1368
Ақтөбеде студенттер тегін тамақтанатын асхана ашылды
Ақтөбеде студенттер тегін тамақтанатын асхана ашылды
Ақтөбелік кәсіпкер студенттер тегін тамақтанатын асхана ашты. Мұнда күніне 300-дей адам ас іше алады. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Студенттік билет арқылы тегін берілетін ас мәзірінде сорпа, макарон, нан, шай мен қант бар. Бір студент бірнеше рет келіп, жүрек жалғаса да шектеу жоқ. Аспаздар күніне екі рет ыстық тағам әзірлейді. Жақын маңдағы жатақханада тұратын студенттер таңғы асты да осы жерден ішіп жүр. Асхана студенттер үшін өте қолайлы жерде орналасқан. Оның айналасында 3 бірдей ірі оқу орны бар.
Тегін астан бөлек мұнда түрлі тәттілер мен ыстық бәліш сатылады. Ақылы тағамдардың да бағасы арзан. Кәсіпкер әр сенбі сайын студенттерге арналған тегін шеберлік сағатын өткізеді. Әр саланың білікті мамандары келіп, дәріс оқиды. Ақтөбеге жан-жақтан келіп, оқып жүрген студенттерді қамқорлығына алған кәсіпкер қайырымдылық шараларын да жиі өткізіп тұрады.
– Студенттердің көбісі сырттан келген. Сондықтан күнде тамақ алып, оған ақша жұмсау артық шығын болады. Осы жерде барлығы қолжетімді. Тегін іше алады. Ал басқа тамақтар алса да, олар қымбат емес, - дейді қайырымды іс жасаған кәсіпкер Гүлжан Байжарқынова.