Көзілдірік: Кербездік пе, кесел ме?

Жуырда жаһан дәрігерлері дабыл қақты. Әлемде көзәйнек киген адамдардың саны еселеніп барады. Әсіресе, көру қабілетінің нашарлауы балалар арасында жиілеген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, әлемде әрбір бес минут сайын бір баланың көру мүмкіндігі жойылады екен. Аулаға шығып, асыр салып ойнауды ұмытқан, ұйқыдан оянған бойда телефонға телміріп, гаджетін құшақтаған күйі ұйқыға кететін баланың көзі сыр бермей қайтсін? Кішкентайы қыңқылдаса, қолына смартфон ұстатып, алданғанына мәз болатын ата-аналар оның зардабы қандай боларын бағамдай бермейтіні өкінішті.                

Көз ауруларынан зардап шегетіндердің әлемдік статистикасы алаңдатарлық. 188 елден жинақталған дерекке сүйенсек, әлемде 200 млн адамның жанары түрлі кеселдерден зардап шегеді. Көру қабілеті нашарланғандардың басым бөлігі – Оңтүстік Азия халқы. Аймақта 11,7 млн адам көз ауруларына шалдыққан. Ал Шығыс Азия халқының 6,2 миллионы, Оңтүстік-Шығыс Азия тұрғындарының 3,5 миллионы, Субэкваторлық Африка халқының 4 пайызы, Батыс Еуропа тұрғындарының 0,5 пайызы көз кеселдерінің тауқыметін тартып жүр. Ақ халаттылардың болжамынша, 2050 жылға қарай әлемде көз ауруларынан зардап шегетіндердің саны 550 миллионға жетіп жығылуы ғажап емес. Яғни, көз дәрігерлеріне сұраныс арта береді деген сөз. Қазірдің өзінде әлем елдерінің көпшілігінде офтальмолог дәрігерлердің үлесі артқан. Бұл үдерістен Қазақстан да шет қалған жоқ.

Еліміздегі көз ауруларының қыр-сырын жетік меңгерген мамандардың бірі, Оңтүстік Қазақстан облыстық офтальмологиялық ауруханасының бас дәрігері Дулат Үдербаевтың айтуынша, Қазақстанда көз кеселдеріне шалдыққан науқастарды емдеудің бар мүмкіндігі қарастырылған. Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпiсiншi жылдары жасанды көз линзасын салу алғаш Англияда, Мәскеуде, Жапонияда жүзеге асырыла бастаған болатын. Өткен ғасырдың 80-жылдарының басында бұл әдiс бiзге де келдi. Қазiр отаның 100 пайызы микроскоппен жасалады. Денсаулық сақтау саласына қамқорлықтың нәтижесінде, күрделі операцияларды жасау бүгінде оңтүстік дәрiгерлері үшiн қалыпты шаруаға айналған. Десе де, өңірде суқараңғылық дертіне шалдыққандардың саны артып бара жатқаны алаңдатады. Бүгінде ОҚО-да осы аурудан зардап шегетін 7916 науқас есепте тұр. Көздің ішіндегі бұршақтың қартаюы (катаракта) да белең алып келеді. Көз дәрігері Дулат Үдербаевтың айтуынша, бұрындары бұл кесел көбінесе алпыстан асқан адамдарда кездессе, қазір 40-50 жастағылардың арасында да көбейген. Яғни, дерт жасарып келеді. Мұның себебі неде?

Ең әуелі, мамандар көз ауруларының жас-кәрі талғамауын экологиялық өзгерістермен байланыстырады. Айнала қоршаған зауыт-фабрикалардан таралатын тозаңды жұтып, қаптаған көліктің будақтаған қара түтінмен тыныстап жүрген адамның ағзасындағы басқа мүшелері секілді көзі де сыр бере бастайды. Екіншіден, әлемнің әр түрлі түкпірінен көкке зулаған зымырандар ауаның озон қабатын жұқартуда. Экологтар бұл қабаттың кей жерлерінде үлкен тесіктер пайда болғанын алға тартады. Сол тесіктер арқылы енетін ультракүлгін сәулелері адамның көзін зақымдап, көру қабілетін құлдыратады.

Қызылорда облыстық балалар ауруханасының офтальмолог-дәрігері Айжан Жұпарбайқызының айтуынша, қоршаған орта факторлары көздің қызметіне тікелей әсер етеді. «Біздің облыс – экологиялық қауіпті аймақтың бірі. Шиелі, Жаңақорған аудандарында уран өндіріледі. Оның адам көзіне кері әсері бар, нақтырақ айтсақ, ретинобластома (көздің тор қабатының қатерлі ісігі) дертіне душар етеді. Бұл – қайтымсыз процесс. Оған шалдыққан адамның көзін алып тастауға тура келеді. Қазіргі таңда жылына кем дегенде 1-2 бала осы дертке шалдығады», ‒ дейді маман.

Жалпы, Қызылорда облысы бойынша көзі нашар көретін 248 134 бала тіркелген. Жыл бойына орташа есеппен 5000-ға жуық бала тексеруден өтеді. Оның ішінде көз көру қабілетінің аномалиялық рефракциясы ақауы бойынша (көздің нашар көруі, алыстан және жақыннан көрмеушілік) 1281 бала тіркелген. Қыликөздік дертінен өткен жылы 350 бала ем қабылдаған. Қосалқы көз аурулары бойынша (конъюктивит, блефарит, теріскен, т.б.) 2654, суқараңғылық дертіне шалдыққан (туабітті аномалия) 359 бала тіркеуде тұр.

Көз аурулары ушығуының тағы бір себебін мамандар күнделікті тұтынатын тағам құрамындағы химиялық заттардың көбеюімен байланыстырады. Тағамның дәмін кіргізетін түрлі қоспалар ағзадағы зат алмасу поцесі бұзылады, салдарынан көздің қартаюы жеделдей түседі. Қартайған көз ағара бастайды.

Көз дәрігерлерін алаңдататын тағы бір мәселе – балалар арасында миопия немесе жақыннан көргiштiк кеселiнің өсуi. Бұл ауру еліміздегі мектепке баратын балалардың 5 пайызында кездеседi екен. Демек, бiлiм беру мекемесiне бiрiншi сыныпқа барған 100 баланың бесеуi көзiлдiрiк тағады. Ал олар мектеп бiтiрген жылы бұл көрсеткiш 35 пайызға дейiн өседi. Бұл – ақпараттық технология ғасырының «жемісі». Ұялы телефон шұқылаумен күн өткізіп, таң атыратын, одан қалса теледидарға телміретін балалардың көзі көп ұзамай жақыннан көруге дағдыланады да, алыстағыға көзі жетпей қиналады.

Офтальмологтардың айтуынша, қазір қалада өскен жеткіншектер алысқа, аспанға, тау ұшына қарай алмайды. Өйткені көз алдындағы кедергі мұрсат бермейді.

Көз дертіне шалдыққандардың көбі өз ауруынан бейхабар. Гаджеттерді, компью­терді көп қолданғанның салдары шығар дейді де, аз ғана үзіліс жасап, ауруын «емдеп» жібергісі келеді. Егер көз немесе оның айналасы, қабақ үсті ауырса, бұл оның қабынуынан немесе көз қысымының артуынан хабар береді. Жалпы, ауырсыну сезімі – сол мүшедегі бір өзгерістің пайда болуы туралы алғашқы белгі. Елемей қоя салуға болмайды. Мамандардың айтуынша, сау көз қышымайды, қызармайды, алыстан да, жақыннан да жақсы көреді. Сау көз іріңдемейді, жасаурамайды, тіке алысқа қараған кезде көру аумағы 180 градусты қамтуы тиіс.

Көз – ең нәзік, әрі сезімтал мүше. Адамның басқа ағзасына келген зауал көзіңізді айналып өтпейді. Бала күніңізде басыңызға соққы тисе де, басқа ағзаңызда ақау болса да, көздің көру қабілетінің нашарлауын жиілетеді. Мамандар «әр мектепте арнайы профилактикалық бақылау барысында баланың көзі жіті тексерістен өтсе, бұл дертке шалдығушылар азаяр еді» дейді. Сондай-ақ, ақ халаттылар көзілдірік киюге қысылатындар өз жағдайын өзі қиындататынын ескертеді. Өйткені көздің көру қабілеті қаншалықты төмендегенін дер кезінде анықтап, қажетті өлшемдегі көзілдірік тақпаса, көздің дерті асқына береді. Қатарластары арасында «төрткөз» атанудан ұялатын жасөспірімдер көзінің жағдайын линзаның көмегімен түзеуді құп көреді. Оның зияны көп екенін ескере бермейді. Офтальмологтардың айтуынша, линзаны көзге салу кезінде инфекция түсу қаупі бар. Оны түнде көзден алуды ұмытып кетіп, ұйықтап қалу тіпті қауіпті. Үлкен күтімді қажет ететін құралды пайдаланушылардың бәрі оны талапқа сай қолданбайды. Салдарынан көздің кеселі ушыға түседі.

Ұзақ жылдардан бері көзәйнек пен линзалар сататын «Оптика» дүкендер желісінің қызметкері Айсұлу Қалдыбекованың айтуынша, бүгінде көзәйнектерге сұраныс төмендеген, керісінше, линза сатып алатындар күрт көбейген. Жабын секілді жұп-жұқа құралдың көмегіне мәжбүрлікпен жүгінетіндер де, сән үшін тағатындар да бар.

– Қазір көзәйнектің орнын линзалар басты. Екінің бірі линза тағуды сәнге айналдырды. Тіпті, көзінің көру қабылеті бұзылмаған кісілер де жанарының әдемі, мөлдір болып көрінуі үшін линзаға құмар. Десек те, мамандар оның зиянын айтып әлек. Линзаны күніне 8 сағаттан артық тағуға болмайды. Ал оны шешпей ұйықтап қалудың салдарын ойлау тіпті қорқынышты. Ұзақ уақыт линза тағудың кесірінен көздің қарашығына оттегі жетіспей қалады. Көздің қасаң қабағына ауа жетпеген соң организм бұл мәселені өз бетінше шешуге ұмтылады. Көзде тамыр өсе бастайды, қасаң қабық мөлдірлігін жояды. Ал мөлдірлік жоғалса, көзіңіз көру қабілетінен айырылады, ‒ дейді ол.

Мамандардың сөзінен ұққанымыз, көздің қызметі нашарлаған жағдайда көзілдірік кию міндетті. Себебі көру әлсіздігі көзіңізге артық жүктеме үстейді, ауырсынуды сезінесіз. Тіпті, жүйке жүйеңізге де қысым түсіруі ғажап емес. Ал линза тағудың әсте, қажеті жоқ. Шотландық ғалым Фион Энрикес: «Линза тағатын кез келген адам көзінің көру қабілеті одан әрі түсетінін ұмытпағаны жөн», ‒ деп бекерден-бекер ескертпеген болар. Тәжірибеге сүйенгені анық.

Жалпы, әлемдік медицинада көз аурулары мен нашар көретіндерді емдеудің 80 пайызы нәтижелі. Яғни, уақытында емдесе, сауықтыруға болады. Сондықтан көзіңіздің көруі қабілеті нашарлағанын байқасаңыз, уақыт оздырмай, маманның көмегіне жүгінген жөн.

Көз – шамшырақ. Адам баласы ақпараттың 90 пайызын дененің осы мүшесі арқылы қабылдайды екен. Сондықтан оның қауіпсіздігіне бейжай қарауға болмайды. Телефонға телміруді азайтып, таза ауада серуендеуді жиілетсеңіз, компьютерде жұмыс істеу барысында тұрақты түрде үзіліс жасап, көзді тынықтырып отырсаңыз, көз кеселдеріне шалдығу қаупі азаяры анық. Теледидардан, смартфоннан мультфильм көруге әуес балаларды да бақылаудан тыс қалдыруға болмайды. Баланы кішкентай күнінен жанарын қорғай білуге дағдыландырсаңыз, кейін зағиптықтың зардабын тартпайды. Елімізде жарық дүниені көре алмай қор болғандардың қатары онсыз да аз емес.

Back to top button