бағаға ие болып жатқандығына тоқталып, әзірге 3 мың данамен басылған кітаптың оқырман сұранысына қарай үздіксіз басылып отыратынын жеткізді. Сондай-ақ, жинақтың тұсаукесер рәсіміне қатысқан өңдеуші редактор, танымал ақын Атаман Калебозан Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуп Омароғлының ыстық ықыласын жеткізсе, түрік ақыны Атаман Калебозан ханым қазақ ақыны Есенқұл Жақыпбек шығармашылығы жайында тебірене сөйледі. «Өлең – ақын өмір сүрген дәуірдің анық суреті. Ақынның қаламынан туған өлең шумақтары – өткен шақтан бастап келешекке дейін жалғасатын сөз сабақтастығы, рухани көпір. Елді елге жалғайтын осындай рухани көпірдің бойында қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленген, орны бөлек, текті ақын Есенқұл Жақыпбекпен таныстым. Есенқұл Жақыпбектің өлеңдерін оқығанымда, оның бастан кешкен әрбір сәтінің оқиғасы мен новелласын тамашалап көргендей әсер алдым. Ол өлеңдері арқылы біздің өміріміздің айнасына айналғандай. Түрік оқырманы ақынның «Жазғы таңда» атты жыр жинағын оқығанда, қазақ поэзиясына деген махаббаты оянады деп білемін. Өйткені оның өлеңдері сезімге терең бойлап, жаныңды қозғайды. Өйткені өлеңдерін оқып отырып, өзіңді көресің, өткен өміріңе көз тастайсың. Ақынның қоғаммен бітісе қайнасқандығына куә боласың. Қазақтың текті ақыны Есенқұл Жақыпбектің тірі жүргенін, онымен поэзия туралы, өлеңдері туралы әңгіме-дүкен құруды қалар едім. Онымен таныса алмайтындығымды білем, алайда әттең, өлеңдерімен ертерек танысқанымда ғой деймін. Өлеңсіз өмірін елестете алмайтын ақынның өлеңдерін оқыған алғашқы түрік оқырманымын. Сондықтан оның өлеңдерін оқып, өңдеп, редакциялағаным үшін өзімді бақытты санаймын. Мен үшін бұл үлкен бақыт!», – деді ол. Бұдан соң Жамбыл Жабаев атындағы қордың төрағасы Манарбек Ізбасар мен жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы Атаман Калебозан мен жазушы Мәлік Отарбаевқа халықаралық Жамбыл сыйлығын тапсырды. Бұл құрметке Атаман ханым Есенқұл Жақыпбектің шығармаларын түрік тілінде насихаттағаны үшін ие болса, Мәлік Отарбаевқа «Сүйінбай Аронұлы» өлеңдер мен эссе жинағын және Жамбыл өлеңдері мен зерттеу мақалаларды түрік тіліне аударып, танытқаны үшін берілді.

Серіктес жаңалықтары