355
Өмірге құштар жанды қуантты
Өмірге құштар жанды қуантты
«Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасының мүмкіндігі шектеулі жандарға тигізер шапағаты мол. Жобаның игілігін көргендердің бірі – Алматы қаласының тұрғыны, ІІ топтағы мүгедек Ерсенбек Оспанов. Ол қоларбасыз қозғала алмайды. Үйіне кіріп-шығуға қиналып жүрген азамат жуырда «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының қоғамдық қабылдауына арнайы хабарласып, үйінің кіреберісіне пандус орнатып беруді сұраған еді. Кезінде үйді салған құрылыс компаниясы пандус орнатуды ұмыт қалдырған көрінеді.
Азаматтың өтінішін орындау ниетінде партияның Жетісу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Әлбисенов демеушілермен, құрылыспен айналысатын мекемелермен келіссөз жүргізіп, әртүрлі жобалар қарастырды.
Ақырында Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Азиз Зияевпен байланыс орнатылып, жер өлшемдері жасалып, мүгедек азаматтың жүріп-тұруына қолайлы жағдайды ескере отырып, үйдің кіреберісіне пандус орнатылды.
Ерсенбек Сәбитұлы 1947 жылы Семей қаласында дүниеге келген. ҚазПТИ-ды бітіріп, Королев қаласында кеңес армиясы қатарында болған. Самбодан спорт шебері. Ұлы мен қызы, немересі бар. Жұбайы – дәрігер.
Ол – Семей полигонының зардабын тартушылардың бірі. Асқынған дерт салдарынан 2015 жылы сол аяғын кестіруге тура келген. Осылайша, соғысқа қатысушылармен теңестірілген. Ерсенбек Оспанов – өмірге құштар жан. Ештеңеге мұңаймайды, компьютерді меңгеріп алған. Бұрынғы жора-жолдастарымен, латыш және украин азаматтарымен skype арқылы байланысып тұрады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей полигонын жапқанына әрдайым алғыс айтып отырады.
Жетісу аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің араласуымен қол жеткізген қоларбасы әзірге жарап тұр. Ендігі бір үміті – аяғына протез алу. Қайырымды адамдардан қамқорлық көріп келе жатқан азамат «Нұр Отан» партиясының қолдауына ризашылығын білдірді.