Басынан сөз асырмаған, өзгені басындырмаған

Басынан сөз асырмаған, өзгені басындырмаған

Басынан сөз асырмаған,  өзгені басындырмаған
ашық дереккөзі
Асқар Тоқпанов – қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері. Мәскеудегі А.В. Луначарский атындағы Театр өнері институтының режиссерлік факультетінде атақты К.С. Станиславскийдің шәкірті, МХАТ-тың режиссері Василий Григорьевич Сахновский тобында дәріс алып, дипломдық жұмысына Ф.Шиллердің «Махаббат пен зұлымдық» трагедиясын таңдап, 1939 жылдың күзінде Алматының драма театрында қоймақшы болған. Бірақ мұнда келген соң жағдай күрт өзгереді. Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы өнер істері басқармасының бастығы Бектембай Қосынов пен Мұхтар Әуезов өзара кеңесе келіп, Асқар Тоқпановқа «Абай» трагедиясын сахналауды ұсынады. Алғашқыда жүрексінсе де, кейін нар тәуекелге бел буған. Абай рөліне актер Қалибек Қуанышбаевты таңдап, дайындық жұмыстарын бастап кетеді. Шәкірті Жайлаубек Нағашыбаевтың еске алуынша: «...Айтпақшы Тоқпанов «Абайды» қойғанда М.Әуезовтің өзімен пікір таластырған екен. Авторға: «Кейбір образдың сөздерін өзгертіңіз», − десе керек. Мұхаң да оңайлықпен көне қоя ма. Сонда: «Шығарманы жазған – сіз, сахналайтын – мен. Сахнаның өз ерекшелігі бар. Сіз екеуміздің ойымыз сәйкес келмесе, онда жақсы қойылым болмайды. Бұған келіспесеңіз, мен бұл істі қолға алмай-ақ қояйын», − деп бірбеткей мінез танытқан. Ақыры Әуезовтің көнбеске лажы қалмайды. Ол кезде Тоқпанов бар болғаны 24 жаста. Өткірлігі мен білімділігін көрмейсіз бе? Әйтпесе Әуезовке бұлай кім айта алады?!». Спектакльдің соңғы байқау дайындығына келген Әуезов қойылымнан соң Тоқпановқа: «Пәле, мына жаман Қалибектен жап-жақсы Абайды шығарыпсың!», − деп ризашылығын білдірген. Бұл тек Қалибекке ғана емес, Тоқпановтың тырнақалды режиссерлық еңбегіне берілген үлкен баға еді. Асқар Тоқпанов «Абайдан» басқа 72 спектакльді сахналаған. «Еңлік-Кебек», «Шоқан Уәлиханов», «Майдан», «Махаббат пен зұлымдық», «Достық пен махаббат», «Ыбырай Алтынсарин», «Ақан сері – Ақтоқты», «Қаракөз», «Майдан», «Кремль куранттары», «Түнгі сарын», «Әлішер Науаи» – ұзын саны осылай жалғасып кете береді. Ол режиссер болумен ғана шектеліп қалған жоқ. Қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақтың ұлттық өнер академиясының алғашқы уығын шаншып, керегесін көтерген. Рас, шәкірттеріне қатал болды. Бүгінде «Профессор Тоқпановтың тоқпағын көргенбіз» деп жүрген майталман режиссерлер еліміздің көптеген театрларында жемісті еңбек етуде. Тоқпановтың ешкімге ұқсамайтын тік мінезі мен сырбаз болмысын сол тоқпағынан өткендер айтып та, жазып та жүр. ҚР Халық артисі, белгілі режиссер Маман Байсеркеұлы: «Тоқпанов сұлу сөйлеп, сұлу киінгенді ұнататын. Әсемдік пен әдемілікке жаны құштар адам еді. ...Асекең өмірде де, творчествода да айтысып өткен адам. Айналасымен айтысып, айғай-шудың ортасында өмір сүргенді мәртебе көретін. Өзін шындықтың адамы деп есептеп, орынды-орынсыз жерден мін тауып, түс шайысудан қаймықпайтын қайсарлығы өз басына зауал болып төнсе де, қаперіне алмайтын кісі-тұғын. Әсіресе билік басындағыларға ашуын аямай төгетін. Кей тұстары балағат сөздерді айтып қалудан да тайынған емес. Сақалын сыйладық. Ол осы мінезін тастамай өмірден озды». Бітім-болмысы бөлек жан ұлттық өнер мен театр тарихында Асқар Тоқпанов болып қалды. 1986 жылдың желтоқсанында ел басына күн туған кезде де ол биліктен теперіш көріп иілсе де, сағы сынған жоқ. Қайта мінез көрсетіп, әлеуметтік әділетсіздікке қарсы тұра білді. Өнер академиясының түлегі, Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Гүлнар Байбосынова 16 желтоқсан күнгі мына бір жайды еске алады. «Түс әлетінде студенттерді академияның үлкен залына жинады. Сахнадағы ұзын столға еуропалық нәсілден егде тартқан үш ұстазымыз жайғасқан. Қан ойнаған жүздерінен қуаныштың лебі есіп тұрды. Бірі мінберге көтеріліп: «Жолдастар, бүгін Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің кезектен тыс пленумы өтті. Пленум Дінмұхамед Қонаевтың зейнеткерлікке шығуына байланысты Орталық Комитеттің Бірінші хатшысы қызметінен босатып, орнына Ульянов обкомының бірінші хатшысы Геннадий Колбинді сайлады. Партияның шешіміне бір кісідей қолдау көрсетейік», − деді масайрай сөйлеп. Бұл біз үшін жайсыз хабар еді. Бірден ұнжырғамыз түсіп, үнсіз қалдық. Сол сәтте сахнаның ар жағындағы есіктен кіріп келе жатқан Асқар Тоқпановтың өзінен бұрын күңіренген үні естілді. «Еңілік-Кебек» трагедиясындағы Абыздың «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, Құлан қайтып күн көрер. Аяғы жоқ, қолы жоқ, Жылан қайтып күн көрер! – деп күрсінгендей болды да: − Елім қайтып күн көрер!» – деп күрсінді. Оның екпінді үнінен тұла бойымыз шымырлап кетті. Сол-ақ екен сахна төрінде отырғандардың құты қашқандай өңдері бірден өзгеріп сала берді. Мінберде тұрған оқытушы бір жақ шетке қарай ығысқан аналардың қатарына барып отыра қалды. Тоқпановтың басында түріктің етексіз шашақты тақиясы. Қоңырқай өңі күзгі аспанның жауар бұлтындай сұрлана түнеріп кеткен. Қалың қабағы түйіліп, бірден мінберге көтерілді. Қолындағы таяғын мінберге сүйеп, залда отырған бізге жабырқау жанарымен қарап алды да, зілді үнмен: «Мыналар, − деді иегімен сахнада отырғандарды меңзеп. − Сендерге жоғары басшылықта болған өзгерісті жеткізген болар. Қонаев билікке келгенде аштықтан кейінгі қазақтың саны екі миллион төрт жүз мыңдай ғана еді. Ол сол аз ғана қазақтың санын алты миллион жеті жүз мыңға жеткізді. Экономикадан бөлек ұлттық кадрды, ұлттық өнерді, езілген еңсемізді көтеріп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай бүгінгі күнімізге там-тұмдап жеткізіп еді. Бүгін Мәскеу төріміздегі асылдың орнына көлденең көк аттыны қонжитты. Енді күндерің қалай болар екен, момын халқым, қайран қазағым?!. Өң-басы басқаның – ісі басқа. Бастарыңнан сипап, бақтарыңды аша қояр ма екен?!. Жоқ, әлде Махамбет пен Абайдың зарына қайта алып бара ма? Әй, қайдам?!.. Менде күдік басым, шырақтарым. Момынның мәймөңкелеп өткен күні құрысын!», − дегенде тұла бойымызды намыс оты шарпып өткендей болды. Ұстаз столға отырған жоқ. Таяғын қолына алып, зіл тартқан денесімен аяңдап сахнадан түсті де, шығар есікке қарай беттей берді. Біз орнымыздан тұрып, құрмет көрсеттік. Сахнадағы үшеу енді сөздеріне құлақ аспасымызды сезді ме, үнсіз қала берді. Кешке жатақханада сөз ұстар жігіттер мен қыздар бір бөлмеге жиналып, пленумның шешімін талқыға салдық. Ашу мен ыза кеудемізді кернеп, намысқа шаптық. «Неге республиканы басқа ұлт өкілі басқаруы керек? Өзімізден де ел басқаратын азаматтар бар емес пе?!» Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің тілшілері С.Жақсылықов пен О.Квятковский 1987 жылы 9 қазанда «Арандатушылар» («Подстрекатели») атты ұлт тұлғаларын қаралау мақаласын жариялады. Авторлар әралуан ұлт өкілдерінің жастарды тәртіпсіздік пен заңға қайшы әрекеттерге итермелеген арандатушылардың кім екендерін білгісі келетін хаттардың партия органдары мен редакцияларға толассыз түсіп жатқанын айта келіп: «...Олардың сұрақтары орынды. Студенттердің қателікке ұрыну себептері тікелей ұстаздарының тәрбиесіне байланысты екені даусыз. Әлі де алды мен артын түсіне қоймағандар ұстаздың күн сайынғы ұлттық сезімді қозғайтын сөздеріне сеніп қалатыны кім-кімге де түсінікті болса керек. Оған жуырда ғана аяқталған Алматы мемлекеттік театр институтының бір топ студентеріне байланысты болған сот іс қарауындағы материалдардан, кейбір ұстаздардың шәкірттер тағдырын ұзақ уақытқа тура жолдан бұрып жіберген зұлымдық істерінен көз жеткізуге болады. Кешегі студенттер, бүгінгі сотталғандар өздерін тәрбиелеушілердің сөздеріне көзсіз сеніп, солардың айтқандарына көніп, айдауымен жүрген. А.Мамыров төрағалық еткен Алматы қалалық сот қараған қылмыстық істер томдарында Алматы мемлекеттік театр институының студенттері К.Айтмұрзаев, Б.Иманғожаев, У.Сейтінбетов, А.Қанетов, М.Қасенбаевты ұстаздарының қалай оқытқандары және неге тәрбиелегендері айқын көрініп тұр. Іс бойынша ондаған куәгерлер түсінік берді. Олардың көрсетулері нақты болған жайдан алшақ кеткен емес. Жастардың көбі: «Біздің алаңға шығуымызды талап етті, ұлттық сезімдерімізде ойнап еліктірді, алдауларына түсіп қалдық» деген түсінік бергендеріне қарағанда арандатушылардың әрекеттері себеп болған. ...Айтмұрзаев тергеу кезінде: «Адамдардың ұлттық белгілеріне қарай, қазақтардың рулар мен тайпаларға қарай өзгелерден ерекшеленетінін мен алғаш рет Алматыда, институтта естідім», − дейді. Бірқатар жылдың ішінде жастарды осындай арандатушылыққа жеткізген орта қаншалықты уланған, қаншалықты өздерінше мықты болуы мүмкін? Осы ортада шешуші істе жетекшілікке қол жеткізгендер біздің қоғамға қаншалықты өгей, әділетсіз және жастар үшін қаншалықты қауіпті болуы мүмкін? Қазір әрине мұндай сұрақтарды қою кеш. Бірақ, тек материалдық жауаптылық жағынан жазалаумен шектеліп қана қалмай, мемлекеттің ертеңі үшін бүгін рухани тұрғыдан жауап беретіндерден, яғни қоғамдық тәрбие мен басты идеялық критерийлерді қалыптастыруға жауаптылардан аса қатаң түрде сұрауды талап етуді жолға қоюды үйренуіміз керек. Өйткені олардың қолында көзге көрінбейтін аса қуатты қару бар емес пе?! Бұл қаруды АМТКИ-да кім және қалай пайдаланғанын байқап көрейік. Сотталған Айтмұрзаевтың жазба түрінде берген көрсетілімінен үзінді. «...Алтыншы қаңтар күні мен Тоқпановтың пәтеріне бардым. Мен оған шеруге жатақхананы қалай көтергенімді, енді мені қылмыстық іске тартатынын жеткіздім. Тоқпанов менің алаң көңілімді басатын уату сөз айтты да, қазақтардың бірін-бірі сатып жіберетін жаман қасиеті барын ескертті. Ол сонымен бірге маған заң қызметкерлерімен кеңесіп, сосын менің не істеу керектігімді айтатын болды. Ол менен тек түнде ғана келуді өтінді. Оның бұл келуіме мазасыздық танытып, көп ұстағысы келмегені байқалып тұрды. Өткеннің бәріне ой жүгірте отырып, менің тура жолдан тайып, қылмыскерлер орындығына отыруыма негізінен Асқар Тоқпанұлы Тоқпанов кінәлі. Біз оны рухани ұстазымыз деп санап келдік. Ол іс жүзінде бүкіл өмірімізді уландырушы екен». Желтоқсан көтерілісі кезінде қолға түскендерге тергеу орындары қатты қысым көрсетіп, өз дегендеріне көндіргені анық. Олардың көрсетулері де солардың айтуымен жазылған. Айтмұрзаевтың да қатты жан қинаудан соң тергеушілердің айтуымен еріксіз жазғаны белгілі. Мақала авторлары енді соны Тоқпановқа шоқпар ретінде пайдаланып отыр. Авторлар: «АМТКИ-ның бұрынғы профессор-кеңесшісі, Қазақ КСР Халық әртісі Асқар Тоқпанов айтулы тұлға және республикаға белгілі жан. Ол жоғары атаққа өзінің шығармашылығымен жетті деуге келмейді. «Біздің институт енді ғана ұйымдастырылған кезде, − деп еске алады АМТКИ-дің доценті Жанысбаев. – Сол кездегі республиканың Жоғары және орта білім министрі Катаев маған Тоқпановты орнынан қозғамауды, бұл өздеріне тапсырылған біріншінің жеке өтініші екенін де баса ескертті». Бірінші дегені кім? Тұспалдап отырғаны Д.Қонаев болар. «...Ол он жылдан бері КОКП мүшелігін кандидат болып жүрді. Осынша уақытқа созылған сынақ уақытында маскүнемдігі мен өзінің әйелін ұрып-соққаны үшін есеп картішкесіне жазылатын сөгіс алған. Соған қарамай оны партия мүшелігіне қабылдап және «Қазақ КСР өнерінің еңбек сіңірген қайраткері» атағы қоса берілді. Партия мүшелігіне өту өтілі осылай басталған жанның одан кейінгі жағымсыз істері де жұртты таңдандыра қоймас. Тағы да отбасындағы мастықтан шығарған жанжалы, милиция қызметкерлерінің араласуы және партия бюросының сөгісі. Ол бұған да тоқтаған жоқ. Консерватория бастауыш партия ұйымының оны партия мүшелігінен шығару жөніндегі шешімімен Совет аудандық партия комитеті келіспей, есеп картішкесіне қатаң сөгіс жариялаумен шектелген. Арада біраз уақыт өткен соң-ақ ол республика халық әртісі атағын иеленіп шыға келді. Көнекөз даналар: «Әрбір билеушінің жанында: «Сенің дәуірің ақиқатында алтын уақыт болды!» деп айқай салушылар болады», − деген екен. Ал қазір «соның бәрі тоқырау уақыты» деп жүрміз. Рас, сол кез Тоқпанов секілділер үшін алтын уақыт болған. Ойына келгенін істейтін, өзіне-өзі есеп бермейтін, қандай жағдайда да соныкі дұрыс болатын. Ол өзінің оғаш мінезін барынша кеңінен көрсете білді. Міне, оның соңғы жылдары жасаған «ерлік» істері. 1983 жылдың сәуірі. Педагогтар мен студенттердің азаматтық намысына тиіп қорлау, педагогикаға жат қылықтары және мүшелік жарнасын уақытында төлемегені үшін есеп картішкесіне жазылатын қатаң сөгіс берілген. 1984 жылдың қазаны. Қазақстан Жазушылар одағының 50 жылдық мерекесіне арналған пленумда бір топ партия және совет қызметкерлерін балағаттағаны. Бұл жөнінде Қазақстан Компартиясы ОК бөлім меңгерушісі ОК хатшысына арнайы хат жолдаған. Ал одан ешқандай нәтиже шықпаса амал қанша. Керісінше, осы жағдайдан соң оны «Халықтар достығы» орденімен наградтаған. ...Кешегі күнге дейін Тоқпановтың бетіне ешкім де жел болып тиген емес. Ал қарсы келгендер азаматтық беделі мен қызметінен айырылар еді. Солай оған қарсы келуге ешкімнің де тәуекелі жетпеді». Тоқпанов «Турасын айтамын деп, туғанына жақпайтынның» нақ өзі. Ол туралы көз көргендердің естеліктерін оқып отырсаң, осылай түйін жасайсың. Қатал тағдыры оны қатал етті. Сондықтан болар студент пе, актер ме, биліктің қызметкері ме, бәрібір жөн-жосықсыз істерін көрсе бетің бар, жүзің бар демей, ойындағысын ащы болса да айтудан тартынбаған. Бірақ оның ар жағында жанашырлық жатқанын біреу түсінсе, біреу түсінген жоқ. Жақсылықов пен Квятковский оны жоғары атаққа шығармашылығымен жеткен жоқ дей отырып, көбіне пенделік қылықтарын жіпке тізген. Ал кім пенделіктен таза? Инсититуттың партия ұйымы Тоқпановты партиядан шығару туралы шешім шығарғаны бұл бір емес. Содан он шақты жыл бұрын да ұйым коммунистері бірімен-бірі тартысып жүріп, осындай шешімді дауысқа салған болатын. Қазақстанның Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов ол кезде студент-коммунист еді. «Тоқпанов партия мүшелігінен шығарылсын» деген ұсынысты үшінші рет жиналып, дауысқа салғанда бәрі қолдарын көтерді. Төраға «Кім қарсы?», − деді. Мен қолымды көтердім. Бір ғана қарсы дауыспен шешім қабылданған. Асекең соңғы сөзінде «Мен, бәрібір адалмын. Мені партияға сендер қабылдаған жоқсыңдар. Түбінде мен қайтадан партия мүшесі боламын», − деп залдан шығып бара жатып, босаға жақта отырған менің қасыма келіп: «Айналайын, сен пейілің бұзылмаған адал бала екенсің. Сенің айтқаның келеді», − деп басын иіп, ізет білдірді де есіктен шығып кетті», − дейді. Алған бетінен қайтпайтын жан сол бойда Мәскеуге тартады. КОКП ОК-нің идеология жөніндегі хатшысы Леонид Ильичевтің қабылдауына жазылып, табандатқан үш ай күтеді. Екеуі үш сағатқа жуық сөйлескен. Соңында хатшы: «Сіздей энциклопедиялық білімі бар, ұлттық өнерге ерен еңбегі сіңген адамның жұмыссыз қалуы ешқандай ақылға сыймайды. Партиялығыңыз қайта қалпына келтіріледі. Жұмысыңызға да қайта алынасыз», − деп шығарып салған. Қазақстанның Халық әртісі Сәбит Оразбаев: «Асекең солай бәрін де қалпына келтірді. Бірақ өзі айтқандай турашыл мінезі бәрібір бұрқ етіп көрініп қала берді. Шала сауатты дүмбілездерге: «Дилетантсыңдар! Абайды білмейсіңдер!», − деп айқайына қайта басты», − дейді. Совет аупарткомы институт шешімін құптамаса, тұңғыш кәсіпқой режиссердің ұлттық өнерге сіңірген ұшан-теңіз еңбегіне бей-жай қарамағаны болар. Тоқпановтың көп оқып-тоқығанын, шешен сөйлейтінін жазушылар жақсы біледі. «Ол босқа сөйлемейтін, шындықты шырқыратып айтатын», − дейді қаламгер әріптестері. Жазушылардың сол пленумында да әріптестерінің мұқтаждықтарын айтамын деп, билікке жақпай қалғаны сондықтан. «Басқа пәле – тілден». «Огни Алатау» газетінің журналистері: «...Студенттер ортасында: «Шығармашылық адамдары үшін қоғамдық ғылымдар тіптен қажет емес» деген өздерінше сенімділік туындатып жатса, қалай таң қалмайсың. Мұнда орыс тіліне бөлінген сағат та екі есеге дейін қысқартылған. Ал студенттердің «Ғылыми коммунизмнен» сынақта алған бағалары орта есеппен үшке әзер дегенде жетсе, не айтуға болады?», − деп тағы да бүйректен сирақ шығарыпты. Тілшілердің бұл айыптауын қалай түсінуге болады? Сонда аталмыш пәннен еш дәріс оқымайтын Асқар Тоқпанов бұған да кінәлі болғаны ма? «Сотталған Айтмұрзаевқа тағы да сөз берейік, − дейді газет тілшілері. − «Асқаровтың орнынан босатылуын Тоқпанов қолдаған жоқ. Мен және біздің топтың студенттері оның сөзіне имандай сенуші едік. Ол қызметінен босатылған барлық қазақ басшылары әділетсіздіктің зардабын тартуда, оларды қызметтен шеттетудің мақсаты бүкіл ұлттың меселін төмендету болып табылады дейтін. Тоқпанов бізді қазақтар «ғұндардан» тараған. Ал «Ғұн» бұл – «Күн». Демек біз Құдайдың қалауымен жаратылғанбыз», − деп оқытты». Тарих – ғылымдар анасы. Өзіңді-өзің тануың үшін өткен тарихи тамырыңды білуің аса қажет. Интернационализмді уағыздаған Кеңес өкіметі жоғары оқу орындарына ұлттық тарих пәнін бағдарламаға кіргізген емес. Ал тарихын білмейтіндерден қандай ұлт жанашырлары, қандай өнер адамдары шығады? Сол олқылықтың орнын Тоқпанов толтырған екен. Бүгінгі күннің талабымен қарасақ, мұнда тұрған еш айып жоқ. «...Ал Қанетов өзінің көрсетуінде: «Тоқпанов бізге өте қатал болды. Сәл ғана жазығымыз үшін бізді жұрттың көзінше ақымақ санап, қолын сілтеп немесе басымыздан нұқып та жіберетін. Солай бола тұра жұрттың бәрі және мен де оны ең адал адам деп санайтынбыз. Тоқпанов бізді: «Қазақ барлық уақытта басқалардан биік тұруы керек. Сондықтан республикада қазақ беделі жоғары болуы үшін өз ұлтыңды жан-тәндеріңмен сүюлерің керек», − деп оқытты». Бұл – тілшілердің тырнақ астынан кір іздеп, Тоқпановты қалайда ұлтшыл етіп көрсетулерінің амалы. Иә, профессордың студенттеріне ұлтын сүю жөнінде айтқанын жоққа шығара алмайсыз. Мұның арғы астарында ұлттың ұйысқан ел болу мүддесі жатыр. Ұлттың басқалардан биік тұруын ауызға алғаны «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген халық даналығына саятын сөзді тілшілердің көпе-көрінеу бұра тартқаны қалай? «Огни Алатау» газетіне жарияланған осы мақаладан кейін ОК идеология бөлімінің қызметкерлері мен құқық қорғау органдары Тоқпановтың соңына шам алып түсті. Тіптен қалалық прокуратура тергеушілері пәтерін тінтуге барғанда Тоқпанов адуын мінез көрсетіп, арам пиғылдарын жүзеге асырмай тастаған. Бірақ батырға да жан керек. Өзін-өзі қорғау үшін республика басшылығынан бастап, талай одақтық лауазымды тұлғаларға шағым хаттарын да жолдап, әділдік үшін күрес жолына түсті. «Правда» газетінің Бас редакторы жолдас В.Г. Афанасьевқа, Қазақ КСР Халық әртісі және Қазақ КСР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Асқар Тоқпановтан. 1939 жылы А.В. Луначарский атындағы ГИТИС-тің режиссерлік факультетін тәмамдадым. Менің шығармашылық қызметімде, 1939 жылдан бастап, қазақ сахнасында В.Шекспир, Ф.Шиллер, А.Н. Островский, Н.В. Гоголь, Н.Погодин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов және республикадағы басқа да драматургтердің пьесалары бойынша 73 спектакль сахналанды. Мен қазақ ұлтының ұлы ағартушылары Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлихановты республикамыздың сахнасында алғашқы болып бейнеледім. 1970 жылы В.И. Лениннің 100 жылдығына орай мен өзім актер ретінде В.И. Лениннің рөлін сомдаған Н.Погодиннің «Кремлевские куранты» атты пьесасы негізінде спектакльді сахнаға алып шықтым. 1955 жылы Құрманғазы атындағы Өнер институында режиссерлік және актерлік факультетті ұйымдастыруға мұрындық болдым. Соның негізінде Алматы мемлекеттік Театр және өнер институты ашылды. Оқытушы ретінде республика театры үшін көптеген актерлер мен режиссерлерді тәрбиеледім. Олардың арасында 4 КСРО Халық әртісі, 10 Қазақ КСР Халық әртісі, 10 Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі және 20 республикаға кеңінен танымал әртісім бар. Менің шәкірттерім, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық театрынан бастап, республиканың 8 театрында бас режиссерлер, директорлар, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы режиссерлерімен, радио-телевидениеде, сондай-ақ Алматы мемлекеттік театр және өнер институтының кафедра меңгерушілері, оқытушылары болып жұмыс істейді. Менің тарапымнан А.П.Чеховтың «Иванов», «Чайка», А.Н.Островскийдің «Правда хорошо, а счастье лучше», М.Горкийдің «Фома Гордеев», Г.Ибсеннің «Норма», А.Сафроновтың «Стряпуха», «Стряпуха замужем», А.Салинскийдің «На летней прогулке», атты пьесаларын қазақ тіліне аудардым. 2 пьеса «Плешивый мальчик», «Хвастовство – не к добру», сонымен қатар менің өз тарапымнан (1969) «Жизнь на сцене», (1976) «По сей день» атты кітаптар жазып, жарыққа шығардым. Ал 1986 жылы жазып бітірген «Стержень моей жизни» атты кітабым баспадан шыққан жоқ. Кітаптың жарық көруіне Қазақстан Компартиясы ОК Мәдениет бөлімінің меңгерушісі, жолдас К.С. Ысмайлов тыйым салды. Қазақстан театр қауымдастығының II құрылтайында мен оның жұмысындағы кемшіліктерді сынға алдым. Құрылтай жұмыс күнінің екінші жартысында Компартия ОК идеология жөніндегі хатшысы, жолдас З.К. Камалиденов қызметінен кетті, мен оның республикамыздың театр жұмысының кемшіліктерін көзбен көріп, өз құлағымен естіп кетуі керек болғанын айтып, үлкен өкінішпен сөз сөйледім. Жолдас Ысмайлов және Қазақ театрлар одағының төрағасы жолдас Мәмбетов мені президиум мүшелігіне де, Мәскеуде өтетін съезд делегатына да, Басқарма хатшылығына да бекіткен жоқ. Менің кәсіби режиссер және оқытушы ретіндегі жарты ғасырлық жұмыс тәжірибем оларға керек емес. Торғай театрындағы «Қыз Жібек» спектаклі жайлы «Лениншіл жас» газетіне жазған мақалама тыйым салды. Қандай негіз бойынша? Не себептен? Және бұл біздің демократия үшін, жариялылық үшін күрес кезімізде болып отыр. Біздің еліміздің барлық азаматтары қайта құруға белсенді қатысуда, шығармашылық бастамаларын көрсетуде, ал неліктен бұл тұрғыда мені жоққа шығарады? Неге маған тыйым салынады? Егер, тіпті партияда болған күннің өзінде, мен азамат ретінде, маман ретінде бұған құқығым жоқ па? Жоғарыда келтірілген менің барлық жұмыстарым негізінде, жолдас Ысмайлов және Қазақстан Компартиясы ОК парткомиссия төрағасы жолдас А.К. Мұхамбетов тарапынан маған қарсы 1945 жылдан, қазіргі күнге дейін қарсы «материалдар» жинаған. Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына байланысты мені шындыққа сәйкес келмейтін Д.А. Қонаев, К.М. Аухадиев және А.Қойшымановтың «қамқорлығында» болған деп көрсетеді. Олардың маған таңған барлық айыптаулары биылғы жылдың 29 қыркүйегінде «Огни Алатау» газетіне жарияланған. Республика Компартиясы ОК үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі жолдас А.А. Устинов менен сол газет арқылы студенттер мен актерлерді ұлттық бағытта тәрбиелеудегі «жіберіп алған кемшіліктеріме өкінемін» деп жазуымды сұрап отыр. Мен мұндай жөнсіз айыптауға үзілді-кесілді қарсылығымды білдіремін! Мен – табанды маркстік-лениндік, пролетарлық интернационалист ретінде ешқашан да ұлтшыл болмағанымды және болмақ та еместігімді мәлімдеймін. Бұл айыптаулар желтоқсан оқиғасын ұйымдастыруға белсенді қатысқандығы үшін 4 жылға сотталған, Алматы мемлекеттік театр және өнер институтының актерлік факультетінің бұрынғы студенті К.Айтмұрзаевтың сотта берген «куәлігі» негізінде маған таңылуда. Бұған қоса, МҚК тергеушісі Қасымқанов менің бұрынғы студентім А.Қанетовті маған қарсы жалалы хаттамаға қол қоюға қинағаны маған белгілі болды. Яғни, мен 1986 жылы 16 желтоқсанда институтқа дәріс беруге келіп: «Д.А. Қонаевты қызметінен алып, орнына орысты қоймақшы» деп айтыппын-мыс». Бұл мүлдем шындықпен жанаспайтындықтан ол қол қоюға табанды түрде қарсы болған. Маған қарсы куәлік беруші келесі адам 1983 жылы институт ректоры қызметінен алынып, қабылдау емтихандарында ережені бұзған және мемлекет қаржысынан 31 мың сом ақшаны көкке шашқан Ғ.Жанысбаев. Ол сәтсіз театршы, жалған доцент. Ректорлық қызметтен кетсе де, институтта қалып, актерлік шеберліктен дәріс беруге ешқандай да құқы жоқ екенін сол кезде-ақ ашық айтқанмын және қазір де мәлімдеймін. Мен Алматы мемлекеттік театр және өнер институты ұжымының Халықтық бақылау комиссиясының төрағасы ретінде 1983 жылы «ректорлық» қызметтерінен босатылған Ғ.Жанысбаев пен С.Дорденовтің қылмыстық іс-әрекетін әшкереледім. Олар лайықсыз қызметкерлер деп танылып, бүгінгі міндеттерінен де алынған. Сондықтан Ғ.Жанысбаевтың мені жеккөруіне негіз бар. Әрине, біздің уақытта, елімізде әділетті сынның соңынан қууға мүмкіндік бар?! Құрметті, Виктор Григорьевич! Сізден шындықты қалпына келтіруге және жасым келуіне байланысты (72 жас) еркін жұмыс істей алмайтын себебімнен менің бұрынғы атымды қалпына келтіруге, менің ісіммен айналысуға «Правда» газетінің тілшісін жіберуіңізді сұраймын. Мені қазір жазып жатқан кітаптарымның тағдыры алаңдатады. Бұл республиканың ұлттық театрына арналған К.С. Станиславскийдің «Актердің өз-өзімен жұмыс жасауы» кітабының I және II тарауы, «Режиссердің жұмысы туралы» атты еңбектерінің қазақша аудармасы. Бұл кітаптар республиканың болашақ актерлері мен режиссерлерін тәрбиелеуге қажет екендігіне көзім жетеді және бұлар жарыққа шықпай қалса, өте өкінішті болады! Мен шындығында өз өмірімді шынайы сеніммен Қазақстанның театр өнеріне арнадым. Құрметпен Тоқпанов Асқар 22 қазан 1987 жыл» Профессор Тоқпановтың бар шындықты ақтара жазған бұл хатының анық-қанығына жету үшін «Правдадан» келген тілші болмады. Осы орайда Сәбит Оразбаев айтқан мына бір жәй еске түседі. «Бір жолы Қаратай Тұрысовтың үйінде Димекеңмен дастарқандас болдым. Сол отырыста Димекең: «Мен Мұқағалидың дарынды, мықты ақын екендігі жайында кезінде білмедім», − деп шынын айтты. Сол жерде Асанбай Асқаров: «Димаш Ахметұлы, Орталық Комитетке көбіне қызып жүретін, ішіп жүретін адамдардың жақсы атынан гөрі жаман аты бұрын жетеді ғой», − деді. Асекең де тура сондай болған. Жоғары жаққа оның кәсіби мамандығы, ұлттық өнерге сіңірген еңбегінен гөрі мінезінің шатақтығы бұрын жетіп жатқан. Егер оған үлкен атақ берілер болса, сол сәтте-ақ Мәскеуге арыз қарша борайтын еді». Бәлкім «жығылғанға жұдырықтың керімен» Афанасьевтің алдына Тоқпановтың жаулары жазған қаралау хаттары бұрын жеткен болар. Шындықтың шырайын шығарады деп үміттенген «Правдадан» қайыр болмаған соң Тоқпанов КОКП ОК Бас хатшысы Михаил Горбачевтың, Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Геннадий Колбиннің аттарына да осы мәндес хаттар жолдаған. Колбиннің қолында МҚК қызметкерлері «ұлтшыл» деп таңбалаған бір топ күдіктілердің тізімі бар еді. Солардың ең басында Тоқпанов тұрса, Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушылардың кімдер екендерін біле алмай қаны қарайып, кімге ауыз саларын білмей дал болып отырған Колбин оның шындық үшін шырылдап шарқ ұрғанын қайтсін?!. «Қазақстан Коммунистік партиясы ОК бірінші хатшысы жолдас Г.В. Колбинге, Қазақстан Компартиясы ОК бюросының барлық мүшелеріне және Коммунистік партия ОК ісіне кандидат жолдастарға: С.К. Құбашевқа, С.Мұқашевқа, З.К. Камалиденовке, М.С. Кәрібаевқа, Л.Дәулетоваға, Л.П. Рыбниковқа, В.М. Мирошниковқа, Э.Х. Гукасовқа. Көшірмесі: Қазақстан КСР Жоғары және орта арнайы білім министріне және Алматы қалалық партия комитетіне. Қымбатты жолдастар! ...Менің тарапымнан әрбір жеке қойылымдар мен актерлік және режиссерлік шеберліктерге тоқталған, театр өнерінің маңызды мәселелеріне арналған 100-ге жуық мақалалар жазылды. Мен үш кітаптың авторымын. ...Бар саналы өмірімде шәкірттерге, қызметтестеріме және өзіме қатал қарадым. Мүмкін менің осы бір қасиетім үшін институттың халықтық бақылау тобына төраға қызметіне ұсынған болар. Ректор Дорженов пен партбюро хатшысы жолдас Диденко бұл қызметке басқа адамды қойғысы келгенімен, оған қарсы орталық топтың 17 мүшесі Тоқпановқа дауыс берді. Менің бар өміріме негіз болған сөз – В.И. Лениннің «Ең дұрыс саясат – ұстанымы бар саясат» деген сөзі. Жақында институттың халықтық бақылау тобы Алматы мемлекеттік театр және өнер институтындағы көптеген заңсыз істерді ашты. (Анықтамасы бар). Тамыр-таныстық, тазалыққа мән бермеушілік, қаржы ысырапшылдығы фактілері анықталды. Қаржы көлемі айтылды және ол аз емес! 31000 және 4800 сом. Олардың аты-жөндері де ашып айтылды: Жанысбаев, Наурызбаев, Сегізбаев, Дорженов, Ривинов. Бұл адамдар тексеруді халықтық бақылау тобы атқарғанын ұмытып, кектерін бір ғана жанға, төрағасы Тоқпановқа бағыттады! Қалайша оның қоғамды «тазалауға» дәті барды? Міне, бұл – кек. Тоқпановтың адресіне бағытталған дәйексіз, жалақорлық айыптаулар Қазақстан Компартиясы ОК-ге келіп түсіп жатыр. Менің өмір тарихымды зерттеген партиялық бақылау қызметкерлері Тоқпановқа қосымша табысынан партия мүшелігінің жарнасын төлемеген деп отыр. Мен бұдан 4 жыл бұрынғы өткен қателіктерімді кімнен жасырып қалыппын?.. «Ештеңе жасамаған адам ғана қателеспейді». Мен жас кезімдегі әр қателігіме, әрбір қимылыма өтем-жаза алғанмын. Бірақ партия Заңға тура келмейтін сол қателіктеріме қайтадан жаза тағайындай ма? Бұрынғы жазалардың ресми органдар арқылы алынғандығы аздық ете ме? Оның үстіне партиялық бақылау комиссиясының қортындысында менің «Отан», «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» т.б. жоғары наградалармен марапатталғаным туралы ешбір мәлімет көрсетілмеген. Мұны қалай түсінуге болады?.. Жуырда ғана партиялық ұйым, жергілікті комитет, ректорат коммунист Тоқпановты марапаттау жайлы мәселе көтеріп, кенеттен жеке іс қозғағаны қалай? 1987 жылдың 13 ақпанында, мен қызмет ететін институттың ашық партия жиналысында Қазақстан Компартиясы ОК жанындағы партиялық бақылау комиссиясының шешімімен мені партия қатарынан шығаруға тырысты. Маған өзімді қорғауға бір ауыз сөз берместен, шешім дауыс беру арқылы шығарылды. 19 дауыс – шығаруға, 13 дауыс – тіркеу картішкесіне қатаң сөгіс енгізуге қол көтерген. Екеуі – қалыс қалған. Менің әріптестерім партияға лайықты әрекет жасады ма? Мұның әділетсіз аяқ алысы не менің шәкірттерімнің, не әріптестерімінің, не қызымның, не өзімнің қатысуыма рұқсат бермегенінен көрініп тұрған жоқ па? Мені жақтаған барлық әрекеттерге шектеу қойылып, маған қарсы сөйлегендерге тіпті регламент те белгіленген жоқ. ...Шынында мен қызба, кейде тіпті дөрекі боламын. Одан іштей арылуды көздеймін. Бірақ, шыны керек, 72 жыл өмір сүріп, жарты ғасыр театрда қызмет ету барысында тағдыр мені түрлі адамдармен кездестірді. Түрлі адамдармен!.. Айыптымын, кешірім сұраймын! Салмақты, ұстамды болуға тырысамын. Үйренуге міндеттімін. А.Тоқпанов», – деп шырқырады тағы да Асқар аға. Театр факультетінің деканы Аман Құлбаев: «...1986 жылдың ылаңында қазақ зиялылары жаппай қуғын көріп, қудаланып жатқан кезде Асқар Тоқпановтың ісі институттың партия жиналысында қаралды. Күн тәртібін талқылай бастадық. «Асқар Тоқпанов «Желтоқсан оқиғасына» тікелей қатысты, яғни студенттерді жинап, көтерілісті құптап уағыз айтқан...». Содан мінберге шығып сөйлеушілер оның тек көлеңкелі жағын, мінезін, тәкаппарлығын, студенттер мен ұстаздарды және институт қызметкерлерін «ұстаздық этикаға» жатпайтын сөздермен балағаттауларынан шаршағандарын айтып, партиядан шығарылсын деген ұсынысты ортаға салды. Бір кезде институт партия ұйымының хатшысы В.Диденко: «А что скажет декан факультета? Ведь самый большой факультет театральный же?» − дегені. Мен мінберге көтерілдім. Төс қалтамда партбилет, оны жан қалтаңа салсаң да пәлеге қаласың. Ол «Құраннан» да жоғары болып есептелген кез ғой. Асқар ағаның мінезінің бар екенін, бірақ жастарға деген қатыгездігі мамандықтан тысқары жағдайда – пікірталаста ғана болатынын айта келіп: «Асқар Тоқпанов является основоположником театрального факультета, так же основателями считается Рабига Мукаева и Галина Юрьевна – трое они мои учителя, я их уважал, уважаю и буду уважать! Этот партийный билет я получил благодаря рекомендациям этих людей... Если один из этих людей не будет являться членом партии, то как я буду носить этот партийный билет?! Поэтому я против исключения из партии профессора, Народного артиста Казахстана Аскара Токпанова!» − деп мінберден түстім. В.Диденко орнынан ұшып тұрып: «Ну, Аман Бекенович, в уставе нет такого параграфа, что из-за рекомендуемого наказание должны нести члены партии!» − деп түсініктеме жасап, өкпесін білдірді. Содан дауысқа салғанда шығаруға қарсы жағы жеңіп тұрса да қарсыластар жағына қалыс қалғандардың санын қосып, Тоқпановты партиядан шығару жөнінде шешім қабылдады. Сол партбилет бүгінде әр азаматтың, әр үйдің керексіз, елеусіз затына айналды», – деп өткенді еске алған. Колбин басшылыққа келіп, Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастармен бірге ұлтының болашағын ойлаған зиялылар да қудаланып, ел басына күн туған шақты өз мақсаттарына пайдаланғандар Тоқпановқа буынсыз жерден пышақ ұрып, оны жардан итеріп жіберуге қаншама рет әрекеттенсе де, арам пиғылдары іске аспады. Шындықтың жолы шырғалаң. Кеңестік өмір сүру салтының қалыбына сыймаған Тоқпанов бұдан кейін қоғамдық сананың да өзгере бастағанын сезіп, бұрынғыдай әділдік іздеу жолына түсуден бас тартты. Сонда да басынан сөз асырып, өзгені басындырып көрген жоқ. Жауларының бетіне тік қарап, тік жүріп, 1994 жылы өмірден өтті. Асқар Тоқпановтың: «Дананы дана ғана ұғады, палуанды палуан ғана жығады, лайланған су тұнады», – деген ұлағатты сөзі бүгінде шәкірттерінің аузында жүр. «Жеті жылдан соң ғана басын қарайтудың орайы келді», − дейді Құлбаев. Алматыдан көше аты беріліп, Өнер академиясының алдына ескерткіші қойылды. Шіркін-ай, Астанадан, республиканың басқа да қалаларынан көше аттары берілсе, бұл өнерге деген үлкен құрмет болар еді...