Қазақстандық ғалымдардың мақалалары рейтингі төмен басылымдарда жарияланған

Қазақстандық ғалымдардың мақалалары рейтингі төмен басылымдарда жарияланған

Қазақстандық ғалымдардың мақалалары рейтингі төмен басылымдарда жарияланған
ашық дереккөзі
513
Қазақстандық ғалымдар жазған мақалалардың үштен бірі әлемдік ғылыми кеңістікте құндылығы төмен басылымдарда жарияланады. Бұл туралы Алматы Менеджмент университеті жанындағы Ғылыми зерттеулер орталығының директоры Данияр Сапарбаев мәлімдеді. Сарапшының пікірінше, кейбір авторлар мұндай қадамға білместіктен барса, кейбірі біле тұра істейді. Данияр Сапарбаевтың айтуынша, 2011 жылдан бастап отандық зерттеушілер шетелдік басылымдарға жиі мақала шығарып келеді. Өйткені сол жылы PhD докторы атану үшін ғылыми мақалалардың біреуі міндетті түрде шетелдік журналда жариялануы тиіс деген талап енгізілген. Ережеге сәйкес Web of Science пен Scopus ақпараттық базаларында көрсетілген басылымдарда шыққан мақалалар ғана есепке алынады. "Осы саланы 6 жылдан бері зерттеп келеміз. Scopus-та шыққан қазақстандық ғалымдардың мақалаларының үштен бірі сапасы төмен журналдарда басылады. 2017 жылы Scopus базасын жасаған Elsevier компаниясы тұңғыш рет 300 журналды өзінің базасынан алып тастады. Бір қызығы, қазақстандық бірқатар автордың мақалалары осы журналдарда басылған", - дейді Данияр Сапарбаев. Жалпы Scopus-қа техника, медицина және гуманитарлық сала бойынша 22 мыңнан астам журнал кіреді. Мамандардың пікірінше, Scopus биыл да рейтингі төмен журналдарды өзінің мәліметтер базасынан шығарып тастауы мүмкін. "Ол – ресми журналдар. Бірақ олар мақалаларды өзіне қабылдаған кезде сараптаманы жақсы жүргізбейді. Сондықтан дұрыс, жақсы мақала да өтеді, солармен қатар ғылыми негізі аз, ондай жариялылыққа жарамайтын мақалалар да өтіп кетеді", - дейді ҚР ҰҒА Президенті Мұрат Жұрынов. Шетелдік беделді басылымдар ортаңқол мақаланы шығармайтыны белгілі. Ал әншейін атақ болса дейтіндер үшін сапасы төмен журналдар мен арнайы делдал фирмалар жұмыс істейді. "Қазақстандық, әсіресе жас авторлардың журнал таңдау кезінде сақ болғаны жөн. Делдал фирмаларға мүлдем жоламау қажет. Жасыратыны жоқ ақшасын төлесе мақаласын аударып, рәсімдеп, журналдарға, оның ішінде Scopus-қа кіретін журналдарға да шығарып беретін фирмалар бар. Әрине, ол – деңгейі өте төмен журналдар", - деп Данияр Сапарбаев, отандық зерттеушілерді алаяқтардан абай болуға шақырды.  

Серіктес жаңалықтары