Кемшілікке неге кешіріммен қарауға тиіспіз?

Кемшілікке неге кешіріммен қарауға тиіспіз?

Кемшілікке неге  кешіріммен қарауға тиіспіз?
ашық дереккөзі
417
  Өмір деген қызық қой, шіркін. Мына қызылды-жасылды заманда кімдермен жолығып, кімдермен шүйіркелеспейсің. Таяуда Ақтөбе қаласына жолым түсті. Қала жақсы жағына қарай көп өзгеріпті: жаңа көрікті шағынаудандар бой түзепті. Кенжебек атты жергілікті кәсіпкер жігіт қаланың біраз жерін аралатты. Қаланың қазіргі сәулеті адам қызығарлықтай екен: жаңа қаланың көшелері кең, ғимараттары еңселі, зәулім, көріктендіру де орынды – көптеген жас шыбықтар, жасыл шыршалар отырғызылыпты. Тіпті, елімізде тұңғыш рет арнайы медицина қызметкерлерінің «Денсаулық» сквері жасалған көрінеді. Бұл дегенің – денсаулық сақтау қызметкерлеріне деген құрмет, еңбектерін қадірлеу, мамандықтарын ардақтау (таяуда Шымент қаласында да дәрігерлер аллеясы ашылды деген жағымды хабар естігенмін). – Ауылдан қалаға келгеніме 25 жылдай болды. Әр салада еңбек еттім. Алғашқыда құрылыста дәнекерлеуші болдым, бірте-бірте өз кәсібімнен нәсіп таптым. Қазір енді өз бизнесім бар. Онда інім, жиенім және бірнеше таныс адамдар жұмыс істейді. Жұмысымыз – Ресейден газбен қыздырылатын қазандықтар әкеліп, үйлерге, пәтерлерге орнату. 3-5 жылдың ішінде оны жақсы меңгеріп, кәсібімізді дөңгелетіп әкеттік. Құдайға шүкір, Ақтөбеден ғана емес Ақтау, Атырау өңірлерінен де сұраныс түсіп тұрады. Талабы бар жанға жұмыс табылады екен. Тек алғашқы қиындықтарға шыдамдылық танытып, оларды жеңе білген жан мақсатына жетпей қоймайды. Менің айтайын дегенім, аға, бизнесім туралы емес қазіргі қоғамның қазақ ұлтының мамандарына көзқарасы, күдікпен қарауы, сенімсіздігі. Біздің қазандықтар сататын дүкенімізде екі қазақ, бір орыс жігіті сатушы болып қызмет істейді. Дүкенге келетіндер негізінен жергілікті қазақтар. Бір байқағаным, келушілер кім болмасын, мейлі ол орыс болсын, қазақ болсын, қазақ сатушыларға жақындамай, әлгі орыс жігітінің төңірегіне шоғырланып, сұрақтар қойып, кеңес алып жатады. Тіпті, тілі күрмеліп, қиналып, орысша сөйлей алмай тұрса да орыс жігітпен кеңескісі келеді. Олардың онысын түсіну қиын. Бұл сонда не? Тағы бір байқағаным, әлдебір себептерден қазандығы бұзылғандар, ақау байқалғандар көмек сұрап телефон шалады, үйлеріне келіп, қазандығын тексеріп, жөндеп беруімізді немесе жаңа қазандық орнатып беруді сұранып жатады. Оларға келісім беріп, қай уақытта барғанымыз жөн екенін анықтаймыз. Содан, әлгі тапсырыс берген кісілердің көбі «Кімді жібересіңдер?» деп жиі сұрайды. Ол біз үшін үйреншікті сұрақ. Қазақ жігіттердің атын атасаң, телефонның аржағындағы кісі: «Не, сіздерде орыс мастерлері жоқ па?» деп өзіңе қарсы сұрақ қояды. Бар болғаны бір ғана орыс жігітіміз бар екенін, оның тапсырысы көп екенін түсіндіреміз. Әлгілер: «Онда кеш болса да, түн болса да соны жіберіңдер. Басқаларының керегі жоқ. Қазақтарды білеміз ғой...»,– деп ежірейіп шыға келеді. Қазақ жігіттерінің де қолынан көп іс келетінін, олардың да тәжірибелі жандар екенін, өз кәсібінің шеберлері екенін түсіндіреміз. Қайдан, «Бізге орыс маманы керек» деп қасарысып тұрып алады. Сөйлесіп көр олармен осыдан кейін, – деп назаланды Кенжебек қызуқандылықпен. Ол бұны намысы ойнап, іште жүрген ащы запыраны, жанайқайы ретінде тіпті, күйінгеннен айтқан болу керек. Санасында сәулесі бар, ұлтжанды азамат екені білініп тұр. Өз қазақтарымыздың қисық пікірін, таяз ойын жайып салып отыр. Расында да солай екен-ау... Байқасақ, тіпті осы күнге дейін қазақ­­тардың өзі қазақ мамандарына сенім­сіз­дікпен, күдікпен қарап, менсінбейді, басқа ұлттан төмен санайды. Құдайға шүкір, қазіргі қазақ жігіттері техниканы, жаңа технологияларды бір кісідей-ақ меңгеріп алды. Компьютердің құлағында ойнайды. Ғарышты да игеруде. Білімі де ешкімнен кем емес. Базбір салалар бойынша оза шауып жүргендері бар. Әртүрлі шетелдік компанияларда ұлтымыздың қаншама талантты, дарынды жігіттері жемісті еңбек етуде. Қай саланы алсақ та өзіміздің ұлттық шеберлеріміз жеткілікті. Бірақ, сол баяғы ескі түсінік көптің миына терең орнап қалған, қазақ мамандарына күдікпен, сенімсіздікпен қарау қоғамда әлі де жалғасып келеді. Мен дәрігер болғандықтан шығар, әйтеуір көптеген таныстарым әртүрлі мәселемен күн демей, түн демей телефон шалып жатады. Әрине, дәрігерлік кеңес алатындары басым. Таяуда келінінің аяғы ауырлап, босануға уақыты таяп қалған бір танысым телефон шалды. Өтініші, перзентхананың бірінен тәжірибелі акушер-гинеколог тауып беру. Өзім жақын білетін бірнеше тәжірибелі дәрігерлердің есімдерін атадым. Тыңдап алған соң: «Татьяна Николаевна деген акушер-гинеколог бар екен ғой. Соны танымайсыз ба?» дегені. «Иә, білемін, ол да тәжірибелі, білікті дәрігер...» деп жауап бердім». Сол кісімен таныстырып, мәселемізді шешіп беруге көмек етсеңіз...». «Ол перзентханада Татьяна Николаевнадан да білімді, білікті, тәжірибелі мамандар бар ғой. Неге таңдау дәл соған түсті?» деймін мен. «Келініммен бірге қызмет істейтін орыс әйелдері әлгі акушер-гинекологты жер-көкке сыйғызбай мақтап, сол дәрігердің қолына түссең бәрі жақсы болады деп әбден құлағын көтеріп қойыпты. Ниеті әлгі дәрігерге қатты ауған, нанымы солай болып тұр. Сондықтан сол Татьяна Николаевнаны іздестіріп жатырмыз, айып етпеңіз...». Ойлап отырсаң, қызық дүние. Әлгі перзентханада ондаған тәжірибелі қазақ дәрігерлері жүр. Олардың арасында Татьянаны білімі жағынан да, тәжірибе жағынан да он орап алатындары бар. Бірақ солардың бәрін менсінбей, Татьяна Николаевнаны іздеп жүргендеріне не жорық? Оның ұлты орыс болғанынан ба? Тіпті түсініксіз, жұмбақ дүние... өзімізді сыйламау, өзімізді менсінбеу, намысымыздың жоқтығы. Бұл не? Неге біз әлі тәумендіміз? Қашанғы сол мінез, қисық түсінік осылай жалғаса берер екен? Қашан ішкі дүниемізді өзгертеміз? Қазаққа тағы бір көлеңкедей жабысып, сүйегімізге терең сіңіп, қалмай келе жатқан бір жағымсыз сөз бар. Ол – титтей кемшілік болса, жетіспеушілік болса, «қайтесің, қазақпыз ғой...» деп өз ұлтымызды басқалардан төмендету. Сөйтіп, қайбір іске кешіріммен қарап, көңілімізді жұбатамыз. Шоңайна сынды жабысқан бұл пікір бетімізге шіркеу. Неге «қазақпыз ғой» деп қонаққа шақырған жерге кешігіп баруымыз керек? Неге ырғалып-жырғалып, той иесін және тойға жиналғандарды 1,5-2 сағат күттіруіміз керек? Кемшілікке «қазақпыз ғой» деп неге кешірім жасауымыз керек? Басқа ұлт иелері «өзбекпіз ғой» немесе «қырғызбыз ғой», «орыспыз ғой» деп өздерінің теріс қылығын жуып-шайып, ақталып жатпайды. Керісінше, өз ұлтын мақтан етіп, құрметтейді. Ал біз болсақ, өзімізді өзіміз төмендетіп, тәртіпсіздігімізді, кемшілігімізді басқалардың алдына көлденең тартып, ұлттық әдетіміз деп олардың бойына сіңіреміз. Түсініксіз дүние. Біз неге сондаймыз?..

 Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург,

медицина профессоры,

 Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі

Тараз қаласы

Серіктес жаңалықтары