Әлеуметтік желідегі суреттері үшін павлодарлық 11 шенеунік жазаланды

Әлеуметтік желідегі суреттері үшін павлодарлық 11 шенеунік жазаланды

Әлеуметтік желідегі суреттері үшін павлодарлық 11 шенеунік жазаланды
ашық дереккөзі
Павлодарда 354 мемлекеттік қызметшінің әлеуметтік желідегі парақшалары тексеріліп,  орынсыз сурет жариялаған 11 қызметкер жауапқа тартылды. Бұл туралы  өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Әділбек Мұқашев айтты, деп жазады pavlodarnews.kz.  "Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желідегі парақшаларын тексеру барысында 200 орынсыз сурет анықталды", - дейді Әділбек Мұқашев. Көптеген жағдайда олар қымбат көліктің қасында және көңіл көтеру орындарында түскен. Сонымен қатар оның ішінде заңнамаға енгізілген өгертулерге қатысты дөрекі түрде былапыт сөздермен пікір қалдырған адам бар. Спикердің айтуынша, мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау саласы бойынша өткен жылы 198 шағым түскен. Оның басым бөлігі конкурсты өткізу, лауазымдық міндеттерді тиісті деңгейде орындамағаны үшін тәртіптік өндіріс салу, шағымдарды қарау тәртібін бұзу және іскери этикетті сақтамауға қатысты. Осыған байланысты жүргізілген 66 тексерістің нәтижесінде 550 заң бұзушылық анықталған. Олқылықтарды жою үшін 33 ұсыным енгізіліп, 142 адамның құқығы қалыпқа келтірілген және 77 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған. "Мәселен, денсаулық сақтау басқармасының мамандары мен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бас маманының өтінішіне сәйкес мерзімнен тыс, мерекелік және демалыс күндері атқарған жұмысы үшін өтемақы төлемеу, заңсыз тәртіптік жауапкершілікке тарту бойынша тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде аталған фактілер расталды және олардың құқықтары қалыпқа келтірілді", - дейді Әділбек Мұқашев.