265
Жамбылда заңсыз пиротехникамен күрес басталды
Жамбылда заңсыз пиротехникамен күрес басталды
Жамбыл облысында Жаңа жыл мерекесіне дайындық басталып кетті. Өңірдегі сауда орындарында пиротехникалық өнімдер саудаға шығарылған. Осыған байланысты облыстың төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жаңажылдық мерекелерді қалай қауіпсіз өткізуге болатындығы жөнінде Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және сауықтыру қызметі басқармасының бастығы Мақсат Әкімбаев әңгімелеп берді.
«Өрт қауіпсіздігін сақтап, пиротехниканы арнайы сертификаты бар адамдардан алу керек. Саудаға да тек сертификаты бар пиротехникаларды шығаруға рұқсат етілген. Сондай-ақ оларды пайдаланудың қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаулықтары болуы керек. Пиротехниканы өзге тауарлармен бірге сақтауға болмайды. Ал 14 жасқа дейінгі және мектеп оқушыларына жарықтандырғыш және қатты дыбыс шығаратын пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға мүлдем тыйым салынады»,-дейді басқарма бастығы.
Оның сөзінше, пиротехникалық бұйымдардың бақылаусыз пайдаланылуы өрт оқиғаларына, түрлі дене жарақаттары мен кейде тіпті кісі өліміне де себепкер болып жатады. Бұл әсіресе жасөспірімдерге қатысты айтылатын сөз. Жыл сайын қыс мезгілі келісімен пиротехникалық бүйымдарды сату жұмыстары басталады және бұл өнімдердің көпшілігі арнайы серттификаты жоқ нағыз контрафакті болып табылады.
«Департамент өкілдері тұрғындармен 260 кездесу өткізіп, арнайы естелік қағаздар мен брошюралар таратты. Біз сонымен қатар пиротехникалық өнімдер сатылатын сауда орындары мен базарларға рейд жүргіземіз. Рұқсаты жоқ өнім табылса, оны қолданыстан аламыз. Жаңажылдық мерекелер ешқандай қиындықтарсыз шын мәнінде қызықты өтуі үшін Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері жаңажылдық мерекелерді ұйымдастыруда қойылатын талаптарды белсенді түсіндіруде»,-деді Мақсат Әкімбаев.