Джинсының отаны - Дешті Қыпшақ

Джинсының отаны - Дешті Қыпшақ

Джинсының отаны - Дешті Қыпшақ
ашық дереккөзі
Адам қолымен жасалған әрбір заттың тарихы бар. Тек уақыт өте келе оның кейбірі ұмытылып кететіндіктен таласты мәселе туындап жатады. Солай да болса, белгілі бір ұлттық мәдениетке берік байланған заттардың сол мәдениетті ұстанушы ұлтқа тиесілі екені дау тудырмаса керек. Мысалы, үнемі ат үстінде өмірі өткен ежелгі бабаларымыздың шалбарды алғаш кигендері дау туғызбайды. Сондықтан шалбардың отаны – Дешті Қыпшақ мемлекеті екені ғылымда мойындалған шындық. Сол шалбар күндердің күнінде әлемге таралып, барлық халық сол пішімде киім кигенімен, оны тігіп киюге пайдаланатын маталар көбейгенімен, соның ішінде бүгінде күллі әлемге танымал болып отырған джинсы шалбардың материалының тағы да сол Дешті Қыпшаққа қатысы болып жатса, нағыз қызық сол емес пе?! Қазір ақпараттық технология дамыған заманда қайбір нәрсенің бүкіл әлем бойынша түпнұсқасын тауып, кімге ненің тиісті екенін анықтау аса қиынға соқпайды. Содан да болар, кейінгі кезде өзгелермен бірге байырғы Дешті Қыпшақ, бүгінгі Орталық Азия халықтары да өздеріне тиесілі мәдени құндылықтарды иеленіп, заңды түрде меншіктеп жатыр. Ал енді кейінгі кезде джинсы деп аталатын матаның о баста Орталық Азияда жасалғаны туралы мәлімет пайда болады деп ешкім сене қоймаған болар. Бірақ кейбір фактілер солай екенін дәлелдейді. Бүгінде он адамның тоғызы джинсы матадан тігілген пиджак-шалбар киеді десек, артық бола қоймас. Түсі әдемі, үтіктеуді қажет ете бермейтін және анау-мынауға жыртыла қоймайтын берік матадан тігілген шалбарды барлығы арзан әрі ыңғайлы болғаны үшін қалап, кез келген ортада киіп жүре береді. Кеңестік дәуірде оңайлықпен қол жетпейтін қат тауардың құны тым қымбат болатын. Ал бүгінде әлемнің барлық елінен түрлі тауарды еркін импорттайтын еліміз үшін джинсы матадан тігілген киімдер – ең арзан киімдердің бірі. Десек те осы бір көкшіл түсті матаның бір кезде Орталық Азияда да өндіріліп, бұл аймақ тұрғындары кәдімгідей пайдаланғанын білеміз бе? Сөзімізді бастамас бұрын аз-кем джинсы матасының тарихына тоқталайық. Джинсы дегенде ең алдымен мақтадан жасалған көкшіл түсті матадан тігілген, қалталарының шеті металл ілгектермен бекітілген шалбар есімізге келеді. Одан алғаш рет Баварияда еврей отбасында дүниеге келіп, соңынан АҚШ азаматы болған Ливай Страусс (1829-1902) шалбар тіккізіп сатқан. Ол 1873 жылдың 20 мамырында АҚШ-тың Сауда белгілері жөніндегі патент бюросының (US Patent and Trademark Office) «Пышақ және ақша мен монеталарға арналған қалтасы бар жұмыс киімдерді» өндіруге арналған №139121 патентіне ие болды. Сөйтіп бір кезде кемелерге желкен ретінде пайдаланылған мата енді жұмысшыларға арналған киім тігетін тозбайтын матаға айналды. Жылдар өте келе кендір жіптен тоқылған матаның арқауы соңынан мақта талшығына орын беріп, сапасы өзгерді де, мол сұранысқа ие бола бастады. Ал ХХ ғасырдың 60-жылдарында бұл мата тіпті сән әлемінен орын алып, халық одан тігілген киімдерді жаппай пайдалануға көшті. Бүгінде джинсы матасының шығуы мен атауына байланысты болжам көп. Джинсы сөзі орыс тіліне америкалықтардың jeans деген сөзінің негізінде енді. XVII ғасырда Италияның Генуя қаласынан Англия мен Солтүстік Америкаға тоқылуы джинсы материалына ұқсас матаның тасымалданғаны жайында жазба деректер аз да болса кездеседі екен. Бір таңғаларлығы 1597 жылы генуялық матростар желкен маталарынан шалбар киіп, оны өздері «дженес» деп атаған көрінеді. Сол сияқты Джон Холкер деген кісінің 1750 жылы шыққан «Франция тоқыма өндірісінің үлгілерінің кітабы» деген еңбегінде қазіргі джинсы шалбарларға ұқсас сегіз түрлі шалбардың суреті беріліпті. Ал джинсы атауына келсек, итальян тіліндегі «gene» сөзі ескі француз тілінде «jane» түрінде қабылданып, одан әрі ағылшын тіліне өткен деп есептейді ғалымдар. Ал енді өзімізге оралсақ, Орталық Азия біздің заманымызға дейінгі дәуірде мақта егіп, содан түрлі маталар тоқып келе жатқан аймақ екені дау тудырмайды. Демек мақтадан жасалған киімдерді бұл өлке халқы көп жұрттан бұрын киген. Кейінгі кезде біз әңгіме қылып отырған джинсы матасының шығу тарихына Орталық Азияның қатысы бар екені сөз бола бастады. Бұның шындығы қалай? Қарақалпақ республикасы ақпарат агенттігінің басшысы Есімқан Қанағатов аталған агенттік сайтына жақында шыққан мақаласында джинсы матасына ұқсас матаның ерте кезден Қарақалпақстан жерінде қолданылғаны жайында айтады. Ол Қарақалпақстан астанасы Нөкіс қаласындағы И.В. Савицкий атындағы мемлекеттік өнер мұражайында сақталған кейбір экспонаттарды зерттей келе, біз бүгінде «джинсы» деп атап жүрген матадан қыздарға арнап көйлек тігілгенін айтады. Ол – қарақалпақ халқының әйелдерге арналған «көк көйлек» деп аталатын ұлттық киімі. Бүгінде аталған мұражайда «көк көйлектің» төрт данасы сақталған. Сондай-ақ, бұл көйлек Нөкіс өлкетану мұражайы мен Санкт-Петербург қаласындағы Этнография мұражайында да сақтаулы. Салыстыра қарағанда сақталған барлық көйлектің матасының жасалуы бірдей, тек өрнектерінде ғана айырмашылық бар екен. «Көк көйлек» – әлемде тек қарақалпақ халқында бар ерекше киім түрі. Ол ұзатылатын қыздарға арнап жасалған. Қолдан тоқылатын бұл көйлекті дайындауға 4-7 жылдай уақыт кеткен екен. Оның «бояулы көйлек», «кестелі көйлек» деген екі түрі болған. И.В. Савицкий атындағы мемлекеттік өнер мұражайын тамашалаған шетелдік туристер «көк көйлектің» джинсыға ұқсас матадан жасалғанына таңданып, талай «бұл мата алғаш Орта Азияда пайда болған» деген ойға келгендерін жасырмайды екен. Аталған көйлекті зерттеп жүрген ғалым М.Қыпшақбаев бұл жайында: «Көк көйлек қазіргі джинсы (jeans) материалын еске түсіреді және осы матаны алғаш тоқып шығарғандар – қарақалпақ шеберлері екені даусыз. Қарақалпақтардың ежелден Ұлы Жібек жолы бойында өмір сүргенін ескерсек, сауда-саттықтың дамуы барысында матаның Еуропаға жетіп, таралуы ғажап емес», – дейді. Ал И.В. Савицкий атындағы мемлекеттік өнер мұражайының этнография бөлімінің басшысы Айгүл Пірназарова: «Көк көйлек тігу өнері халық арасында ХІХ ғасырға дейін болған. Ол «әмірқан мақта» деп аталатын жіңішке талшықты мақта жібінен тоқылған. Аталған мақтаны қозақ деп аталатын аспаппен матаға айналдырып, бөз мата деп атаған. Ол мата көк бояумен боялған. Міне, осы матадан «көк көйлек» тігілген. Мұражайымызға келген америкалықтардың өзі «джинсы бізден шыққан деп жүрсек, оның отаны Орталық Азия екен ғой» деп таң қала сөйлегендерін өз құлағыммен талай естігенмін», – деп пікір білдіреді бұл туралы. Бүгінде «көк көйлектің» жасалу технологиясын жаңғыртып жүрген өнерпаз шеберлер де жоқ емес. Өткен ғасырдың 90-жылдарында қарақалпақстандық шебер Несібелі Дәлжанова мұражайдағы көйлектердің үлгісін негізге ала отырып, 24 күн бойы еңбектеніп, жаңа көк көйлекті жасап шықты. Сол көйлек Алматыда өткен «Азия дауысы» байқауында ерекше киім ретінде жеңімпаз өнер туындысы болды. Ежелден қиялы ұшқыр, ойы терең көшпелілер қолөнер саласында небір ғажайып өнер туындысын жасаған. Тек солардың талайын өзіміз ұмытып, өзге елдерге сіңіп кеткен үлгілеріне бүгінде таңдана қараймыз. Шын мәнінде, зерттей білсек, таныта білсек – әлемді таңдай қақтырар талай жаңалықтың негізін өзіміз құрғанымызды дәлелдер едік. Біз әңгіме қылып отырған туыстас елдің «көк көйлегі» де сондай жәдігерліктердің бірі. Ол ерекше ою-өрнегімен ғана емес, жасалған матасымен де әлемге әйгілі өнер туындысы қатарына қосылып отыр. Демек, бүгінгі күні күллі әлем үстіне киіп жүрген киімнің пішімі ғана емес, материалы да (джинсы) бір кезде Дешті Қыпшақта – Орталық Азияда ойлап табылған деуге хақымыз бар.