257
Македония атауын референдум арқылы өзгертпекші
Македония атауын референдум арқылы өзгертпекші

Македония елдің атын өзгертуді референдум арқылы шешуді көздеп отыр. Сөйтіп 1991 жылдан бері Грекиямен жалғасып келе жатқан дауға нүкте қоймақшы. Бұл туралы осы елдің Премьер-министрі Зоран Заев мәлімдеді. Бірақ үкімет басшысы ресми Афинамен де келіссөз жүргізіліп жатқанын жеткізді, деп хабарлайды 24.kz.
Ал екі елдің арасындағы дауға Грекияда осы аттас аймақтың болуы себеп. Сондықтан ресми Афина Македониядан мемлекеттің атын өзгертуді талап етіп, оның Еуроодақ пен НАТО-ға мүше болуына кедергі келтіріп отыр. 1993 жылы да Грекия бұл мемлекетті БҰҰ-ға «Бұрынғы югославиялық Македония республикасы» деп қабылдануына қол жеткізген еді.
Бірақ әзірге ресми Скопьенің халық талқысына қандай жаңа ат ұсынғалы отырғаны белгісіз. Бұған дейін ақпарат құралдарында грек билігінің Македония үкіметінен елді «Вардари» деп атауды ұсынғаны туралы айтылған. Бірақ Скопье оны қабылдамай тастаған еді.