Туризмнің тамырына қан жүгірту керек

Туризмнің тамырына қан жүгірту керек

Туризмнің тамырына қан жүгірту керек
ашық дереккөзі
«Нұр Отан» партиясы Қазақстанға келетін шетелдік саяхатшылар үшін қызықты туристік өнімдер даярлауды ұсынды. Бұл туралы «Зерде» сараптама клубының отырысында партия хатшысы Фархад Қуанғанов мәлімдеді. – Таяуда Германияның туризм саласындағы ең ірі TUI Group компаниясының президентімен кездескен едім. Сол кезде ол Қазақстандағы аталған саланың олқы тұстарын нақты айтып берген болатын. Неміс маманының айтуынша, бізде туристік өнімдер жоқ. Расымен, бұл – біздің елдегі осы салаға қатысты басты мәселе. Яғни, бізге сапалы туристік өнімдер қажет, – деді партия хатшысы. Сондай-ақ, Ф.Қуанғанов бұл істі қолға алу үшін алдымен екі іске ерекше мән беру керектігін тілге тиек етті. Атап айтқанда, туристік өнімдердің стандарты мен оларды тіркеу жөніндегі мемлекеттік қызметтердің стандартын дайындап, бекітуіміз керек. Осы ретте оларды дайындау кезінде бірден ірі туристік операторлармен бірлесіп жұмыс істеудің берері мол болмақ. Себебі олар жұмыс барысында шетелдік тәжірибелерге сүйеніп, нақты талаптар мен міндеттерді айқындауға септігін тигізеді. Тек осындай стандарттарды қабылдағаннан кейін ғана аз уақыттың ішінде туристік өнімдерді тіркеуге мүмкіндік тумақ. – Бұл қай кезде де аса маңызды сала болып саналады. Оның үстіне, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында алдымызда ішкі және сыртқы туризмді дамыту міндеті тұр. «Нұр Отан» партиясы мен атқарушы билік органдарының әкімшілік ресурстарын тиімді пайдаланып, осы бағытпен жұмыс істесек, келесі жылдың соңына дейін еліміздің әр өңірінде туристік өнімдердің қажетті көлемін тіркеуді қамтамасыз етуге болады. Осылайша Қазақстанмен жұмыс істеуге қызығушылық танытып жүрген шетелдік ірі туристік компаниялармен келіссөздер жүргізуге жағдай жасаймыз. Егер туристік өнімдердің тұтас шоғырын қалыптастырсақ, бұл мүмкіндікті жүзеге асыруға жол ашылады. Осыған орай біз аталған мәселе бойынша алдын ала кездесулер ұйымдастырып, партия қабырғасында да талқылаулар өткіздік. Соның нәтижесінде еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетіне «Қазақстанның 100 туристік өнімдері» бірлескен жобасын қолға алуды ұсынамыз, – деді Ф.Қуанғанов. Сонымен қатар, отырыс барысында Қазақстан туристік қауымдастығының президенті Роза Асанбаева сөз алып, еліміздің туристік әлеуетін дамыту ісінде мемлекет тарапынан атқарылған жұмыстарға көңілі толмайтынын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, таяуда құрылған «ҚазақТуризм» ұлттық компаниясы қажетті деңгейде қаржыландырылмай отыр. Тіпті компанияның барлық бюджеті атақты CNN телеарнасында көрсетілетін еліміз туралы бір промо-роликтің құнын да жаба алмайтын көрінеді. «Нұр Отан» партиясы Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Юлия Кучинская да осы мәселеге назар аударды. Ол өз сөзінде «Даму» қорының қаржыландыруына қарамастан туризм басым бағыттардың қатарынан табылмай отырғанын қынжылыспен атап өтті. Сондай-ақ, Ю.Кучинская туристік саладағы жұмыстар туралы ресми деректердің мүлдем жоқ екенін де қатысушылардың назарына салды. Жиынға қатысушылар Қазақстанда әлі де болса туризм саласы лайықты деңгейде дамымай, ЖІӨ-нің өте аз пайыздық мөлшерін ғана құрап отырғанын айтты. Ал кейбір посткеңестік елдерде бұл көрсеткіш аса жоғары үлеске ие. Мәселен, Грузияда ЖІӨ-нің 27 пайызын туризм құрайды. Одан бөлек, отырысқа қатысушылар туризмнің ел экономикасын дамытуға ерекше серпін беретінін айтып, дамыған мемлекеттерде 30 турист 1 жұмыс орнын құрайтынына назар аударды. Бұл дегеніңіз, осы бағыттағы жұмыстың әлеуметтік жағынан да аса тиімді екенін көрсетеді. Сондықтан Қазақстанда туризмді дамыту үшін жаңа, тың бастамалар ауадай қажет. Жиын соңында партия өкілдері мемлекеттік органдарға өз ұсыныстарын жолдады.