292
Ұлт саулығы салғырттықты көтермейді
Ұлт саулығы салғырттықты көтермейді
«Нұр Отан» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалында мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша партиялық тыңдау өтті. Саяси кеңес мүшелеріне облыстық Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері есеп берді.
Жиынды ашқан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен денсаулық сақтау саласының тыныс-тіршілігін қадағалау партия үшін ең маңызды мақсаттардың бірі екендігін атап өтті.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуы жөнінде өңірлік іс-шаралар жоспарын әзірлеген-ді. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Әбдірахманова хабарлады.
– Белгіленген іс-шаралардың қай-қайсысы да облыс тұрғындарының денсаулығын нығайта түсуді және өңір халқының орташа өмір жасын 2019 жылға дейін 73 жасқа жеткізуді көздейді. Бұл межеден көрінуге облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жеткілікті. «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген міндет-мақсаттарды орындау үшін 5542,5 млн теңге бөлінді. Осы қаражаттың 5192,3 млн теңгесі республикалық бюджеттен, ал жергілікті қазынадан 350 млн теңге бөлініп, қаржы 100 пайыз игерілді, – деді Г Әбдірахманова.
Ол өз баяндамасында мемлекеттік-жеке әріптестік жобалары бойынша Денсаулық сақтау басқармасы жекешелендіруге және сенімгерлік басқаруға беруге 3 нысан қарастырылғанын тілге тиек етті.
– Бүгінде шаруашылық жүргізу құқығындағы «Облыстық стоматологиялық балалар емханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын жекешелендіруге берілсе, ал «№4 Орал қалалық емханасы» МКК сатып алу құқығынсыз 7 жылға сенімгерлік басқаруға берілді.
Батыс Қазақстан облысының аумағындағы денсаулық сақтау нысандарының материалдық техникалық әлеуетін жақсарту үшін биыл 19 медициналық мекемеге күрделі жөндеу жүргізілуде.
Бірінші қазанға дейін 113 медициналық техника сатып алынды. Жыл соңына дейін 21 дана санитарлық автокөлік сатып алу жоспарланған. Тек биылдың өзінде облысқа 43 жас маман келсе, солардың 31-і аудан-ауылдарға жол тартып, еңбек жолдарын бастаған.
Дәрігерлердің тапшылығын мүмкіндігінше азайту үшін кардиология, отоларингология, офтальмология, неврология, рентгенология, сәулелі диагностика және басқа да мамандықтар бойынша кадр даярлау жоспарлануда. Мәселен, медициналық мекемелер есебінен жастарды оқыту жолға қойылмақ. 2017 жылы облыс әкімі жоғары медициналық оқу орындарында оқу үшін жергілікті жастарға 24 грант бөлді.
2017 жылдың қазан айында оқу-клиникалық орталығы ашылды. Бұл мекеменің ең басты міндеті – облыс тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету үшін жергілікті қызметкерлердің білім-білігін арттыруға қызмет ету.
Жиын соңында облыс халқының денсаулығын нығайта түсу үшін Батыс Қазақстан облыстық білім, спорт және денешынықтыру басқармаларымен, қоғамдық денсаулық сақтау департаментімен, аудан әкімдері және Орал қаласының басшылығымен басқа да мемлекеттік құрылымдармен мекемеаралық іс-шараларды жүйелі жолға қойып, жетілдіре түсу мәселесі де сөз болды.