"Таза бейсенбі": жол бойының тазалығы – қауіпсіздік кепілі

/
"Таза бейсенбі": жол бойының тазалығы – қауіпсіздік кепілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «AMANAT» партиясы ел көлемінде «Таза бейсенбі» акциясын жүйелі түрде өткізіп келеді. Акцияның мақсаты – халықтың экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау дағдысын қалыптастыру және елді мекендерде тазалықты сақтау.

Қарағанды облысының Абай ауданына қарасты Топар кентінде партия мүшелері коммуналдық қызметкерлермен бірлесіп көшелерді жапырақтан және қардан тазарту жұмысын жүргізді. Бұл акцияға 40 адам қатысты.

«Біз тек аумақты тазалап қана қоймай, өз ауылымызға қамқорлық пен жайлылық атмосферасын қалыптастырамыз. Әрбір осындай іс-шара – тазалық пен тәртіпке қарай жасалған қадам», – деді аудандық филиал төрағасы Дулат Қанышұлы.

Аудандық аурухана директорының орынбасары Людмила Бушуева «Таза бейсенбі» акциясы жауапкершілік мәдениетінің бір бөлігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама өскелең ұрпаққа үлгі болады. Ал елді мекеннің тазалығы мен жайлылығын қамтамасыз етуге барлығы жұмыла атсалысуға  тиіс.

Ақтөбе облысының Қандыағаш ауданында партия мүшелері қала сыртындағы «Қандыағаш – Ақтөбе» автожолының жиегін қоқыстан тазартты. Акцияға бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері және аудандық филиал қызметкерлері қатысты. Нәтижесінде 1,5 тоннаға жуық қалдық жиналды.

«Жол бойының тазалығы эстетикалық тұрғыдан ғана емес, қауіпсіздік үшін де маңызды. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады», – деді аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Жұматай Бейсен.

Ал Шымкентте қалалық және аудандық филиал қызметкерлері, «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері, коммуналдық қызмет мамандары және қала тұрғындары бірлесіп көпқабатты үйлердің аулаларын, жаяу жүргіншілер жолдарын және жасыл алқаптарды тазалады.

Жыл басынан бері қалалық филиалдың қолдауымен 45 экологиялық акция өткізіліп, оған 4 мыңға жуық адам қатысты. Акция барысында 44 тоннадай тұрмыстық қалдық жиналды.

Жетісу облысының Көксу ауданына қарасты Балпық би ауылында М.Сеңгірбаев атындағы парк аумағында тазалық жұмыстары жүргізілді. Демалыс аумағында 250 келі тұрмыстық қалдық жиналып, алаң толық ретке келтірілді.

Аудандық филиал төрағасы Мәлік Бейсенов «Таза бейсенбі» акциясы қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттырып, бірлікті және туған жерге деген сүйіспеншілікті нығайтатынын атап өтті.

Ал Түркістан облысының Мақтаарал ауданында «AMANAT» партиясының мүшелері жергілікті әкімшілік қызметкерлері және тұрғындармен бірлесіп А-15 автожолы бойындағы 20 шақырым жол учаскесін тазалады. Жұмысқа 18 бірлік ауыр техника тартылып, шамамен 5 тонна тұрмыстық және пластикалық қалдық шығарылды. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру және көгалдандыру мақсатында 500-ден астам арша көшеті отырғызылды.

Ұлытау облысы Жезқазған қаласында Жезқазған медициналық колледжінің студенттері мен оқытушылары колледж аумағын тазалап, 20 қап қоқыс қалдығын жинады.

«Қаланы таза ұстау әр адамнан басталуға тиіс. Біз, сондай-ақ достарымызға экологиялық тәрбие бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргіздік», – деді студент Жансая Омарова.

«AMANAT» партиясы ел көлемінде экологиялық бастамаларды белсенді қолдап, тұрғындар арасында туған жерге деген жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ат салысып келеді. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» ұлттық бастамасы жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары