«Жасыл» экономика жақындатқан

«Жасыл» экономика жақындатқан

«Жасыл» экономика жақындатқан
ашық дереккөзі
317
  ЭКСПО көрмесін жоғары деңгейде өткізіп, баламалы энергетика саласында тың бастамалар ұсынғаннан кейін Италия бизнес өкілдерінің қазақстандық әріптестермен ынтымақтастықты арттыруға ықыласы артты. Қазақстанның Италиядағы елшілігі мен итальяндық Жоғары геосаяси зерттеулер институты бірлесіп ұйымдастырған Римдегі кездесуде екі мемлекеттің серіктестігін нығайтатын жаңа жобалар талқыланды. Кездесуге саясатшылар, бизнес өкілдері, италиялық депутаттар және Астанада өткен ЭКСПО көрмесінің қонақтары қатысып, Қазақстан мен Италияның бірлесіп жұмыс істеуіне жол ашатын, ынтымақтастықты тереңдетіп, екі ел экономикасына да оң ықпалын тигізетін бастамалар сөз болды. ЭКСПО көрмесінің нәтижесі бойынша еліміз итальяндық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер мен жобалар ұсынды. Әуелгісі туризм саласындағы ұсыныстар болса, одан кейін баламалы энергетика мен жасыл технологиялар бағыты қолға алынбақ. ‒ Біз ЭКСПО-дан кейінгі Қазақстанның баламы энергетика саласындағы рөлін талқыладық. Еуропа елдері, оның ішінде Италия бұл елге үлкен қызығушылық танытуда. Соңғы кездері өзара ынтымақтастық қарым-қатынасымыз едәуір нығайып келеді. Болашақта да серіктестігіміз беки түспек. Себебі Қазақстан баламалы энергетика саласында көптеген мүмкіндіктер ұсынып отыр, ‒ дейді Италиядағы Жоғары геосаяси зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Алессандра Бениньетти. Бұл Италияның Қазақстан бастамаларына алғаш рет қызығушылық танытуы емес. Күні бүгінге дейін бұл мемлекет біздің елге 6 млрд доллардан астам қаржы құйды. Қазақстанның Италиямен тауар айналымы биылғы жартыжылдықта 4 млрд 798 мың АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 39 пайызға артық. Сондықтан екі ел арасындағы экономикалық серіктестік жанданып келеді деуге толық негіз бар. Биылғы Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл толды. Екі ел арасындағы достық көпірі 1992 жылы 12 маусымда орнатылған болатын. Италияның Қазақстандағы елшілігі 1992 жылы қазан айында Алматыда ашылса, Қазақстанның Италиядағы елшілігі 1996 жылы Рим қаласында шаңырағын көтерген еді. 2003 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 1,3 млрд доллар құрады, оның ішінде экспорт ‒ 1,1 млрд доллар, импорт ‒ 200 млн доллар. 2004 жылы тауар айналымының мөлшері 3,5 млрд долларды құраған. Атап айтқанда, экспорт ‒ 3,1 млрд доллар, импорт ‒ 400 млн доллар. 2005 жылы Италия мен Қазақстанның алыс-берісінің құны 4,8 млрд еуроға жетті. Біздің елімізден Италияға негізінен мұнай, табиғи газ, асыл металдар, мұнай өңдеу өнімдері, мыс, мырыш, басқа да түсті металдар мен одан жасалған бұйымдар, қара металдар, мақта, химиялық өнімдер, құрылыс материалдары, машинаға қатысты құрал-жабдықтар экспортталса, Италиядан көбіне киім-кешек, аяқ-киім, жиһаз, жабдықтар, тамақ өнеркәсіп тауарлары, көлік, химия және фармацевтік өнімдерін тасымалданады. 2009 жылы қол қойылған Стратегиялық әріптестік туралы мемлекетаралық шарт Қазақстан-Италия қарым-қатынастарының ерекше мәртебесін айғақтайтын аса елеулі оқиға болды. Сондай-ақ, екі ел арасында БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар шеңберінде сенімді серіктестік орнатылды. Қазақстан мен Италияның халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ұстанымдары ұқсас. Екі елдің 2017 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі аясындағы өзара іс-қимылында бір-біріне демеуі осының дәлелі. Итальян компаниялары еліміз экономикасындағы ірі инвесторлардың қатарында. Қазақстанда 42 бірлескен кәсіпорын және 8 италиялық компанияның өкілдігі тіркелген. Жұмыс әр салада ‒ пайдалы қазба байлық кендерінде, ауылшаруашылық тауарларын өңдеуде, тамақ өнеркәсібінде, ауылшаруашылық машина жасауда, ауыр, жеңіл өнеркәсіпте, энергетика саласында дамып келеді. Өнеркәсіптік және экономикалық ынтымақтастық және алмасу жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобының белсенді қызметі экономикалық және инвестициялық өзара әрекеттестікті барынша кеңейтуге ықпал етуде. Италияның жаңартылатын энергия көздерін қолданудағы бай тәжірибесін назарға ала отырып, итальян компаниялары Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне белсенді қатысты. Көрмедегі Италия павильонының ашылуына арнайы келген Италияның экономикалық даму министрінің орынбасары Иван Скалфаротто: «Милан-ЭКСПО-2015» және «Астана-ЭКСПО-2017» көрмелерінің тақырыптары арасында ұқсастық бар. Екі шара да жаһандық проблеманың шешімін табуға итермелейді. Себебі энергия мен азық-түліктің жетіспеуі әркез өзекті мәселе болып қала бермек. Сондықтан да ұрпақтың өсіп-өркендеуі үшін біз жаңа жолдарды тауып, жүзеге асыруымыз керек», ‒ дей келе, баламалы энергия көздерін дамытуға айрықша көңіл бөліп отырған еліміздің бастамаларына оң баға берген еді. Өңіраралық ынтымақтастық та серпінді дамуда. Астана мен Милан, Астана мен Фриули-Венеция-Джулия өңірі делегациялармен тұрақты түрде алмасуда. Бұл ынтымақтастыққа Қазақстанның Италияның бірқатар қалаларындағы құрметті консулдары зор үлес қосып отыр. Италияның саяси жүйесінде Қазақстан мен Италия арасындағы үнқатысуларда тұрақты мүдделілік қалыптасқан. Сонымен бірге, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дами түсуіне үлкен мән беріледі. Халықаралық саясатта Рим мен Астана ұстанымдары көптеген мәселелер бойынша ұқсас. Соның ішінде Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінде қос тарап өз ұстанымдарының бір екенін үнемі жариялап жүр. Білім және мәдениет саласындағы байланыстар да кеңейіп келеді. Мәселен, бүгінгі күні 700-дей қазақстандық жас итальян тілін оқып-үйренуде. «Болашақ» бағдарламасына сәйкес Италияның ЖОО-да жүздеген жастар оқиды және тәжірибеден өтеді. 2013 жылы Италияда Қазақстанның мәдениет күндері, ал 2016 жылы Қазақстанда Италияның мәдениет күндері сәтті өтті. «Астана Опера» театры Миландағы «Ла Скала», Неапольдегі «Сан Карло» және Генуядағы «Карло Феличе» театрларымен тығыз ынтымақтастықта. Жуырда Рим опера театры басшылығы қазақтың белгілі опера әншісі, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Сүндет Байғожинді жұмысқа шақыруы да екі елдің мәдени байланысының жаңа кезеңіне жол ашқандай. Опера отанына әлемнің түкпір-түкпірінен келген 70-ке тарта баритонның арасынан басқа емес, дәл қазақ баласына таңдауы түсуі – еліміз үшін зор мәртебе. Жат елдің сахнасында ұлттық өнерімізді қолынан келгенше дәріптеуге уәде еткен әнші қазақ пен итальян достығын нығайта түсеріне сенім мол.

Серіктес жаңалықтары