325
Ел егемендігінің тағылымды тарихы
Ел егемендігінің тағылымды тарихы
Тәуелсіздік тойының қарсаңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабының тұсаукесер салтанаты өтті.
Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед ашып, салтанатты шараны жүргізіп отырды. Шараға Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары, саясаттанушы Ержан Бабақұмаров, ҰҒА академигі, сенатор Бақытжан Жұмағұлов, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев, «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, Президент әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов қатысып, жаңа кітап туралы салмақты ой-пікірлерін ортаға салды.
Қазақ және орыс тілінде жарық көрген кітап тарихи публицистика жанрында жазылған. Сөз басын Елбасы: «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады!» деп бастауы құнды еңбектің маңыздылығын арттыра түскендей. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, бұл кітапты Елбасының өз қолымен жазылған тәуелсіздік энциклопедиясы деп сеніммен айтуға болады. Жаңа туындыда егемен мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап, оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен 26 жылдық тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі баяндалады. Толымды дүниенің алғысөзінде еліміздің өз жолымен – қазақстандық даму жолымен жүретініне назар аударған Елбасы: «Деректерді талдап, оқиғаларға объективті баға беріп үйрену ғана емес, тарихи үдерістерді болашақ тұрғысынан терең түсіну, өткенге қазіргі кезең тұрғысынан көз салу және болашақты ойлай отырып, өткенді ұмытпау – біздің ортақ міндетіміз. Біз тарихтан өзімізге және еліміздің одан әрі дамуына қажетті тағылым ала беруге тиіспіз», – дейді.
Кітап еліміздің жаңа тарихын тұтас қамтыған, мазмұны аса бай 4 бөлімнен тұрады. Бірінші, Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы (1991-1995 жылдар); Екінші, Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы (1996-1999 жылдар); Үшінші, Қияға құлаш сермеу. Қазақстанның екінші жаңғыруы (2000-2010 жылдар); Төртінші, Қалыптасқан мемлекет. Қазақстанның үшінші жаңғыруы (2010 жылдар). Әр бөлімнің өзі бірнеше бөлімге бөлінген. Олардың атауларына да мән беріліп, жаңа тарихымыз бен қазақстандық құндылықтардың дәуірлік оқиғалары нақты әрі дәл суреттелген. Атап айтқанда, «Тарихи әділеттілік салтанаты», «Тұғыры берік мемлекеттік құрылым», «Басты құндылығымыз – бейбітшілікті қастерлей білдік», «Жаңалықтың жылы лебі және қайта түлеген дәстүр», «Сыртқы саясат: тыңға түрен салғандай...», «Қияға көз тіккен Қазақстан барысы», «Баянды болсын Бас қала!», «Саяси тұрақтылық жемісі», «Тәуелсіздік рухымызды шыңдады», «Әлем мойындаған көшбасшылық», «Көз алдымыздағы ұлы өзгерістер» және басқа да бөлімдерде еліміздің жарқын сәттері егжей-тегжейлі баяндалады. Елбасының қаламынан туған еңбек: «Қазақстанды жоғары дамыған мемлекетке айналдыратын – азат ойлы, жаңашыл да жасампаз азаматтары. Ол үшін әркім жан-жақты және кемел білімге ден қойып, қажырлы еңбек пен өзін-өзі толассыз жетілдіруді өмір салтына айналдыруы қажет. Демек бүгінде болашақ үшін құлшына іске кірісетін, жігерімізді жанып, санамыз бен өмірімізді өзгертетін сәт тағы туып тұр. Ұлы тарих Кемел келешекке жетелейді» деп түйінделген.
Мұхтар Құл-Мұхаммед,
«Нұр Отан» партиясы
Төрағасының
Бірінші орынбасары:
– Осыдан тұп-тура 26 жыл бұрын халқымыздың жаңа дәуірі басталды. Бұл – егемендік, тәуелсіздік, еркіндік дәуірі. Бұл ер қазақтың Елбасымен бірге дәуірлеу кезеңі. Жаңа кітапта Елбасымыздың жаңа басшылығымен тәуелсіз еліміздің ширек ғасырдан астам уақытта қол жеткізген барлық жетістіктері сараланған. Елбасымыздың жүрек төріндегі толғаныстарынан шыққан бұл кітапты бәріміздің қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасының негізін қалаған Тұңғыш Президентіміздің өз қолымен жазылған тәуелсіздік энциклопедиясы деп атауға толық негіз бар. Тәуелсіздік заманы – Қазақстан үшін ғасырлар жүгін арқалаған ғаламат дәуір. Соның бәрінде елі үшін туған Елбасы Қазақ елін әлемдік қауымдастықтың ең алдыңғы қатарына шығарды. Қазақстан – бүгінде іргесі берік, ынтымағы жарасқан, экономикасы қуатты, саяси жүйесі сараланған, өз жолын, өз болашағын айқындаған, әлемдік қауымдастық алдындағы беделі биік, үш бірдей жаңғыруды ойдағыдай өткізе білген абыройлы мемлекет. Оның туған халқын замананың сан алуан сынынан аман алып шығып, биіктен биікке бастап келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлындай кемеңгер басшысы бар. Бұл кітап – Елбасының бәріміз үшін ең қасиетті құндылық саналатын тәуелсіздік туралы ой-толғамдарының жиынтығы.
Бақытжан Жұмағұлов,
ҰҒА академигі,
сенатор:
– Меніңше, бұл оқырманның көңіл пернелерін дөп басатын, оқырманның ойына, мақсатына, ұмтылысына әсер ететін үлкен еңбек. Кітаптан екі аспект бойынша үлкен әсер алдым. Біріншіден, егемен Қазақстанның жаңа тарихының қамтылу ауқымы, болашаққа қойылған мақсаттар мен міндеттер және талдау тереңдігі тәнті етті. Екіншіден, автордың ойы, күрделі мәселелер туралы толғаныстары мен пайымдаулары, оларды шешу жолдарын іздеуі, көңіл күйі байқалатын шынайылық ерекше әсерлендірді. Кітапта Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің тірі ағза екенін айтып, оған дәлелдер келтірген. Сонымен қатар ел дамуындағы ең күрделі мәселелердің қалай шешілгенін көрсеткен. Маған тағы бір әсер еткен тұсы – адам капиталын алға шығару бойынша жүргізілген реформалар туралы болды. Осы ретте елімізде тәуелсіздік жылдары ғылым, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларын жетілдіру бойынша жасалған жұмыстар туралы кітапта толық айтылған. Мысалы, осы жылдары «Болашақ» бағдарламасының арқасында 12 мыңнан астам талантты жас шетелдің үздік ЖОО-ларында білім алды. Мемлекетте интеллектуалды мектептер дамыды. 2010 жылы Қазақстан Болон процесіне кірді. Бүгінде біз білім-ғылым жүйесін әлемдік стандарттарға сай өзгерттік. Тағы бір маңызды мәселе, 2007 жылғы конституциялық реформа болды. Оның ең басты жаңалықтарының бірі – еліміздегі Парламент сайлауалды мажоритарлық үлгіде пропорционалды, яғни тепе-теңдік сайлау жүйесіне ауысты. Осылайша еліміздегі саяси партиялар ашық бәсекеге, электоралды үдеріске толық қосылды.
Ерлан Сыдықов,
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық
университетінің ректоры:
– Бұл еңбек осы отырған әрқайсымыздың тағдырымыз туралы. Еліміздің ширек ғасырдағы бары мен нары туралы, еңбегіміз бен ерлігіміз туралы, жарқын істеріміз туралы кітап. Бұл Елбасының елге сыйы, елдіктің баянды бағына, бағаналы ордасына сыйы. Біріншіден, бұл кітап – тұжырымдамалы, іргелі еңбек. Біз тарихшылар жүріп өткен тәуелсіздік жылдарындағы ширек ғасырымызды байыптайтын және шынайы баға беретін өрелі еңбекті күтіп жүргенбіз. Оны Елбасымыздың жазуы еліміз үшін де, елдігіміз үшін де үлкен оқиға деп білемін. Ендеше бұл еңбек жаңа мемлекетті өз қолымен, өз бастамасымен тұрғызған аса ірі тарихи тұлғаның әрі жылнамасы, әрі дәуірнамасы. Үшіншіден, Елбасы Тәуелсіздіктің елең-алаңынан «Біздің өз жолымыз бар» деп мәлімдеді. Бұл кітап – Қазақстан жолының күнделігі, Қазақстан жолының шежіресі, Қазақстан жолының тұғырнамасы.