Осы жұрт Барлыбекті біле ме екен?

Осы жұрт Барлыбекті біле ме екен?

Осы жұрт Барлыбекті біле ме екен?
ашық дереккөзі
912
Туған аудан – Алматы облысындағы Ақсу ауданының орталығына, Ілияс атамыздың атындағы кентке кіре-берістен бастап жол бойына ілінген портреттерді көріп, көкірегіңді мақтаныш кернейді.Ақсу, Қапалдың өткені мен өскенін саралайсың. Дүлдүл ақын Ілияс, Біржанмен айтысқан ақын Сара, атақты Шиырбай шешен, Толғанбай, Қуат, Құл, берідегі Тұрсынзада, Құдаш, Қанипа ақындар, Бөрібай, Тоқпанбет, Тәнеке, Мүсәпір батырлар, қазақта үшінші болып мектеп ашқан Мамандар әулеті, әлі де есімі аталмаған бабаларды есіңе алсаң, бұл мекен тұнып тұрған өнер мен батырлар өлкесі дейсің. Елінің болашағын ойлап, қиын да қасіретті тағдыр кешкен, ақ патшаның ұлтқа жасаған қияметіне қарсы тұрғандарды еске алатының анық. Ойлап қарасаңыз, тәуелсіздікке бет бұрған қазақ жұртының алғашқы легі «Алаш» қайраткерлері екенін еліміз ұмытпақ емес. Бұл ыңғайда жұртшылық өткеніне көз жіберіп, бүгінгісін сараптауға зор мүмкіндік алды. «Алаш» қозғалысының 100 жылдығын тойлауда, тарихтың қойнауында талай жылдар ашылмай жатқан рухани қазынасына иек артты. Көз көрген, көңілге түйген шараларды іске асыруға бел шеше кірісті. Сондай шараның бірі жақында Республиканың «Қазақстан» телеарнасынан «Жарқын бейне» айдарымен берілген хабар дер едік. Ақсу аймағының жұрты, әсіресе, қарттар қауымы бір қуанып қалғаны анық. Сонау бір жылдары атақты ғалым, марқұм Сәкен Өзбекұлымен көрші болып, өткен-кеткенді айтысып, сырласып жүруші едік. Көршіміз Сәкен бірде: «Әй, есіміміз ұқсас екен, мен бір өтпелі жайды айтайын. Менің ғалым болғаным, сен туып-өскен ауданның азаматына байланысты болды. Барлыбек Сырттанов деген адам туралы естігенің бар ма?» – деп сұрады. Алғашқыда сасып қалғаным рас. Басымды шайқадым. Ол жымия күлді де: – Бұл жан туралы мен де білмеуші едім,– деді ол сәл уақыт үнсіз қалып. – Диссертацияға тақырып таңдар кезінде атақты ғалым, жетекшім Салық Зиманов шақырып алып: – Әй, Сәкен, қарағым! Қазіргі кезде ұлылар туралы жазылған небір еңбектер бар-ақ. Десек те аса бір құрметті азаматтың есімі ұмытылып жүр. Соны есіңе салайын. Әрине, жазар болсаң ыждағаттылықты, мол еңбекті қажет етеді. Бұл жан туралы ел архивінде, Ташкенде, Петербургте деректі дүниелер болуы керек. Ол «Алаш» қозғалысы кезеңінде қазақтың конституциясын жазған алаштың үлкен қайраткері. Есімі ұмытылып барады», – деді. Кейінірек Сәкеннің дүниеден өтпес бұрын маған сыйлаған «Барлыбек Сырттанов» атты шағын кітабын оқып, көптеген жайға қанық болған едім. Әңгімеге қайтып оралсақ, «Жарқын бейне» бағдарламасын дайындаған журналист Елдос Тоқтарбай Барлыбек Сырттанов туралы тың деректер жинап, жақсы бір істі бастаған екен. Өте құптарлық жайт. Ендігі мәселе, бастаманы қолдап, Барлыбек бабамыз жайлы әлі де зерттелмеген, архивтерде жатқан қазынаны қайткен күнде де іздеп табу. Мәселен, Сәкен Өзбекұлының «Барлыбек Сырттанов» атты кітабында айтылған мына бір тарих осы бағдарламада айтылмай қалды. Оның себебі телехабар уақытының қысқалығынан болса керек. Мысалы, Барлыбектің атақты Алаш қайраткері, қазақтың тұңғыш теміржол саласындағы инженері Мұхамеджан Тынышбаевпен ара қатынасы айтылмады. Ол Барлыбектің шәкірті екені анық. Дәлелсіз сөз дәйексіз. Сәкен Өзбекұлының, сонымен бірге қарттардың әңгімесінде Мұхамеджан мен Барлыбек Ақтастыдағы Маманның қонысында кездескен деп айтылады, өйткені ертеректе екі алып Верный қаласында танысып, уақыт өте Мұхамеджанды ерлер гимназиясын бітірген соң алыс сапарға Барлыбектің өзі аттандырып: «Жолың болсын, балақай! Қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарының көбеюі өте қажет. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады». Қараңғы қазақтың күні қараң, осыны зердеңе сақтап жүр», – деп жолға салуы осының дәлелі. Екіншіден, Б.Сырттанов қазақ жастарының қараңғылықтан шығып, білім алуына көмектескенін айту керек шығар. С.Өзбекұлы өз еңбегінде Барлыбек губернатордың қарамағында қызмет ете жүріп, Мұхамеджаннан басқа, Салық Аманжолов, Базарбай Мәмбетов, Нүсіпбек Жақыпбаев, Қанат Боранбаев, Ораз Жандосов, Жұбаныш Бәрібаев, Ысқақ Дүйсенбаев сияқты жастарды – ұлт өкілдерін ерлер гимзиясына қабылдатқан деп дәлелдей жазады. Тағы бір ойға алар жайт – Барлыбектің Қазақстандағы Жәңгір, Ы.Алтынсарин мектептерінен кейінгі үшінші «Мамания» мектебін салдыруда үлкен үлес қосқандығы. Ол жайында туған қызы Ханифадан қалған құжатта былай деп жазылған. «Б.Сырттанов делает предложения местным зажиточным строить школу-мектеп ... настаивает на Мамановы... Сейтбаттал Маманов побыв в Алма-Ате у Сырттанова берет план мужской гимназии Алма-Аты (Верного)»... Сондай-ақ, Б.Сырттановтың артында қалған араб, парсы, орыс және қазақ тілдерінде (өз ғұмырында) жинаған кітаптарын әйелі сақтап қалыпты. Қазіргі уақытта Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы мұражайда тұр. Ханифа апай әкесінен қалған дүниені сонау бір қиын-қыстау кезде киізге орап, жерге көміп сақтаған екен. Соның ішінде Б.Сырттановтың «Қазақ елінің уставы» (устав деген сөз ХІХ-ХХ ғасырлардың басында конституция деген мағынаны білдірген) мен «Дәрілік өсімдіктер» деген кітабы бар екен. Оның біріншісі Әлихан Бөкейхановтың тапсырмасы бойынша жазған, 28 баптан тұратын қазақтың тұңғыш конституциясы болатын. Дәл сол уақытта Дума депутаты Бақытжан Қаратаев қатты қуанып: «Меніңше, жалғыз сен ғана халықтың сеніміне ие болдың, жалғыз сен ғана халық үшін еңбек еттім деуге құқың бар»,– деп хат жазған еді. Жылжыған жылдар, ат желісті айлар, асыққан апталар, қас қағым сәт күндер өтіп жатыр. Өшкеніміз жанып, өлгенімізді тірілткен рухани жаңғыру кезеңі де өмір сахнасына келіп жетті. Нарық заманы өрлеуді, биік асулардан өткен тарихты еске алуды қалайды. Мұндайда, әрине, осы аймақтан шыққан атақты шәкірттері, дәулетті азаматтары жайды түсініп, қарап қалмас деген ойға тірелесің. Олар ұл болсын, қыз болсын туған жерін, «екінші анам ғой» деуді ұмытпай, мынандай уақытта қол ұшын беріп, көмектесіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Әншейінде «Біз Ілиястың ауылынанбыз», «Бізден елдің алғашқы оқу министрі Б.Сүлеев, қоғам қайраткерлері К.Қазыбаев, Дүйсетай Бекежанов, Ж.Қалиев, 8 ғылым докторы, 37 ғылым кандидаты, тағы басқалар шыққан» деп туған ауданын мақтаушылар қамқорлық жасап, зерттеуге, тағы басқа істерге қолғабыс жасаса несі айып. Рас, рухани жаңғыруға белсеніп қатысып жатқандар да жоқ емес. Шара нақты нәтижесімен көрінетіні ақиқат. Мәселен Б.Сырттанов мұражайын ашу қолға алынып, ұлы тұлға туралы деректер ізделсе... Әңгіменің басында айтылып, «Жарқын бейне» телебағдарламасынан көргеніміз, осы істің бастамасы десек болар. Десек те қазақтың үлкен қайраткері, ардақты азаматымыз Барлыбек Сырттановтың есімімен аталған мектепті, көшені кездестіре алмай жүргеніміз көрер көзге ұят. Өзінің жарты ғұмырын өткізген Алматыда атын әйгілер бір ескерткіш белгі жоқ. Халықтың өлгенінің тіріліп, өшкенінің жануының айқын дәлелі болар еді. Күні кеше Верныйға (Алматыға) қолынан жетектеп әкеліп, ерлер гимназиясына кіргізген Ораз Жандосов: «Ау, менің ұстазымды неге ұмытасыңдар?» деп сауал тастаса не айтар едік? Осы бір жерде көңілге кірбің келтірер тағы бір жайтты айтуға тиіспіз. Қазақ заңының өмірге келуіне зор үлес қосқан Барлыбек Сырттановты Алаш қайраткерлерінің тізімінен неге көре алмай жүрміз? Әділетке жүгінсек, Барлыбек Сырттанов – «Алаш» партиясының белсенді мүшесі. Дәлеліміз 1905 жылы Орал қаласында өткен «Бес облыстың делегаттары» съезін ұйымдастырған Ә.Бөкейханов, Ж.Сейдалин, М.Дулатов, Б.Қаратаевпен бірге Барлыбек Сырттанов та қатысқан. Ұлтжандылығы үшін ақ патшаның қудалануына түскені де айқын. Бұл мәселе «Жарқын бейнеде» айтылғанын білеміз, олай болмаса қызы Ханифа әкесінің кітаптарын жерге жасырар ма еді? Әлде ұлы заңгердің өкпе ауруына ұшырап, 1914 жылы өз ауылы Қарашоқыда дүниеден өтуі себеп болып тұр ма?! Б.Сырттанов «Алаш» ардақтыларымен қатар тұруы керек, оның өмірі – ұрпаққа үлгі болар мол шежіре. Барлыбектің шәкірті, қазақтың біртуар азаматы, белгілі қайраткер Мұхамеджан Тынышбаевтың: «Теңдікке қолы жетпегендер Барлыбек, Тұрлыбекке (туған бауыры) жылап келіп, теңдік алып, мауқын басушы еді», – деуі текке айтылмағаны анық. Олай десек, бұл мақаламызды оқып, ойға батар көпшілік, шындық үшін шарқ ұрар деген мол сенім алға жетелейді. Сол кезде «Барлыбекті білеміз бе?» деген сұрақ өзегін табады.  

Шәкен Күмісбаев,

жазушы, халықаралық «Алаш»

әдеби сыйлығының иегері

Серіктес жаңалықтары