256
«Ақылды» қалалар – Алаш болашағы
«Ақылды» қалалар – Алаш болашағы
Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде жастар Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауын талқылады. Шараның өтуіне «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының жастар қанаты ұйытқы болды. Аталған жиынға облыс орталығындағы жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
– Бұл бағдарламалық құжатта елімізді әлемнің жетекші елдерімен теңестіретін мақсаттар мен міндеттер көрсетілген. Бүкіл әлемде жүріп жатқан технологиялық революция ауқымды дүниелерді қамтиды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің барлық салаларында жаңа технологияларды енгізу үшін қазіргі заманғы үрдістерді ұстанудың маңыздылығына тоқталып, оның мақсаттарын айқындап берді. Мұндай жаңашылдықтардың жастар үшін де маңызы үлкен. Біздің біліміміз, атқарып жатқан жұмыстарымыз бен идеяларымыз еліміздің дамуына үлес қосуы тиіс. Яғни, осы Жолдау арқылы еліміздің ертеңі саналатын жастарға жаңа мүмкіндіктер туды, – дейді «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек.
Кездесу барысында жастар ұйымдарының өкілдері мен студенттер Елбасы Жолдауында көзделген мақсат-міндеттер туралы ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, олардың көпшілігі құжаттың мазмұнынан хабардар болып, оның бөлімдерін егжей-тегжейлі талқылады. Бұдан өзге Президенттің «ақылды қалалар» идеясы қызықты әңгіме арқауына айналды.
– Еуропалық қалаларда мұндай «ақылды» жүйелер жұмыс істеп келеді. Мұндай жүйе бүкіл қаланы «ақылды» етеді. Мысалы, сіздің машинаңызды жетінші қабатқа көтеретін бірегей автотұрақ, жер астындағы жасырын қоқыс контейнерлері, кептелістерден қиналмай өтетін өрт сөндіру машиналары. Біздің де осындай елде өмір сүргіміз келеді, – дейді студент Төлеген Сағадинов. Уәлихан Болатбектің айтуынша, біздің елімізде осындай технологияларды енгізу жүйелері басталып кеткен. Мысалы, Астана қаласында гаджеттер мен мобильді телефондарды қоғамдық орындардағы орындықтардан қуаттап алуға болады. Сондай-ақ, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде біздің еліміз аталған технологиялық әзірлемелерді таныстырған.
– «Ақылды» қалалар біздің елімізде де көп ұзамай пайда болады. Бірақ Мемлекет басшысы жастардың білімді және ақылды жастарға айналуын, кемінде үш тілде сөйлейтін және өршіл мақсаттарға ие болу қажеттігін бірнеше рет айтқан болатын. Сондықтан, бүгінде білімді адамдар біздің мемлекетіміздің патриоттары болуы тиіс. Әрқайсысымыз жақсы мақсатқа жету үшін Жолдаудың басым бағыттарын жақындарымыз бен отбасыларымызға жеткізуіміз керек, – деді У.Болатбек.