Соңғы үш жылда Қазақстанға сырттан 4401 ғалым шақыртылған. Аз ба, көп пе?

Соңғы үш жылда Қазақстанға сырттан 4401 ғалым шақыртылған. Аз ба, көп пе?

Соңғы үш жылда Қазақстанға сырттан 4401 ғалым шақыртылған. Аз ба, көп пе?
ашық дереккөзі
408

Өткен аптада «The Telegraph» сырттан келетін мамандарды жарылқаудан жалықпайтын мемлекеттердің тізімін жариялады. Біздің еліміз үздік үштіктің қатарынан көрінді. Басылым ұсынған дерекке сүйенсек, шетелдік қызметкерлерге ұсынатын жалақының көлемі жөнінен Нигерия көш бастап тұр. Мұнда әрбір шетелдік маманның жалақысы 250 мың доллардан асады, бұл – жалпы жұмыс күшінің 12 пайызын құрайды екен. Екінші орынды өзара бөліскен Ресей мен Қазақстандағы шетелдік азаматтардың да жылдық еңбекақысы 250 мың доллар шамасында, тек жұмыс күшінің жиынтық көлеміне шаққандағы үлесі сәл азырақ: 11 пайыз. Нигерияға «есе жіберіп» қойғанымыз сондықтан.

Көсегесі көгермеген ғылым

Шетел азаматтарының қазақ­стан­­­­дық­тардың жұмысы мен табысына ауыз салуы жиілегені бұдан бұрын да айтылып, жазылып жүр. Алайда нақты дерек, нанымды дәйектен гөрі жалпылама сөз, байбалам көп болған соң бұл мәселе назардан тыс қалып келген еді.

Жуырда ҚР Президенті жанын­дағы Орталық коммуникациялар қыз­метінде журналистермен кездескен ҚР Білім жəне ғылым министрлігінің Ғылым комитеті төрағасының орын­басары Амандық Төлешев күні бү­гінге дейін жарияланбай келген біраз цифрдың бетін ашты: соңғы 3 жылда Қазақстанға сырттан 4401 ғалым шақыртылған. Атап айтсақ, Еуропадан – 1886, Оңтүстік-Шығыс Азиядан – 237, Шығыс Азиядан – 85, АҚШ-тан –403, Канададан –11, Ресейден – 1294, Беларусь Респуб­ликасынан – 69, Украинадан – 106 жəне өзге елдерден 311 ғалым елімізге тәжірибе алмасу мақсатында келген. Алайда Амандық Төлешов сырттан шақыртылған ғалымдардың қаншасы келісімшарт мерзімі біткен соң өз еліне оралғанын, қаншасы Қазақстанда қалып қойғанын айтқан жоқ. Жоғарғы оқу орындарында сабақ беріп жүрген шетел оқытушыла­ры­ның көбейгеніне қарап, қазақтың қолдап-қолпаштауына риза болған жатжұрттықтардың басым бөлігі елімізде тұрақтап қалғанын аңғару қиын емес сияқты.

«Бүгін дүниежүзі бойынша ғы­лым саласында қатаң бəсекелестік орнады. Соның салдарынан дарын­ды ғалымдарға ашық түрде тартыс жүруде. Соңғы жылдарда отан­дық ғылым саласында жүйелі өзгерістер болды. Атап айтқанда, басқару мен қаржыландырудың жаңа механизмдері іске қосылады. Ол ғылыми саланың дамуы үшін қолай­лы жағдайлар жасады. Олардың ішінде ғалымдардың ғылыми баста­маларын ынталандыру, ғылыми ойларды жүзеге асыру үшін олардың мүмкін­діктерін кеңейту, ғылымға қызмет ететіндердің шығармалышық еркін­дігі мен академиялық ұтқырлығын арттыру сияқты негізгілерін атап өту керек. 2014 жылы жоғарғы оқу орындарында оқу сабақтары мен зерттеулерді бірлесіп жүргізу үшін 1327 шетелдік ғалым тартылды», – деді Амандық Төлешов зор мақтанышпен. Бірақ сырттан ағылған сол мамандардың біразы Қазақстан ғылымын дамыту үшін емес, жақсы мүмкіндікті пайдаланып қалтасын қампайтып кетуді көздейтіндей көрінеді де тұрады. Өйткені шетелдік ғалымдардың саны артқанымен, соңғы 3-4 жылда білім мен ғылым саласы көгеріп-көктеп кетті дей алмаймыз.

Өткен жұмада әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Елдің инновациялық даму негіздері ретінде ғылым, білім беру және бизнес интеграциясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысқан ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев саланың дамуына көңілі толмайтынын ашық айтты. Ол ғылыми зерттеу зертханаларын бөлінген қаржының молдығына қарамастан жаңа технологияларды жеткілікті дəрежеде ұсына алмай отырғаны үшін сынға алды. «8 жыл бұрын Елбасы тапсырмасына сəйкес 15 ғылыми зерттеу зертханаларын ашуға 5 млрд. теңге бөлінген болатын. Ал оларды дамытуға 8 млрд. теңге бөлінді. Алайда олардың бізбен бөлісетін жаңалықтары көп емес. Əсіресе инвестиция тарту төмен. Көптеген ЖОО кəсіпорындармен жұмыс істемейді. Өткен бес жылда кəсіпорындармен келісімшарт көлемі 1 млн. теңгеден аспады. Басқа мемлекеттерде ғылым саласына өз кəсіпорындарынан тартылатын инвестиция көлемі 17 пайызға дейін жетеді. Ал бізде 0,7 пайыз. Ректорлардың кəсіпорындармен байланысы нашар. Ғылым саласына алдыңғы жылы 22 млрд. теңге бөлінсе, былтыр 40 млрд. теңге бөлінді. Бұл аз қаржы емес. Осы ақша бізге не берді?», – деді Премьер-министрдің орынбасары. Бөлінген қаржының игерілмей қалғаны шаш етектен. Бірақ бізді 40 миллиардтың қаншасы шекара асып келген оқытушылардың қалтасына түсті екен деген сауал көбірек алаңдатты.

Еңбек нарығының шылбыры бос

Тек білім саласында ғана емес, өзге кәсіп түрлерінде де шетел­дік қызметкерлердің қарасы артты. Бұған жыл сайын шетелдiк жұмыс күшiн тартуға бөлінетін квота санының көптігі мен оған қол жеткізу шарттарының жеңілдегені себеп. Қазіргі таңда елімізде шетел жұмыс күшін тарту үшін рұқсат жұмысшылардың мынадай санаттарына беріледі: бірінші санат – жоғары білімді және өз қызметтік саласы бойынша басқару лауазымдарында бес жылдан астам жұмыс өтілі бар бірінші басшыларды тартуға; екінші санат – басшылардың және басқа да қызметкерлердің біліктілік анықтамасында бекітілген талаптарға сай келетін басшылар мен мамандарды тартуға; үшінші санат – тиісті кәсіби білімі және жұмыс пен жұмысшылар кәсібінің бірыңғай тарифті біліктілік анықтамасына сәйкес жұмыс өтілі бар білікті жұмысшыларды тартуға; төртінші санат – маусымдық ауылшаруашылық жұмыстарына еңбекші мигранттарды тартуға болады.

Ресми статистикаға сүйенсек, өткен жылы 63 мың шетелдік азаматқа елімізде жұмыс істеуге рұқсат берілген. Бұл көрсеткіш республиканың экономикалық белсенді халқы санының 0,7 пайызын құрайды. Қазақстаннан нәпақа тауып жүрген шетел азаматтарының басым бөлігі, яғни 23,6 пайызы –қытайлар. Одан кейінгі орында 18,4 пайыздық көрсеткішпен түріктер тұрса, 8,6 пайызбен ағылшындар үшінші орынды иемденді. Төртінші орында тұрған үнділер еліміздегі шетелдік қызметкерлердің 7,6 пайызын құраса, 4,6 пайыздық үлеспен итальяндықтар да алғашқы бестіктің қатарына енді.

Десе де, Үкімет шетелдік жұмыс күші жылдан жылға азайып келе жатқанын алға тартуда. Мәселен, 2013 жылы Қазақстанда 108 мың жатжұрттық еңбек еткен, яғни 2014 жылғы көрсеткіштен 0,5 пайызға артық. Өзге елдің мамандарына «құда түскіш» өңірдің бірі – Атырау облысында да шетелдік қызметкерлердің саны шектеліпті. 2012 жылы облысқа шетелдік жұмыс күшін тартуға 13500 квота берілсе, 2013 жылы оның мөлшері 9 375-ке төмендеген. Ал 2014 жылы Атырауда тек қана 7200 жатжұрттық жұмыспен қамтылыпты. Бұл сандық деректерге қарап, еліміздегі шетелдік жұмысшылардың қатары сиреді деп ойлауыңыз бек мүмкін. Қате ой. Бейресми деректер Қазақстанда рұқсатсыз еңбек етіп жүрген мигранттар саны соңғы екі жылда 2 миллионға жуықтаған дейді. Өткен жылы Парламент Мәжілісіне төрағалық етіп тұрған кезде Нұрлан Нығматулиннің: «Қазақстанға сырттан келетін арзанқол жұмыс күші жыл өткен сайын артып келеді. Елімізге келіп жатқан шетелдік жұмысшылардың басым көпшілігі ел аумағында заңсыз жұмыс істеуде. Мигранттардың жалпы санының тек бір пайызға жетер-жетпесі ғана заңды түрде тіркеледі», – дегені есте. Демек, Қазақстан өзінің еңбек нарығын босаңсытып алған.

Қазақстандағы шетелдік жұмыс күшінің үлес салмағы артуына 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың да әсері болғанын жоққа шығара алмаймыз. Work Permits Kazakhstan компаниясының алматылық кеңсесінің жетекшісі Данияр Ибрагимовтың айтуынша, Қазақстан ЕАЭО-ға кіргеннен кейін одаққа мүше елдердің азаматтары үшін жұмысқа тұруға рұқсат алу рәсімі анағұрлым жеңілдеген. Мәселен, бұрын ресейліктер жұмыс істеуге рұқсат қағазын алып, тіркеуден өту үшін 2-3 ай жүгіруіне тура келсе, қазір олардан арнайы рұқсат қағазы талап етілмейді – тіркеуден өте салып, бірден жергілікті компания жұмысына кірісіп кете алады. Бұдан өзге, қазақстандық тарапқа шетелдік жұмыс күші үшін зейнетақы төлемдерін төлеу қажеттілігі болмайды. Яғни компания тек әлеуметтік салық пен жеке табыс салығын ғана төлейді. ЕАЭО елдерінен қызметкер жалдауға жағымды жағдай туғандықтан, жергілікті мамандардың қызметіне қанағаттанбайтын жұмыс берушілер шетелдіктерді, әсіресе ресейлік мамандарды көбірек тартуға ынталы.

Мамыр айынан бастап Қырғызстан да ресми түрде ЕАЭО-ға мүше. Соған байланысты бірқатар сарапшылар Қазақстаннның еңбек нарығындағы миграциялық толқынның қарқыны артады деп болжауда. Ақпан айында «Көші-қон және халықты жұмыспен қамту мәселесі туралы» кейбір ҚР заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының тұсаукесерінен соң ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғындықов та ЕАЭО елдерінен Қазақстанға жұмыс іздеп келгендердің қарасы көбейгенін мойындаған болатын. «Бүгінгі күні бізге Ресей Федерациясынан орташа есеппен, 8,5 мың адам, Беларусь Республикасынан 600-ден астам адам келген. Одаққа кіргенге дейінгі 2 жыл бұрынғы кезеңмен салыстырсақ, елімізге жұмыс істеуге келген ресейліктер саны ресми түрде, орташа есеппен, 1 мыңға жуық адам, ал Беларусь Республикасынан келгендер саны 100-ге де жетпейтін еді», – деді ол. Алайда ол бұл цифрлардың еңбек нарығына ауыртпалық түсіретіндей соншалықты жоғары көрсеткіш емес екенін және олардың көпшілігі жоғары білімді, білікті мамандар екенін алға тартты.

 Қазақтың жұмысын тартып алған кім?

Осындай тақырыппен «Esquire Kazakhstan» журналында рекрутингтік агенттіктің директоры Салтанат Әбілтаеваның мақаласы жарық көрді. Орыс тіліндегі мақаланы толық аударып бермесек те, айтқысы келген негізгі ойларын өз оқырмандарымызбен бөліскенді жөн көрдік. Өйткені Салтанаттың қозғағаны – атүсті қарайтын мәселе емес, асқынып кетсе экономикамызды, одан кейін тұтас мемлекетті берекеден айыруы мүмкін.

Автордың айтуынша, жаз келіп, еңбек нарығының көрігі қызатын шақ туғанына қарамастан, дәл қазір елімізде жұмыссыздар көп. «Өйткені екі қолға бір күрек жоқ. Қазақстандық нарықта өлі тыныштық». Салтанаттың бірден бұлай кесіп-пішіп айтқанын бастапқыда дұрыс қабылдай қойған жоқпыз. Бірақ келтірген дәйектері сөзінің салмағын еселей түсті.

«Бизнесте жүрген 15 жыл ішінде реалист болуды үйрендім. Сағызша созбақтап, алыстан орағытпай-ақ турасын айтайын. Еңбек нарығындағы жағдай аса қиын. Соңғы жылдары елімізде жұмыс саны күрт қысқарып, есесіне жұмыссыздар саны шарықтап кетті. Мемлекеттік шешімдердің мақсаттылығы мен нәтижелігіне мін артуға қақым жоқ шығар, бірақ кәсіби эйч-ар ретінде интеграциялық процестердің Қазақстанның еңбек нарығын тұралатып тастағанын айтуға тиіспін. Қазақстандықтар шығыс пен батыс, оңтүстік пен солтүстіктен ағылған мамандар мен гастербайтерлердің кесірінен шарасыз күй кешуде», – дейді Салтанат Әбілтаева.

Автордың келтіріп отырған мысалдары негізсіз емес. Бос жұмыс орындары туралы ақпарат жарияланатын мерзімді басылымдар мен сайттарды ашып қалсаңыз, кешегі жұмыс берушінің бүгін жұмыс іздеушіге айналғанын көресіз. Түйіндемелердің астындағы: «Кез келген ұсынысты қабылдауға әзірмін» деген құлаққағыстың мәжбүрліктен жазылғанын да ішіңіз сезеді.

«Мемлекеттік басқару мен менедж­мент факультетінде оқитын бірінші курс студенттерінің барлығы дерлік дәлелдеуді қажет етпейтін мына тұжырымды жатқа біледі: еңбек нарығында өз азаматтарының шетелдіктер алдындағы артықшылығы мен басымдығын сақтау – әрбір елдегі үкіметтің міндеті. Бірақ біздегі жағдай керісінше: қазақстандықтар өз елінде өзгелермен теңеспек түгілі, тұрлаулы дәрежеде. Мен бұл құбылысты екі жыл бұрын байқағанмын, одан бері күшеймесе, сейілген жоқ. Біз экономикамыздың ең маңызды құрамдас бөлігі – еңбек нарығын бақылаусыз қалдырдық», – деп сала маманы жағдайдың біз ойлағаннан анағұрлым күрделірек екенін дәлелдеп баққан.

Ең сорақысы –өзгенікіне қызығамыз деп, өзіміздікін жоғалтатынымыз, «миымыздың» көбі сыртқа ағылса да қыңқ етпейтініміз. «Жақсы жұмыс орындарына талас болған кезде ресейлік және украиналық әріптестерінің көлеңкесінде қалып қойған талай мамандарымыздың кейін Еуропа мен АҚШ-тың беделді компанияларына жұмысқа орналасқанына куәмін. Олардың өз Отанына, Қазақстанға қайта оралуы екіталай. Бірақ біздің мамандардың орнын тартып алған шетелдіктер ерте ме, кеш пе өз елдеріне қайтатынына күмәнім жоқ. Өйткені олар Қазақстанды уақытша және мәжбүрлі тұрақ көреді», – дейді Салтанат.

Маман отандық еңбек нарығында қалыптасқан бұл құбылыстың себебіне үңілуге тырысқан. Аса жауапты әрі жоғары санатты лауазымдарға жұмыс берушілер неліктен білімі мен білігі, жұмыс өтілі де өзгеден кем түспейтін өз мамандарымыздан гөрі жатжұрттықтарды тағайындауға құмар?

Экономикалық тұрғыдан алар болсақ, компания үшін шетелдік жұмыс күшін тартудың тиімділігінен гөрі шығыны шаш етектен: олардың жалақысы қазақстандықтардан бірнеше есе артық болатыны айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, жалға алатын баспанасын, әрі-бері ұшу ақысын төлеу керек. Десе де, жұмыс берушілер мұны да кедергі көрмей, өзге елдің мамандарына «құда түсуді» жалғастыруда. Шетелдік жұмыс күшін жалдауға ұмтылудың сыры экономика мектептерінде оқытылмайтын басқа факторларға байланысты шығар, бәлкім. Өзгенікін таңсық көру –қазақтың қанына ежелден сіңген әдет. Шұлық алса да, көлік мінсе де импортты құп көретін халқымыздың кадрларды да жат жұрттан іздеуі осы күні таңғалдырмайтын болды. Өз бұйымының сапасына күмәнмен қарайтын қазақ өз маманының білігін мойындамайды деген сөз емес пе? Демек, түйткілдің себебін алыстан іздемей, әуелі санаға сіңген түсінік пен бойда қалыптасқан әдеттен арылудың жолын іздеген абзал.

Бүгінде жалақысы 50 мың теңгенің айналасындағы бос орын туралы бір ғана хабарландыру үшін компанияға үш күн ішінде 250 түйіндеме келіп түседі екен. Бір жыл бұрын олардың саны тіпті 50-ге жуықтай қоймайтын. Осы екі цифрдың арасындағы айырмашылыққа қарап-ақ, еңбек нарығындағы бүгінгі жағдайды бағамдай беруге болады. Дүниенің бұрыш-бұрышынан ағыл­ған жұмыс іздеушілердің артуы қалып­тасқан қиындықтарды реттеуге мүмкіндік берер емес. «Батыс пен солтүстіктен келетіндер кеңселерді басқаруға ниетті болса, оңтүстіктен ағылғандар сол кеңселердің еденін жууды місе тұтады. Әрқайсысы қалаған жұмысына қиындықсыз орналасып та үлгеруде. Жуырда ғана сатушы іздеген бөлшек сауда компаниясының директоры жұмысқа кімді қабылдағанын білесіз бе? 250 үміткердің ішінен ол қырғызстандық гастербайтерді таңдады. Неге десеңіз, қырғыздар жергілікті жұмысшыларға қарағанда еңбекқор әрі тілалғыш келеді-міс», – деп Салтанат Әбілтаева өз тәжірибесінде болған тағы бір оқиғаны баяндап берді. Дәйектің көптігі сондай, мақаланың соңында маманның әр сөзімен келіспеске лажыңыз қалмайды.

Бұл мақала «Фэйсбукта» кең­­ талқыланды, блогерлер мен­ журна­лис­тер, басқа саланың маман­дары өз ойларын ортаға салды. Бел­гілі журналист, «Profi Asia» оқу-тре­нинг­тік орталығының оқытушысы Асхат Еркімбайдың пікірін елеусіз қалдыра алмадық. «Компаниямыздың поштасына Украинадан, Ресейден хаттар келеді. Тіпті арасында Ресейден қоңырау шалғандар да болды. Біздікі бірінші кезекте қазақша ойланатындарға қызмет көрсету ғой. Олар арзан баға және сапа ұсына алады. Бірақ біздің орталыққа бас сұғуға мүмкіндіктері жоқ. Себебі біз қазақ тілін білу талабын қоямыз. Әйткенмен, мақалада айтылғанның жаны бар. Шетелдіктер қазақстан­дықтарды жұмыссыз қалды­рып жатыр», – дейді ол.

Шапағат іздеп шекара асты

Өкінішке қарай, шетелдік әріптес­теріне орын босатып берген жергілікті мамандардың көпшілігі өз елінен көрмеген шапағатты өзге елден іздеуде. Соңғы үш жылда «жоғары білімді», «аяқталмаған жоғары білімді», «орта арнаулы білімді» санаттары бойынша барлығы 51 мың 605 маман шекара асып кеткен. Олардың басым бөлігі негізінен ТМД елдеріне қоныс аударған.

Еңбек нарығындағы жағдайдың ушыққанын, білікті кадрлардың өз елін тастап, өзге елдің қазанын қайнатып жүргенін өткен жылдың соңында Ұлттық экономика министрлігі де мойындаған еді. «Қазір Қазақстанның еңбек нарығында кәсіби мамандардың жап­пай шетелге көшуі байқалады. Ал, керісінше, елімізге келіп жатқан сауатсыз, ешқандай білімі жоқ иммигранттардың саны артуда. Осыған байланысты мемлекет қып-қызыл шығынға батып отыр», – деді Ұлттық экономика министрінің орынбасары Мәдина Әбілқасымова. Ең қиыны, жат мемлекетке қоныс аударғандардың көбі техникалық мамандық иелері. Олардың орнын шаласауатты гастербайтерлер басуда. Ресми дерекке сәйкес, тек 2009 және 2010 жылдары сәулет-құрылыс мамандығын меңгерген – 1 мың 891 адам, медицина саласынан – 1 мың 854, педагогикалық білімі бар – 3 мың 923, техникалық мамандықтарды бітірген – 9 мың 428, экономика саласын меңгерген – 4 мың 772, заң саласы бойынша білім алған – 1 мың 319, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша біліктілігі жоғары – 1 мың 35 және кәсіптің өзге түрлерін игерген 8 мың 866 маман шетелге кеткен.

Тәуелсіз сарапшы Еркебұлан Аманғосовтың айтуынша, өзге мемлекеттің дамуына қызмет ететін тәжірибелі кадрларымыздың қатары арта түсуі ықтимал. Оған мемлекеттің мамандарды жұмысқа орналастыру механизмдерінің өз міндетін нәтижелі орындай алмауы себеп. Өз елінде тұрса да, өзгенің алдында төменшіктей беруден шаршағандар білімі мен білігінің ешкімнен кем емес екенін дәлелдеу үшін жат жерге түрен салады. Мәселен, өткен жылы «Арселор Миттал» компаниясы қысқартып тастаған жергілікті мамандардың басым көпшілігі Ресейден жайлы жұмыс, жылы орын тапқан. Қазақстандық компанияның елегінен өтпей қалған тәжірибелі мамандарға көрші ел жоғары айлық ұсыныпты.

Заң бойынша шетелден тек­ елімізде тапшы мамандар шақыр­ты­луы тиіс. Шетелдік жұмыс күшін тарту мәселесі талқыланған мәжіліс отырысында депутат Мұхтар Тінікеев келтірген мәлімет бұған қайшы. Теміртаудағы «Арселор Миттал» компаниясы бас директордың әлеуметтік мәселелелер жөніндегі орынбасары лауазымына Польша азаматын арнайы шақыртқан. Ең сорақысы, отандық мамандардың төбесіне әңгіртаяқ ойнатып, көңіліне жақпағандарды жаппай қысқартқан да – сол польшалық.

Мәжіліс жиынында Инвестиция және даму министрінің орынбасары Альберт Рау да еңбек нарығының болашағына алаңдаулы екенін жасырған жоқ. «Жергілікті компаниялардан шеттетілген кадрлар Ресейге барып, жоғары лауазымдарға тағайындалуда. Олардың көпшілігі – қазақтар. Көрші ел оларды еліктіріп әлек, ал біз оларды жұмыстан айырып әлекпіз», – деді вице-министр.

  Күші – тең, табысы – кем

Мамандарға өз елінде өгейдің күйін кештірген тағы бір жайт – жалақы теңсіздігі. Жұмыс көлемінің бірдей болғанына қарамастан шетелдіктердің айлығы жергілікті кадрлардан бірнеше есе көп екені әмбеге аян. Мемлекеттік еңбек инспекциясының мәліметтері бойынша, кейбір компаниялардағы еңбекақы айырмашылығы 10 есеге дейін жеткен. Жұмыс берушілер өз мекемелеріндегі мұндай заңсыздықты барынша жасырып-жауып бағады. Бір ғана 2013 жылдың өзінде Бас прокуратура жұмыс берушілердің жергілікті жұмысшыларды алалап, бірдей еңбекке әр түрлі ақы төлеген 123 деректі анықтаған еді. Мәселен, «Экспертиз с.р.л.» компаниясының Атырау облысындағы бөлімшесінде қазақстандық қызметкердің жалақысы 341 300 теңге болса, шетелдік қызметкердің жалақысы 3 млн. 817 100 теңге екен. Тексеру барысында мұндай келеңсіздіктер еліміздің басқа өңірлерінде де кездескен. Атап айтсақ, Алматы қаласындағы «Урим Констракшн ЛТД» компаниясы­ қызметкерлерінің жалақысындағы айыр­машылық та жер мен көктей. Атал­мыш компанияның техникалық дирек­торы үстемақымен бірге 110 мың теңге алса, оның шетелдік әріп­те­сінің жалақысы – 455 000 теңге екені анықталды. Оған қоса 45 мың үстемақысы тағы бар. Құрылыс жө­нін­дегі директорлар сәйкесінше 300 000 және 500 000 теңге, 1 са­нат­­тағы жобалаушы инженерлер 60 000 және 359 700 теңге, техникалық да­мыту қызметінің бастықтары 200 000 және 500 000 теңге алатыны мәлім болып, компания басшылығы жауап­қа тартылды.

Мұндай мысалдарды респуб­ли­каның барлық аймағынан келтіруге бола­ды. Бірақ анықталғанынан анық­талмағаны көп. Шыдамы шарасынан асқан кадрлар шамырқанғанша, басшылардың қитұрқылығы ашыла бермейді. Күші мен ісі тең, бірақ әріптесінен табысы кем екенін біле тұра, іштен тынғандар қаншама? Бастықтың құзыры солай болған соң үндемейді де. Жуастың жуанға әлі келсін бе?

Өз кадрын кемсіткеннің көсегесі көгермейді

[caption id="attachment_4593" align="alignleft" width="238"]92338b25038070f3e86978f7e6f9be79 Расул Жұмалы, саясаттанушы:[/caption]

– Жаһандану заманы шет пен шек дегенді білмейді. Қай елге барып оқимын, қай елге барып жұмыс істеймін десең – өз еркің. Осы тұрғыдан алғанда қазақстандықтардың шетелге барып білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтауы – құптарлық іс. Елімізге келген шетелдік мамандардың бізде жоқ жаңа ілім-білімді, тың технологияларды үйреткеніне де қарсылығым жоқ. Бірақ бұл алмасу нәтижелі жүргізіліп жатыр дей алмаймын. Шикілігі, әттеген-ай дейтін тұстары көп. Мәселен, өзіміз оқытып-шоқытқан жас кадрлар өзге елдің игілігіне қызмет етіп жатқаны мемлекеттің мүддесіне мүлдем қайшы. Шекара асып кеткендердің арасында ортаңқол мамандар емес, білімі жоғары, тәжірибесі мол адамдардың көптігі ойлантады. Олар өз елінен Ата заңымызбен кепілдендірілген еркіндіктерінен емес, ең әуелі, өз әлеуетін көрсете алмаудан туған мәжбүрліктен кетеді. Біздегі техника мен технологияның кенже дамуы, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық білікті мамандардың аяғына тұсау, жолына бөгет болып отырғаны жасырын емес. Білімі мен білігі шетелдің мен деген мамандарын он орайтын жергілікті инженерлер мен математиктер, дәрігерлерге қолдау көрсетуге құлықсызбыз.

Өткен жылы жастар арасында жүргізілген сауална­маның нәтижесіне сүйенсек, қазақстандықтардың үштен бірі, яғни 35 пайызы өз болашағын шетелмен байла­ныс­тырады екен. Бұл – өте өкінішті жағдай. Біз қолда барды жарқыратып көрсетуді білмейміз. Әйтпесе, жат елде мерейі үстем боп, биік жетістікке жеткендер отанын тастап кетер ме еді? Қазақстандықтардың шетелде жұлдызы жанса, еліміздің атағын аспандатты деп қуанамыз кеп. Өзіміз неге бағасына жете алмадық деп ойланатындар жоққа тән. Мәселен, осыдан бірер жыл бұрын Америкаға қоныс аударған қазақстандық ғалымдардың еңбегі Нобель сыйлығына үміткер болды. Қазақстандағы бірде-бір ғалым бұл сыйлықтан дәмеленіп көрмеген. Чехияда министр лауазымына көтерілген қазақ әйелі туралы естігенде де таңғалмаған қазақ жоқ. Оның оралман екенін айтпасқа болмас. Неге десеңіз, атамекенге оралған бірде-бір қандасымыз әлі күнге дейін министр немесе облыс әкімі деңгейіне көтеріліп көрген емес. Демек, біздің елде білікті мамандардың өз дарыны мен әлеуетін көрсетуге қолайлы жағдай жасалмаған.

Елімізде еңбек етіп жүрген шетелдік мамандарға келсек, ірі команиялар мен корпорациялар, ғылыми орталықтар жат елдің мамандарын көбірек тартқанды құп көреді. Заң бойынша жұмыс беруші шетелден тек өзімізде жоқ кадрларды шақыртуға құқылы. Ал іс жүзінде жағдай басқаша. Өзіміздің инженерлеріміз бен мұнайшыларымыз бола тұра, қытайлықтарды, еуропалықтарды тарту белең алып барады. Бұл құбылыс еліміздегі еңбек нарығының тұрақтылығын бұзып, жұмыссыздардың санын арттыратыны белгілі. Шетелдік жұмыс күшін жалдайтын кәсіпорындардағы тағы бір заң бұзушылық – дискриминация, яғни қызметкерлерді алалау. Атқарылған жұмыстың көлемі мен сапасы бірдей бола тұра, қазақстандық маман мен шетелдік кадрдың әр түрлі жалақы алуы – жиі кездесетін жайт. Жатжұрттық әріптесінің өзінен екі-үш, кейде тіпті он есе көп табыс табуы жергілікті мамандардың шамына тимей қоймайды. Мұндай кемсітушілікке төзбегендер талай рет бас көтерді емес пе? Қорытынды шығаратын шақ баяғыда туған.

Серіктес жаңалықтары