367
Жолдау жаңа жетістіктерге жетелейді
Жолдау жаңа жетістіктерге жетелейді
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы қоғамда қызу талқылануда. «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық коалициясының аймақтардағы мүшелері де Жолдауда айтылған мақсат-міндеттердің маңызы туралы пікірлесіп, Президент бастамаларына қолдау білдіріп келеді.
Апта басында «Нұр Отан» партиясының Қостанай қалалық филиалында Елбасының Жолдауында айтылған Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында туындайтын тың бастамалар, жаңа мүмкіндіктер «Қазақстан – 2050» аймақтық коалиция мүшелерінің қатысуымен талқыланды.
Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елді дамуға бастайтын өзекті мәселелер қамтылған. Оның әрқайсысы мемлекетіміздің болашағы үшін маңызды. Сондықтан отырысқа саяси партия жетекшілері, облыстық мәслихат депутаттары, Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, қоғамдық ұйым жетекшілері, коалиция мүшелері белсене қатысты.
Жолдауда көрсетілген мәселелер төңірегінде пікір алмасқан жұртшылық қазақстандық индустрия және агроөнеркәсіп саласын ақпараттандыру, әлеуметтік саладағы мемлекет қолдауы төңірегінде әңгіме қозғады.
– 2018 жылғы 10 қаңтарда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жария етті.
Бұл Жолдаудың мәні, ерекшелігі – халқымыздың әлеуметтік мәселелерін жетілдіру, адам капиталын дамыту терең, мұқият қарастырылды. Еліміздің жаңа даму стратегиясын ескере отырып, облысымыздың әр азаматы экономиканы жаңғырту және ары қарай дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту жоспарына белсенді қатысатыны сөзсіз, – деді жиында сөз алған «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ж.Бейсембай.
Жиын соңында шараны үйлестіруші Михаил Дәуенов қоғамды бірлікке шақыруда Жолдаудың маңызды екендігін, сондықтан да баршамыз Елбасының стратегиялық тапсырмаларын орындауға бір кісідей жұмылуымыз керектігін атап көрсетті. Отырыстың қорытындысы ретінде жаңа реформаны іске асыруға атсалысуға, азаматтарды жылдың басты құжаты саналатын Жолдауды белсенді түрде қолдауға шақыратын қарар қабылданды.
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы да «Қазақстан – 2050» демократиялық күштері аймақтық коалициясының жиынын өткізді. Отырысқа коалицияға мүше партиялардың жетекшілері мен белсенділері, ҮЕҰ мен қоғамдық бірлестік басшылары, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушылары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, белсенді жастар қатысып, Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді талқылады.
Кеңес отырысын ашқан «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев алдымен тарихи құжаттың негізгі бағыттарына сипаттама берді. Ол өз сөзінде ширек ғасырдан астам уақыт ішінде елімізді әлемдік деңгейде танытып, бірлігі бекем, экономикасы қуатты мемлекетке айналдырған Елбасының ерен еңбегін тілге тиек етіп, Тәуелсіз мемлекетіміздің одан әрі дамуы жолындағы Жолдау жаңа әлемге – Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын айқындап отырғанын айтып, «Ендігі мақсатымыз – мемлекет басшысы айқындап берген мақсат-міндеттерді жеткізу мен сапалы орындау» деп атап өтті.
Жиынды «Басты мақсат Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын қолдау, қазақ қоғамындағы саяси тұрақтылық пен экономиканың қарқынды дамуына бірлесе үлес қосу» деп түйіндеген
аймақтық коалиция өкілдері Үндеу қабылдады.
«Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалында өткен демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» аймақтық коалициясының отырысында да Мемлекет басшысының Жолдауы төңірегінде ой қозғалды. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко өз сөзінде барлық салаларды қамтыған Жолдау еліміздің барлық азаматтарының қатысуын талап ететінін атап өтті.
‒ Жолдау адам мен оның денсаулығы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Ел дамуының басым бағыты – индустрия, агроөндірістік кешен, көліктік-логистикалық инфрақұрылымның цифрландырылуы, заманауи технологияларды тұрғын үй құрылысы мен коммуналдық салада енгізу. Бұл Қазақстанның әлемдегі алдыңғы қатарлы елдер санатына енуі үшін қажет, ‒ дейді Илья Теренченко.
«Ауыл» ХДПП облыстық филиалының төрағасы Ермат Байғұрманов та аталған құжаттың барлық бағыттарын санамалап, өз пікірін жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, агроөндірістік кешенді дамыту үшін ауылдағы кәсіпкерлікті барынша қолдап, ауылдық кәсіпкерлердің алдындағы бюрократиялық кедергілерді жою керек. Отырыс барысында қатысушылар Жолдаудың басқа да маңызды тұстарына тоқталды. Айталық, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғалымбек Жұматов Елбасының қазақ тіліне қатысты айтқан пікіріне қолдау білдірді.
– Президентіміз бірнеше жыл бойы қазақ тіліндегі халықаралық терминдерді аудару мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Мысал үшін, «қылтима», «дүңгіршек» секілді сөздер тіліміздің абыройын өсіруде дей алмаспын. Тілді осы сияқты терминдермен күрделендіру – қателік. Дүниежүзілік қауымдастық мүшесі екендігімізді ұмытпаған абзал. Сондықтан әлемдік жаңалықтардан тыс қалмау керек, ‒ деді Ғ. Жұматов.
Шара соңында қабылданған «Қазақстан-2050» демократиялық күштері аймақтық коалициясының Үндеуі еліміздің барлық азаматтарын Елбасының бастамаларын қолдап, оларды жүзеге асыруға атсалысуға шақырады.