Жерұйықтағы жұрттың ортақ жәдігерлері

Жерұйықтағы жұрттың ортақ жәдігерлері

Жерұйықтағы жұрттың ортақ жәдігерлері
ашық дереккөзі
808
Көп ғасырлық тарихы бар қазақ халқының мәдени құндылықтары беріде – ислам, арғы заманда – түркі, тұран өркениетінен бастау алатыны анық. Сондай-ақ, ол «Дала өркениеті» деген атауға да ие. Қазіргі Қазақстанның бір балама аты ретінде «Ұлы Дала елі» деп қосалқы түрде атау да ұсынылды. Өйткені Қазақстан – географиялық орналасу жағынан жер кіндігі саналатын Еуразия құрлығының қақ ортасында тұрған үлкен ел. Әлемдік өркениеттерді ғылыми сыныптау және түрлерге бөлу жүйесінен түркі өркениеті, тұран өркениеті аты аталмай тыс қалып жатқанымен, «тарихта ол жоқ, болмады, ертеңі бұлдыр бір кеңістік» деген сөз емес. Себебі көне дәуiрден қалған бір сөзде: «жердi ұстап тұрған үш тiрек бар, олар – Тұран, Иран және Рұм» делінген. Көнеден бері өзіндік дәстүр болып жалғасқан материалдық өндіріс негізінде құндылыққа айналған мәдени мұралары өзіндік сипатқа ие. Қазақтың көшпелі тұрмыс пен дала өркениеті рәмізіне айналған киіз үйі – алтайлықтар, башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, ноғай, қалқа маңғолдары және тағы басқа түркі халықтарына ортақ мәдени мұра, олардың шаруашылығы мен дәстүрлі тұрмысына тән тарихи жәдігер. Заманында мәдени болмысы мен құндылықтар жүйесі тұтас болған Орталық Азияның ежелгі Тұран өркениетін, түркі жұртын жеке діни ұстанымдарға бөлінуі кері тартып, арасына жік салды: тәңірлік діннен мұғ, тарса, зәрдүшия, будда, лама, манавий, дін ислам болып бөлінді. Бұл үдеріс бір жағынан әртүрлі тайпалардың, халықтардың тұрмыс-тіршілігін оздырды, мәдени байланыстарды кеңейтті, сауда ісін ілгерілете түсті, ал екінші жағынан, бір-біріне шығу тегі, шаруашылығы мен тұрмыс-тіршілігі, тілі, әдебиеті, дүниетанымдық көзқарастар жүйесі өзара жақын, туыс көптеген халықтар алауыздыққа салынып, бір-біріне жауласып, елдігін бұзды. Өткен тарих, негізінен, осыны растайды. Ел бірлігін нығайту қаншалықты қиын болса, елге жік салып, бүлікке түсіру соншалықты оңай: дін мәселесі ме, тіл мәселесі ме, ұлттың мәселесі және бар, қайсысынан болса да жікке негіз болар себеп табылуы мүмкін. Бірақ тарихта Орталық Азия халықтарының мәдени тұтастығына үлкен әсер еткен екі маңызды факторды айрықша атау керек: түркілік және исламдық. Сол мәселеге жіті зер салып, тарихи тәлім алу мәселесі маңызды. Түркі халықтары тарихи өткеніне назар аударғанда, бұдан пайдалы тәлім, үлгі боларлық өнеге немесе ащы сабақ алуы тиіс. Жаугершілік, аламандық қабілет, ерлік мінезді ту еткен далалық жұртшылық, түркілердің жұрағаты, осындай ерекшелігі мен қасиеті арқасында көп заман бойы айнала қоршаған елдерге үрей салып, оларды билігіне бағындырып, өздері олжаға батып, ұлан-байтақ жерлерде үстемдік құрды. Жау таусылғанда өзара бақталастыққа түскенін де тарихтан байқаймыз. Ел басқару ісі мен идеологиядағы сондай жағымсыз саяси-әлеуметтік құбылыстардың кесірінен кезінде түркі далалық империясы, Алтын Орда ұлысы, беріде жоңғар хандығы күйреп тынды. «Бөліп ал да, билей бер» дейді. Бұл қағида – сан ғасырлар бойы өзінің тиімділігі мен нәтижелілігін дәлелдеген ұстанымдардың бірі. Жат жұрт, жау тарабы мұндай қағиданы іске асырса түсінікті жай, ал өз ортасында ынтымағын сақтамаған, бөлінушілік пен бүлікке түскен ел туралы айтып, нендей өнеге алуға болады?! Алтын Орда ханы Тоқтамыстың Әмір Темірмен жүргізген соғыстары, Едіге би мен Тоқтамыстың шайқастары, Әмір Темірдің османлы түріктерін шабуы, Орданың ханы Ахметті Шейбани Ибақ ханның өлтіруі, Әбілқайыр ханның жорықтары, Мұхаммед Шейбани хан мен қазақ хан-сұлтандарының соғыстары, қазақ-жоңғар соғыстары және т.б. тарихи оқиғалар осыған жақсы мысал бола алады. Бұл оқиғалардан Түркі далаларында, Орталық Азияда кім ұтты, кім ұтылды, оның нәтижесі мен жемісін кейінгі заман көріністерінен байқауға болады. Кезінде халық саны миллионға таяған жоңғар хандығының кейін қандай тағдыр кешкенінен терең сабақ алуға болады. Қазақ жерінде «қалмақ қырған», «шүршіт қырған», «қырғыз қырған», «ноғай қырған» деген жер аттары бар. Тарихқа зер салу тек мақтангершіліктен тұрмайды, олай болғанда одан алар сабағымыз мүлдем аз. Тарихтың мән-мағынасы да, маңызы да – одан ұлттың болашағы мен қауіпсіздігін қаматамасыз ететін тәлім алу қажеттігінде тұр. Ең маңызды фактор – ортақ рухани құндылықтардың түркі халықтары бірлігін нығайтудағы қызметі. Бұл іс тарих ғибратынан сабақ алу, рухани мәдениетті саралау, мәдени мұраларды сақтаумен іске асады. Әлемдегі кез келген халықтың бейнесі – тарихи даму ерекшеліктері, өзіндік рухани әлемі, қалыптасқан наным-сенімі, діни рәсімдері, салт-дәстүрлері мен өмірлік рәсімдері тұрғысында қабылданады. Орталық Азияда ислам құндылықтары, мәдени-тарихи жәдігерлері мен оның тарихи қалыптасуы және рухани қызметі адамзатқа ортақ тәжірибе негізінде дамыды. Түркі тарихындағы ислам факторы жайында айтқанда, оның әсері мен ықпалы туралы көптеген мысалдар келтіруге болады. Ислам мемлекеттік дін ретінде Қарлұқ қағанаты, Қарахан мемлекетінде, ал Алтын Ордада Берке хан, Өзбек хан тұсында күш алып, орнықты. Орталық Азия өлкелерінде ислам дінінің орнығуы тұтастай мәдени ортаның қалыптасуына әсер етті. Ежелгі түркі халықтарының сонау орта ғасырларда мұсылмандық әдеп, араб-парсы мәдениеті, китабилер қауымына, мұсылман өркениеті, ислам әлемі жүйесіне үйлесім тауып тоғысуы, ең бастысы алдымен ғылымның өркендеуіне, білім беру жүйесінің қалыптасуына, әдеп-құқық заңдарының дамуына ықпал еткен болса, сондай-ақ, байырғы жау – табғаш ортасына сіңіп, жойылып кету қаупінен талай мәрте сақтап қалды. «Жау жоқ деме – жар астында, бөрі жоқ деме – бөрік астында» демекші, түркілерге қауіп төндірген алыстағы жат па, таяу жатқан жақын ел ме, бөтен бе, туыс па – тарих көрсетіп отырғандай, түркі ортасы біреуден құқай көрсе, алдымен бұған өзі кінәлі, бірлік болмаған соң, ынтымақтан айырылған соң болған іс екенін көреміз. Түркілік құндылықтар қатарында адамгершілік, кісілік, бауырластық, меймандостық, қайырымдылық қасиеттері ерекше орын алған. Қоғамның бүгінгі дамуында да адамның ізгі қасиеттерін тәрбиелеуі, рухани қажетті қанағаттандырылуы, мәдени дәстүр сабақтастығы қамтамасыз етілуі түркі халықтарының ұлттық салт-санасының кемелдене түсуіне тікелей байланысты. Дүниедегі әрбір халықтың мәдени болмысы мен келбеті, тарихи тағдыры, діни және ұлттық сана болмысы бір күнде емес, жылдар бойы, ғасырлар бойы қалыптасып, халықтың көпғасырлық жеке өмірінің тәжірибесі ретінде жинақталып, сондай жалғастық негізде мәдени тұрғыда ортақ бір нәтижеге жетеді. Орталық Азия өлкесінде жасап жатқан түркі халықтарының тұрмыс-тіршілігі көп жағынан ұқсас болды. Олар әлеуметтік аралас-құраластық, діни насихат пен жаратылыс ақиқаты жайында ой дамыту арқасында қалыптасқан. Қазіргі уақыттағы түркі халықтарының өзара ынтымағы мен бірлігі түрік жұртының осындай ортақ мұрасына айналған діни-мәдени ортақтық, дүниетанымдық-құндылықтылық идеялық-көзқарастық жүйе негізінде құрылады. Ескі түркілерде өз заңдары бар еді, сол заңды орындауға патша, бұқара, бай, жарлы – бәрі бірдей міндетті болатын. Ал заңға қарсы келген, халыққа қиянат қылған адамдар ауыр жазаға кесілетін. Түркі халықтары, ру-тайпаларының кие тұту, наным-түсініктері ертеден болған, киелі орындарға тәу ету, күнге сиыну дүниетанымын ұстанған. Түркінің әруақты қадірлеу, дүниеден өткен кісіні қасиеттеу, үлкен салтанатпен шығарып салу, ас беру, аза тұту, бетін жырту, жоқтау жырын шығару, өсиет сөзін келтіру – бәрі де ескі түркінің жоралары болған. Ерте дәуірдегі түркі көбіне табиғат күшіне сыйынуға негізделген тәңірлік дүниетанымнан туған құбылыс. «Тәңірі сөзі, менің ойымша, таң рауаны мағынасынан немесе Таң-ер сөзінен шыққан болуы тиіс», – дейді беделді зерттеушілер. Осы ілімдердің барлығы түркі халықтарының ортақ рухани мұрасы емес пе! Түркілер ай, күн, от, су, ағаш, темір сияқты адамға пайдалы нәрселерге артық құрмет ететін болған соң, туған балаларына Айбек, Күнбек, Күнсұлу, Күндізбай, Жаңбырбай, Темірбай, Сулыбек сияқты ат қойған. Бұл дәстүрі түркі халықтарына тән ортақ антропонимия мәдениетін қалыптастырды. Арабтар Иранға, Сырдария мен Әмудария арасындағы Мәуереннаһр өлкесіне VII ғасырда қанат жайып, Түркістанға жетіп, Соғд мен Хорезм елдерін өзіне қаратқан. Түркі халықтары ислам қағидаларын ертеден қабылдағаны белгілі. Орталық Азияда исламның діни рәсімі, құқықтық тәртібі келген уақытта түркінің көне ырымдары, наным-түсініктері қабылданбай, өзгеріске ұшырап, біразы өмір тәжірибесінен алшақтады. Діни ғибадаттың ескі салт-дәстүрлері, түркінің әдет заңдары, тіршілік ғұрпы ислам талаптарына бағынып, сүннет жолы келіп, жаңа мазхаб енді. Мұсылмандық әдет-ғұрып, имандылық, ихсан дәстүрі ежелден жалғасқан үрдіс болса, ислами рәсімдері, ғибадаты пен құқ жолдары, әдет-ғұрыптары, ислам әдебі мен әдеті VІІ-VIIІ ғасырлардан бері, түркінің бір бөлігі тұтастай ислам дінін ұстанғаннан басталды. VIII ғасыр шамасында арабтың ішінен, пайғамбардың әулетінен Мұхаммед-Қанапияның ұрпағы Әбдіжәлил бап, Шайхы Бұзырық деген ғұламалар исламды насихат қылу мақсатымен Орталық Азия жеріне келген. Діни насихат жүргізуге қолайлы болғаны үшін Бұхараға тоқтаған. Әбдіжалилдің тұқымынан Ысқақбап деген оқымысты адам шыққан. Оның баласы – ислам дінінің асқан білгірі болған Қожа Ахмет Йассауи, халық ішінде Әзірет Сұлтан лақабына ие болған. Әзірет Сұлтан дегені – бүкіл әулиелердің патшасы. Қытайлардан теперiш көрген сол кездегі түркеш қағандары мен қарлұқ жабғулары түпкi мақсатына орай өзара жақын рулық одақ құрды, арабтар қара түркештер арқылы қарлұқ жабғуымен ортақ тiл табысып, өрлеу, iлгерiлеу үстiндегi ислам әскерiнiң күш-қуатына сенiм артқан. Қарлұқтың арабпен қосылып соғыс салу әңгімесі 751 жылғы Талас өзені бойында орын алды. Сол кездегі түркі руларының iшiнде қарлұқ, шығыл, шуйе, шуми қауымдары Шаш пен солтүстiк Ферғана өңiрiне дендеп еніп, соғды және арабтармен қарым-қатынаста болған. Қытай дерек көздерi араб әскерi туралы жан-жақты сипаттамалар береді. 751 жылдың зұл-хиджа (шiлде) айында Талас жерiнде өткен әйгiлi шайқас бес күнге жалғасып, қарлұқ арабқа болысып, екi жақтап Таң әскерін қыспаққа алған. Таң әскерi түн жамыла қашқанда, жол тар болғандықтан адам мен ат көлiк жолға кептелiп, бір-бірін таптап, қырғын көреді. Арабтың қару-жарағы артық болды, әскері түйелi, ортасында найзалы қосын, отпен шабуылдайтын топ бар еді. Мәуереннаһр, Алтышар мен Тәңіртау бөктері, Үлкен Жетісу мен Кіші Жетісу, Дешті-Қыпшақ, Алтай, Сібір, Орал, Еділ, Жайық жерлерінде тұтастай дін ислам қанат жайып тарады. Бірақ ислам діні бүкіл түркі әлемін қамти алмай қалды. Исламдық құндылықтардан тыс қалған көптеген тегі түркі халықтары бар. Олардың бір бөлігі тәңірлік дүниетаным ұстанымын сақтаған болса, бір бөлігі буддалық ламаизмге түсіп кетеді. Ғылыми зерттеулер бойынша ежелгі түркі тайпалары жаратылыстағы бес нәрсені қасиеттеп, оларды ұлы күш деп санаған, соның ішінде: көк (аспан), жер, су, от, ағаш. Орта ғасыр дәуірінде бұл ұғым түйдектеле келе ең ұлы күш – көк, және табынатын Тәңірісі – көк болып шығады; көк – тәңіріні арабтан келген Алла ұғымына, иранның хұдасына теңеп, «бір Тәңірі» деген ұғым шығарады. Орталық Азияда ислам құндылықтары орнағанға дейінгі дәуірде түркі жұрты өзінің рухани мәдениетінде байырғыдан тәңірге сыйынуға негізделген дүниетанымы, тәңірлік сенім ерекше орын алады. Сөйтіп, қазақ жерінде ислам діні құндылықтары орнығуы сонау түрік мемлекеттері кезінен бастау алып, орта ғасырларда, жаңа уақытта да үнемі дамып отырған. Орталық Азиядағы түркі халықтары ислам әлемінің құрамдас бөлігі болуы христиан миссионерлігі жолымен келген шоқындыру және отарлау саясатынан құқықтарды мәдени және ұлттық болмысты сақтап қалуға пайдасын тигізді. Өткен ғасырдың басында қазақ ортасынан бастау алып, кең қолдау тапқан Түркістан автономиясы үшін саяси қозғалыс Қазақстан мен Орта Азия түркілерінің ортақ саяси-құқықтық мемлекет құру жолына бағытталған еді. Бұл идея большевиктік кеңестік билікке жақпады, сондықтан 1924 жылы Орта Азия өлкелерін ұлттық тұрғыда межелеу шаралары қолға алынып, нәтижесінде Орта Азияда төрт түрлі ұлттық республикалар дүниеге келді. Бұл саясат қандай мақсатты көздегені белгілі, сол кездің өзінде түркі ұлыстары мен тәжік халқына ортақ Түркістан Республикасының құрылуы мүмкіндігінің өзі шошытқан болар. Түркілік және мұсылмандық құндылықтар негізінде тұтас саяси-құқықтық құрылымның құрылуы пантюркизм мен панисламизм деген айыпты қоғам белсенділері мен саяси қайраткерлерге тағуға таптырмас себеп болды. Кеңес Одағы ыдыраған соң, Орталық Азиядағы түркі елдері толыққанды азаттық, ұлттық тәуелсіздікке қол жеткізді. Түркіменстан, Өзбекстан республикалары халықаралық қатынастарда бейтараптық ұстанымға көшіп, қауіпсіздігін сақтау мақсатында одақтар мен блоктарға кіруден бас тартты. Қырғызстан мен Қазақстан Дүниежүзі Сауда Ұйымына (ДСҰ), Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ), Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымына (ҰҚШҰ), Еуразиялық Экономикалық Одаққа (ЕЭО) мүше болды. Жаһандану үдерісі барысында қалыптасатын геосаяси ахуал түркі халықтарына да сын сағат тудырып, сындарлы кезеңдерді басынан өткеруге жағдай қалыптастырды. Заманның дамуымен қатар халықтың бөтен ортаға, өгей жұртқа, тегі жат ұлтқа сіңіп кету сияқты қатерлер, мәдени-өркениеттік ерекшеліктерінен айырылып қалу қаупі де көбейе түседі. Геосаяси мүдделер мен жаһанданудың ең қайшылықты қырлары да осында. Әлемнің қазіргі замандағы ерекшелігінің бірі – жаһандану үдерісінің ерекше геосаяси сипатқа ие болуы. Жаһандану барысында жер жаһан, бүкіл дүние байланыс құрылымдары жедел дамуы арқылы біртектілік пен біртұтастыққа бет алған болса, геосаяси күрделі өзгерістер әлем елдерінің қалыптасқан халықаралық қатынастар жүйесінен жаңа үлгідегі қарым-қатынасқа келуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Ынтымағы мен ішкі бірлігінен айырылмау мақсаты елдікті сақтауды көздейді, ал елдік пен ұлттық тәуелсіздікті сақтау жерге ие болудың кепілдігі болып табылмақ. Жерді сақтау, шекараны қорғау халықтың дербес мемлекет болуының кепілі болмақ, сол арқылы мәдени-ұлттық болмыс та сақталады. Қауіпсіздігін сақтай алмаған қауымның жер бетінен жоғалу мүмкіндігі жоғары. Заман өзгеріс үстінде болғанымен, өзгерген және өзгермеген тәсілдер бар. Олардың біршамасы дәстүр түрінде жетсе, біразы жаңа форма иеленген. Көне заман тарихында солай болған және алдағы уақытта да бұл құрал тиімді бола бермек. Сондықтан бұл жағдай Орталық Азияның түркі халықтарының қауіпсіздік нығайту мәселесінде, мүддесі ортақ ұлттардың даму болашағын қамтамасыз етудегі мақсаты бір халықтардың ынтымақты болуын талап етеді.

Мақсат АЛПЫСБЕС,

Л.Н. Гумилев атындағы

ЕҰУ профессоры,

тарих ғылымдарының докторы

Серіктес жаңалықтары