553
Егемендіктің жемісі – Тәуелсіздіктің тартуы
Егемендіктің жемісі – Тәуелсіздіктің тартуы
Тәуелсіздік – қазақ халқы үшін ең басты құндылық. Талай уақыт тізгіні өзгенің қолында болған қазақ елінде азаттықтың ақ таңы атуы үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбек сіңіргені айтпаса да түсінікті. Елбасы мен Тәуелсіздік ұғымы егіз дейтініміздің де сыры осында.
Қазақ халқы тарихтың талай бұралаңынан өтті. Не көрмеді, неге көнбеді?! Еркіндікті аңсады, азаттықты көкседі. Басымызға бақ қонған сәттер де, бағымыз тайып, сағымыз сынған сәттер де тарих парақтарына жазылды. Қилы кезеңдер де, зар замандар да қазақ жұртының басынан өтті. Бірақ ешқашан ұлттық намысты ұмытпады. Ұлт мүддесін жадынан шығармады. Қазақтың қанына сіңген қайсарлық, жігерлілік, ұлтжандылық елімізге егемендікті сыйлады. Ел еңсесін көтерді, туын тіктеді.
Елдің тәуелсіздігін, тарихын, бір тудың астына біріккен сан түрлі ұлт пен ұлыстың тағдырын мойнына артқан Мемлекет басшысының елді тура жолға, дамудың даңғыл жолына бастайтынына барша халық сенді. Және сенім толық ақталды. Оған Қазақстан Республикасының көк туы желбіреген 26 жыл ішінде жеткен жетістігі, экономикамыздың дамып, әлеуетіміздің артқаны, білім мен ғылым саласының өрістеуі дәлел. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ елінің жаңа астанасын тұрғызу туралы арманын ақиқатқа айналдыруы да тарихымызда таңбаланған маңызды сәт. Сөйтіп, Астана – жаңа дәуір шаһарына айналды.
Азаттыққа қол жеткізген алғашқы сәттерден-ақ Мемлекет басшысы ел бірлігі мен ұлтаралық келісімді мемлекет саясатының басты ережесі ретінде бекітті, ұлтаралық қарым-қатынастың тепе-теңдігін орнықтырды. Бүгінгі жетістіктің баршасы егемендіктің жемісі, тәуелсіздіктің арқасы.
Жаңабек Шағатай