Күн электр стансалары көптеп тұрғызылмақ

Күн электр стансалары көптеп тұрғызылмақ

Күн электр стансалары көптеп тұрғызылмақ
ашық дереккөзі
246
Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылғалы бері еліміздің өңдеуші өнеркәсіп саласында еңбек өнімділігі мен өндірілген өнім көлемі айтарлықтай артып, бұл өз кезегінде өңірлердің экспорттық мүмкіндігінің кеңеюіне жол ашты. Алыс-жақынмен алыс-берісі көбейген аймақтардың экономикалық әлеуеті артып, әлеуметтік жағдайы жақсара түскенін аңғаруға болады. Бағдарламаның игілігін көріп отырған Қарағанды облысының бүгінгі жағдайы сөзімізге дәлел бола алады. Бүгінде ел экономикасының 10 пайызы – көмірлі өлкенің еншісінде. Қарағанды облысы республика өңірлері арасында минералды шикізат өндіру және оның қоры бойынша көш басында. Облыстың жер қойнауында 9 млрд тоннадан астам көмір, 3 млрд тоннадан астам мыс кені, 60 млн тоннадан астам марганец және 400 млн тонна мырыш бар. Ұшан-теңіз байлықты игеруде аймақ кәсіп-орындары айтарлықтай нәтижеге қол созуда. Облыс экономикасының барлық бағыттары бойынша өсу көрсеткіштері байқалады. Өндіріс ошақтары технологиялық жаңғырту жұмыстарын белсенді қолға алуда. Елбасы Жолдауынан бастау алған Үшінші жаңғыру мақсаттарына Қарағанды облысында 140 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша аймақ экономикалық дамудың барлық көрсеткіштері бойынша өсімге қол жеткізген. Өнеркәсіптегі өсім 4,1 пайыз болып отыр. Инвестиция көлемі 258 млрд. теңгені құрап, 3,8 пайызға ұлғайды. Облыстағы өндіріс орындары ауқымды жаңғыруға кіріскен. 4 жүйе құрушы кәсіп-орын технологияны жаңартуға 140 млрд теңге салды. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жаңашылдықтар нәтижесінде жыл соңына дейін 4,2 млн тонна болат өндіріп, өндірісті 9 пайызға ұлғайтуды жоспарлауда. Ескірген технологиямен жоғары межені бағындыру мүмкін емесі белгілі. Заманауи технология компанияның бәсекелестік ортада алға шығуына мүмкіндік беріп, барлық процестерді оңтайландыруға жол ашады. Кенді қабылдау кезеңінен бастап, дайын болат алуға дейінгі аралық 3 мың құрылғымен бақыланады. Яғни, құрылғылардың мәліметі бойынша өндірісті сандық басқару жүйесі тиімді шешім шығарады. «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС-де өндірісті жаңғырту үстінде. Компания гидрометаллургия технологиясын енгізуде. Биыл кәсіпорын 320 мың тонна мыс өндіріп, былтырғы жылмен салыстырғанда 6 пайызға артық көрсеткішті бағындыруды көздеп отыр. Сондай-ақ, «Шұбаркөл Көмір» АҚ тау-кен көлігі кешенін басқаратын «Ақылды карьер» жүйесін қолға алуда. Кәсіпорын өнім көлемін 11 млн тоннаға ұлғайтып, көмірді толыққанды өңдеуді бастады. Қарағанды облысында сырттан инвестиция тарту бағытында да толағай істер жасалуда. Бұл үшін аймақтағы бизнес-климатты жақсартуға көңіл бөлінуде. Арнайы инвестициялық стратегия құрылды. – Облыста жобалық сүйемелдеу жұмысы іске асырылады. Яғни, біздің мамандар инвесторға келіссөз кезеңінен бастап, өндіріс іске қосылғанша көмек көрсетіп, сүйемелдейді. Қазір біз нарықты, шикізат базасын, сұранысты егжей-тегжейлі зерттедік. 1 трлн теңгеден астам соманы құрайтын 80 тауарлы жаңа жобаларды дайындадық. Аталған жобаларды инвесторлар назарына ұсынамыз, – деді жуырда Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Ерлан Қошанов. Келешекте бірнеше ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. 2018-2020 жылдарға жоспарланған жобалардың қатарында қуаттылығы – 100 МВт, құны – 55 млрд теңгені құрайтын күн электр станциясы, патрон зауытының құрылысы, құны – 64 млрд теңге болатын қорғасын концентратын өндіретін тау-кен-байыту комбинатының құрылысы бар. Бүгінгі таңда Қарағанды аймағында шетелдік инвесторлардың қатысуымен жиырмаға жуық жоба әзірленуде. Бұл жаңа инвесторлар облысқа инвестициялар тартудың жылдық көрсеткішін 1 млрд доллар көлеміне жеткізуге мүмкіндік береді. Шағын және орта бизнес ел тұрмысын көтерудегі басты салаға айналуда. Облыстағы экономикалық белсенді тұрғындардың үштен бір бөлігі осы салада еңбек етеді. Қазіргі уақытта кәсіпкерлік нысандарындағы өндіріс көлемі 20 пайызға артты. Кенді аймақта «ЭКСПО» көрмесінде ұсынылған жобалардың қолдау таба бастағаны қуантады. Мәселен, фин технологиясы негізінде қоқыс өңдеу зауытының құрылысы қолға алынбақ. – «ЭКСПО-да» ортаға салынған технологиялардың ішінен Қарағанды облысында 31 жоба әрі қарай зерттеліп, енгізу үшін іріктеп алынды. Мысалы, Қарағанды үшін қоқысты өңдеудің оңтайлы технологиясын іздестірген едік. Барлық жобалардың арасынан фин ғалымдарының зерттемесін таңдадық. Ол қоқысты қалдықсыз өңдеуді қарастырады. Қазір қалалық коммуналдық қызмет қоқыс өңдеу зауытының құрылысын бастау мүмкіндігін қарастырып жатыр, – дейді облыс әкімі. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері де бірқатар жобаларға қызығушылық танытып отыр. Нақты айтқанда, екі шаруашылық жаңашыл су үнемдеу технологиясын енгізуге бел буып отыр. Облыста қайта жаңартылмалы энергетика көздерін дамыту шаралары жүзеге асуда. Әзірге, өңірдегі жаңартылмалы энергия көздері жылына 4,6 млн. кВт/сағ. қуат береді. Дегенмен бұл жаңа ауқымды істің бастауы екені анық. Келешекте бұл көрсеткіш арта түседі. Себебі 2020 жылға қарай 6 жаңа «жасыл энергетика» нысандары іске қосылмақшы. Ақтоғай және Шет аудандарында – 40 МВт-тық, Саран қаласында – 100 Мвт-тық үш күн электр станциялары тұрғызылады.

Серіктес жаңалықтары