Кәсіпкерлікті дамытудағы кедергілер азаймақ

Кәсіпкерлікті дамытудағы кедергілер азаймақ

Кәсіпкерлікті дамытудағы кедергілер азаймақ
ашық дереккөзі
529
  Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен отырыста Министрлер кабинетінің мүшелері Үкімет пен Ұлттық банктің экономикалық саясаттың 2018 жылға арналған негізгі бағыттары туралы мәлімдемесін қабылдады. Сондай-ақ, отырыста агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру мәселелері, еліміздегі бәсекелестікті дамыту шаралары да талқыға салынды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, ел Үкіметінің экономикалық саясатының 2018 жылға арналған басты бағыттары «макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау», «қолайлы бизнес ахуалды қамтамасыз ету», «цифрлық құрамдауышты есепке ала отырып, экономика салаларын өркендету», «көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту» болмақ. Бірінші «макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау» бағыты ақша-кредиттік және бюджет-салықтық саясаттардың келісілген шаралары, сондай-ақ, қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылмақ. «Икемді және қолайлы салықтық ортаны, мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қолдауға бағытталған тиімді бюджет-салықтық саясат жүргізіледі. Атап айтқанда, бюджет тапшылығын жалпы ішкі өнімге шаққанда 2017 жылғы 2,9 пайыздан 2018 жылы 1,1 пайызға дейін төмендету жоспарлануда. Бұл Үкімет борышын ЖІӨ-ге қатысты 20 пайыздан аспайтын қауіпсіз деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Мұнайлық емес тапшылықты ЖІӨ-ге қатысты 7,4 пайызға дейін төмендету жоспарда бар. Үкіметтің назары жасанды тапшылық туғызу алғышарттарын жоя отырып, негізсіз баға қымбатшылығына, баға бойынша ымыраласуларға, адал емес бәсекелестікке жол бермеуге шоғырландырылады», – деді министр. Ал екінші бағыт бойынша қолайлы бизнес-ортаны және кәсіпкерлердің күшті орта табын құру мақсатында бизнес ахуалды әсіресе, өңірлік деңгейде түбегейлі жақсарту бойынша, сондай-ақ, салықтық және өзге де әкімшілендіруді жеңілдету арқылы бизнестің көлеңкеден шығуын ынталандыру бойынша кешенді әрі жүйелі шаралардың жаңа топтамасы дайындалмақ. Қолданыстағы заңнама өзгеріп, кәсіпкерлікті дамытудағы кедергілер азайтылады, бизнесті құқықтық реттеу шарттары жақсартылады. Мәселен, ағымдағы жылы 114 бақылау саласының 25-ін, ал 18 қадағалау саласы ішінен 3-еуін қысқарту, тексерулердің жалпы санын бірден 30 пайызға кеміту, бизнестің мемлекеттік органдарға ұсынатын есептілік құжаттары санын да 30 пайызға азайту жоспарлануда. «Экономикаға мемлекеттің қатысуын қысқарту мақсатында Кешенді жекешелендіру жоспарын жүзеге асыру жалғасады және «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының бірқатар ірі активтері IPO/SPO-ға шығарылады. Инвестициялық саясат биыл жеке инвестицияларды барынша көптеп тартуға және банк секторының экономиканы қаржыландырудағы рөлін қалпына келтіруге бағытталады. Бұл үшін инвестициялық ахуалды ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін жетілдіру бойынша жұмыстар жалғасын табады», – деді Т.Сүлейменов. Үшінші бағытта экономика салаларын дамыту мақсатында индустрияландыру саясаты жалғастырылады. Айталық, Индустрияландыру картасы жобаларының толық қуатына шығуы қамтамасыз етіледі, сондай-ақ, жоғарғы технологиялық өндірістердің үлесі арттырылады. 3D-принтинг, Big data және бұлтты технологиялар сияқты «Индустрия 4.0» элементтерін енгізуді ынталандыру бойынша жұмыс жүргізілмек. Елбасы жолдауында айтылғандай, Индустрияландырудың келесі, үшінші «бесжылдығын» әзірлеу басталады. Төртінші бағыт – көлік-логистикалық инфрақұрылымның одан әрі дамуы үшін «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын әрі қарай жүзеге асыру. Астана мен Алматы арасындағы «Орталық-Оңтүстік» және Астана мен Өскемен аралығындағы «Орталық-Шығыс» дәліздерінің құрылысы жалғаса береді. Шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде «Алматы – Өскемен», «Қалбатау – Майқапшағай», «Үшарал – Достық» жолдары реконструкцияланады, бұл туризмнің өрісін ашуға және Қытаймен тауар айналымын ұлғайтуға ықпал етеді. Жаңа жолдарды сапалы күтіп ұстау және қолайлы әрі қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылы ұзындығы шамамен 500 шақырым болатын республикалық маңызы бар автожолдарда кезең-кезеңмен ақылы жүйені енгізу жоспарланған. Көліктік ағындарды тиімді басқару және инфрақұрылымның одан әрі дамуы қажеттіліктерін анықтау мақсатында цифрлы технологияларды қолдануды қарастыратын «Интеллектуалдық көліктік жүйені» кезең-кезеңмен енгізу жөнінде жоспар қабылданады. Өз кезегінде Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Ұлттық банк пен Үкіметтің келісілген шараларын іске асыру макроэкономикалық саясаттың ұзақмерзімді мақсаттарына жетуді қамтамасыз етеріне сендірді. Қаржылық реттеуші инфляциялық таргеттеу мен теңгенің еркін айырбас бағамы саясаты режимін ары қарай да сақтай отырып, ақша-кредит саясатын іске асыруды жалғастырады. Сонымен қатар, валюталық бақылауды күшейту шараларын қабылдауды көздеп отыр. Күн тәртібіндегі екінші мәселені талқылау барысында АӨК саласындағы 100-ден астам қызмет цифрлы форматқа көшірілетіні мәлім болды. Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниевтің мәліметінше, АШМ «Цифрландыру кеңсесін» құрыпты. Қазіргі кезде «ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік», «астық қолхаттары», «несиелік өтінімдерді жинау және басқару жүйесі», «ауыл шаруашылығы техникасының есебі», «малды, оның ішінде асылтұқымды малды есепке алу», «су және жер ресурстарын басқару» секілді бірқатар процестер автоматтандырылған. Жалпы, АШМ 101 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Бүгінде оның 62-сі тек ішін­ара автоматтандырылған. Министрлік алдағы екі жылда 89 мемлекеттік қызметті толық автоматтандыруға уәде етеді. «2017 жылы несие мен лизинг алуға арналған өтінімдерді электронды түрде қабылдау іске асырылды, өтінімдерді уақытылы қарау қамтамасыз етілді. Биыл бұл сервис ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу және кепілдендіру құралдары үшін іске асырылады», – деді А.Евниев. Осы жылы субсидиялаудың 10 бағыты бойынша, ал 2019 жылы қалған бағыттар бойынша толық автоматтандыру іске аспақ. Бұл өтінімдерді қарау мерзімін орта есеппен 2,5 есеге, яғни қазіргі 18 күннен 7 күнге дейін қысқартып, сыбайлас жемқорлық қауіптерін төмендетеді. Цифрландыру салаға инвестициялар тарту үшін жаңа қаржы құралын енгізуге мүмкіндік береді. Ол үшін тиісті заңнамалық акті қабылданғаннан кейін 2019 жылдан бастап электрондық аграрлық (тауарлық және қаржылық) қолхаттар енгізіледі. 2018 жылы қауіпсіздікті арттыру мақсатында шетелдік сатып алушылардың астықты сатып алуға қатысуына мүмкіндік беретін «блокчейн» технологиясы, астық тасығышқа онлайн-тапсырыс беру, онлайн-трейдинг жүйелері енгізілмек. Бұдан өзге 2019 жылы АӨК өнімдерін қадағалаудың «танаптан үстелге дейін» жүйесі іске қосылады. Мәселені талқылауды қорытындылаған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру бойынша нақты міндеттер қойды. Ол АӨК-ті цифрландырудың тиімділік көрсеткіштерін қайта қарауды, сондай-ақ, 2020 жылға қарай «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, Жол картасына енгізілген ауылдық елді-мекендерді кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етуді жүктеді. Сондай-ақ, Үкімет басшысы 9-25 ақпан аралығында өтетін қысқы Олимпиадада қазақстандық спортшыларға жеңіс тіледі.  

Серіктес жаңалықтары