300
Елбасы қаңтарда АҚШ-қа барады
Елбасы қаңтарда АҚШ-қа барады
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың қаңтар айында АҚШ-қа барады. Бұл туралы бүгін ҚР СІМ вице-министрі Ерлан Ашықбаевпен кездесу өткізген Оңтүстік және Орталық Азия бойынша АҚШ мемлекеттік департаметінің жоғары лауазымды өкілі Элис Уэллс мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Стратегиялық серіктестік аясында АҚШ атынан Қазақстанға келіп отырғаныма шын жүректен қуаныштымын. ҚР Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаевқа алғыс айта отырып, АҚШ Қазақстанға Орталық Азияның ғана емес, әлемдік аренада көшбасшы ел ретінде қарайтынын ерекше атап өткім келеді. Қаңтар айында Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің төрағалығын қабылдар алдында Астанадағы конференция аясында және Вашингтонда біз әріптестерімізбен бірлесе жұмыс жүргізуді асыға күтіп отырмыз. Осылайша, әлемді қауіпсіз ете түсудің жолдарын қарастырамыз. Біз сонымен бірге, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қаңтар айында АҚШ-қа сапарын асыға күтіп отырмыз. Сапар сәтті болар деген сенімдеміз», - дейді АҚШ өкілі.
Оның айтуынша, бүгінгі кездесу барысында бірнеше мәселелер талқыланған.
«Атап айтқанда, Ауғанстан мен Кореядағы шиеленісті реттеу, сонымен бірге ДАИШ-тың біржолата жеңілгеніне көз жеткізу мәселелерін қаузадық. Бүгінгі кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-саттық пен инвестиция, мәдениет пен білім саласында қарым-қатынасты күшейту жолы қарастырылды. Біздің елдеріміздің тілін меңгеру бір-біріміздің мәдениетімізді терең түсінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мен біздің елшіліктің қазақстандықтарға ағылшын тілін үйрену үшін ресурстарды көбейтуді қолға алып жатқанына қуаныштымын», - дейді Элис Уэллс.
АҚШ өкілі, сонымен бірге, Вашингтон Қазақстанды жоғары бағалайтынын атап өтті.
«26 жылдық серіктестік үшін Сіздерге зор алғыс айта отырып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күнін жақсы атап өтулеріңізді тілеймін», - деп түйді сөзін Элис Уэллс.