585
Тілі бір елдің – тірлігі бір
Тілі бір елдің – тірлігі бір
Тіл – ұлт пен ұлысты ұйыстырушы, ауызбірлікті арттырып, жатты туыс етіп, алыстағыны жақындататын тылсым күш. Тілі бір елдің – тірлігі де бір. Мемлекетті жаңғырту үшін ең әуелі оның тілін түлетіп, руханиятын тірілту керек. Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсаты да – осы. Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз етуге жол ашатын бағдарлама еліміздің барлық өңірінде қарқынды жүзеге асырылуда. Әсіресе, Қарағанды облысындағы нәтижелер көңіл қуантарлық.
Жуырда Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Г.Х. Қаңтарбекованың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы жөнінде кеңейтілген отырыс өткен болатын. Отырыс жұмысына облыстың барлық өңірлерінің тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен тілдерді оқыту орталықтарының директорлары қатысты.
Жиын барысында облыс тұрғындарына қазақ және ағылшын тілдерін оқыту, мемлекеттік қызметшілерді және мемлекеттік қызмет көрсетуші ұйым қызметкерлерін қазақ тілін білу деңгейін анықтау жүйесі болып табылатын ҚАЗТЕСТпен қамту, Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңының көрнекі ақпарат пен жарнаманы 21 бапқа сәйкес орналастыру қажеттілігі жөніндегі талабын орындау жұмысы, ономастикалық кеңістіктегі жағдай талқыланды. Сонымен қатар, қазан айында облыстың 9 өңіріне көрсетілген әдістемелік көмек қорытындылары шығарылды.
Жалпы, 2017 жылдың 9 айында 6 оқыту орталығы мен курстарында мемлекеттік тілді 1688 адам оқыған, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,5 пайызға жоғары. Ағылшын тіліне 981 адам оқыған, бұл көрсеткіш бойынша да 22 пайыз оң динамика байқалады. Егер былтырғы жылы ағылшын тіліне оқыту жұмысы 6 оқыту орталығы мен 5 курста жүргізілсе, 2017 жылдан бастап бұл жұмыс облыстың барлық өңірлерінде қолға алынды.
Мемлекеттік мекемелердің қызметі мемлекеттік тілді ҚАЗТЕСТ жүйесі негізінде орта деңгейде меңгерген мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсету ұйымдары қызметкерлерінің үлесін арттыруға бағытталды. Осы мерзім аралығында барлығы 4547 адам тестіленген.
Жиын барысында атқарушылық тәртіп, соның ішінде Қарағанды облысы әкімі орынбасары мен жетекшілік етуші басқарма тапсырмаларының орындалуы мәселесі ерекше қаралды. Қол жеткен жетістіктер мен мемлекеттік бағдарламаның жергілікті жерлерде орындалу жағдайы жан-жақты талданып, өңірлік бөлім басшыларына алдарына қойылған міндеттерге жауаптылықпен қарау қажеттілігі нұсқалды.
Тілдерді дамыту басқармасының басшысы ҚАЗТЕСТ тапсыруға алдын ала дайындық курстарын, семинар, шеберлік сыныптарын ұйымдастыру, қосымша курстар ашу жолымен мемлекеттік және ағылшын тілін оқушылар санын арттыру, ономастикалық кеңістікті реттеу қажеттілігі және т.б. тапсырмалар берді.
Жиын барысында айрықша назар аударылған тағы бір мәселе – мемлекеттік тілді латын графикасына көшіру мәселесін тұрғындарға түсіндіру жұмыстарының жүргізілу барысы. Аудан, ауылдарды аралап, халыққа жаңа әліпбиге көшудің мән-маңызын түсіндіріп жүрген ақпараттық топ өкілдерінің айтуынша, облыс тұрғындары қазақ тілін латын қарпіне көшіру ісін Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген мақсат-міндеттерді орындауға мүмкіндік беретін маңызды қадам деп есептейді.
«Латын қарпіне көшу – ғалымдар зерделеуінің нәтижесінде жүзеге асты. Алдағы уақытта оның қолданыс аясын кеңейту – ХІХ ғасырдағы ғалым-жазушыларымыздың шығармаларын тереңнен тануға жол ашады», – дейді Қарағандыдағы №23 жалпы білім беретін орта мектептің ұстаздары. Жуырда осы мектепте қалалық білім бөлімімен бірлесіп өткізілген педагогикалық кеңесте талқыланған негізгі тақырып та – латын әліпбиіне көшу жайы. Жиынға қатысқан көпшілік «Латын қарпі – дамудың жаңа сатысы» тақырыбындағы пікірталасқа қатысып, ой қозғады. Латын әліпбиіне көшудегі мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп қоймай, болашағына қолдау көрсету мақсатын көздеді.
Білім ошағының басшысы Нүркен Ашықбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрініс тапқан латын әліпбиіне біртіндеп көшу үрдісін іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
– Қайта жаңғыру заманында латын әліпбиіне көшу – жалпы ел үшін, мәдениетіміз үшін үлкен рухани құбылыс. Халқымыздың бірлік пен мәдениетінің дамуына септігі тиетін дара жолы. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары көптеген сарапшылар латын әліпбиіне көшу мәселесін көтеріп келеді. Алғашқы пікірлер 1926 жылдан бастау алғаны белгілі. Қазақ тіл білімі тарихында 1929 жылы қазақ жазуы ресми түрде латын әліпбиіне көшкен. Сонымен қатар, 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиі қолданыста болған еді. Осы ғылыми тұжырымдарға сүйене отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу саясатын жеке тұлға ретінде қолдаймын. Себебі латын әліпбиіне көшудегі негізгі құндылық – тіл ауыспай, таңбаның ауысуы. Екіншіден, сөзді негізгі дыбыста қалай естісек, солай жазамыз. Сондықтан өзгерістердің тиімді тұстары көп, ‒ дейді №23 мектептің директоры Нүркен Ашықбаев.
Мектеп басшысының айтуынша, реформа болғандықтан, ел тұрғындарының алаңдауы, әр түрлі сұрақтардың тууы заңды. Осыған орай, №23 мектепте қазақ тілі алфавитін латын әліпбиіне көшіру, тіл болашағына қатысты ой тастау мақсатында қалалық әкімдік тарапынан құрылған жоспар негізінде бірнеше шаралар ұйымдастырылған.
Мектеп жиындарына жиі қатысатын Бектұрсын Аманқұлұлы өз сөзінде қазақ тілінің латын қарпіне көшуіндегі басымдықтарын атап өтті. Форумның практикалық бөлігінде педагогикалық ұжым ұсынылған жаңа әліпбидің нұсқасымен таныстыру, латын әліпбиіне көшуде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, болашағына қолдау көрсету мақсатында сынып сағаттарын өткізді. Сөз алған Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің профессоры Алмагүл Әділова латын әліпбиіне көшудегі оңтайлы әдістерге тоқталды. Әлеуметтік желіде орын алған қызу талқылауларды атады.
– Латын графикасымен көптеген классик жазушыларымыздың туындылары, кітаптары жарияланғаны белгілі. Ең алғаш латын графикасына көшу туралы 1993 жылы академик Әбдуәли Қайдарұлы «Латын алфавитінің болашағы зор» деген «Ана тілі» газетінде мақала жариялаған болатын. Содан бергі жиырма бес жылдың көлемінде латынға көшу мәселесі бірнеше рет көтерілді: Елбасы 2006, 2012, 2017 жылдардағы халыққа Жолдауларында әліпби ауыстырудың маңызына тоқталды. Нәтижесінде ортақ шешім шығарылып, латын графикасына негізделген қазақ алфавиті көпшілікке ұсынылды, – дейді.
Профессордың айтуынша, латын графикасына көшу – ұзақ процесс. Соған қарамастан халқымыздың білімділігі, таным-қабілеті латынға еш кедергісіз көшуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда саяси шешім қабылданғанымен, латын графикасына негізделген қазақ жазуының емле, ережесінде өзгерістер болуы мүмкін. Сондықтан жастар үшін латын графикасына үйренудің еш қиындығы болмауы тиіс.
Жалпы жиынға қатысқан мамандардың пікірінше, кез келген тілдің өзгеруінің өзіндік себептері бар. Олардың арасында педагогикалық, ақпараттық, әлеуметтік себептерді бөліп айтуға болады. Қазақ тілін латын графикасына көшіру туралы шешімнің негізі – педагогикалық себеп. Қазақ тілін басқа тілді аудиторияға үйрету, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, төл тіліміздегі әдеби-мәдени мұраларды көпшілікке тарату үшін бізге өркениетті елдердің барлығында дерлік қолданылатын латын қарпіне көшу қажеттігі туды. Форумға қатысқан ұстаздар қауымы реформаның тыңғылықты жүзеге асуына, қоғамның жаңа әліпбиді тез игеруіне қолдан келгенше атсалысуға дайын екендіктерін жеткізді.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде де қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру тақырыбындағы іс-шаралар айрықша назарға алынған. Көптілді оқыту саласында мол тәжірибесі бар, жеткілікті ұйымдық және кадрлық ресурстарға ие аталмыш университет мақалалар жазу, кітаптар басып шығару, лекциялар оқу, көрмелер ұйымдастыру, бағдарламалар жасау арқылы Елбасының мақаласын кеңінен насихаттауға және латын графикасына негізделген мемлекеттік тіл әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізуге тікелей атсалысып келеді. Қазіргі уақытта университет ғалымдары қазақ тілін латын графикасына аударуды ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бойынша жұмыстар атқаруды бастаған.
Жуырда білім ордасының филолог ғалымдары, мемлекеттік орган өкілдері, докторанттар, магистранттар және студенттердің қатысуымен «Қазақ тілін латын графикасына көшіруді ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жиынға Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Г.Қаңтарбекова, Қарағанды облысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жобалық кеңсе басшысы Г.Құрбанбаева, «Нұр Отан» партиясы Қазыбек би атындағы аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Қ.Кәренов, Қарағанды облысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мүшелері Т.Әміртайұлы, ардагер педагогтар О.Сухамберлин, Ғ.Смағұлова қатысты. Қарағандылық зиялы қауым өкілдері жаңа графикалық стандарттың енгізілуінің өзектілігін, қазақ тілін латын графикасы негізінде оқыту әдістемесін талқыға салды.
Тарих факультетінің деканы Г.Смағұлова латын графикасына көшкен елдердің жағдайына тоқталып, мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловтың «…қазақ-қырғыз енді терезесі тең ел болам десе, Күнбатыспен жақындасады», «…телеграф, типография, жазу машинасы сықылды нәрселер үшін қолдануға оңай» деген сөздерін мысал ретінде келтіреді. Демек, сол кездің өзінде-ақ техника талаптарын алдыңғы кезекке шығара сөйлеген дипломаттың латын қарпінің ел дамуындағы рөлінің зор екендігін аңғарғанын көрсетеді.
Сонымен қатар, филология ғылымдарының кандидаттары М.Тұрсынова «Латын әліпбиі – болашақ жазуымыз», Ж.Кадина «Жаңа таңба: талдау – табыс кілті», Б.Қалиев «Заман талабы» тақырыптарында, Қазақстан тарихы және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының Phd докторы А.Жұманова «Кеңес үкіметінің тілдік дамуды орталықтандырудағы іс-қызметі: латын графикасы» тақырыбында баяндамалар оқыды.
– Елбасы қазақ әліпбиін латын қарпіне ауыстыру туралы ұсыныс жасағаны баршамызға мәлім. Сол кезден бастап университетіміздің ғалымдары мен ұстаздары бұқаралық ақпарат беттерінде өздерінің пікірлерін білдіріп, халыққа ұлы көштің тарихи маңызын түсіндіруде көптеген жұмыстар атқарып келеді. Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ғалымдары қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру жолдарын, осы жолдағы ғылыми методикалық түйткілдерді өзге мемлекеттік мекемелермен бірге талқылап, ортаға салып отыр, ‒ деді ҚарМУ-дың бірінші проректоры Рымбек Жұмашұлы.
Қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің тарихи маңызы зор. Ұлы көштің өркениеттік маңызын ескеріп, әліпби ауыстыру кезінде ғылым және білім саласындағы бай мұраны сақтап қалудың тиімді жолдарын көп болып талқылау, ұсыныстарды ортаға салу ортақ мақсатқа қиындықсыз қол жеткізуге жол ашары анық.