Қазақ анимациясының атасы еді...

Қазақ анимациясының атасы еді...

Қазақ анимациясының атасы еді...
ашық дереккөзі
1262

Қазақ жұрты тұңғыш қазақ мультипликаторы, ұлттық анимация өнерінің негізін қалаушы Әмен Қайдаровпен мәңгілікке қоштасты. 92 жасында көз жұмған Қайдаров – қазақ анимация өнерін жарты ғасыр бұрын әлемге танытып, ұлт руханиятында өшпес із қалдырған тұлға.

Қазақ үшін Қайдаровтың өмірі аңыз, өлімі аза. Оның жарты ғасырдан астам арпалысып, аяқтай алмаған күресі, жете алмай кеткен арманы қалды артында.

Ол – ұлттық анимация өнерін «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» (1967); «Құйыршық» (1969); «Жанар» (1972); «Күн сәулесінен пайда болған көжек» (1975); «Ақсақ құлан» (1968); «Қожанасыр – құрылысшы» (1970); «Қырық өтірік» (1978) сияқты мультфильмдер жауһарымен толықтырған тұлғалы режиссер. Оның өмірі тек шығармашылыққа арналмапты. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жауынгер майдан даласынан аман оралады. Соғыстан кейін Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсуретшілер училищесін бітіріп (1951 ж), Мәскеудегі мемлекеттік кинематография институтының көркемсурет факультетін (1958-1965) тәмамдап, елге келді. Міне, Әмен Қайдаровтың ұлттық руханият үшін өлшеусіз еңбек етуге кіріскен кезі осы еді.

Жас аниматор үшін алғашқы туындысын жасау оңайға соққан жоқ. Өйткені ол шақта Қазақстанда анимациялық фильм жасауды ешкім де ойға алмаған болатын. Режиссер жоспарда, жобада жоқ алғашқы мультфильмін құпия түрде дайындауға кірісті. Ә.Әбжанұлына сол тұста қазақ киностудия­сын басқарып отырған Камал Смайылов қолдау көрсетіп, қаражат тауып береді. Туынды дайын болғанда Ә.Қайдаровтың құпиясы ашылады. Сынға ілікті. Жігерлі жігіт жасқанған жоқ. Мәскеу кинематографистер одағы қазақ режиссерінің анимациялық фильм жасағандығына, жоспардан тыс жаңа туындының өмірге келгеніне қайран қалысты. Ең бастысы қазақтың халық ертегісі желісімен түсірілген «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі аниматор мамандарды сүйіндіріп, мақұлдауын бірден алады.

Ә.Қайдаров жасаған мультфильм 1968 жылы Ленинград қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальде, 1975 жылы Нью-Йоркте өткен Халықаралық мультипликациялық фильмдер фестивалінде жүлдегер атанады. Бүгінде жарты ғасырлық тарихы бар анимациялық фильм – бірнеше ұрпақты ізгілік нәрімен сусындатып, ғасырмен, уақытпен бірге жасасып келе жатыр. Әлі де жасай берері анық.

Ә.Қайдаров бастаған қазақ мультипликаторлары қазақтың өнерін дамытумен ғана шектелген жоқ. Олар бауырлас қырғыз, түрікмен және тәжік елдеріндегі тұңғыш мультфильмдерді жасауға ат салысып, шығармашылық қолдау көрсетті. Бұл кезеңді қазақ анимациясының «алтын дәуірі» деп атауға негіз бар. Өйткені Совет өкіметі тұсында қазақ мультипликаторлары түсірген графикалық және қуыршақ фильмдердің саны жүзге жетіп, ғажайып туындылар қатары молайған еді. Мысалға, режиссер-суретшілер Ж.Дәненов пен Ұ.Қыстауовтың “Алпамыс батыр”, “Айдаһар аралы”, Е.Әбдірахмановтың “Тапқыштар”, “Бозторғай”, Б.Омаровтың “Үш шебер”, “Қаңбақшал”,Т.Мұқанованың “Жібек шашақ”, “Қайшы”, Қ.Сейденовтің “Тігінші мен ай”, “Қадырдың бақыты” атты мультфильмдері – қазақ мультипликациясы тарихында жоғары бағаланған шығармаларға айналды. Сондай-ақ қазақ анимациясының дамуына А.Әбілқасымов, А.Тоқшабаев, Ұ.Бекішев және басқа да шеберлер зор үлес қосты.

Алайда тәуелсіз Қазақстанның анимациясы дамып кете алған жоқ. Ә.Қайдаровты өмірінің соңына дейін күреске итермелеген түйткіл осы еді. Өнердің абыз қариясы көз жұмғанымен, көңілі алаң ұрпақ тәрбиесі, экранға телмірген қазақ балаларының келешегі оны соңғы деміне дейін мазалады. Себебі жарты ғасыр бұрын халық ертегісін анимацияға айналдырып, әлемді таңғалдырған режиссер, соңғы кездері әлем елдерінің анимацияға баса назар аударып, арнайы студиялар аша бастағанына қызыға қарап жүрген еді. Мысалы, Ресейде ежелгі «Союзмультфильм» студиясы, Қытайда 20-дан астам жаңа анимациялық орталықтар ашылыпты. Ал көптеген елмен терезесі теңескен, экономикасы дамып арнаға түскен қазақ елінде анимацияға арналған жеке мекеменің болмауы жанашыр мамандарды қынжылтты. Әрине, Әмен ағаның тәлімін алған талай жас режиссер талпынып, ұлттық анимацияны жасауға тырысып бағуда. Бірақ «жаяудың шаңы шықпастың» кебі. Бүгінде жеткіншектер үшін шетелдік «Шрек», «Спандж Боб», «Бетмэн», «Өрмекші адам», «Кунг Фу Панда» анимациялары құныға көретін фильмге айналып үлгерді.

Еңбекқор Әмен аға қазақ анимациясының болашағы жастар екенін әуелден аңғарып, шәкірт тәрбиелеу ісін жолға салды. Өнер академиясы жанынан Өнер факультетін, кейіннен анимация кафедрасын ашуға бастамашы болып, ұстаздық етті. Бүгінде қазақ киноөнерінде Ә.Қайдаровты ұстаз тұтқан режиссерлер легі жемісті еңбек етіп келеді. Бірақ оның қазақ ұлттық анимациялық студиясын ашу арманы орындалмай бақиға аттанды. Ең бастысы Әмен Қайдаровтың қолы жетпеген арманды кезек күттірмейтін мақсатқа айналдырып, орындауымыз керек. Сонда ғана күрескер ұлдың рухы ризалыққа бөленер еді.

Әмен Қайдаровты ақтық сапарға аттандырып салған жақындары мен ұлттық өнердің көрнекті тұлғалары да абыз қарттың қолы жетпеген арманын орындауды, өмірін өнерге арнаған тұлғаның екінші ғұмырын баянды сабақтастыру қажет екендігін айтып, газетімізге пікір білдірді.

Асанәлі Әшімов, КСРО және Қазақстанның халық әртісі: Аңыз адам еді

– Әбекең нағыз азамат, үлгілі азамат. Аңыз адам еді! Ол көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Қазақ киноөнеріндегі анимацияны қалыптастырған, алғашқы фильм жасаған тұлға. Ерен еңбектің иесі деуге болады. Халықтың ықыласына бөленген азамат. Ол ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнады. Қайдаровқа мектептің атын берсе, артық болмас. Жас ұрпақтың сүйікті адамы Әбеңді жас кетті деп айта алмаймын. Бірақ мұндай ардақты азаматты өлімге қимайсың. Қаралы жиында Әбекеңе деген шын ниетімен егіліп, құрметпен келіп жатқан жұртты көріп тұрмын. Бұл кісінің қадір-қасиетінің үлкендігін ештеңемен өлшеуге болмайды.

Жәкен Дәненов, Ә.Қайда­ровтың шәкірті: Әмен Қайдаровтың есімін беретін шығар...

– Әмен аға, алғашқы фильмінен бастап қазақ анимациясының деңгейін көтеріп, әлемге танытты. Әмен ағамыздың арқасында 1976 жылы Бүкіләлемдік семинар өткен. Латын Америкасы, Африка, Жапон, Еуропа елдерінен өкілдер, аниматор мамандар қатысты. Әсіресе, ол кісіні орыс аниматорлары ерекше мо­йындап, бағалады. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмі әлемнің біраз елінде көрсетіліп, қазақтың ұлттық анимациясына әлем назарын аударды. 1939 жылы Сталиннің тікелей тапсырмасымен «Союзмультфильм» ашылған. Оның негізін қалаған Ивана Иванова-Вано Әмен Қайдаровтың ұстазы болатын. Жақсы ұзтаздың шәкірті болғандықтан, алғашқы фильмінен-ақ танымал туынды жасай білді.

Әмен аға анимацияны дамыту үшін алғашқы шәкіртін өзі іздеп тауып тәрбиеледі. Ол кісі ұстаздық қызметін өмірінің соңғы күндеріне дейін жалғастырды. Өте табанды, қажырлы адам еді. Қазіргі қазақ аниматорларының үлкен және жас буындарына дейін жұмыстарын қарап, өзінің ұстаздық ақыл-кеңесін берген азамат.

Оның шығармашылық өмірі көп қиындықтарға бетпе-бет келді. Бірақ бәрін жеңе білді. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмін алғаш жасаған уақытта қаражаттан қиналды. Өйткені ол кезде анимацияға қаржы бөлінбеген болатын. Сол кезде, «Қазақфильм» студиясын басқарған Камал Смайылов қаражат бөлдіріп, туынды өмірге келді. Тіптен, қазақтар анимациялық фильм түсірсін деген жоспарда да болған жоқ. Фильм шыға салысымен Мәскеудегі Кино одағындағылар арнайы комиссия жіберіпті. Олар алғашқы қазақ анимациялық туын­дысын өте жоғары бағалады. Содан Әмен Қайдаров есімі бүкіл Одаққа, әлемге таныла бастады.

Әмен ағамен Алматыдағы сурет училищесінің төртінші курсында оқып жүргенде таныс­тым. Ол кісі анимацияға бейімі бар жігіттерді іздеп жүр екен. Менің салған суретіме қарап, шәкірттікке таңдап алды. Сол кісінің арқасында Мәскеуден оқып келдім. 1970 жылы демалысқа келгенімде ол кісі «Қожанасыр – құрылысшы» деген мультфильмді қойғалы жатыр екен. Мен қоюшы-суретшісі болдым. Ол фильмі Тбилиси қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальде бірден екінші жүлдені иеленді. Қазылар көркемдігін аса жоғары бағалапты. Ол кісі көзі тірісінде біраз мемлекеттік марапаттар мен сыйлықтарға ие болды. Өзі қарапайым адам еді. Біздің елде әлі анимациялық мектеп ашылған жоқ. Тек қана Өнер академиясында кафедра бар. Ол кісінің арманы Қазақ ұлттық анимация студиясын ашу еді. Егер осы аниматорлардың арманы орындалып жатса, мүмкін оған Әмен Қайдаровтың есімін беретін шығар. Ол ең лайықты адам. Мәдениет министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы да жеке студия ашу мәселесін айтып жүр.

Бауыржан Нөгербек, кинотанушы: Еңбегі еш еленген жоқ 

– Әмен аға қазақ анимациясын аяқтан тұрғызып, даму жолына түсіріп кетті. Ол 90 жылдық ғұмырында елуге жуық шәкірт тәрбиелеген шығар. Қазір бәрі осы саланың төңірегінде ұлтқа қызмет етіп жүр. Анимацияның керемет ерекшелігі – ол тек балаларға ғана арналмаған. Әмен Қайдаров мультфильмдер арқылы үлкен ойлар айтты. Оның жасаған фильмдерінде қазақ елінің тағдыры, келешегі жайлы көп келелі ойларды айтқанын байқайсыз. Ол кеңес уақытында алпауыт елдің отарынан құтыламыз немесе ұлттық дәстүрімізді қайтып сақтаймыз деген азаматтық ойларын, ұстанымдарын мультфильм тілімен астарлап айтып берді.

«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмі Әмен ағаның күш-жігері, қайраткерлігінің арқасында өмірге келді. Ол кісі соғысқа қатысқан жауынгер ғой. Қалай мақсатқа жетуді біледі. Камал Смайылов қолдау көрсетіп, бұл фильм жасырын түсірілді. Кейіннен барып, әлемнің 48 елінде көрсетілді. Бұл тікелей режиссер Әмен Қайдаровтың ерен еңбегінің арқасында іске асты.

Бір жолы Прибалтика еліне бардық. Ондағы достары Әмен ағамыздан неге мультфильмді жиі түсірмейтінін сұрап жатты. Ол: «Анимацияның келешегі жас­тар болуы керек», – деп айтатын. Әмен аға көп мультфильм түсірген жоқ. Неге? Шәкірт тәрбиелеп, соларға мүмкіндік берді. Міне, осының арқасында Қазақстанда анимация қалыптасты. Ал Прибалтикада Буровтан кейін анимация тоқтап қалды деуге болады.

Әмен аға Жүргенов атындағы Өнер академиясында Өнер факультетін ашуға мұрындық болды. Шәкірт тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлді. Өкініштісі сол, көзі тірісінде ұлтына көп еңбек сіңірген ағаның еңбегі еш еленген жоқ.

Дайындаған Жәнібек ҒАЛЫМ

Серіктес жаңалықтары