Қасиетті сексеуілге балта сілтеушілер

Қасиетті сексеуілге балта сілтеушілер

Қасиетті сексеуілге балта сілтеушілер
ашық дереккөзі
Қайсыбір жылдары елімізде сексеуіл шабу деректері көбейіп, сексеуіл алқаптары селдіреп кеткен еді. 2013 жылдың 8 тамызынан бастап 2018 жылдың аяғына дейін сексеуіл кесуге мораторий жарияланғаннан кейін  орман отап, пайда табушылар аяғын тартты. Сексеуіл ормандары қалпына келе бастады.  Алайда орманшылардың тыныштығы қайта бұзылды. Сексеуіл алқаптарын аңдығандар баяғы әдетіне қайта басты. Таптыра бермейтін отынға балта сілтеушілер көбейіп барады. Қазақ сексеуілді ерекше қадірлейді. Өйткені сексеуіл – от, сексеуіл – шоқ. Жұртымыз қайратты, алғыр адамды жігерлі десе, сынбайтын жас сексеуілді «жігер» деп атайды. Қазақстан жерінің 9,7 пайызын орман қоры құраса, оның басым бөлігі, нақтырақ айтқанда, 48 пайызы сексеуіл тоғайларының еншісінде. Құмды жерлерде өсетін, шөлге төзімді, қатты ағаш тұқымдас өсiмдiктің Орталық Азия мен Араб елдерiнде онға жуық түрi бар. Соның үшеуi Қазақстанда өседi: ақ сексеуiл, қара сексеуiл және Зайсан сексеуiлi. Елімізде сексеуіл орманы 6,1 млн. гектар  аумақты алып жатыр. Осы территорияның 70 пайызға жуығын (4,4 млн. гектар) қара сексеуіл, 30 пайызын (1,7 млн.гектар) ақ сексеуіл құраса, Зайсан сексеуілі  бірнеше мың гектар ғана аумаққа шоғырланған. Ақ сексеуіл негізінен Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында өседі.  Сексеуілдің құрғақ борпылдақ немесе біршама тапталған құмды жерлерде жақсы өсетін бұл түрінің биіктігі әдетте 1,5-2,5 метрге дейiн жетеді. Тамырын 10-11 метр тереңдiкке дейiн жібереді. Ақ сексеуілдің жас бұтақтары түйеге таптырмас азық, ал  оның жердегi шырпысы мен қураған жапырақтары ұсақ малдың тоя жеуiне жарайды. Яғни бұл сексеуiлдiң азықтық жұғымдылығы жоғары. Қара сексеуiл аққа қарағанда жуандау әрi iрi келедi. Оның өсу биiктiгi көбiне 7 метрге дейiн жетедi. Ал тамыры 11 метр тереңдiкке дейін бойлайды. Сексеуілдің бұл түрі әдетте шоғырланып өседi. Алыстан қарасаң қалың жынысты орман тәрiздi. Орта Азияның шөлдi, құмды, сортаң жерлерiнде көп кездеседi. Сондай-ақ, тақыр жерлерде де өсуге бейiм. Қара сексеуiлдiң де жас әрi жұмсақ бұтақтарын, шырпыларын түйелер мен ұсақ малдар сүйiсiнiп жейдi. Оның үстiне, сексеуiлдi аймақтар мал жайылымына қажеттi шөптердiң өсуiне пайдасын көп тигiзедi. Зайсан сексеуіліне келер болсақ, бұл өсімдік Қазақстанның шығысында – Зайсан көлі бойында және Жоңғар қақпасында өседі. Шөлейттің қиыршық тасты топырағында тез тамыр жаяды. Зайсан сексеуілін Қазақстаннан бөлек Қытай мен Моңғолиядан да жиі кезіктіруге болады. Қазақстандағы сексеуіл ормандарының ең үлкені Жамбыл облысында, атап айтқанда, Мойынқұмда шоғырланған. Облыстың 4 миллион 435 мың 186 гектар орман қорының 1 млн 187 мың гектары сексеуілдің еншісінде. «Жасыл даму» салалық бағдарламасы бойынша Жамбыл облысында жыл сайын 6500 гектар сексеуіл алқаптары егіледі. Мәселен, 2013 жылы орманшылар көктемде 1300 гектар жерге сексеуілді көшет арқылы отырғызса, күзде 5200 гектар жерге оны тұқым себу арқылы отырғызды.  Ал 2014 жылдың көктем айында 1220 гектар алқапта сексеуіл көшеттері егілді. Тәжірибе көрсеткеніндей, сексеуілді көшет арқылы өсірудің нәтижесі тұқымынан себуге қарағанда анағұрлым жоғары әрі тиімді, өнгіштігі 75 пайызға дейін жетеді. Жойылып кету қаупі жоғары болғандықтан 2010 жылдан бастап Жамбыл облысында сексеуілдің барлық түрін кесуге 2018 жылдың соңына дейін мораторий жарияланған болатын. Орманшылар өздігінен құлап, шіріген сексеуілді ғана жинап алып, жергілікті тұрғындарға өтеусіз негізде береді. Мойынқұм ауданында газ жүргізілмегендіктен, жергілікті тұрғындарының тұрмыста қолданатын негізгі отыны –  осы ағаш. «Орман кодексінің» 91-бабы бойынша облыста жылына 18-20 мың текше метр сексеуіл босатылады. Ол әкімдіктің тізімі бойынша әр отбасына 8-10 текше метрден беріледі. Оны басқа тұлғаларға беруге, сатуға тыйым салынған. Десе де,  өзінің бас пайдасын бәрінен биік қоятын кейбір азаматтар сексеуілді аяусыз шабу арқылы табиғатқа орасан зиян келтіруді тоқтатар емес. Мәселен, өткен жылдың шілдесінде Жамбыл полицейлері заңсыз сексеуіл кесу цехын анықтады. Полицияға Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының 56 жастағы тұрғыны баласымен бірге осы ауданның құмды аумағында ірі көлемдегі сексеуілді заңсыз кесумен және Алматы қаласы аумағында заңсыз сатумен айналысқандығы туралы хабарлама түскен. Жамбыл облысы ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және  Тергеу басқармасы мен Жедел-криминалистикалық басқармасы қызметкерлерінің Алматы және Жамбыл облысы мен Алматы қаласына жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде қылмыстық іске қатысты тұлғалар тобы құрықталды. Бір уақытта 11 жерде жүргізілген тінту шаралары кезінде күдіктілердің тұрғынжайынан 40 тоннадан астам сексеуіл, ағаш кесетін құралдар, таразы, сондай-ақ, сатуға дайындалған сексеуіл салынған қораптар тәркіленді. Жалпы, 2017 жылы өңірде сексеуіл кесудің 15 дерегі анықталған. Мамандардың айтуынша, бұл алдыңғы жылдардың көрсеткішінен әлдеқайда аз.  2015 жылы инспекторлар сексеуіл отаудың 150 дерегін анықтаса, 2016 жылы осындай 25 дерек тіркелген. Сексеуіл ормандарына балта сілтеушілердің азаюы Үкімет жариялаған мораторий мен аймақта орман қорғау шараларын күшейтудің арқасы дейді жергілікті орманшылар. Есесіне, Қызылорда облысында сексеуіл отау оқиғаларының саны бұрынғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай артқан.  Өйткені қызуы жоғары өсімдіктің облыста өтімділігі жоғары. Аймақтың құм көшкінінен қорғаныштық қалқаны саналатын сексеуілді аяусыз кесіп, сату жағдайлары заңмен шектелсе де, әсте тоқтайтын түрі жоқ. Кафе, дүңгіршек, жеке сауда орындарында жасырын саудаланады. Қара базарда 5-6 сексеуіл сүрегі салынған әр қаптың құны 500 теңге шамасында. Полиция қызметкерлері ескерту парақшаларын таратып, ұсталғандарды жазаға тартқанымен, заңсыз отын сату бизнесінен бас тартушылар азаймай отыр. «2017 жылдың басынан заңсыз сексеуіл сындырған 47 дерек анықталып, ол бойынша қылмыстық істер қозғалып, тиісті процессуалдық шешімдер шығарылды», ‒ дейді ЖПҚ табиғат қорғау полициясы бөлімінің инспекторы Жолдас Өтепбергенов. Базбіреулер тәртіпке бас имей, тек қалтаның қамын ойласа, орман шаруашылығы қызметкерлері өсімдік қорын молайтумен әлек. 1990 жылдардың басында 54 мың гектар жерге сексеуіл егу басталған. Қаржы тапшылығынан ол іс аяқсыз қалып, тек 2002 жылы қайта жалғасты. Бұл ретте халықаралық ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырылған жобалар жемісін бере бастағанын айта кеткен жөн. «2008-2014 жылдар аралығында Қазақстан ормандарын сақтау және өсімдік қорын молайту жобасы жүзеге асырылды. Дүниежүзілік Даму банк қолдауы есебінен 57 мың гектар алқапқа сексеуіл егілген. 2017 жылы орман шаруашылығы мекемелері 10700 гектар сексеуіл көшеттерін отырғызды, оның 5 мың гектары Арал теңіз ұлтанына егілді», ‒ дейді «Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» РММ бас маманы Айбек Жоламанов. Сексеуіл отап, сатқандар жазадан жалтара алмайды. Оларға 200-ден 300 айлық есептік көрсеткіш шамасында айыппұл салынып, 75 тәуліктік әкімшілік қамаққа алу жазасы беріледі. Сонда да аймақтағы 2,7 млн гектар сексеуіл алқабын қорғаушы орманшыларға тыныштық жоқ. Өйткені айналаны ашкөздене торуылдап, түн жортып, балтасын ағашқа кезенетіндерге тоқтам болмай тұр. Мораторий мерзімі аяқталса, олар тіпті жүгенсіз кетуі мүмкін. ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Үстеміров жуырда ОҚО-да өткен баспасөз мәслихатында «2018 жылдың соңына қарай сексеуілді шабуға тыйым салатын мораторийді тағы 5 жылға ұзартуды ұсынғалы отырмыз» деген болатын. Ұсыныс қабылданып, тыйым мерзімі ұзартылар деп сенеміз. Әйтпесе онсыз да селдіреп бара жатқан сексеуіл ормандарының орны айтақырға айналмасына кім кепіл?