249
Алматы мен Астана тұрғындарының 10%-ында қанттың жоғары деңгейі анықталды
Алматы мен Астана тұрғындарының 10%-ында қанттың жоғары деңгейі анықталды
«Назар аударыңыз: Қант диабеті жаныңда!» жобасы аясында Алматы мен Астана қалаларында қан құрамындағы қант деңгейін анықтау үшін 3 жыл бойы жүргізілген зерттеу нәтижесі көрсеткендей, тұрғындардың 10,47%-ының қан құрамында қанттың жоғары деңгейі анықталды. Зерттеуге 65 мыңнан астам адам қатысты.
Қан құрамындағы қант деңгейін анықтауға арналған скринингтік зерттеу кәсіпорындарда, білім беру саласы қызметкерлері арасында және адамдардың көп жиналатын орындарында жүргізілді. Алматы қаласында барлығы 43 мың адам зерттеуге қатысты, олардың 12%-ынан қанттың жоғары деңгейі анықталды. Қазақстан астанасында 22 мың адам қатысып, олардың 7,3%-ынан қанттың жоғары деңгейі анықталды.
«Көптеген адамдар қанттың жоғары деңгейімен өмір сүргенін білмеген. Әрине, бұл диабет деген сөз емес, алайда дабыл белгісі болып саналады. Десек те, қанттың жоғары деңгейі анықталған адамдар лабораторлық зерттеуге тегін жолдама алды, яғни жағдайын жан-жақты анықтайды», - деп хабарлады «Назар аударыңыз: Диабет жаныңызда!» жобасының волонтері Әлібек Ибрагимов.
Қазақстанда 307 мыңға жуық адам қант диабетімен тіркеуге алынған. Қазақстанда тіркелген жағдайдың 90%-ы 2-типті диабет, ол қозғалыссыз өмір салты мен теңгерімсіз тамақтану нәтижесінде пайда болады. Сондай-ақ, шынайы көрсеткіш кемінде екі есеге көп. Адам ұзақ жылдар бойы диабеттің белгілерін байқамай өмір сүруі мүмкін, асқыну белгілері: жүрек-қантамыр жүйесінің бұзылуы, бүйрек жұмысы, жүйке жүйесі, көру қабілеті нашарлап, ең қиыны – ағзалары бас тартуы мүмкін.
«Назар аударыңыз: Диабет жаныңызда!» жобасы аясында екі қалада ағарту жұмыстары жүргізілді. Қос қаладағы 300 мектеп қамтылып, кәсіпорындар мен кеңселерде де жұмыс жүргізілді.
Кеңауқымды жоба «Қазақстан Республикасы Диабеттік ағарту қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, Ново Нордиск А/С компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің серіктестігімен және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Астана және Алматы қалалары әкімдігінің қолдауымен жүргізілді.