245
Трамптың Назарбаевқа көрсеткен айрықша құрметі АҚШ журналистерін таңғалдырды
Трамптың Назарбаевқа көрсеткен айрықша құрметі АҚШ журналистерін таңғалдырды
АҚШ президенті Дональд Трамптың Қазақстан Президенті Назарбаевты ерекше ықыласпен күтіп алғаны, кездесу барысында қайта-қайта құрмет көрсеткені АҚШ журналистерінің таңданысын туғызған. Бұл туралы ҚазАқпаратқа берген сұхбатында Қазақстанның xалықаралық қатынастар кеңесінің төрағасы Ерлан Қарин айтты.
«Меніңше, бүгін Ақ үйдегі Қазақстан мен АҚШ Президенттерінің кездесуі өте жоғары деңгейде өтті деуге толық негіз бар. Себебі, өз көзіңмен көріп, жеке бақылағаннан кейін көптеген жайттарға назар аударуға мүмкіндік болды. Сондықтан болар АҚШ Президенті Дональд Трамптың Нұрсұлтан Назарбаевты айрықша ықыласпен дайындалып, күткені бірден көзге түсті. Ақ үйдің алдынан өзі қарсы алып, ұзақ амандасып, Ақ үйдің негізгі бөлмесіне алып баруы, сол жерде бүкіл тілшілердің алдында Елбасымызға бірнеше мәрте «Аса қадірлі Президент» деп сөз арнауының өзі қасымызда болған америкалық журналистердің таңданысын тудырды. Олар «Трамп сіздердің басшыларыңызға айрықша ілтипат білдіргісі келіп тұр» деп пікірлерімен бөлісті. Шындығында бұл жайт анық байқалды», - деді Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, әдетте америкалық президенттер басқа елдің басшыларымен кездескенде өздерін жоғары ұстауға ұмтылады. Мұндай өктемдік Трамптан да, оның алдындағы президенттерден де байқалатын. Кездесу барысында әріптестеріне тіпті, ақыл айтып, олардың жүргізіп отырған саясаттарындағы кемшіліктерді көрсетіп, ескерту жасауға ұмтылысы көзге көрініп тұратын.
«Америкалық саясаттың мұндай әрекетіне көпшілік үйреніп те кеткендей. Жайбарақат қарайды. Дегенмен назардан тыс қалмайтын. Бұл жолы Ақ үй басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі барысында қандай да бір тосын мәселе көтеріп, айтқан емес. Керісінше, кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа қайта-қайта құрмет көрсетіп, Қазақстанның өз дамуында орасан зор жетістіктерге қол жеткізгендігін мойындап, оны жоғары бағалайтындығын айтып отырды. Осы жайт америкалық тараптың Қазақстан Президенті сапарына жоғары дайындық жүргізгенін, бұл сапар тек біздер үшін ғана емес сонымен қатар олар үшін де өте жоғары маңызға ие болғанын аңғаруға болады», - деді саясаттанушы.
Осы ретте Қазақстанның xалықаралық қатынастар кеңесінің төрағасы бұл сапардың маңыздылығы неліктен деген сауалға да жауап берді. «Себебі Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының басшысы болумен қатар бірнеше мәртебеге ие болып келген сияқты. Яғни, Орталық Азия аймағының, посткеңестік мемлекеттердің, мұсылман елдерінің өкілі, әлемдегі ықпалды мемлекеттің басшысы ретінде кездесуге келгені және АҚШ-тың Қазақстанның аймақтық және жалпы халықаралық процестердегі атқарып отырған рөлімен санасатындығы байқалды», - деді Ерлан Қарин.
Оның пайымынша, кездесудің қорытындысы екі ел басшыларының мемлекетаралық қарым-қатынасты жаңа стратегиялық деңгейге көтеру жөніндегі мәлімдеме жасауы болды.
«Бұл шынымен де үлкен маңызды нәтиже. Ол АҚШ-тың Қазақстанның ерекше рөлін мойындағанының көрінісі, Қазақстанның аймақтық, халықаралық процестердегі ықпалының артқанының дәлелі. Сонымен қатар еліміздің сыртқы саяси, геосаяси салмағын да арттырады. Қанша дегенмен АҚШ әлемдегі супердержава, әлемдегі №1 экономика. Демек осындай кездесулер еліміздің басқа мемлекеттер алдындағы беделін, мәртебесін жоғарылататындығы сөзсіз. Бұл кездесу екі ел арасындағы саяси, экономикалық байланыстардың одан ары дамуына серпін берері анық. Сол себепті бүгінгі кездесу ерекше, тарихи маңызы бар кездесу болды. Елбасының сапары әлі аяқталмаса да, алғашқы күннің өзі орасан зор нәтижелі болғандығын, сапардың негізгі мақсаттарының жүзеге асқандығын, тіпті біз күткен, болжаған мақсаттардан асып түскенін көріп отырмыз», - деді Қазақстанның xалықаралық қатынастар кеңесінің төрағасы.