Тозған техника кәдеге жаратылуы тиіс

Тозған техника кәдеге жаратылуы тиіс

Тозған техника  кәдеге жаратылуы тиіс
ашық дереккөзі
  «Нұр Отан» партиясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі фракция депутаттары Ирина Аронова, Иван Клименко, Серік Құсайынов, Василий Олейник, Александр Суслов, Альберт Рау өздерінің Қостанай облысына жұмыс сапары барысында еліміздің ірі автомобиль құрастыру кәсіпорындары – «СарыарқаАвтоПром» ЖШС және «АгромашХолдинг» АҚ-да болды. «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-мен танысу барысында олар автомобиль шанақтарын дәнекерлеу мен сырлау, ұсақ және ірі жабдықтарды құрастыру жөніндегі өндірістік цехтарды аралады. Одан кейін депутаттарға қостанайлық автоөндірісінің төлтаңбасы ретінде танымал болған автокөліктердің тұтастай қатары –  JAC, Peugeot, Ravon, Hyundai жеңіл машиналарын, JAC электркөліктері үлгі қатарын және Iveco негізінде құрастырылатын мектеп автобусын, дәрігерлік жедел көмек автокөліктерін көрсетті. Сонымен бірге мәжілісшілер электркөліктерін өндіру үшін салынып жатқан  инфрақұрылымының даму үрдісі туралы ақпарат алды. «АгромашХолдинг» АҚ депутаттарға  «ESSIL КЗС-760.1», «ESSIL КЗС-740» маркалы астық жинайтын комбайндарды құрастыру барысын іс үстінде көрсетті. Компания Қазақстанда аталмыш маркалы комбайнды шығаратын бірден-бір өндіріс орны және оның еліміздің егіс егетін барлық аймақтарында 8 филиалы мен 11 өкілдігі ұйымдастырылған республикада теңдесі жоқ ірі қызметтік-өткізу желісі бар. Депутаттардың зауыт қызметкерлерімен кездесуі барсында «АгромашХолдинг» басшылығы ескірген ауылшаруашылық техниканы сатып алу бағдарламасын әзірлеу қажет деп ұсыныс жасады. Өз тараптарынан депутаттар айтылған пікірді толығымен қолдады. ‒ Қазақстанда ескі көліктерді сатып алу бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бағдарлама шарттары бойынша ескірген жеңіл автокөліктер, жолаушы таситын және жүк тасымалдаушы көліктер сатып алынады. Осыған ұқсас ескі ауылшаруашылық техникасын да сатып алып, кейін кәдеге жарататын бағдарламаны әзірлеу керек деген ойдамыз. Ескі техника иесі оны сатқаннан кейін отандық жаңа ауылшаруашылық техниканы сатып алуға мүмкіндік беретін жеңілдік куәлігін алуы тиіс. Бұл, ең бастысы, аграрийлер үшін өздерінің ауылшаруашылық парктерін жаңартуларына мүмкіндік туғызады, – деп атап өтті «АгромашХолдинг» АҚ басқарма төрағасы Алексей Сидоренко. Осы күні депутаттар «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру шеңберінде салынып жатқан Қостанай ауданына қарасты «Солтүстік» шағын ауданындағы аз және көпқабатты үйлер құрылысы нысандарында болды. Облыс орталығына іргелес Қостанай ауданында мәжілісшілер соңғы жылдары тұрғын үйлер мен инженерлік коммуникациялар құрылысына баса мән беріліп отырғанына көз жеткізді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Заречный ауылында көп және аз қабатты үйлерден тұратын «Солтүстік» шағын ауданының бас жоспары жасалған, ол бойынша жеке тұрғын үйлер салу үшін 279 жер телімі қаралған. Мұнда бүгінгі күнге инвесторлардың қаражаты есебінен әр шаршы метрінің құны 115 мың теңге болатын 68 жеке тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Әңгімелесу барысында депутаттар іссапарларының басты мақсаты мен міндеттері, парламенттік қызметтері туралы айтып берді, бірқатар сұрақтарға жауап беріп, түсініктеме жасады.