4 Қаңтар 2018, 10:45 178 0 Аймақ Әсел ӘНУАРБЕК

16 отбасы баспаналы болды

Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында 16 отбасы баспаналы болды, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.

Ұзақ жыл үй кезегін күткен мұқтаж жандарға 2 және 3 бөлмелі пәтерлердің кілті салтанатты жағдайда тапсырылды. Аумағы 962 шаршы метрді құрайтын екі қабатты тұрғын үйдің құрылысы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша жүргізіліпті. Ол үшін республикалық бюджеттен 86 миллион теңге қаржы бөлінген. «Көңіл-күйім өте тамаша. Көптен күткен қуанышқа бүгін қолым жетіп отыр. Осы баспанаға 9 жыл кезекте тұрдым. «Сабыр түбі сары алтын» дейді, мінеки қолымыз 3 бөлмелі пәтерге жетіп отыр. Құрылыс сапасына көңілім толады. Жылу қазандығына қосулы, суы ағып тұр», – дейді баспаналы болған Жаңаарқа ауданының тұрғыны Әйгерім Оқасова.

Тағы бір қуаныш, қазір аудан орталығы Атасу кентінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 4 бірдей көп қабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жуырда тағы 56 отбасы осындай қуанышқа кенеледі. Айта кету керек, қазір аудан бойынша 600-ден астам отбасы пәтер кезегінде тұр.

Соңғы жаңалықтар