1229
Қос елдің төлқұжатын төске басқандар
Қос елдің төлқұжатын төске басқандар
Өткен аптада Алматы әуежайында қос азаматтығы бар әйел ұсталды. Қазақстан мен Түркия азаматтығын қатар иеленген заңбұзушыға 453 мың теңге айыппұл салынды. Шетел азаматтығын алғанын дер кезінде хабарламағандар әдетте осындай жеңіл жазамен құтылып кететіндіктен, елімізде «қосмекенділердің» саны жылдан жылға көбейіп барады.
Бипатрид деген кім?
Халықаралық құқықта бір мезгілде екі немесе бірнеше елдің азаматтығын алғандарды бипатрид деп атайды. Оның екі түрі бар. Біріншісі – заңды бипатридтік. Кейбір елдерде қос азаматтық мемлекеттің заңнамасымен рұқсат етіліп, мемлекетаралық келісімдерге сәйкес заңды деп танылады. Мәселен, Аргентина, Бразилия, Барбадос, Канада, Перу, Колумбия, Ямайка, Уругвай, Мексика, Пәкістан, АҚШ, Германия, Латвия мемлекеттері қос азаматтықты заңдастырған. Бұл елдің кез келген азаматтары бір мезетте екі немесе одан да көп мемлекеттің азаматы атануға толық құқылы. Сондай-ақ солтүстіктегі көршіміз Ресей де өзге елдер тарапынан шектеу қойылмаса, қос азаматтық беруге қарсылық білдірмейді. Екіншісі – заңсыз бипатридтік. Жоғарыда аталған мемлекеттерден басқа елдердің бәрі қос азаматтықты қолдамайды. Біздің елімізде де заң жүзінде бипатридтікке тыйым салынған. 2004 жылы «Қазақстан Республикасындағы азаматтық туралы» Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, Қазақстан азаматы өзге елдің азаматтығын алған жағдайда автоматты түрде Қазақстанның азаматтығынан айырылатыны нақтыланды. Қазақстан Республикасының азаматы бола тұрып, шет мемлекеттің азаматтығын қабылдаған адам өзге елдің азаматтығын алған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде шетел азаматтығын алу фактісі туралы ҚР Ішкі істер органдарына немесе Қазақстанның шет елдегі мекемелеріне хабарлауы тиіс. Ол құзырлы органдарға ҚР азаматының төлқұжатын және жеке куәлігін тапсыруға міндетті. Заңда осылай көрсетілсе де, елімізде заңсыз бипатридтікке ұмтылу фактілері азайған емес. Қолына қазақтың төлқұжатын ұстағанымен, жүрегі басқа Отан үшін соғатындардың қатары көбейе түсуде. Құзырлы органның мәліметінше, 2017 жылы бір ғана Маңғыстау облысында 79 адамның қос азаматтық алғаны анықталған. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда заңды белден басқандар 2 есеге артып отыр. Ал 2015 жылы 44 дерек тіркелген еді. Маңғыстаулық «қосмекенділердің» дені екінші төлқұжатты Ресей Федерациясынан алған. Олардың бәрі де қазақстандық мәртебесінен айырылып, әкімшілік жазаға тартылды. Осы орайда, қос елдің азаматы болуға құмар жандар заңға қайшы әрекеттері үшін жауапқа тартылатын болса, айылдарын неге жимайды деген сұрақтың тууы заңды.Айыппұл тосқауыл емес
Екі мемлекеттің де нанын жеп, суын ішкісі келетіндердің еркін тайраңдауына заңның жұмсақтығы себеп болып тұр. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 496-бабында: «Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған адам Қазақстан Республикасы азаматының паспортын немесе жеке куәлігін одан әрі пайдаланса, оған 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Сол сияқты белгіленген мерзім ішінде шет ел азаматығын алғаны туралы хабарламау – 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға, не Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге шығарып жіберуге апарып соқтырады», – деп көрсетілген. Мұны біліп алғандар айыппұлды төлейді де, алшаң басып жүре береді. Мәселен, тамыз айында Алматы әуежайында ҚР заңнамасын бұзған Түркияның екі азаматы қолға түсті. Олар бұрын Қазақстан азаматы болған, кейін Түркияның төлқұжатына қол жеткізген. Алайда мұны құзырлы органдарға айтпаған. Сондағы ойлары екі елде емін-еркін жүріп-тұру болған. Киев-Алматы, Стамбұл-Алматы бағытындағы рейстермен ұшып келген 44 және 36 жастағы Түркия азаматтары ҚР азаматтық туралы заңнамасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК 496-бабының 2-тармағы бойынша айыппұлмен ғана құтылып кетті. Мұндай жүгенсіздікке тосқауыл қою үшін «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңын бұзған адамдарды Ресей мен Украина сияқты қылмыстық жауапкершілікке тарту жазасын енгізетін уақыт жеткендей. Өйткені бипатрид болғысы келетін адамдар заң бұзған жағдайда Қазақстан азаматы болу құқығынан және мемлекеттік қызметте істеу мүмкіндігінен айырылу қаупінен қорықпайды. Қос елдің азаматы болғысы келетіндер көп жағдайда материалдық пайда үшін тәуекелге бел буады. Олар қос азаматтық арқылы екі мемлекеттің де түрлі жеңілдіктерін пайдаланып, зейнетақы мен жәрдемақыны еселеп алып отырғысы келеді. Әдетте қос азаматтық алғысы келетіндер мақсаттарына жету үшін төлқұжаттарын жоғалтқан болады. Кейін жоғалды деген құжаттарын басқа елдің құзырлы органына тапсырады. Ал өздері Қазақстаннан жаңа құжат алады. Басқа елде жасатқан жалған құжат арқылы сол елге уақытша тіркеуге тұрады, сонан соң азаматтыққа ие болады. Осылайша екі елді де алдап, жымысқы ойын жүзеге асырады. Өзге елдің азаматтығын алып, жырақта жырғап жүргендердің өз елі үшін өзегі өртене қояды дегенге сену қиын. Десе де, Қазақстанда қос азаматтықты заңдастыру туралы бастама көтеріп жүрген белсенділер аз емес. Мәселен, 7 жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысы әділет органдарының кейбір өкілдері тек солтүстік аймақтың тұрғындары үшін қос азаматтықты заңдастыру керек деп, айды аспаннан бір-ақ шығарған еді. Алайда бұл ұсыныс қолдау тапқан жоқ. Қайсыбір жылдары Ресей ғылым академиясына қарасты Еуропа институтының кеңесшісі, Париждегі «Parlink Consulting» компаниясының басқарушы серіктесі, экономист Берлин Иришев те қазақстандықтарға қос азаматтық алуға рұқсат беру керек деп дабыл қаққаны есте. Ол жаһанданумен бірге еліміздің ұлттық шекарасы кеңейіп, қазақстандықтар шетелде жұмыс істей бастағанын алға тартып: «Бір елдің азаматтығын қабылдағанда біз автоматты түрде Отанымыздағы азаматтығымыздан айырыламыз. Отанымыздың азаматтығын жоғалту үлкен мәселе тудырып, Қазақстанға және жақындарына бауыр басып қалған жерлестеріміздің болашағына кері әсерін тигізеді. Шетелге кетіп жатқан қазақстандықтардың тасқыны арта түскенін ескерсек, екіжақты азаматтықтың маңызы арта түседі. Қазақстан азаматтығы мен жеке төлқұжатынан айырылғандығына қарамастан, патриот болып қалатын азаматтарынан айырылмауы қажет. Шетелдегі жерлестер еліміз үшін мәдени, интеллектуалды және инвестициялық потенциал. Шетелдік отандастарымыздың арасында тәжірибелі, танымал және талантты тұлғалар көп. Олар еліміздің азаматтығын сақтай отырып, Отанын әлемге әйгілі ете алады», – деген еді. Ел мүддесі бәрінен биік тұратындықтан, бұл ұсыныс та назарға алынған жоқ.Шетелге құмарлардың көздегені не?
Байқасақ, соңғы жылдары сәбиін босану үшін мұхит асатындардың саны артқан. АҚШ-та босануды арман еткендер мұндай қадамға 20 мың долларын қиып барады. Алайда бұл ақшаның қайтарымы жоқ емес. АҚШ-та дүниеге келген бала автоматты түрде сол елдің азаматы атанып, америкалық төлқұжатқа ие болады. Асылында, баласы АҚШ перзентханасында дүние есігін ашқан отандастарымыз сол елдегі елшілік арқылы Қазақстанның да құжатын ала алады. Алайда олар елшілікке жуымайды да. Әу бастағы мақсаттары АҚШ азаматтығы болса, елшіліктің табалдырығын тоздырып қайтсін? «Қазақстан Республикасының азаматтығы» туралы заңның 11-бабында: «Бала туған кезде ата-анасының екеуі де Қазақстан Республикасының азаматы болса, ол туған жеріне қарамастан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады», – делінген. Босану үшін мұхит асатындар бұл заңды көзге ілгісі жоқ. Ал өзге елдің азаматы бола тұра Қазақстанның төлқұжатына қолжеткізгісі келетіндердің жиі жүгінетін қитұрқы әдісі – бақай есеппен құрылған неке. Бүгінгі таңда осы арқылы қалтасын қампитып отырған қыз-келіншектер көп. Олар біздің елдің азаматы атанғысы келген шетелдікпен құжат бойынша некелеседі. Құжатқа қол қойылып, мөр басылғаннан кейін келіскен ақшасын алады да, жөніне кетеді. Ақша үшін бұрын-соңды жүзін көрмеген, тілі бөлек, ділі басқа адамға жар болуға даяр. Бұл қадамның артында қандай қауіп-қатер тұрғанын ескере бермейді. Ал қазақтың қызымен некелескен шетелдіктің есебі түгел. Ел заңнамасы бойынша Қазақстан Республикасының азаматымен кемінде үш жыл некеде тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар өзінің жары, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын тұлғаның жеке куәлігін, неке туралы куәліктің көшірмесін, бұрынғы азаматтығын тоқтату туралы анықтаманы өткізу арқылы Қазақстанның азаматтығын ала алады. «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңның 7-бабында: «ҚР азаматының немесе азаматшасының республика азаматы емес адаммен некеге тұруы, сондай-ақ, мұндай некені бұзуы азаматтықтың өзгеруіне әкеп соқтырмайды» деп жазылған. Яғни, шетел азаматы қазақстандықпен ажырасса да, азаматтығынан айырылмайды. «Тарысы піскеннің тауығы» болудан тайынбайтындар бір мезетте екі, тіпті үш елдің азаматтығын алып, бірнеше кеменің ескегін еркін есіп жүр. Бетін аулақ қылсын, бір елде берекесіздік, саяси шиеленістер бола қалса, екінші елге тайып тұратын «патриоттардың» санымызды толтырғаннан басқа еш пайдасы жоқ. Керісінше, қос елдің төлқұжатын төсқалтасына салып, алшаң басып жүргендер қауіпсіздігімізге қатер төндіруі ғажап емес. Олар кез-келген уақытта басқа елдің сөзін сөйлеп, сойылын соғып кетпесіне кім кепіл? Қитұрқылыққа жол бермес үшін заңымызды қатаңдатып, келген-кеткенді бақылауды босаңсытпау – қазіргі күрделі әрі қиын уақыттың басты талабы.