Науқасқа – инва-такси

Науқасқа – инва-такси

Науқасқа – инва-такси
ашық дереккөзі
Алматы қаласының Түркісіб ауданында тұратын Михаил Гриценко «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы жанындағы қоғамдық қабылдау бөлмесіне өтінішін айта келген еді. Партияның жергілікті өкілдері тиісті шешім қабылдап, науқас азаматқа көмек көрсетті. Бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегетін I топ мүгедегі гемодиализ көмегімен жан бағып жүр. Жүріп-тұрудың өзі қиындық тудыратын науқасқа қыстың күндері ауруханаға жиі қатынау тіпті ауыр. Сондықтан Михаил Викторович мүгедектерге арналған такси қызметін пайдалануды жөн көріпті. Қала тұрғыны №5 ауруханада тіркелген. Ем-шара алу үшін Алматы теміржол ауруханасына барады. Аптасына үш рет сағаттап жатып, ем қабылдайтын науқас Жедел жәрдем ауруханасы арқылы берілетін инва-такси қызметін қаржыландырудың болмауына байланысты пайдалана алмай келген. Сондықтан телефон арқылы Алматы қалалық «Нұр Отан» партиясының филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Алмажан Бақторазоваға өтінішін айтқан. Өз кезегінде қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Алматы қалалық еңбек және әлеуметтік бағдарламалар басшысының міндетін атқарушы Мейіржан Отыншиевпен ақылдасып, инва-такси қызметін тегін пайдалану мәселесі түпкілікті шешілді. Михаил Гриценконың басындағы дерттің ауырлығын екінің бірі біле бермесі анық. Қанын тазаламаса, қасіретті жағдайға тап болатын адам өмірін сақтауға атсалысқан партияға азаматтың айтар алғысы шексіз. – Бұл дертпен ешкім ауырмасын. Аурудың кез келгені жаман, десек те гемодиализден зардап шегуден жаманы жоқ секілді. Қан тазалау – ежелден бар амал. Қазіргі медицина оны оңайлатты. Арнайы көлік бөліп, жағдайыма қарасып жатқан «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының қабылдау бөліміне, басшыларына айтар алғысым шексіз, – дейді Михаил Гриценко.