Төл нышан төрден түссе...

Төл нышан төрден түссе...

Төл нышан төрден түссе...
ашық дереккөзі
1014
Елдің елдігін анықтайтын ең басты белгісі не десе, сөз жоқ, ең әуелі мемлекеттік рәміздерді ауызға аламыз. Өйткені мемлекеттің туына қарап тұтастығын, елтаңбасына қарап егемендігін, әнұранына қарап әлеуетін танимыз. Сондықтан мемлекеттік нышандарға деген құрметтің ерек болуы заңды. Әйтсе де, ел азаматтарының барлығы бірдей рәміздердің қадіріне жетіп жүр деу қиын. Өкінішке қарай, туды тулақ құрлы көрмейтіндер көбейіп барады. Төрімізде ілінуі тиіс көк байрағымыз қоқыстың астына төсеніш боп төселгенін, өскіннің үстіне жел-судан қорғаныш боп жабылғанын көргенде еріксіз қынжыласың. Ең өкініштісі, заңның орындалуын қадағалаушылар рәмізді қорлаған мен қорғағанды айыра алмай жүр. Өткен жылдың қазан айының соңында Қызылордадағы Ішкі істер басқармасының учаскелік инспекторы қала тұрғыны Сұлтан Тұмашиновқа тиесілі пәтердің терезесінде ілініп тұрған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көріп, осы азаматқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған. Қызылорда қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметі бастығының қаулысына сәйкес С.Тұмашиновқа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 458-бабының 1-бөлігі бойынша, яғни Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын заңсыз қолданғаны үшін 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Алайда әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы қаулымен келіспеген С.Тұмашинов сотқа шағымданған. Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік соты шағымды қанағаттандырусыз қалдырғандықтан, С.Тұмашинов Бас прокуратураға жүгінген. Өз кезегінде Бас прокуратура Жоғарғы Сотқа кассациялық наразылық жолдады. Наразылықта Мемлекеттік туды тұрғын үйге іліп қою заңға қайшы емес және іс материалдарында С.Тұмашиновтың мемлекеттік нышанды ұлттық стандарт талаптарын бұза отырып қолданғаны туралы деректер жоқ делінген. Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасы кассациялық наразылық бойынша келіп түскен осы әкімшілік істі қарай келе, Қазақстанның туын терезесіне іліп қойған Қызылорда тұрғынының әрекетін заңды деп таныды. Осы оқиғадан кейін Жоғарғы Сот мемлекеттік нышандар мен символдарды азаматтардың қолдануы туралы тиісті қағиданы әзірлеу қажеттігі туралы Үкіметке хат жолдады. Ел тұрғындары мен тәртіп сақшылары заңды іс пен заңға қайшы әрекеттің ара жігін айыра алуы үшін арнайы ереже керек-ақ. Өйткені бұған дейін де құқыққорғаушылар рәмізді қорлағандарды жазалаудың орнына көк туды төріне көтергендерді сотқа сүйреп, көпшіліктің наразылығын тудырған еді. Мәселен, 2015 жылы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин ұлыбританиялық Мартин Мюррейді жеңгенде жүрегі жарыла қуанып, пәтерінің балконына көк туды мақтанышпен іліп қойған астаналық тұрғынның жауапқа тартылғанын жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Астана қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы өкілі мен полицейлер куәгерлердің көзінше хаттама толтырып, патриоттық сезімін танытқаны үшін айыпты деп танылған Жандос Құрманбаевқа 396 400 теңге айыппұл салған болатын. Жазықсыз жазаланған азаматты қорғау үшін интернет қолданушылары әлеуметтік желіде Қазақстан туын ұстап түскен суреттерін жариялады, бұқаралық флешмобтар ұйымдастырды. Тіпті, Семей қаласының тұрғындары Жандосқа қолдау көрсетіп, оның ісінің заңсыз емес екенін дәлелдеу үшін балкондарына жаппай мемлекеттік туды іліп қойды. Көп ұзамай бұл шу депутаттардың құлағына жетіп, Астана тұрғынының ісін Бас прокуратура қолға алды. Халық қалаулылары наразылық білдіріп, жарты миллионға жуық айыппұлды еш сараптамасыз жазып берген полицейдің өзін жазалау керек деді. Жандостың пәтері дәл Министрліктер үйіне қарама-қарсы орналасқан. Мемлекеттік рәміз жігіттің кертартпа көршілеріне ұнамай қалған көрінеді. Тұрғындардың бірі шағымданған соң әкімдіктегілер мен полицейлер Жандостың үйіне баса көктеп кіріп, балконындағы байрақты шешіп алған. Онысымен қоймай, ірі көлемде айыппұл салып кеткен-тін. «Меніңше, сол 400 мың теңгені айыппұл емес, сыйақы ретінде сол жігітке төлеу керек. Ол не бүлдіріп қойды? Қандай да бір партия, биліктің мәжбүрлеуінсіз-ақ, өз қаржысына дүкеннен ту сатып алып, оны үтіктеп, балконына іліп қойғаны үшін кінәлі ме?», – деп Мәжіліс депутаты Ғани Қасымов та Құрманбаевтың сөзін сөйлеген болатын. Өзінің нағыз патриот екенін көрсету мақсатында қазақстандық спортшылар жеңіске жеткен кезде, балконына ту іліп қоюды әдетке айналдырған жігіт ақыры әділетке қол жеткізді.

Жыртылған туды жаңартуға пейіл жоқ

Терезеге ілінген туды көрсе, тулап шыға келетін қырағы көздер мемлекеттік мекемелердің маңдайшасындағы жыртылған, жел мен күнге қақталып, өңі кеткен байрақты неге байқамайды? Мәселен, Орал қаласындағы теміржол вокзалының маңдайшасында ілулі тұрған Мемлекеттік Тудың жұлым-жұлымы шығып, жыртылғанына біраз уақыт өтсе керек. Жергілікті тұрғын Талғат Қатауовтың айтуынша, көпшіліктің ескертуіне қарамастан вокзал әкімшілігі жыртылған туды жаңартуға бейіл танытпапты. «Театр мәдениеті киім ілгіштен басталса, қаланың мəдениеті вокзалдан басталады. Əшейінде «жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру керек» деп ұран салатын ішкі саясат басқармасы қазақтың көк байрағын неге елемей отыр? Бұл келеңсіздікті жою үшін де əлеуметтік жоба арқылы қыруар ақша бөлу керек пе?!» дейді күйінген азамат. Теміржол вокзалы арқылы алыс-жақын шет елдер мен өңірлерден келетін қонақтар қаланың өркениетімен, жергілікті жұрттың мəдениетімен танысады емес пе? Жыртық туды көрген жұрт Орал туралы қандай ой түйерін оқырман өзі-ақ бағамдап үлгерген болар. Өткен жылы Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы, Тегіл ауылы әкімдігінің маңдайшасында да жыртық ту желбіреп тұрды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауыл әкіміне су тартып жатқан құрылысшылар әкімдік туының жыртылып қалғанын ескерткен. Ауыл басшысы Сағымбай Сүндеталин еш саспастан: «Енді далада тұрғасын жыртылады. Ештеңе етпейді. Алдағы уақытта ауыстырамыз», – деп жауап беріпті. Жыртық тудың ілулі тұрғанын мін көре қоймаған әкім жұлым-жұлымы шыққан байраққа бас ауыртпағаны қалай? Мемлекеттің мүддесі үшін жұмыс істейтін, жүрген жүрісі, істеген ісімен ел тұрғындарына үлгі көрсететін мемлекеттік орган қызметкерлерінің өзі ел нышандарының қадіріне жете алмай жүргенде тумен қоқыс тасып жүрген тазалықшы, көк байрақты еден сүрткіш ретінде пайдаланып жүрген жұмысшы көбейе беретіні бесенеден белгілі. Өткен жылдың басында әлеуметтік желілерде Астанадағы атағынан ат үркетін құрылыс компаниясының құрылыс алаңында құрылысшылардың табанына тапталып, тулақтай иленіп жатқан көк туымыздың суреті тарады. Елорданың сол жағалауында, Бас прокуратураның іргесінде бой көтеріп жатқан 7 қабатты ғимараттағы бұл көріністі көрген жұрт Туды еден сүрткіш есебінде пайдаланған құрылысшыларды да, құрылысты жүргізіп жатқан компания басшылығын да жауапқа тарту керек деп дабыл қақты. Бүгінде ештеңеге таңғалмайтын желідегі жұрт көк тумен қоқыс шығарғандарды да көрген. Қайсыбір жылы Мемлекеттік туды үйілген қоқыс астында төсеніш қылған Шымкенттегі тазалық мекемесінің жұмысшылары көпшіліктің ашу-ызасын туғызған. Желіде тараған суреттен үш адам қоқыс таситын көлікке тиеу үшін жерге төселген байрақтың үстіне қалай қоқыс салып жатқанын анық көруге болады. Кейіннен туды тулақ еткендер Шымкенттің бір ықшамауданының қоқысын жинайтын «Бек-Асыл Сервис» компаниясының жұмысшылары екені анықталды. Қоқыс таситын көліктің 49 жастағы жүргізушісі мен 41 және 29 жастағы жұмысшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Әрекеттері суретте анық көрініп тұрса да, олар кінәларын мойындаған жоқ. Жауапкершілікті арқалағысы келмесе де, олардың әрқайсысына ірі көлемде айыппұл салынды.

Айыппұл рәмізге құрметті арттыра ма?

Елімізде жеке үйлерде немесе басқа да ғимараттарға мемлекеттік тудың ілінуіне заңның қарсылығы жоқ. Нормативтік-құқықтық актілерде рәмізді қорлағандарды жазалау көзделген. Бірақ соңғы кезде көк туды бұйым құрлы көрмейтіндер көбейіп кеткен соң заңның әділдігіне, төл нышандардың қорғанысына күмәнмен қарай бастағандар көп. Қазақстан Республикасының Конс­титу­циясының мемлекеттік рәміздерге арналған 9 және 34-баптарында: «Әркім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті» делінген. Ал ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі мен Қылмыстық кодексі осы міндетіне салғырт қараған азаматтарды жазалау шаралары көрсетілген. Қылмыстық кодекстің 372-бабында: «Мемлекеттік рәміздерді қорлау екi мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады», – делінген. Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туын, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасы мен Гимнін пайдалану және орындау тәртiбiн бұзу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 458-бабы бойынша екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айып­пұл салуға әкеп соғады. Осы бапта мемлекеттiк рәміздерді пайдалану мiндеттi болып табылатын жағдай­ларда оларды пайдаланбағаны үшін де жаза белгіленген: лауазымды адамдар бұл әрекеттері үшін екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл төлеуі тиіс. 458-баптың бірінші және екінші тармақтарында көрсетілгендей, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде рәміздерді пайдалану тәртібін екінші мәрте бұзу төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Биыл елімізде 1 айлық есептік көрсеткіш 2405 теңгеге тең. Яғни мемлекеттік рәмізді қорлаған азамат 481 мың теңге, мұндай әрекетті екінші рет жасаған адам 962 мың теңге төлеуі тиіс. Жастарды білместікпен жасады, үлкендерді шалыс басты деп ақтап, айыппұл көлемін тым көп деп есептейтіндер бар. Бірақ мемлекеттік символдарды қорлағаны үшін өзге мемлекеттерде қолданылатын жазамен салыстырсаңыз, біздің заңның мейірімді екеніне көзіңіз жетеді.

АҚШ туын төмен түсірмейді

2015 жылы Каир соты армяндық бишіні 6 айға темір торға қамады. Бишіге «Мысырдың байрағын қорлады» деген айып тағылды. Сөйтсек, Сафиназ есімді өнерпаз Мысырдағы «Қызыл теңіз» демалыс орнында түсі осы мемлекеттің туына ұқсас киімде өнер көрсеткен екен. Бұл – Каир сотының айыпталушыға қайырымдылық танытқандағысы, әйтпесе 2014 жылдың қаңтарынан бастап мысырлықтар мемлекеттік туды қорлағаны үшін 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы қылмыстық жауапкершілікті заң жүзінде бекіткен болатын. Заңдық жауапкершілік жүктейтін күші болмаса да, АҚШ-тың Ту туралы кодексіне қайшы әрекет ету – америкалықтар үшін қылмыспен тең. Нью-Джерси штатынан шыққан конгрессмен Фрэнсис Хопкинсон жасаған ту Америка халқы басынан өткерген даму кезеңдерінің куәсі. Сондықтан мемлекетте оған деген құрмет ерек. Жұлдыз жолақты тудың кез келген ғимараттардың іші-сыртына ілінуі, бейнесінің бұйымдарда бейнеленуі кодексте көрсетілген талаптардан еш ауытқымайды. Ілулі тұрған АҚШ туы жерге, еденге немесе суға тимеуі керек, абайсызда тиіп кеткен жағдайда келесі қолданылғанға дейін мұқият тазалануы тиіс. Америка байрағы өзімен қатар тұрған өзге тудан әрқашан бір қарыс биік тұруы тиіс, тіпті белгілі бір мемлекетке, лауазымды тұлға мен беделді халықаралық ұйымға құрмет көрсету мақсатында да оны төмен түсіруге болмайды. Америкалықтар тудың өңін жоғалтпауына, табиғи құбылыстар салдарынан бүлініп қалмауына жіті назар аударады. Мемлекеттік ту жыртылып қалса немесе қолдануға кедергі келтіретін өзге де ақаулары пайда болса, пайдалануға жарамсыз деп табылып, өртелуі керек. Өйткені америкалықтар үшін рәміздің қоқыста немесе аяқтың астында иленіп жатуы – үлкен қорлық. Сондай-ақ, Америка рәмізін патриоттық ұйымдардың, әскери адамдар мен полицейлердің және өрт сөндірушілердің арнайы формасынан басқа киімдерде бейнеленуіне тыйым салынған. Тіпті, халықаралық додаларда ел намысын қорғайтын спортшылардың спорттық костюмдерін тігу барысында да қолдануға болмайды. Ал бізде ше? Басқаны былай қойғанда, айтулы мемлекеттік мекемелердің өздері төбелерінде ілулі тұрған тудың түсі кетпек түгілі, тозығы жетіп, жұлым-жұлымы шықса да, «табиғаттың ісі» деп арқаны кеңге салып жүре береді. Ең сорақысы, қазақтың туы ішкиімде бейнеленсе де, футболшылар тебетін аяқдоп пен шайтанарбаның орындығына бедерленсе де заң тарапынан қарсылық жоқ. «ҚР мемлекеттік рәміздері туралы» туралы 4-бабында: «Мемлекеттік Тудың бейнесі өзге де материалдық объектілерде орналастырылуы мүмкін» делінген. «Өзге» дегеннің аты аталып, түсі түстелмеген соң, төл нышанның бейнесі көрінген жерде көлбеңдегеніне етіміз өліп барады.  

Серіктес жаңалықтары